Біздің таңдауымыз – парасыз болашақ

Жарнама

Билер, пара жемеңдер,
Жанға бейнет кезбеңдер.
Кісі халқын алмаңдар,
Аузыңа пара салмаңдар.
Дүние жинап өткен жоқ,
Біздің бұрынғы Пайғамбар.
Сөз айтайын,үлкендер,
Құдайдан ғапіл өтпеңдер.
Әлің келсе Мекке бар,
Артық дәулет біткендер!

 Шортанбай Қанайұлы

«Ел болашағы – білімді ұрпақ қолында» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, жыл санап білімді қазақ жастары қарқынды өсіп келеді. Қазіргі таңда шетелде білім алатын жастарымыз өте көп. Менің Қазақстанымда жастарға деген жағдай жақсы жасалынған. Мағжан ағамыз сенген арыстандай айбатты, қанаттары қырандай күшті жастар сол үлкен сеніммен алда келе жатыр.

Біз –жастар, елімізде белең алып келе жатқан жемқорлық, пара деген жаман сөздерге қарсымыз. Әрбір адам бұл жайында естігенде жаны түршігіп, Алланы есіне алуы керек шығар деп ойлаймын. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақыл сөздің өзі шыншыл болуға, әділ болуға, тура айтуға үндейді. Осы орайда, менің айтқым келгені сыбайлас жемқорлық, яғни парақорлық туралы болмақ. Сыбайлас жемқорлық — заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі.

Бүгінде күллі әлем жаһандық дағдарыспен бетпе-бет келіп отырған сәтте, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев көрегендік танытып, мемлекетімізді осынау тығырықтан алып шығатын «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын жолдады. Онда еліміздің биік мақсаттары мен міндеттері айқындалып, яғни «Мәңгілік Ел» идеясы негізінде алға қарышты қадамдарды жасайтынымыз белгілі болды. Міне, осы жолда, еліміздің дамып, көркеюіне бағытталған қандай да бір істің жүзеге асырылуына басты кедергі болатын қоғамдық дерт – сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жоюымыз қажет.

 

Тарихи тереңнен бастау алған сыбайлас жемқорлық бүкіл әлем қоғамдастығына қауіп төндіріп отыр. Біздің республикамызда да бұл мәселеге қарсы күрес шаралары тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің бірінші кезектегі міндетіне айналды. Дегенмен де, бұл дертті сылып алып тастайын десем, сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көрністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің үддесінен шығатынымыз сөзсіз.

Біздің Елбасымыз өзінің «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу стратегиясы, Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты халыққа жолдауында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып, сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық мүшелеріне, сондықтан жемқорлықпен күрес жалпы барша халықтың борышы екенін атап көрсетті.

Қазақстанның болашағын – білімді жастардың қолында екенін ескерсек, сол білімді жас ұрпақ өз өмірлерін «парасыз» деген алтын сөзбен ұштастырар еді. Аға буын өкілдері жемқорлыққа жол бермей, пара алу көрсеткішін мүлде жоқ қылса, бізге, яғни жастарға әдемі үлгі көрсетсе, еліміздің үкілі үмітін арқалаған қазақ жастары еш тайсалмастан білімнің биік шыңынан көрінеріне сенімім мол. «Қолда барда, алтынның қадірі жоқ» деген сөзді біздей жастары бар, біздей білімді ұрпақтары бар қазақ елінің қадірін кетірген жемқор азаматтарымызға айтқым келеді.

Жастарымыз парасыз болашақты таңдайды, парасыз өмірді қалайды, жемқорлықсыз өмір сүргісі келеді деп нық сеніммен айта аламын. Сонда ғана, қабілетті ел, саналы ұрпағы бар Қазақстан жарқырап, жандана түсері сөзсіз.

 

Егеменді елімнің болашағы,
Кімге де ой тастамас бала қамы.
Білімді ұрпақ елімнің шам-шырағы,
Өшпесін мәңгі бақи бала шамы.

Еркін өссін жастарым елімізде,
Тәуелді болмай өссін жерімізде.
Жастар аман бақытты болып тұрса,
Желбірейді көк байрақ төрімізде, —

 

деген Рыскүл Ерназарованың жалынды жырымен өз сөзімді аяқтағым келеді.

 


Жарнама

Share This Post