Заңы – шариғат, қызметi – шапағат

Жарнама

Бай­да­лы шешеннiң ай­та­ты­ны бар: «Бiрiншiден не жа­ман – арам­нан жиған қоң жа­ман». Тәуекелдi кли­ен­т­пен бiрге бөлiспей, қайтарым қаржының пайыздық мөлшерлемесiн ас­пан­да­тып, артық ақшаға оңай кенелiп кел­ген банктердiң са­лы суға кеттi. Отандық ақпарат құралдары жариялағандай, бүкiл әлем осы күнге дейiн құны 60 трил­ли­он доллардың өнiмiн өндiрiптi. Ал қаржы нарығында өсiммен айналған ақша 500 триллионға жет­кен. Қаржы са­ла­сын­да қалыптасқан қағида тек банктердi емес, мемлекеттi де шығынға ұшыратты. Дәлiрек айтқанда, Ис­лан­дия, Ир­лан­дия, Ав­стрия, т.б. ел­дер қаржы нарығындағы түйiндердi тарқата ал­май қалды. Бұл тек Батысқа емес, барлық ел­ге сабақ бол­ды.

Бүгiнде Ба­тыс ғалымдары Ис­лам банктерi жұмысының тиiмдiлiгiн талқылап, ой­ла­рын ортаға са­лу­да. АҚШ-тың федералдық ре­зерв жүйесiнiң Са­уд Ара­бия мен Малайзияның исламдық қаржы са­ла­сын зер­т­теу жұмысын қолға алғаны қажеттiлiктен туған шешiм де­уге негiз бар. Өсiмсiз ақша өндiрмейтiн ис­лам банкингтерiне де­ген сұраныс күн са­нап көбеюде. Соның дәлелi бо­лар, әлемде ең iрi қаржы орталығы са­на­ла­тын Ұлыбританияда бүгiнде 25 ис­лам қаржы ұйымдары жұмыс iстейдi екен. Байлықтың «Ота­ны» – Швей­ца­ри­яда – 5, ал Фран­ци­яда шариғат шеңберiнде қызмет ететiн 4 банк бар. Әлемнiң елу­ге жуық елiнде ис­лам қаржы ұйымдары жұмыс iстейдi. Көршi қырғыздардың «Эко­банк» ис­лам банкiн қолданысқа енгiзгенiне екi жылға жуықтады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАДАМЫ

Бiздiң ел­де де исламдық банкингтi да­мы­ту жо­лын­да бiрқатар қадамдар жа­са­лу­да. Кейбiр заңдарға түзетулер енгiзiлдi. Атап айтқанда, «Азаматтық» және «Салық» кодексiне, «Банк­тер мен банк қызметтерi ту­ра­лы», «Инвестициялық қор ту­ра­лы», «Бағалы қағаздар ры­но­гы ту­ра­лы» заңдарға өзгертулер енгiзiлдi. Ел­ба­сы «Ис­лам банктерi ту­ра­лы» Заңға қол қойды.
Күнi ке­ше Ас­та­на­да дүниенiң төрт бұрышынан жиналған мұсылман елдерiнiң Дүниежүзiлiк исламдық экономикалық фо­ру­мы өттi. Ай­ту­лы жиынның қорытындысында мем­ле­кет бас­шы­сы Нұрсұлтан На­зар­ба­ев: «Бiз көптеген мәселелердi талқыладық. Өз елiмiздң мүддесi үшiн исламдық банкингтi да­мы­ту ке­рек. Көптеген ел­дер, мы­са­лы Ма­лай­зия, осының есебiнен өз да­муы үшiн ондаған мил­ли­ард дол­лар ала­ды, бiз де исламдық банктi да­мы­та оты­рып, бұл қаржылық өнiмнiң Қазақстанда да жұмыс iстеуiне қол жеткiзе ала­мыз», – дедi. Қазiр елiмiзде ис­лам банкингiн дамытуға қатысты нақты ша­ра­лар қолға алын­ды. Жу­ыр­да Се­нат де­пу­тат­та­ры исламдық құнды қағаздарын шығаруға мүмкiндiк беретiн заң жо­ба­сын бiрiншi оқылымда мақұлдады. «ҚР кейбiр заң актiлерiне исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелерi бой­ын­ша өзгертулер мен толықтырулар енгiзу ту­ра­лы» заң жо­ба­сы мемлекеттiк құнды қағаздарын шығару бағытындағы олқылықтарды жою мақсатында әзiрлендi. Қаржы министрiнiң орын­ба­са­ры Берiк Шолпанқұловтың ай­ту­ын­ша, заң жо­ба­сы республикалық бюджеттiң тапшылығын азай­ту­ды, ин­вес­тор­лар­ды тар­ту­ды көздейдi.

 ҰЛТТЫҢ ҰПАЙЫ

Эко­но­ми­ка ғылымдарының док­то­ры, про­фес­сор Рах­ман Алшановтың ай­ту­ын­ша, араб елдерiнде игерiлмеген қаржыны қазiргiдей дағдарыс кезiнде өзiмiзге тар­ту­ы­мыз ке­рек. – Бұл iс аса қиын ша­руа емес, – дейдi эко­но­мист. – Өйткенi бiздiң ел ең ал­ды­мен Ис­лам дiнiн ұстанады. Ұстанымдарымыз бiр. Қаржы дағдарысынан шығу үшiн шұғыл қимылдап, осы iстi қолға алу­ы­мыз қажет. Осы­ны ес­кер­ген мемлекетiмiз қазiр келiсiм жа­сап жа­тыр. Бiзде құрылысқа, жолға, тағы басқа инфрақұрылымдарға қаржы са­ла­тын са­ла­лар жеткiлiктi. Осы салаларға қаржы са­лын­са, жасалған шаруаның тиiмдiлiгiн көрер едiк. Себебi мұсылманшылық қағидасы бой­ын­ша, екi жақ та пай­да көредi. Исламдық қаржы ұйымдарының өз ерекшелiктерi бар. Оны түсiну қиын емес. Араб­тар Ис­лам дiнiнде ха­рам са­на­ла­тын арақ-ша­рап, темекi өндiретiн өндiрiстерге қаржы жұмсамайды. Бұл – олардың өзiндiк ұстанымы.
Эко­но­ми­ка ғылымдарының док­то­ры Атамұрат Шәменовтiң ай­ту­ын­ша, исламдық бан­кинг жүйесiнiң са­я­са­ты еуропалық дәстүрден бөлек. «Мұның тиiмдi жерi – пай­ыз ал­май­ды. Оларға биз­нес жоспарыңды ұсынсаң, болашақта атқарар iсiңе ара­ла­са­ды. Тiптi бiлмейтiнiңдi үйретедi. Тапқан пайдаңды бөлiседi. Бүгiнгiдей қиын жағдайда мемлекеттiң қолға алып жатқан бұлi iсi құптайтын нәрсе», – дейдi эко­но­мист.

 ҚАРЖЫЛЫҚ «КӨПIРШIК»

Ма­ман­дар исламдық банкингтi енгiзудiң тиiмдiлiгiн бiрнеше се­беп­тер­мен түсiндiредi. Бiрiншiден, ис­лам қаржы жүйесi – ең жыл­дам өсушi са­ла. Жы­лы­на 15 пайызға өсетiн исламдық негiздегi активтердiң жиынтығы 800 мил­ли­ард АҚШ дол­ла­ры­на тең. Екiншiден, исламдық қаржы жүйесiн енгiзген негiзгi ел­дер – Та­яу Шығыста төлемпаздық (лик­вид) аса жоғары деңгейде шоғырланған. Үшiншiден, елiмiздiң қаржы жүйесiнде исламдық банктiң пай­да бо­луы өз кезегiнде қаржы нарығында жаңа ой­ын­шы­лар мен мүлде жаңа банктiк өнiмдердi шығаруға септiгiн тигiзедi. Төртiншiден, исламдық жүйе – банк са­ла­сын­да тұрақтандырушы ықпалға ие. Себебi са­лым­шы­лар салымның қауiп-қатер тәуекелiн бөлiседi.
Исламдық банктiң негiзгi өнiмдерi мы­на­лар: са­у­да-қаржыландыру (му­ра­ба­ха), үлестiк бiрлескен қаржыландыру (му­ша­ра­ка), жалға бе­ру (ид­жа­ра), ақшаны сенiмдi басқару (му­да­ра­ба), исламдық банк қызметiнiң ауқымында агенттiк қызмет көрсету (уәкала), сыйақысыз банктiк қарыз опе­ра­ци­я­ла­рын жүзеге асы­ру (кард әл-ха­сан). Осы ақша операцияларының бәрiнде шариғат та­лап­та­ры қатаң сақталады. Яғни мұнда үстеме пай­ыз­бен өсiмақысын алуға жол берiлмейдi. Ис­лам банкiнде операциялардың шариғатқа сәйкес бо­лу­ын қадағалайтын ор­ган­дар бар. Олар – Шариғат кеңесi және Шариғат аудитi. Шариғат кеңесi банктiң ба­с­ты ережелерiн бекiтiп, күнделiктi жүзеге аса­тын шағын опе­ра­ци­я­ла­ры­на ара­лас­пай­ды. Тек үлкен бизнестi қаржыландыру, бағалы қағаздар шығару секiлдi iстердi қадағалап, мақұлдайды. Шариғат аудитiнiң мақсаты – жасалған опе­ра­ци­я­лар­ды тексерiп оты­ру және ережелердiң сақталуын қадағалау.
Исламдық қаржы жүйесiнде фью­черс, де­ри­ва­тив сияқты кейбiр қаржылық құралдарға тый­ым салынған. Эко­но­мист-ғалымдар осын­дай қаржылық құралдардың көптеп жүзеге асуы қаржылық «көпiршiкке» се­беп­кер бол­ды де­ген тұжырымды алға тар­та­ды. Бүкiләлемдiк банк өзiнiң бiр зерттеуiнде классикалық жүйеге қарағанда, исламдық банкингтiң тиiмдi әрi әдiл жұмыс iстейтiнi ту­ра­лы қорытынды жа­сап­ты. Классикалық банктердiң көзқарасына жақын са­на­ла­тын Бүкiләлемдiк банк са­рап­шы­ла­ры оны исламдық қаржы жүйесiндегi өсiмге жол берiлмеуiмен байланыстырған.

 ӨМIРШЕҢСIЗ ӨСIМ

«Ис­лам банкi ашы­ла­тын бо­лып­ты, пай­ыз де­ген бәледен құтылатын болдық, өсiмсiз ақша ала­ды екенбiз», – деп қуанды алғашқыда қарапайым халық. Алай­да адам­дар ара­сын­да бұған күмәнмен қарайтындар да бар. Кейбiреулерi: «Ис­лам банкi пай­ыз ал­ма­са, қалай пай­да та­ба­ды? Шығынға шаш-етек­тен ұшырамай ма?» – дейдi. Бiр нәрсенiң ба­сы ашық: кез кел­ген қаржы ұйымының негiзгi мақсаты – пай­да та­бу. Мәселе, қандай жол­мен пай­да та­бу­да. – Жал­пы эко­но­ми­ка ғылымында табыстың үш түрi бо­ла­ды, – дейдi бiзбен ой бөлiскен «Causar Consulting» компаниясының ма­ма­ны, эко­но­мист Едiге Ал­пыс­бай. – Бiрiншiсi – қолыңдағы бар мүлкiңдi жалға бе­ру арқылы келетiн та­быс. Екiншiсi – қолыңдағы ақшаны iске қосып, сол арқылы түсетiн түсiм. Үшiншiсi – ақшаны са­ту арқылы түсетiн пай­да, яғни өсiммен келетiн та­быс. Ис­лам эко­но­ми­ка­сы осы айтылған та­быс­тар­ды пайдалануға рұқсат етедi. Тек ақшаны са­ту арқылы түсетiн үстеме ақыға (өсiмге) тый­ым са­ла­ды. Себебi бұл жағдай екiншi тараптың тәуекелдiгiн төмендетiп, тығырыққа тiрейдi.
Елiмiзде бұл жүйеге қарсылық та­ны­ту­шы­лар күн са­нап көбеюде. Әдiлетсiздiк де­ген­нен шығады, өткен жо­лы павлодарлық 39 жастағы Ма­рат Нүркенов өзiне қол жұмсады. Баспасөз бiткеннiң бас тақырыбына айналған бұл оқиға бүкiл елдi дүр сiлкiндiрдi. Бан­к­ке берешегiн уақытында өтей ал­май, үйiнен ай­ры­лып қалған ол тоғызыншы қабаттан құлап, мерт бол­ды. Ар­тын­да әйел, ба­ла-шағасы қайғы жұтып қалды. Осы оқиғадан кейiн «Халықтың бас­па­на­сын өзiне қалдырайық» қоғамдық қозғалысының белсендi мүшесi Сұлубике Жақсылықова: «Халықты бас­па­на­сы­нан ай­ы­ру – оның өмiрiне қауiп төндiру. Мұндай тра­ге­дия тағы бол­мас үшiн халықты қанап, тығырыққа тiрейтiн банк саласындағы мұндай жүйенi өзгертуiмiз ке­рек», – деп мәлiмдедi.
Ал Мәжiлiс де­пу­та­ты Нұртай Са­биль­я­нов бiр сұхбатында: «Не­сие алу­шы­лар көбiнесе теңгемен ала­ды, ал теңге құнсызданған кез­де банк­тер оның бағасын долларға есептейдi де көбейте қояды», – дептi. Бұл – Шек­с­пир айтқандай, «бол, болмасаң бор­дай тоз» дегеннiң нақ өзi. Де­мек тұтынушы мүддесiн еле­меу де­ген сөз.
Дәстүрлi банк­тер қаржыны не­сие есебiнде берiп, тұтынушының қызметiнен ха­бар­сыз қалса, ал исламдық банк­тер бизнестiң бiр қатысушысы ретiнде тәуекелдi өз тұтынушысымен бiрге бөлiседi. Пай­да түссе – пай­да­сы­мен, шығын бол­са – шығынымен есеп ай­ы­ры­са­ды. Ис­лам банкiнде «му­ра­ба­ха» де­ген опе­ра­ция бар. Он­да сiз таңдаған пәтердi банк өзi са­тып алып, со­дан соң оны сiзге са­та­ды. Шарт бой­ын­ша төленетiн пәтердiң бағасы кәдiмгi не­сие секiлдi бiрнеше жылға со­зы­ла­ды. Бiрақ он­да қаржыландыру со­ма­сы ба­сы­нан бас­тап белгiлi бо­ла­ды. Оны банк өзгертпейдi. Са­лы­с­тыр­ма­лы түрде айтқанда, қазiргi таңда классикалық банктердiң көптеген тұтынушылары не­сие мөлшерiнiң өзгерiп тұруына бай­ла­ны­с­ты қиындыққа ұшырауда.

 ТЕҢ ТӘУЕКЕЛ

«Фат­тах фи­нанс» АҚ басқарма төрағасы Асқар Айтқожамен сұхбаттасқанымызда, бiзге исламдық қаржы жүйесiнiң қыр-сы­рын тәптiштеп түсiндiрiп бердi.
– Исламдық банк салымдарының екi түрi бар, – деп бас­та­ды сөзiн Асқар Айтқожа. – Бiрiншiсi – өсiмсiз са­лым­дар. Аты­нан белгi болғандай, мұндай салымдарға өсiм төленбейдi. Екiншiсi – инвестициялық са­лым, яғни эко­но­ми­ка тiлiмен айтқанда, де­по­зит. Мұнда банк клиенттiң ақшасын белгiлi бiр мерзiмге сенiмдi басқаруға ала­ды да, оны инвестициялық жобаларға не­ме­се ак­тив­тер­ге са­ла­ды. Сол жо­ба­лар­дан түскен пайданың кли­ент­ке тиесiлi бөлiгiн берiп оты­ра­ды. Бiрақ банк кли­ент ақшасының номиналдық көлемiнiң қайтарылатындығына кепiлдiк бермейдi. Егер инвестициялық та­быс­сыз бол­са, кли­ент шығынға ұшырайды, ал банк бол­са сол жо­ба­дан сыйақы алу құқығынан ай­ы­ры­ла­ды. Ал егер инвестициялық жо­ба банктiң жiберген қателiгiнен шығынға ұшырайтын бол­са, он­да банк сол үшiн жа­у­ап­ты бо­ла­ды. Қаржы нарығындағы тәуекелдi тең бөлiсудiң ашық та, айқын жо­лы – осы. Сол секiлдi, «су­кук» – исламдық бағалы қағаздар да шариғат та­лап­та­рын бұзбай, инвестициялық та­быс табуға мүмкiндiк бередi. Бұл адал ақшаға негiзделген, адам­зат­ты екi дүние бақытына жетелейтiн ұлы кiтап – Құраннан бас­тау ала­тын ис­лам қаржы жүйесiнiң бiз бiлмейтiн бағыттары ғана.
– Елiмiзде исламдық қаржы ұйымдары не­ге же­ке тұлғалармен жұмыс iстемей жа­тыр? Халықтың ба­с­ты мәселесi – бас­па­на екенi рас. Әсiресе, қалалық қарапайым халық үшiн. Пәтер са­тып алуға сiз басқаратын қаржылық ком­па­ния не ұсына ала­ды?
– Же­ке тұлғалармен ис­лам банкi жұмыс iстейдi. Жу­ыр­да «Фат­тах фи­нанс» инвестициялық қоры, Қазақстан да­му банкi және Малайзияның мемлекеттiк iрi қаржы ком­па­ни­я­сы – AmanahRaya бiрлесiп, Ис­лам банкiн ашу ту­ра­лы келiсiм-шартқа қол қойды. Ас­та­на­да өткен мұсылман елдерiнiң дүниежүзiлiк экономикалық фо­ру­мын­да Ел­ба­сы осын­дай тап­сыр­ма бердi. Қазiр зер­т­теу жұмыстары жүргiзiлуде. Алдағы екi ай көлемiнде та­рап­тар ортақ жо­ба­ны жүзеге асыруға кiрiсетiн бо­ла­ды.
Ал бiздiң инвестициялық қордың бастапқы мақсаты – елiмiздегi мұсылмандардың қажылық жасауға жұмсайтын ақшасын жинауға көмектесу. Егер сiз, мәселен өз туыстарыңызды қажылыққа алып ба­ру ниетiмен ақша жи­най­тын болсаңыз, ал­ды­мен тiркеу бөлiмiне келiп тiркелген соң, бiзбен келiсiмге оты­ра­сыз. Со­нан соң, сiз салған ақша ак­ция са­тып алуға жұмсалады. Сол кез­де сiздiң қолыңызға қанша ак­ция иегерi екенiңiз ту­ра­лы қағаз берiледi. Сiз салған ақшаны бiз үлкен инвестицияларға жұмсаймыз. Атал­мыш ин­вес­ти­ци­ядан түскен та­быс­тан сiз де пай­да көрiп оты­ра­сыз. Қажылық са­пар ба­ры­сын­да қонақүйге орналасқанда, оның бағасы ар­зан­да­ты­ла­ды, әуе көлiктерi билетiнiң бағасы да сiз үшiн төмендетiледi.
– Ис­лам банкiнiң дәстүрлi банк­тен бiз бiле бермейтiн тағы қандай айырмашылықтарын атап бе­ре ала­сыз?
– Ма­лай­зи­ядан кел­ген бiр банкирдiң айтқаны есiмде қалып қойыпты. Сол сөз бiздi әрдайым жақсы жұмыс iстеуге жiгерлендiрiп оты­ра­ды. Ол кiсi бы­лай деп едi: «Исламдық банк ашып, бiрден бай­ып кетудi мақсат етсеңдер, қазiрден бас­тап ол ниеттерiңнен қайтыңдар да банктi жа­у­ып тастаңдар. Оны осы сәттен бас­тап ұмыт. Исламдық банк халықты қанау не то­нау үшiн құрылмайды. Ол ең ал­ды­мен Ал­ла разылығы үшiн адамдарға қаржылық қолдау көрсету үшiн құрылады. Бiреудi қинап тар­тып алған ақша ешқашан сiңiмдi бол­май­ды. Арам­мен кел­ген ақша сол адам­ды түптiң түбiнде жарға жығады».
Де­мек Ис­лам банкi тек пай­да­ны көздемейдi. Мүмкiндiгiнше тұтынушыға көмектеседi. Тәуекелдi бiрге бөлiседi. Тұтынушыға қажет дүниенi са­тып ала­ды да, оны оған бөлiп са­та­ды. Егер адам ақшаны уақытында қайтара ал­май қалса, басқа банк­тер оған айыппұл са­ла­ды. Ис­лам банкiнде он­дай жоқ, не­ге десеңiз, шариғаттың заңдары бой­ын­ша келiсiм-шар­т­та көрсетiлген ақшадан артық ақша алын­бай­ды. Бiр кiсiлер ша­ма­сы келiп тұрса да, алған несиенi қайтармаса, оған айыппұл са­лы­на­ды. Сөйтiп тұтынушыдан түскен ақшаны бiз қайырымдылық iстерге жұмсаймыз. Банктiң ережесiнде со­лай жазылған. Оның есебi халыққа жа­ри­я­ла­на­ды.
– Елiмiзде несиесiн өтей ал­май, үйiнен айрылған аза­мат­тар банктiң шешiмiне наразылық та­ны­тып, өзiне қол жұмсауда. Егер осын­дай жағдай бо­ла қалса, Ис­лам банктерi қалай әрекет етедi?
– Бұл мәселе ар­найы кеңесте талқыланады. Мәселен мы­на­дай жағдайлар кезестi. Әке-шешесi жол апа­ты­нан қайтыс бо­лып, ба­ла­ла­ры жетiм қалып жа­та­ды. Бұл мәселенiң әртүрлi шешiмдерi қарастырылған. Бұл жағдайда исламдық банк қайтыс болған адамның ба­ла­ла­ры­на үйдi сый ретiнде қалдырады. Әйтпесе туыстарының жағдайына қарап, банк өзiне тиесiлi қаржыны қайтарып ала­ды.


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz