Нұрғали Ораздың «Қайыршының жұлдызы» әңгімесіндегі өмір шындығы

Жарнама

«Қайыршының жұлдызы» әңгімесінің басталуы алғашқы сөйлемімен-ақ табиғи. Оқырманды мезі етіп жалықтыратын артық баяндаулар мұнда жоқ. Әңгіменің осылай оқыстан тартымды басталып кетуі де шеберліктің белгісі болса керек. Келіншек те, жазушы да алғашқы көрінісінде-ақ көптің бірі боп қалмай даралана береді. Жазушы «орта бойлы, қара торы сүйкімді» деп суреттеген келіншек бұған қоса батыл да екенін байқаймыз. Ол танымайтын кісіге «Жіңішке тротуардың бойымен аяңдап келіп қарсы алдына тоқтап, күлімсірей» тіл қата алады. Бұл — әңгіменің алғашқы сөйлемінен алған біздің әсеріміз. «Күншуаққа арқасын төсеп, ағаш сәкіде маужырап отырған» адамды біз алғашқыда асарын асап, жасарын жасаған қария кісі деп ойлап қалатынымыз да бар, оның үстіне оны жазушы «тап қазір бейтаныс кісімен, әсіресе әйел затымен әңгімелесуге тіпті де зауқы жоқ еді» деп суреттейді. «Әсіресе әйел затымен» дегені де оқырманды «неге?» деп ойландырып қояды. Жазушы өзіне етене жақын кейіпкерін болмысы бөлектеу жан ретінде таныта түседі. Ол келіншек қызығып, оқығыштап жүретін сөзжұмбақ, жұлдызнама, әртүрлі тесттерге тым жеңіл дүниелер деп қарайды. Демек, оның талап, талғамы жоғары болғаны ғой: «Алайда мұның бәрі сана-сезім мен көңіл-күйдің сергектігін аңғартқанымен, жалпы адам баласының күрделі болмысын тануға келгенде арзан, арзымайтын нәрселер сияқты болып көрінуші еді оған». Келіншек пен негізгі кейіпкер арасындағы диалогтар қысқа-нұсқа, иелерін танытуға, ойды өрбітуге жап-жақсы қызмет етіп тұр. Екеуі де сыпайы, зиялы кісілерге, әсіресе екіншісі оқыған, ойлы адамға ұқсайды. Ал, келіншек бойында ешкімді жатырқамайтын ашықтық пен батылдық бар. Жазушының суреттеуінше, келіншек бізге алғашқыда осылайша көңілді,ойнақы мінезді көрінді. Әйтсе де келіншек те қаражаяу емес, ол жазушы кейіпкеріміздің жұлдыз жорамалға сенбейтінін болжап біліп қояды. Осылайша келіншек пен жазушы арасындағы сұхбат тартымды да табиғи өрбиді. Әр кейіпкердің сөзі, әсіресе келіншектің пайымдауы жазушыны әңгімелесуге тарта береді. Мысалы келіншек: «Бірақ сіз жұлдыз жорамалға сенбейді екенсіз» дегенде, жазушы елең етіп, қарсыласа сұрақ қояды: «Оны қайдан білдіңіз?» Келіншек те бұл сұраққа тартымды да танымды түрде жауап береді: «Өйткені Бикештің кемшіліктері айтылғанда ешқандай сыр білдірген жоқсыз. Өзіңізге қатысы жоқтай немқұрайлы қабылдадыңыз». Жазушы осылайша өмірдің өзіндей өлшеулі де табиғи, шынайы көріністі көз алдымызға әкеледі. Сөйтіп екі кейіпкер зорлықсыз, жасандылықсыз, өмірдегідей табиғи табысады: «Осы сәттен бастап олардың арасында мынау көктем күнінің жаймашуағындай бір жып-жылы қарым-қатынас орнады.» Екеуінің қарым-қатынасында анайы, дөрекі ешнәрсе жоқ, әсіресе ер кісі тарапынан тосын әрекет байқалмайды. Содан да болса керек келіншек жігітке тым жақындай түсіп, бауырына кіре береді. Ықылас пен ілтипат келіншек тарапынан басымдау байқалады. Ал жігіт болса келіншектің ықыласы мен ілтипатына сыпайы жауап беріп қана жүрген жайыбар: «…мұның тарапынан ешқандай да бір бөгде қимыл, тосын әрекет болған емес. Ол тіпті келіншектің иығынан да құшақтаған жоқ.» Мұндай ұстамды, байсалды, сыпайы жігіттер өмірде көп кездеспейді. Жазушымыз сондай жанның бірі болып еді. Оның сауықтыру орнына келгендегі мақсаты «емделу үшін де емес», өмір тану, өнер жасау, шығарма жазу. Ол іздеген өмір келіншек арқылы жасалатынын біз әңгімені оқу барысында біле түсеміз.

Әдетте мұндай сауықтыру орындарында ойын-сауық соңында жүретіндер көп болушы еді. Әрі жігіттер жағы қыз-келіншектерді айналшықтап жүретін, оларды отырыс, кездесуге шақыратын. Ал, Нұрғали Ораздың әңгімесінде жігітті келіншек шақырады: «Бір күні келіншек оны өз бөлмесіне шай ішуге шақырған». Жазушы оған аса қуана да, оған баруға ұмтыла да қоймайды. Ол мұндайда «көктен іздегені жерден табылғандай» қонақ боп жетіп бармайды, керісінше, «әне барамын, міне барамын деп жатып көзі ілініп кетіпті». Автор әңгімесінде келіншек ықыласын таныта түседі. Кешігіп келмеген жігітті бөлмесіне іздеп келген келіншекті жазушы былайша суреттейді: «Самайынан ақырын ғана сипаған мақтадай жұмсақ саусақтардың қимылынан оянды. Келіншек мұны ерекше бір мейірім мен ықыласқа тұнған жанарымен аймалап, бетіне елжірей қарап төніп тұр екен.» Жазушы оқырманына кейіпкер жігіттің кейінгі тосын әрекетін осылайша сатылай дәлелдеп жеткізеді. Осындай — осындай қарым-қатынас, ықыласты жағдайдан кейін жігіттің әрекетін қиналмай қабылдайтын секілдісіз. Оны түсініп, оған кешіріммен қарағандай боласыз. Бұл — анайылау көрініс болса да, өмірде орын алып жүрген жағдай. Екеуінің табысуы мен қосылуы да тегін емес секілді. Екеуінің арасында кездесу, серуендеу, сөйлесуден бөлек үнсіздіктен де туған түсіністік бар секілді. Олар бір-бірінің ойындағысын алдын ала біліп отырады. Мысалы жазушы келіншектің неден қашып, неге пана іздейтінін «жалғыздықтан» деп біліп қояды. Жазушының да өз-өзіне көңілі толмайтынын келіншек сезіп қояды. Осылайша олар бір-бірін толықтырып, бір-бірімен сырттай да, іштей де ұғысып отырады.

Әңгімедегі актер жігіттің қайыршы болып кетуі үлкен трагедия. Оның осындай үлкен трагедия екенін жазушы әңгіме басында-ақ аңғартып кетеді. Әңгіме желісі келіншек әңгімесінен туындайды. Наркоман болып кеткен күйеуінің өмірі де трагедия, бірақ бұл жазушының ойынша, шағын трагедия болса, келіншектің пікірінше: «бұл жай ғана бақытсыздық, адам баласының өзінің сорлылығынан тап болған қасіреті ғой». Демек әңгімеге негіз болған актер жігіттің трагедиясы «өзінің сорлылығынан тап болған қасірет» емес. Жазушының айтпақ болған ойы осы ыңғайда, осы бағытта деп білеміз. Сөйтіп негізгі мәселе енді басталады, ал бұған дейінгі жазушы мен келіншектің кездесуі, сұхбаттасуы әңгіменің прологы, кіріспесі секілді. Әрі әңгіменің өмірдің өзінен қалай табиғи түрде туатынын таныту мақсаты да болса керек. Әңгімеде келіншек айтқандай : «бір сұмдық трагедия» жайы суреттеледі.

Кейін тәні де, жаны да жүдеп, қайыршыланып кеткен актер жігіт о баста қазіргі барымен де байыпты, болашағынан да үміт күттірген адам болатын : «…біздің театрда да дарындылар болға-а-н… Әсіресе сол бір жас, дарынды актерді әлі күнге жұрт ұмытқан жоқ… Маңдайы жарқыраған, ер тұлғалы, аса сымбатты жігіт еді. Ол ылғи да тарихи тұлғаларды –Едіге, Сырым батырларды, Төлеген, Қозы Көрпеш сияқты ғашықтарды ойнайтын…» Әңгіме желісі өмірдің өзімен өзектес шынайы дүние екені анық. Оны жазушы мына сөзімен байқатып кетеді: «Кейде өнердің — өмірге, ал өмірдің -өнерге айналып кететін сәттері де болады екен.» Өмір мен өнердің бірігіп, бір бүтін дүниеге айналуы әңгіменің өн бойынан байқалады. Жазушы мен келіншектің сауықтыру орнында ойда жоқта кездейсоқ кездесуі, келіншектің өзі куә болған әңгімесі, жергілікті драматургтың «Қайыршы» пьесасы, ондағы қайыршы бейнесін жасамақ болған актер жігіттің әрекеті – бәрі де өмір мен өнердің тұтастығын танытатын жағдайлар. Актер жігіт қайыршының бейнесін тек қана өз ойы, әрекетімен жасаған жоқ, көшедегі қайыршыдан үйреніп барып жасауға тырысты: «Ол көшеде отырған қайыршыларға жалтақтап қарап, олардың қимыл-әрекеті мен көзқарасын аңдып, құдай-ау, өзінше соларды зерттеп жүреді екен.» Кейіннен режиссер ұсынысы да осы төңіректен көрінеді. Ол да актер жігітке өнерін шын өмірмен байланыстыруды айтады: «Осы сен қаланың қақ ортасындағы базарға барып, шын қайыршы болып көрсең қайтеді?!.. Сонда олардың психологиясын, шынайы образын өмірідің өзінен ойып тұрып аласың!» Мұндай өнерді өмірдің өзінен үйреніп жасауды «театрдың асқар биігі, асқақ абыройы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі болып үлгерген бір аға актер де айтады: –Мынау деге-ен тамаша идея ғой! Өмірдің өзінен ойып алып образ жасау – қандай керемет!» Ақыры көптің ұсынысы қабылданып, актер жігіт шын қайыршы болып жүреді. Нәтижесінде қайыршы бейнесі сәтті жасалып, күзде жаңа спектакльдің премьерасы болады. Қайыршы елдің бәрін жылатып, «Қайыршы» спектакілі театрдың атағын аспанға бір-ақ шығарады. Фестивальдарда бірнеше мәрте бас жүлдені иеленеді. Басты рөлде ойнаған актердің шеберлігіне тәнті болмаған жан қалмайды. Актер жігіт өз міндетін мүлтіксіз орындаған, кәсібін шебер меңгерген жан. Ол жасаған өнер өмірге ықпал жасай алды:»осы спектакльден кейін қала жұртшылығы көше-көшедегі қайыршыларға өзгеше бір ықыласпен, жанашырлықпен қарай бастағандай болды». Актер жігіт өнерде зор жетістікке жеткенімен, өмірдегі күн көрісі тым жұпыны еді. Жазушы толғанысында айтылғандай, «өнер адамдарының күнкөрісіне қазір кім көңіл бөліп жатыр… Биік рух әрі кетсе бір-ақ күнге азық болады». Мәселенің мәні осы арада ұштала түседі. Актер жігіттің мемлекет, халық қызметіндегі еңбек, үлесінде мін жоқ. Мәселе міндетін мүлтіксіз, биік деңгейде адал да шебер, кәсіби атқарған өнер адамының өмірден өгейлік көруі дер едік. Ол театрдағы қойылымда ғана емес, өмірде де қайыршы болуға айналады. Әсіресе, тоғызыншы кластағы қызы ақпанның ортасында жылы курткасын ұрлатып алып, үйге жеткенше тоңып, артынан ыстығы көтеріліп, қалтырап-дірілдеп ауырып қалғанда, оның жан күйзелісі шегіне жетеді. Кейіпкеріміздің сол күндері не күй кешкенін жазушы былайша суреттейді:»Оның қандай жан азабына түскенін көрсеңіз ғой. Өнер адамдарының көбінің көңілі нәзік, боркемік болып келеді емес пе, қатты күйгелектеніп, ұйқыдан да, күлкіден де қалып, екі жағы пышақжаныған қайрақтай қушиып, көзі шүңірейіп, бары-жоғы бес-алты күннің ішінде абақтыға түсіп шыққандай азып-тозып кетті. Оның үстіне әлгі жоғалған куртканың орнына бір жылы киім сатып ала қоятындай ақшалары да болмады». «Жігіттің қолын жоқшылық байлайды» дегендей, актер жігіт кавказдық бай кісімен хабарласуға мәжбүр болады. Хабарласқан күні-ақ қызына қымбат шуба алып келеді. Арада ай өткенде актер театрдан қол үзіп, құпия тірлікке барымен кірісіп кетеді: «Ерте кетіп, кеш келетінді шығарды. Қашан көрсең де тұнжырап, ауыр ойға батып жүреді. Өзі жоқта хабарласқан дос-жарандарына, театрдағыларға да телефон шалмайды. Үйіне келгенде кешкі асын апыл-ғұпыл асығыс ішіп, «мені мазаламаңдар, шаршап келдім» деп ерте жатып қалады.» Өз күйі осындай аянышты халде болса да, өзінің де, отбасының да материалдық жағдайы күрт жақсарып, тіпті тым жылдам байып та кетеді. Жазушы осы арада тым қызынып кеткен секілді. Жылдам байып кету жасандылыққа ұқсап кетеді: «Көп өтпей-ақ олардың тұрмысы түзеліп, отбасының жағдайы жақсара бастады… тәуір киінетін болды… екі қызын қаладағы ең жақсы, ақылы, жекеменшік мектепке ауыстырды… екі бөлмелі пәтер алып қойды. Оның ішін жарқыраған шет елдік жиҺаздарға толтыра бастады. Бір күні шет елдік машинаға да қолдары жетті…»

Бұрынғы актер жігіттің кейінгі құпия тірлігін әңгімеге етене араласып отыратын жазушы мен келіншектің мына бір тілдесуінен байқаймыз:

— Ол сонда не істеп жүрген деп ойлайсыз? – деді.

Бұл әңгіменің қалай аяқталарын ол іштей сезіп жатқан-ды.

-Қайыр тілеп жүрген болар, – деді самарқау ғана.

-Иә, — келіншек жеңіл ғана күрсінді.–Қайыршы боп жүріпті…»

Актер жігіт алғашқыда қайыршы болуды көшедегі қайыршылардан үйреніп, олардың өнердегі бейнесін жасаған еді. Енді өзі өмірдегі қайыршының күйіне түсті.

Біздіңше осының себебі мен жазушының астарлы ойы астасып жатқандай. Талантты, өнерлі жігіт жетіскеннен қайыршы болған жоқ. Мәжбүрліктен болды. Оның кейінгі күйі туралы әңгіме айтушы келіншек былай дейді: «Сол екі-үш жылда оның жаны мен тәні түгел қайыршыланып кеткен екен. Көзқарасы… әсіресе, көзқарасы тым аянышты еді. Үлкен-кіші, бала-шаға, кемпір-шал демей, ол айналадағы адамдардың бәрінен қайыр-садақа дәметкендей жаутаңдап қарайтын-ды. Онымен әңгімелесуге, көңіл көтеруге, қонаққа баруға, жәй әшейін бірге отыруға мүмкін болмай қалған-ды…» Жазушы қайыршыға тағдырдың осыншалық қырын қарағанына өз қатынасы мен көзқарасын ашық, айқын байқатпайды. Ол бар болғаны болған жайды шынайы қалпында көркемдік заңымен өнер деңгейіне жеткізе отырып оқырманына ұсынушы ғана. Тіпті әңгімені айтушы да өзі емес, ол тыңдаушы ғана. Оқиға, болған жағдай келіншек тарапынан айтылады. Соған қарағанда жазушы осыншалық қайғылы, трагедиялы жағдайдың жауапкершілігін мойнына алудан қашқан секілді. Сөйтсе де көкірек көзі ояу, байыпты оқырман әңгіменің астарынан біраз жайды аңғара алады.

Әңгіме басынан аяғына дейін, оқиғасы, кейіпкерлеріне дейін, қадам сайын қайыршылыққа толы болып шыққан. Осы орайда жазушы өз

мақсатына молынан жеткен дей аламыз. Жергілікті драматургтың «Қайыршы» пьесасы, ондағы қайыршы бейнесін жасаған актер жігіт, әңгімені айтқан келіншек, оның бұрынғы наркоман күйеуі, тіпті кейіпкер жазушы да қайыршылықтан алыс емес. Әңгімені айтқан сауықтыру орнындағы жігітпен төсектес болған келіншектің жан, тәнінен тітіркенген жазушының ойын тыңдап көрейік: «Кенет мынау жалаңаш кеудесіне басын қойып, жабысып жатқан әйелдің тәнінен тәні тітіркеніп, оның бұрын да басқа бір еркекпен дәл осылайша айқасып жатқанын ойлап, қайыршының кірқожалақ көйлегін байқамай киіп алғандай өз-өзінен жиіркеніп кетті». Демек келіншек те ар-ұяты, тазалығы тоналған қайыршы. Тіпті жазушы да қайыршылық қаупінен сау емес. Мұны мына қысқа ғана тілдесуден байқаймыз: «Ол орнынан қозғалмаған күйі басын изеді. Келіншек есіктің кілтін кері бұрап жатқанда:

* Айтпақшы, деді ойына әлдене түсіп. – Оның жұлдызы қандай еді?

* Кімнің?..

* Қайыршының да …

* Ол да Бикеш болатын! – келіншек есікті сарт еткізіп жауып, шығып кетті.

Оның жүрегі су ете түсті. Жаңа шығармасының тағы да жазылмай қалатынын ойлады…» Керемет түйін! Тамаша шешім! Жазушы басты идеясын әбден ширатып, таратып, ұштап жеткізген. Кейіпкер жазушының да жұлдызы Бикеш қой. Қайыршының кебін киіп қалам ба деген қауіп мұнда да бар. «Жүрегі су ете түскені» тегін емес қой. Өз-өзіне сенімі жоғалған заманда тек өзіне ғана сену, сонымен ғана мақсатыма жетемін деу қиын. Өзіне, келер күніне, келешегіне сенімді болса, кейіпкер жазушы: «жаңа шығармасының тағы жазылмай қалатынын ойламас» еді.

Енді алысқа бармай-ақ, ойдан құрастырмай-ақ, әңгіменің өз ішінен-ақ өнерлі, талантты, өз кәсібін жетік меңгерген актер жігіттің қайыршы болып, ал кейіпкер жазушының «жаңа шығармасының тағы да жазылмай қалатынын ойлап» абыржуының әлеуметтік себебін ойлап көрейік. Әңгемені осы мақсатпен қайта оқып шығар болсақ, рет-ретімен мына жайларды байқар едік. О баста келіншекпен болған сұхбатында кейіпкер жазушыға келіншек былай дейді: «Сіз өмірден ерте түңілген адамға ұқсайсыз». Жазушы оны «дәл таптыңыз» деп мойындайды. Әдетте өмірден түңілу Абай атамыз айтпақшы, ойлы адамда болатын жағдай. Әрі ол ойлы адамды қоғамдағы келеңсіздіктер қынжылтуы мүмкін. Жүрген жері, ортасы, қоғамы жақсы, жайлы болса, есі, дені дұрыс адам «өмірден ерте түңілмейді». Демек мұнда бір сыр бар. Әңгімені әрі қарай оқи түсейік. Келіншек жігітке өз басының жағдайын, наркоман болып кеткен күйеуінің жайын айта келіп, екеуінің арасында мынандай сұхбат жалғасады:

* Ия-я, мұндай шағын трагедиялар өмірде өте көп.

* Трагедия дейсіз бе? Меніңше, бұл жай ғана бақытсыздық, адам баласының өзінің сорлылығынан тап болған қасіреті ғой. Ал трагедия деп… Білесіз бе, мен бір сұмдық трагедияны білемін. Тыңдайсыз ба?»

Жігіт келіншектің өмірде жолы болмаған бақытсыздығын «шағын трагедиялардың» қатарына қосады. Мұның қатардағы үйреншікті қайғы екенін «бұл жай ғана бақытсыздық, адам баласының өзінің сорлылығынан тап болған қасіреті ғой» деп келіншек те мойындайды. Демек алда айтылатын әңгіменің өзегі болған қайыршы оқиғасы мұндай қатардағы қайғының бірі емес, келіншек сөзімен айтқанда «бір сұмдық трагедия».Әрі ол, байқауымызша, «адам баласының өзінің сорлылығынан тап болған қасіреті ғана» емес. Яғни басқа бір себебі бар. Біз сол себепті білуге тырысып келеміз. Әрі қарай жазушы режисер аузына мынадай сөз салады: «Жә, былай… жалынышты, мүсәпір күйге түсіп отырсаңшы. Өз күнін әрең көріп жүрген мынау елден соқыр тиын сұрап алу оңай ғой деп пе едің?» Демек «Қайыршы» пьесасы сахналанып жатқан кезеңдегі елдің күйі мәз емес, «өз күнін әрең көріп жүрген» жайы бар. Спектакльдің қойылуы кезіңдегі қайыршының көпке қарап: «…Ия…ия, мен сендерді сынау үшін отырмын!» дегені де рас. Шынында да қайыршылары бар қоғамды әлі де қуатты, әлі де мықты деп айтуға болмас. Қоғам мен мемлекеттің белсенді мүшелері, оларды жасаушылар – жеке адамдар десек те, қоғам мен мемлекет өз кезегінде қарауындағы бұқарасына қамқор болса керек еді. Әңгімедегі актер жігіт қоғам мен мемлекетке өз өнері арқылы жап-жақсы қызмет етті. Ал қоғам мен мемлекет оған өгейлік көрсеткендей ме деп қаламыз. Байы мен кедейінің арасы тым алыстап кеткен заман секілді. Өз әлінше күні-түні дайындықта жүріп еңбек еткен актер жігіт күнін көре алмай жүргенде, кавказдық кісі басқаша сөйлейді, оның мүмкіндігі де молдау, жағдайы да ханның қызындай десе болады: «Құдайға шүкір, кеңшілік заман туды. Бүгін мұнда отырсақ, ертең Анталияда, бүрсігүні Парижде дегендей.» Бұл да қоғамдағы тепе-теңдіктің бұзылуы дегенге келеді. Біздің ойымызша, барын салып еңбек еткен адамның жағдайы да жақсы болса керек еді. Бейнет еткен адам зейнетін де көруге тиіс еді. Бірақ олай болмады. Жазушы ешкімге ашық түрде кінә тақпайды, тек бар шындықты, болған жағдайды сырттай бақылап, тыңдап, хатқа түсіруші ғана. «Көрген көзде жазық жоқ» дегендей, жазушы барды ғана айтып, өмір шындығын қаз қалпында оқырманға көркемдік заңымен жеткізуші ғана. Жазушы бірде былайша толғанады: «Оның ойына соңғы жылдары күрт өзгеріске ұшыраған тағдырлардың көбейіп кеткендігі оралды. Осыдан он жыл бұрын суреті қаланың орталық скверіндегі Құрмет тақтасынан түспейтін шахтер ағайының бүгінде базарда телешка сүйретіп, алып-сатарлардың затын тасып жүргенін есіне алды.

Ия, жазушы айтпақшы, «бұл дүниеде бәрі бір-бірімен сабақтасып жатыр.

— Қайыршылардан бастап қаһарлы әміршілерге дейін, қара бақырдан бастап мемлекеттің алтын қорына дейін, базардағы жанжалдан бастап континентаралық қақтығыстарға дейін…»

Сірә, біздің ойымызша, өз ісіне адал қараған, тірлігі тиянақты, қоғам жұмысына жауапты, кәсібіне жетік, талантты өнер адамдарының болмысы адам танымастай өзгеріп, бүлініп, қайыршыланып кетуінде қоғам мен кезеңнің де кінәсі бар-ау деп ойлаймыз. Осы орайда ойымызға әйгілі жазушы ағамыз Мархабат Байғұттың «Шымкент келбеті» газетінде (23.08.02)

Б.Тәжібаевпен болған сұхбатындағы сөзі оралады: «Көбінше тұрмысқа икемсіз келетін талант иелері нарық заңдылықтарына байланысты қатты қиналысқа түсті, қаламнан қол үзіп, күйкі тірліктің күйбеңіне жұтылып кете жаздағандар да жоқ емес.» Мұндағы басты мәселе — нарық экономикасы билеген заманның нақты материалдық өнім бермейтін, алыс-беріс, пайда дегеннен аулақ өнер адамдарына жайсыз тигені. Нарық заңдылықтарына байланысты қиын кезеңнің ауыртпалығы туралы Нұрғали Ораздың өзі де «Түркістан» газетіндегі «25.10.95» мақаласында жазады: «Бәлкім, бүгінгі қиын-қыстау өмірдің, қатал уақыттың өкпек желі мен қара суығы ол суреттерді санамыздан өшіріп, сарғайта бастаған да болар.» Жазушы айтып отырған «суреттер» – М.Байғұттың «Шілде» кітабындағы «аздап ұяңдау, ұялшақтау кейіпкерлердің мөлдір бұлақтай таза да шынайы сезімдері, ішкі жан дүниесінің нәзік құбылыстары.» Біз Нұрғали Ораздың әңгімесіндегі өнер адамының азып-тозып, қайыршы боп кетуі – бір жағы ол өмір сүрген қоғамға да байланысты десек, ойымыз негізсіз болмас. Нарық заманындағы руханият дүниесінің қожырауы туралы атақты жазушы Дулат Исабеков ағамыз да жазған: «Нарықтық қарым-қатынас бұрынғы құндылықтарға басқаша қарап, көркем әдебиет туындыларына кірпіш зауытының өнімдері сияқты жаппай «тауар» тұрғысынан бағалайтын көзқарас қалыптастыра бастады.» («Егемен Қазақстан», №118, 28.05.05ж.)

Қандай бір көркем шығарма болсын қоғамдағы, өмірдегі, тіршіліктегі құбылыстарға, адамдардың әрекеттеріне деген жазушы көзқарасы, беретін бағасы. Жазушы қаламынан қазіргі заманның сырын ағытатын, замандас тұлғасын танытатын әдемі әңгіме туындаған. Суреткердің шеберлігін көрсетерліктей дүние!

Масалиев Айдарбек Болатұлы

Оңтүстік Қазақстан облысы,
Түркістан қаласы.
байланыс сымтетігі: 87780000305


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz