Махамбет жырларындағы эмоционалды сөздер

Жарнама

Махамбет жырларындағы эмоционалды сөздер«Эмоция» сөзі француз тілінің emotion, латын тілінің emovere – қыздыру, толқыту сөзінен шыққан. Эмоционалды сөздер адамның сезім өрісінің бай екендігін дәлелдейді. Экспрессия адамның сөйлеу кезінде ғана емес, сонымен бірге ым, дене, бет қимылдары, жұмыс кезіндегі адамның барлық мінезінде пайда болады. Тілде экспрессивті элементтер мен эмоционалды элементтерді айыру, олардың өзара байланысына қарамай, функционалдылық мақсатының бөлек болуымен түсіндіріледі. Эмоционалдылық ой және ерік бір қатарда тұрады және олардың тілде қолданылу тәсілдері бар. Экспрессия, экспрессивтілік ойдың және еріктің пайда болуындағы сияқты эмоционалды болып қолданылуы мүмкін. Сол себептен Е.М.Галкина-Феодорук: «Тілде экспрессивтілік эмоционалдылыққа қарағанда әлдеқайда кең, экспрессия бұл айқындылықтың, бейнеліліктің күшейтілуі, айтылған сөздің ықпал етуші күшінің артуы. Қолданыстағы әсер етуші күші басым, қатты таң қалдыратын барлық сөздер экспрессиялы сөздерге жатады»,-деп, эмоционалдылық пен экспрессивтілікті бір деңгейдегі категориялар екендігін атап көрсетеді және эмоционалдылық пен экспрессивтіліктің ара жігін шектеп, лингвистикада ең алғаш рет эмоционалды сөздер әрқашанда экспрессивті болады деген крийтериді ұсынады.

Тілімізде сөздер өзінің экспрессивтілігі-эмоционалды бояуы жағынан әр түрлі болып келеді. Эмоция сөзі психологияда жағымды не жағымсыз реакция, субъективті психологиялық үдеріс болып табылады. Эмоция сөзіне беріліп жүрген анықтамаларға тоқталатын болсақ: «Эмоциялар-адамның қоршаған ортаға және өз-өзіне деген қатынасын толғануы, ақиқат шындықты сәулелендіру формаларының бірі», «Эмоциялар организмнің субъективті айқын бояуы бар және адамның сезініс, толғаныстарының барлық түрін қамтитын физиологиялық жай-күй», «Эмоциялар-адамның болмысты толғауын сипаттайтын психикалық процесстердің негізгі қырларының бірі».

Эмоцияны психикалық процесс қана деп түсінуіміз қателік. Жалпы, сөздер зат, құбылысты, олардың белгі-қасиетін, болмаса іс-әрекетін ғана атап білдіріп қоймайды, сонымен қатар адамның сезіміне әсер ететіндей белгілі бір стильдік мәнге ие болып отырады. Адамның сезіміне әсер ететін сөздер тобы экспрессивті-эмоционалды лексика деп аталады.Эмоциялық лексика ұнату мен ұялту, үрей мен қуаныш, масаттану мен жек көру, қорқыныш пен батылдық, сенім мен сенімсіздік, қайғы, уайым, зарығу т.б. көптеген мағыналардың қолданылуы. Ол сөйлеп тұрған адамның сөз мазмұнына немесе ол адамға деген өзіндік көзқарасы мен қатынасын көрсететін тілдік құрал ретінде қолданылады, оның фонетикалық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік құралдары бар. Осы құралдар арқылы сөз сөйлеушінің психикалық, эмоционалдылық күйін көрсете алатын қабілетке ие болады. Эмоция айтылған сөзді эмоционалдылық айшықты (аффекті) сөз ретінде жеткізеді.

Мен бұл мақалада жыршы ақын, күйші, тарихи батыр тұлға-Махамбет Өтемісұлының шығармашылығындағы эмоционалды сөздерге талдау жасамақпын. Талдау негізінен жоғары сынып оқушыларына бағытталған.

Ендеше, ақын шығармаларындағы эмоционалды лексиканың әртүрлі пайда болу жолдарына мән берейік.

Махамбет Өтемісұлы – қазақ әдебиетіндегі ерекше із қалдырған бірегей суреткер. Махамбет жырлары дәуір шындығын бейнелеп, көтеріліс айнасы болып қана қойған жоқ, асқақ рух пен болашаққа деген сенімнің ерекше үлгісін көрсетті. Ол жыраулық поэзия дәстүрін шебер дамыта отырып, қазақ өлеңінің табиғатын өзгертті.

Меншіктеу морфемасы арқылы эмоционалды мәнге ие болған сөздерге тәуелдік жалғау жалғанып, эмоционалды реңк тудырған сөздерді жатқызамыз. Олардың меншіктеу тұлғасы арқылы деп алуымыз шартты. Себебі, бұл тұлға арқылы жасалған эмоционалды сөздерге тәуелдік жалғауы өзінің қызметінен айырылып қалған сөздерді жатқызамыз және де тілде барлық тәуелдік жалғау осындай қасиетке ие бола бермейді, олардың сөзге жалғануында белгілі бір заңдылықтар сақталады.

Махамбет «Тарланым» өлеңінде Исатай бейнесін былайша суреттейді:

Құлындай ащы дауыстым,
Құлжатай айбар ммінездім,
Қырмызыдай ажарлым,
Хиуадай базарлым,
Теңіздей терең ақылдым!

Осындай поэтикалық образға ақынның эмоционалды сезімінің қатысын байқаймыз, яғни Исатай батырдың образы ең қымбат, ең жақын, ең аяулы екендігі білінеді, екіншіден, образ жасап тұрған осы сөздерге ой екпіні де түсіріледі. Мұнда ілік септіктегі иеленушіні білдіретін сөз «менің» айтылмаған, айтқан ой қызығы-иеленуші мен соған меншікті затты білдіруде емес, батырдың құлындай ащы дауысты, құлжадай айыр мүйізді деген портретін білдіру.

Кейбір шылаулар арқылы сөздер эмоционалды мәнге ие болады. Күшейткіш мәнді демеуліктерге –ау, -ай, -ақ т.б. шылаулар жатады. Олар адамның түрлі көңіл-күйін (аяу, таңырқау, қуану, ренжу, күйіну) білдіреді:

Жүйрік аттың белгісі,
Тұрады құйрық-жалында-ай.
Айтып-айтпай немене,
Халық қозғалса,
Тұра алмайды хан тағында-ай!

немесе

Міне алмаған алаға-ай,
Шыға алмаған далаға-ай
Мұсылманның баласын
Атаңа нәлет Жәңгір хан
Көзінен тізіп жіберді-ау
Орынбор деген қалаға-ай!

Мұндағы –ай демеулік шылауы, ақынның реніші мен күйінішін білдіріп тұр. Шылаулар арқылы эмоционалды мәнге ие болатын мұндай сөздерді,

Ш.Ш. Сарыбаев «олар әлі одағайлық мағынасынан айырыла қоймаған шылаулар» деп түсіндіреді.

Махамбеттің «Жәңгірге» өлеңінде:

Хан емессің-қасқырсың,
Хас албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын!
Хан емессің-ылаңсың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессің-аянсың,
Айыр құйрық шаянсың!

Бұл өлеңдегі «қасқырсың», «жылансың» сөздерінде номинативтік қасиетпен қоса, қосымша жанама сипатта экспрессивті-эмоционалды қасиетте орын алған. Яғни денотатқа жанама коннотаттық мағына да үстелген. Сөйлеуші «қасқырсың», «жылансың» сөздерінің номинативті негізгі қасиеттерін (денотат) негізге ала отырып, оған өзінің эмоционалды бағасын беріп тұр.

Қазіргі қазақ тілінде, сондай-ақ кез келген басқа тілдерде де затқа немесе құбылысқа сөйлеушінің эмоционалды қарым-қатынасын білдіретін сөздер қатары бар. Бұндай сөздер категориясын тіл білімінде, эмоционалды лексикаға жатқызады немесе эмоционалды бояуы бар сөздер; екіншіден, кішірейткіш-еркелеткіш, үлкейткіш немесе кеміткіш аффикстер жалғану арқылы сөзге морфологиялық жолмен эмоционалды бояу беретін сөздер.

Махамбеттің «Кел, кетелік» өлеңінде:
Уа, Иса-еке, Иса-еке!
Кел, кетелік, кетелік,
Кетіп бір Жайық өтелік.
Атаның жұрты хазірет-
Басына зират етелік.

-еке, -й, -ша, -ше жұрнағы жалғану арқылы еркелікті және кішіпейілділікті бере отырып, жасалған сөздер эмоционалдылықтың жоғарғы реңкін білдіреді. Мұнда, ақын –еке жұрнағын қолдана отырып, Исатай батырды дәріптей түседі.

Қазақ тілінде эмоционалды сөздерді қимылды, қимылдың санын, заттың атауын, санын білдіретін және адамның көңіл-күйіне байланысты шыққан сөздер деп, лексика-семантикалық топқа бөліп, одан әрі іштей бірнеше айырушы (диференциалды) семаларға жіктеп қарауға болады. Қимылдың іс-әрекетін білдіретін эмоционалды сөздердің лексика-семантикалық топтарындағы сөздер кеңістікте қозғалуды білдіреді. Оларға жүру, сүйреу; кіру, шығу семалары жатады.

Жабыдан туған жаман ат,
Шаба алмайды бөжектеп.
Қырдан қиқу төгілсе,
Еділге таман үңілсе,
Арғымақтың баласы
Шабушы еді безектеп.

Мұндай семалардағы сөздерге денотаттық компоненттер тән. Бұлардың семалары экспрессив мағыналы және экспрессив-бағалауыштық мағыналы сөз болады, яғни «бөжектеп», «безектеп» сөздері эмоционалды сөздер, қимылды және көңіл-күйді білдіреді.

Физиологиялық процесті білдіретін эмоционалды сөздер. Бұл топтағы эмоционалды сөздер «ішу», «жеу», «күлу», «жылау», «сөйлеу», «қарау» сынды семалардан тұрады.

«Тілек» өлеңінде:

Палуан жолбарыс секілді
Алысқанды алып ұрған білегім!
Қамалаған жаудан қайтпаған
Қайнаған қара болаттай
Қарсы біткен жүрегім!
Ертеден кешке дейін зарласам,
Бермей ме екен құдайым
Біздей тарыққан ердің тілегін!

Мұндағы «зарласам» сөзі, «жылау» семасына жатады. «Жылау» қалыпты нормадан нейтралды етістік болса зарлау эмоционалды сөзі нормадан жоғары, яғни жылаудың жай жылау емес, оның күшті жылағанын көрсетеді. Бұлардың компонент құрамы жеке экспрессивті макрокомпоненттен тұратын себепті, мағынада денотатқа тең келіп тұр.

Адамның физикалық, психикалық қалпын білдіретін эмоционалды сөздердің лексика-семантикалық топтары да, ақын шығармашылығында көптеп кездеседі. Мәселен, «Қызғыш құс» өлеңінде:

Аспандап ұшқан қызғыш құс,
Сені көлден айырған-
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған-
Хан Жәңгірдің екпіні.
Айтып-айтпай немене,
Құсалықпен өтті ғой
Махамбеттің көп күні!
Мұнда құсалық сөзі, «қайғыру» семасына жатады.
«Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі» жырында:
Шамдансам, жығар асаумын,
Шамырқансам, сыңар болатпын,
Кәрі қылад деп, тақсыр-ау,
Аяғыңа бас ұрман.
Мұнда шамдансам, шамырқансам сөздерінде «ренжу», «ашулану» семасы байқалады.

Махамбеттің уытты жырларында еркелету мәтінде қолданылатын эмоционалды сөздерде кездеседі. «Есіл ер» өлеңінде:

Арыстан еді-ау Исатай,
Нетесің, тақсыр, табалап!
Құрттайымда өсіп ем,
Бауырына паналап.
Алдымда асқар тау еді,
Соңынан ерсем ағалап.
Әй, тақсыр-ау, әй, тақсыр!
Табаны жалпақ тарланбоз
Шабарында есінер.
Бір мінезі келгенде,
Жібектей жұмсақ есілер!

Осындағы «арыстан еді-ау», «табаны жалпақ тарланбоз», «жібектей жұмсақ» деген тіркестер, бір нәрсеге теңеу арқылы еркелете қолданылатын эмоционалды сөздердің лексика-семантикалық топтары, келтірілген мысалдағы сөздер-табиғаттағы қандай да бір затқа теңей қолданылып, ақынның ішкі эмоциясын білдіріп тұр.

Одағай сөздер басқа сөз таптарымен салыстырғанда әуезділікке, ырғаққа, эмоционалдылық құбылмалылыққа, интонацияға өте бай. М.Өтемісұлының жырларында да одағай сөздер мол кездеседі. «Әй, Махамбет, жолдасым» өлеңінде:

Әй, Махамбет, жолдасым,
Ащ арыстан, жолбарысым,
Ісімнің білдім оңбасын.

Немесе

«Әй, Шонты би» өлеңінде:
Ажалдан бұрын өлмессің,
Әй, Шонты би, Шонты би!
Домбыра тартсам, келер күй.
Шын ажалың жетпесе
Жалаңаш бар да жауға ти!
Мұндағы «әй» одағай сөзі эмоция мен ерік-жігерді білдіретін, шабыттану мақсатында айтылатын сөз боп табылады.

Сөзімді қорыта келгенде, жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытқан Махамбет қаламынан туған жалынды жырлар, тек ерлікке, батырлық пен қайсарлыққа үндеп қана қоймайды, ақын өлеңдерінде тарихи-психологиялық, әлеуметтік суреттеулерді де байқаймыз. Қазақ әдебиетінде, қазақ тарихында ерекше із қалдырған бірегей суреткердің, ерлікке толы шығармалары эмоционалдық сөздерге өте бай. Ақын еңбектерін әлі де тереңдей зерттеп, толықтыра түсуге болады.

Жалпы тілімізде, эмоционалдық сөздер терең, жан-жақты саралануға тиісті категория болып саналады. Дейтұрғанмен, оның өрісі кең, қолданысы бай құбылыс екені анық белгілі. Сондықтан, қандай көркем әдебиетті болмасын, ондағы заттар мен құбылыстардың белгі-қасиеттерін, іс-әрекетін, сонымен бірге адамның сезіміне әсер ететін, өзіндік көңіл-күй эмоциясын, әр оқырман түсінуге, білуге, ажыратуға тиіс деп ойлаймын.

ЕШНИЯЗОВА МЕРУЕРТ

Зеленов ауданы
Егіндібұлақ ЖОББМ ұстазы


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz