Вена қазақтарының қара шаңырағы

Жарнама

Естелік-эссе

Абай атындағы ҚазҰПУ доценті,
экономикалық-әлеуметтік география
ғылымдарының кандидаты
Қастер Сарқытқан

 

веннаҒылыми зерттеу тақырыбыма байланысты 2014 жылдың күзінде Аустрия Республикасының саяси, мәдени және экономикалық астанасы әрі ең ірі қаласы Венада болдым. Содан біраз күн бұрын Түркияның Стамбул қаласындағы «Қазақ мәдени орталығында» болып, пікірлескен едім. Сондағы жігіттердің берген телефон нөмірі бойынша қонақ үйге жайғасқан соң ұзақ жылдардан бері Венада тұрып жатқан Хадыс  Залың ағамен хабарластым. Ол кісінің қазақшасында  түрікше  акцент білініп тұрды. Менің жағдайымды түсінген ол  бірден:

— Ау қазақпын дейсің бе, қазір қайдасың? Менен қандай көмек қажетсінесің?-деді жітірмілете. Аузы ашылса көмейі көрінетін ақпейіл жан екендігі аңғарылады. Мен ол кісіге ешқандай көмектің қажеті жоқ екендігін, тек аз-кем уақытын бөліп  сұхбаттасуға келсеңіз деген ойымды айттым.

— Жарайды, әдрісіңді айт-деді. Аспаннан түсіп тұрған мен тұрған жерімді айтып  түсіндіре алмадым. Амалсыз ресепшнде  отырған неміс қызына:

— Кешіріңіз, мына кісіге қонақ үйдің әдрісін айтып жіберіңізші — дедім ағылшын тілінде. Ар жағынан Хадіс аға немісше сөйлесе керек, қыз немісше сөйлеп түсіндіріп жатты, әлде неге сыңғырлап күліп алды да, маған қарап, ағылшын тілінде:

— Қонағыңыз 20 минут ішінде жетеді, осында күтіңіз -деді жымиып. Мен рахметімді айттым да кіреберістегі бөлмеге қойылған креслоға жайғасып, түсінбесем де теледидарда неміс тілінде жүріп жатқан бағдарламаны қарап  отырдым. Көзім онда болғанымен көңілім мүлде басқа арнада. Санамда сан сұрақ. Кешке дейін Венаны аралап, көрікті жерлері мен ескі патша сарайларын, мәдени орындарын бірінен соң бірін тездетіп аралап шыққан маған бұл қаланың берген әсері шынында айрықша еді. Оқырманға жақсы таныс болуы үшін Вена жөнінде тоқтала кетуді жөн көрдім.

Аустрия Республикасы  —  солтүстікте Чехия және Алманиямен, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Словения, Мажарстан және Италиямен, ал батысында Швейцариямен шектеседі. Жер аумағы 83871 шаршы шақырым, халқы  8,3 млн шамасында. Басқару формасы парламенттік республика, тәуелсіздік күні 17 қазан  (1918), ақшасы еуро,  мемлекеттік тілі — неміс тілі. Экономикасы нарықтық қатынастар негізінде дамыған индустриялы-аграрлы экономика. 1996 жылдың 1 қаңтарынан Еуропалық Одаққа мүше болып кабылданды. Ал елімізбен  1992 жылдың 19 ақпанында дипломатиялық қатынастар орнатқан.   Бұл елдің астанасы әрі тоғыз федералды аймағының бірі Вена, Оның халық саны 1,7 млн-нан астам. Аустрия—Мажарстан монархиясы ыдыраған 1918 жылдың карашасына дейін  әлемдегі ең ірі неміс тілді қала болса,   қазір Берлиннен кейінгі екінші үлкен неміс тілді қала.  Халықаралық маңызды мекемелердің біразы, ашып айтқанда, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) және бізге OПЕК деген атпен таныс Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (МЭЕҰ), Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) ұйымдарының штаб-пәтерлері осы қалада орналасқан. Сондықтан болар Вена қаласы Нью-Йорк және Женева қалаларынан  кейінгі БҰҰ-ның үшінші резиденциясы ретінде танылған қала.

Бағана қала аралап жүргенде байқағаным, қала көне қала болса да, бүгінгінің өркениетімен өзіндік жарастық тауып, бірін-бірі түгендеп, бір бүтін әсем де, толықсыған дүниеге айналған.  Бұл қалада  бір-біріне мүл­дем ұқсамай­тын әр түрлі архитектуралық көріністер бәрі де тарихтан сыр шертіп тұрғандай. Әрі  мұнда Моцарт, Бетховен, Шуберт, Штраус сынды атақты композиторлар тұрып, еңбек еткендіктен болар, бүкіл қала көшелері мен бау-бақшалары, сарайлары мен үйлерінің барлығы да ерекше бір әуенге басып, ән салып тұрғандай.  Қаланың осындай шырайлы да, өркениеттің ордасына айналуына оның географиялық орны және сан түрлі халықтың мекендеуінен болса керек.

Айтқан уақытында қонақ үйдің сыртқы есігі айқара ашылып,  орта жастағы ер адам күліп кіріп келе жатты. Мен оның түр-әлпетінен Хадіс аға екенін бірден таныдым. Орнымнан ұшып тұрып есікке қарай адымдай бастым. Тұла бойымнан бір түрлі жылылық пен жақындық сезімі есіп қоя берді. Қанның құдіреті осы болса керек.  Бұрын көрмеген, ешқандай таныстығы, туыстығы жоқ Хадіс ағаны құшақтай алдым.  Ол кісі де «Ой айналайын-ау»-деп  арқамнан қағып бауырына басты. Алма-кезек төс қағыстырып, амандық сұрасқан соң, қасына ертіп келген толықша келген жігітті күйеу балам Айдын Жігіт деп таныстырды. Біз кіреберістегі  үш кісілік креслоға жайғасып әңгіме дүкен құра бастадық.  Хадіс аға орта бойлы, ақсары жүзді, көзілдірікті, іс-қимылы ширақ  адам екен. Аздап түрікше акцентпен сөйлейді демесеңіз сөзге де жүйрік, ойы орамды, жатырқауды жаны қаламайтын, аңқылдаған ақпейіл жан екен. Содан болар әңгімеміз бірден жарасымдылық тауып кетті. Атасы алдында сыпайылық танытқан күйеу баласы ара-тұра сөз қатыстырғаны болмаса, алдымызға түсіп сөйлеп кетпеді. Аздан соң Хадіс аға:

— Інім, алыстан ат тербетіп келген екенсің, еншісі бөлінбеген қазақпыз ғой, құттымешін үйімізден дәм татып қайт-деді. Сөз ләмінде ұсыныстан гөрі, өзімсінген ағаның қалауы мен бұйыруы жатқандай сезілді. Мен де шынайы қазақы көңілмен келісім бердім. Есік алдында немістің жеңіл көлігі тұр екен, соған жайғастық. Рөлде күйеу баласы, шамасы машина иесі сол болса керек, біз аға екеуіміз артқы орындыққа жайғастық. Ендігі әңгіме тақырыбымыз қала тұрмысы мен мәдениетіне ауысты.

— Бұл Веналықтарға таңданбасқа шараң жоқ. Сөздеріне бек берік, өте ұстанымпаз. Мысалы, дүкеннен бір зат алмақ болсаң, азғана ақшаң жетпесе де саған сатпайды, ал егер сатушы саған аз ақшаға қарыз болса да, алмасыңа қоймай қайтарып береді. Уақытқа да көз-қарасы солай, сағат 7-00 де жабылатын дүкенге бір-ер минут қалғанда барып, тауар алам деуіңіз бекершілік. Тіпті, дүкеннің барлық затын алам десеңізде сатпайды. Ертең жұмыс уақытында келіңіз дейді. Ал Түркияда болса, басқаша болар еді. Қоғамдық жұмыстары да солай, егер бұлардың алдына  бір жұмыспен бара қалсаңыз, егер ол заң мен тәртіптерге сай келетін жұмыс болса «болады»-деп жауап береді. Әрі ол міндетті түрде болады. Ал егер «томпақ» жұмыс болса, тұтас мемлекетіңді алып келсең де болмайды. Осыларды айтқанда өзі тұрып жатқан елдің осындай ұстанымына рыза болғандай көздері жұмылып, күлімсіреп кетті. Мұндайда, қырау шалған қазақы мұрты да бірге жымиғандай өзінің бет-пішініне жарастық беріп  кетеді  екен.    Біз осыларды айтып отырып, Хадіс ағаның үйіне қалай тез жетіп келгенімізді де байқамай қалыппыз. Қараңғы түсіп кеткендіктен айнала толық көрінер емес, шамасы 5-6 қабатты үй болса керек, Хадіс ағамыздың үйі бірінші қабатта екен.

Үйге сәлем беріп кіріп төрге жайғастым. 3-4 бөлмелі үй тынысты екен. Жайғасып отырған соң Хадіс аға өзінің отбасы мүшелерін таныстырды. От-анасы Зәфура ханым екеуінен екі қыз, екі ұл бар екен. Үлкен қызының аты Асылхан Жігіт, Айдын Жігіттің жары екен, екеуіде Аустрия әуежайында қызметте. Жұмыстары келіп-кеткен ұшақтардың ұшып-қонуына жауапты екен. Олардан 6 жасар Берке-Тана және 4 жасар Емір-Фурхан есімді екі ұлан өсіпті. Екінші қызының аты Нұр Ербас, күйеу баласының аты Чағатай Ербас, үйленгендеріне бір-ақ жыл болыпты. Еуропада жол жасаумен айналысады екен. Үлкен ұлы Ералтай Залың, электрик инженер, Германияда істейді. Келінінің есімі Елиф Залың, студент. Олар да  бір жасар Емін-Абай  Залың атты  ұл өсіріп отыр екен. Кенже ұлы әзірше бойдақ Юнус-Емре мамандығы бойынша электрик. 5 жасынан аяқдопқы қызыққан ол қазір Аустрияның WIEN футьбол камандасында ойнайды екен. Біз барғанда үйде бәйбіщеден бөлек, Асылхан мен Юнус-Емре және Берке-Тана мен Емір-Фурхан болды. Кіші қызы Нұр қаланың басқа жерінде тұрады екен, ал үлкен  ұлы шетелде жұмыста соған байланысты олармен жүздесудің сәті түспеді.

Аспен бірге әңгіменің тиегі одан бетер ағытылып, енді өткен тарихқа қарай ойыстық. Хадіс Залың 1952 жылы  Пакістанда туылған. Ел қатары Түркияға қоныс аударып, сол елде білім алып, қызмет еткен, сонда үйленген.  Алайда, арман арқалаған жас жігіт 1978 жылы Еуропаға, анығын айтқанда Вена қаласына жұмыс істеуге келіп, осында тұрақтап қалады. 1985 жылы осы елдің азаматтығын алған. Қазір құрметті зейнеткер. Зейнет ақысы біздің теңгемізбен есептегенде 260 мың шамасында. Оның сыртында ара-тұра көлік айдап, кірешілік те жасайды. Енді Венаға алғаш келгендегі әңгімесін Хадіс ағаның өз аузынан тыңдайық:

— Ол жылдары Түркияда экономикалық жағдай қиын еді, содан Еуропаға барып жұмыс істетейтін адамдар пайда бола бастады. Мен солардың алғашқылары болып, 1978 жылы түрік жігіттерімен бірге осында қарай сапар шегуге бел будым. Алайда, қалтам жұқа болғандықтан виза алу да маған қиынға түсті. Сонымен нар тәуекел деп бар-жоғы екі жүз АҚШ долларын алдым да поезға міндім. Тек Бір Аллаға ғана тәуекел еттім. Поезда келемін, көңіл алаң, «қашан жетеміз»- деп қасымдағылардан сұрап қоямын. Олар «Ерте, ұйықтай бер» -деп қояды. Өзім іштей алаңдаулымын, себебі визасыз келемін, ал тәртіп болса қатал, оның үстіне қалтамда бар-жоғы екі жүз-ақ доллар. Сөйтіп әбіржіп жатып, талмаусырап барып көзім ілініп кеткен екен, түс көріппін, түсімде өз үйімде құран оқып жатыр екенмін. Біреудің оятуымен көзімді аштым, іштей көрген түсімді жақсылыққа жорып қойдым. Расында жолым болған екен мен ұйықтап жатқанда тексерушілер келіп кетіпті, ал поезд болса, Венаға келіп ат басын тіреген екен. Содан бастап  жұмыс іздеп, не болса да аянбай еңбек еттім. Алғашында жасырары жоқ, тұрмысымыз тым жұпыны болды,  үйде бар-жоғы екі-үш кесе мен шәугім-шәйнек және бір ескі кілеміміз  болды. Әлі есімде бірде, шамасы 1980 жылы болса керек, Мюнхеннен қонақтар келді. Қазақы дәстүрмен ет асайын десем ет жоқ, оны әйтеу біреуден аздап қарыз алып таптым. Ал енді оны асып болған соң қонақтарға тартайын десек табақ жоқ.

Хадіс Залың, күйеу баласы Айдын Жігіт автормен бірге
Хадіс Залың, күйеу баласы Айдын Жігіт автормен бірге

 

Сөйтіп бір қысылғанымыз бар — деді риасыз күліп.Ал қазір ше, заман мүлде басқа, балаларға оны айтсаң бейне бір ертегі тыңдағандай таңданыспен қарайды. Кейінірек Иран кілемін әкеліп берсем, балаларым жақтырмады, тым ала-шұбар екен деп. Кезінде сондай жаңа  кілемді маған біреу сыйға тартса, өмір бойы сол кісі үшін дұға етер едім.          Ағам аз кідіріп алды да, әлде не есіне түскендей өзіміз отырған арқалы орындықты нұсқап, мына үстел мен төрт орындықты сол 1985 жылы бар жоғы 10 долларға сатып алдым. Ол да Құдайдың қалауы болса керек, көшеде келе жатыр едім, осы заттарды үкімет үйінің алдына шығарып қойыпты. Сөйтсем, министр жаңа жиһаз алып, ескісін сатуға әлде беруге ме есік алдына шығартқан екен.   Мен келіп сөйлесіп едім «алыңыз» -деді, мен рахмет айтып, қалтама қол жүгіртіп едім, бар жоғы 10 доллар ілікті. Соны бердім. Міне содан бері біздің қонақ үйде өз міндетін атқарып келеді — деді Хадіс ағамыз рыза болған бейнеде.

— Онда, 1985 жыл Сіз үшін табысты болған екен, азаматтық алыпсыз, Сіздің азаматтық алғандығыңыз үшін министр мырза өзінің астындағы орындығы мен алдындағы үстелін сыйлапты. Бұдан артық мәртебе бар ма? — дедім менде әзіл-шыны аралас  үн қатып. Хадіс ағам да, басқалар да тегіс күлді. Сөз кезегінде шығыс мұсылман әйелдеріне тән инабаттықпен отағасының сөзін бөлмей, әдеп сақтап отырған жеңгемізге қарап:

— Жеңгей алғашқы кезеңдер Сізге қалай әсер етті -деп сұрадым.

— Қайным-ау, оның несін сұрайсың, бек қиын болды ғой.  Әйтеу Бір Алланың жәрдемімен, одан қала берді отағасының  тынымсыз еңбегінің арқасында ептеп ел қатарлы күнге жеттік қой. Алғашқы үш жыл отыз жылға бергісіз ұзақ та, машахатты сезілді маған. Түркиядан осында жылап келіп, жылап қайтып жүрдім. Жат орта, бөтен тіл, өзгеше мәдениетке үйірлесу маған жеңіл соқпады.  Аллаға шүкір балаларым осында оқып, есейіп, жоғары білім алып, кәсіптеніп кетті. Үлкен  ұлым мен екі қызым отау көтеріп, еншілерін алып, бөлек кетті. Қолымызда кенжеміз ғана қалды. Ол оқып жатыр. Міне өзің көріп отырсың екі жиен немереміз келіп-кетіп қуантып тұрады. Енді осылар аман-есен болса екен деп солардың қамын жеумен отырмыз. Аллаға ризашылқтан басқа, айтарымыз жоқ -деді сөзін аса бір ыждағаттықпен тәмәмдап.

Хадіс Залың  мен бәйбішесі Зәфура ханым
Хадіс Залың  мен бәйбішесі Зәфура ханым

Хадіс ағамның екі жиен немересінің үлкені Берке-Тана мектепте, кішісі  Емір-Фурхан балабақшада екен. «Бірде тату, бірде араз» екі тентектің екеу- ара тілі немісше екен. Ара-тұра түрікше сөйлей ме қалай? Ал балаларынан байқағаным қазақшасы шорқақтау, негізінен өзара түрікше, ал ел-жұртпен немісше сөйлесетін көрінеді. Ағамыздың тағы бір қасиеті қазақша әндерге тым әуес екен. Мен келгелі телевизор мен заманауи DVD-ды қосып, қазақ әндерін әуелетіп қойды. Қандай жаңа ән болса соны іздеп жүріп, тауып алмайынша байыз таппайтын ағамыздың қоржынында Қытай мен Моңғолия қазақтарының, Қазақстанның және Түркия қазақтарының халық әндері мен эстрада әндерінің сан түрі бар екен. Өзімнің естігенім бар, естімегенім бар көп әннің куәсі болдым. Байқаймын бұл үйде дүниедегі барлық қазақ әндерінің асыл қазынасы  жатқандай сезілді маған.

Хадіс Залың жиен немерелері Берке-Тана және Емір-Фурханмен бірге.
Хадіс Залың жиен немерелері Берке-Тана және Емір-Фурханмен бірге.

Ендігі сөз кезегінде өзімнің бұйымтайымды айтудың реті келді. Алғаш қонақ үйде кездескенде де ептеп шетін шығарған едім. Ал енді шетел қазақтарын зерттеудің Қазақстанда әлі толықтай қолға алынбағандығы, бірен-саран ғалымдардың  өз беттерімен ізденіс жасап жатқандығын айта келе, өзімнің шетел қазақтарын әлеуметтік және экономикалық географиялық тұрғыда зерттеп жүргенімді де айта кеттім. Сөзімнің төркінін түсінген сұңғыла ағамыз:

— Дұрыс екен, жұмысыңа Алла береке берсін. Мен мұнда келгенде қазақтар жоқ дерлік еді. Кейін біртіндеп көбейді. Негізінен Түркиядан келгендер, одан соң Қытай мен Қазақстаннан да қоныс аударғандар бар. Жалпы 28 отбасы бар. Еуропаның басқа қалаларында тұратын қазақтармен байланысымыз бар. Менің білуімше. — деп Хадіс аға мен үшін тіпті, ғылым үшін де аса құнды төмендегі ақпаратты мәлім етті:

4

Айтылған дүниелерді қағазға түсіріп отырдым. Түйгенім: Еуропа қазақтарының көбі Түркиядан қоныс аударғандар, ал Түркия қазақтарының түп мекені Қытайдың Алтай аймағы. Сондықтан болар олардың көпшілігі қазақтың орта жүзінің керей, найман, уақ  ұлыстарының ұрпақтары болып келеді екен.  Соның ішінде Алтайдан ауған керейлердің зар заманды басынан кешіп, тар жол тайғақ кешулер арқылы,  Тибет үстіртінен өтіп, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткенін тарихтан білеміз. Артынан әуеден де, жерден де қуғындаған қарулы жау, алдынан тосқауылдаған жергілікті қарақшылар, жер жағдайы мен климаты мүлде қолайсыз жат аймақ, бөтен ел,  кәрісі мен жасы аралас шұбырған көш, көз алдыңа елестетудің өзі қорқыныш, үрейлі көрініс. Хадіс ағамен болған әңгімеде осы бір қанды-жасты тарих бір сәт көз алдымнан арылған жоқ.

Хадіс ағаның отбасы мүшелері, қызы Нұрдың тойында
Хадіс ағаның отбасы мүшелері, қызы Нұрдың тойында

Жалпы түсінгенім Хадіс аға және оның айналасындағы Веналық қазақтардың   тұрмысы Еуропалық үлгі мен шығыс дәстүрінің тоғысқан бейнесі сияқты. Жастарының білімді еуропаша алуы, киім-киісі мен сөз мәнері, тіпті, үйленген соң күйеуінің тегіне көшуі де сол үлгіні көрсетсе, жастарының үлкендер алдындағы ибасы мен әйел затының ер адам алдындағы өзін ұстауы, аналардың басынан жаулығын шешпеуі  бәрі де мұсылман шығыс стилі емес пе?  Мейлі қалай болмасын Хадіс ағамыздың отбасы берекелі де, мерекелі отбасы екен. Вена қаласындағы қазақтардың барлығы да ол кісіні үлкен деп, алғаш келген арысымыз деп құрмет көрсетеді екен. Тіпті Қазақстаннан келген түрлі саладағы қонақтар да Хадіс ағамен жүздесіп кететін көрінеді. Оған ағамыздың бауырмалдыққа, сүйіспеншілікке, қазақы дархандыққа толы пейілі себеп болса керек. Ел қамымен алыс-жақын шетелдерге сапарлап тұратын Елбасымен де кездесіп, осындағы ағайындар атынан ізгі ниетпен тілегін де білдірген екен. Оған Елбасымен кездесуде түскен естелік суреті де куә.

Қорытып айтқанда, тағдыр салып, пенде көніп осы қалаға келіп қоныстанған Хадіс аға отбасы өткеніне салауат айтып, бүгініне шүкіршілік етіп, болашағына үмітін үкілеп отырған  көптеген Еуропалық қазақы отбасылардың бірі. Осындай 2011 жылы өмір сүруге қолайлы үздік шаһар ретінде танылғанын әсем де, бай Вена қаласында ел қатарлы жақсы тұрмыс кешіріп отырған Хадіс ағаның отбасымен қимай қоштастым. Біз үшін дүниежүзіндегі барша қазақтырдың ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ даламызда, өзімізбен бірге өсіп-өркендеуінен артық  бақыт болмас. Десе де, жат ел, жат жерде өздерінің қажыр-қайратымен, адал еңбегімен өсіп-өніп отырған    осындай нар тұлғалы ағаларға бас иіп құрмет көрсету біздің азаматтық және ұлттық борышымыз. Мені қонақ үйге Хадіс ағаның өзі өз машинасымен жеткізіп салды. Машинаға отырар жерде, маған қарап:

-Анау қабырғалас тұрған қабат үйді көрдің бе, сонда жақында бір пәтер сатылмақшы, соны кенжемізге алып берейін деп отырмын. Енді оның да құлағын бұрап жатырмыз, тездетіп үйлен деп. Мен ұл-қыздарымның барлығына үйленуге байланысты бір қатал талабым бар, ол — тек қана қазақпен некелесу. Ағамыз осыны айтқанда өз-өзіне серт бергендей оң қолын көтеріп, жұдырығын түйді. Біз машинаға жайғастық, машинаның қозғалуымен бірге әлгінде ағамыздың үйінде тыңдаған қазақы әндер сайрап қоя берді. Ағамыз қосылып әндете бастады, мен де қосылдым. Венаның маужыраған күзгі кешінде, тар болса да, шағын болса да машинаның ішінде қазақы ән әуелеп келеді. Әнмен бірге ағам екеуіміздің көңіл құсымыз қазақ даласына қарай  қалықтап ұшып бара жатты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz