Тазалық — рухани байлық

Тазалық - рухани байлықҚазақ тілінде «тазалық» деген сөз бар. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде ол екі түрлі мағына береді. Бірінші мағынасы – кір, лас болмай, яғни адамның өз денесін таза ұстап, киетін киімін таза кие білу. Бұл–мәдениеттіліктің белгісі. Бірақ қазір сол мәдениетті қоғамдық орындарда сақтай алмай келеміз. Әдемі, таза киінгенмен қоғамдық жерлерде тазалықты сақтамау-мәдениетсіздіктің белгісі. Сондықтан да біздер өз денемізге, киімдерімізге келгенде мәдениетті бола қаламыз да, ал қоғамдық жерлерде мәдениетсіздігімізді көрсетіп аламыз. Қоқыстарды жинайтын адамдар бар ғой деп кез келген жерге қоқыстарды лақтырамыз. Қаламызды қоқыстарды тазартатын «Тазалық» мекемесінің жұмысшылары үнемі сыпырып, тазалап жүреді. Бірақ солай екен деп олардың бұл еңбегін құрметтемеу жөн болмайды. Бұл мәдениетсіздік әрі қарай жалғаса бермеуі керек. «Тазалықты сақтай білу» тек «Тазалық» мекемесі жұмысшыларының ғана міндеті емес. Осы қалада тұратын барша тұрғындардың міндетіне айналуы керек. Өз тазалығы мен үй, аула, қоғамдық орындар тазалығын сақтай білу қала тұрғындарының өмірге деген қарым — қатынасының қандай деңгейде екенін көрсетеді.

«Тазалық» сөзінің ауыспалы мағынасы — ақниеттілікті, адалдықты, пәктікті білдіреді. Адалдық — адам бойындағы таза ниет, имандылық қасиет. Ол адам өзгенің жетістігіне көре алмаушылық жасамайды. Біреулерге сыртынан ғайбат айтып, болмағанды болды, естімегенді естідім деп жеке ұпайын арттыруға тырысатындар да бар арамызда. Бұл — жан тазалығы емес. Имандылық жайлы майын тамызып айтамыз да, бірақ соны өздеріміз орындамаймыз. Жаны таза жан адамдық қарым — қатынастарда адал, таза болуы шарт. Нағыз тазалық, адалдық ерлі – зайыптылар арасында көрінуге тиіс. Ойланбай асығыс некеге тұрып, асығыс ажырасу да өмірге деген ерлі — зайыптылардың жауапкершілігінің төмендеп кеткенін көрсетеді. Өмірге деген жауапкершіліктің төмендігі — адам жанында тазалық пен адалдықтың болмауынан туындайтыны даусыз. Ажырасып, балаларына алимент төлемей қашып жүрген – азаматтарға не деуге болады. Адал да адами қарым — қатынас болмағаннан қаншама тағдырлар сергелдеңге түсіп жүр. Қаншама балалар жартылай жетім, ата-аналары бар бола тұрып, жетімдік күн кешуде. Тарихта Ұлы Моғолдар империясының сұлтаны Шах Джаханның әмірімен сүйікті әйелі Мұнтаза Махал сұлуға арнап ең әсем ғимарат, әлемдегі жеті кереметіміздің бірі — Тадж Махалды салдырған. Қазақтарда «мұнтаздай» деген сөз сол Мұнтаз Махал ару атымен байланысты болуы ғажап емес қой. Шах Джахан өзінің әйелі Мұнтаз Махал арудың адалдығын, мөлдір тазалығын, оған деген шексіз махаббатын осы тарихи сәулет арқылы көрсете білген. Адамдық қалпын сақтап, адамға ғана тән ар мен адалдықты, жан тазалығын жүрегінде сақтап жүрген адамға бас имеске болмайды. Адамдық пен тазалық – рухани байлықтың өзі.

Автор: Т. Балтаев

+20
-2

Share This Post

guest
1 Комментарий
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
ҚАЛАМҚАС
ҚАЛАМҚАС
2 жыл бұрын жазылды

Өте дұрыс айтасыз. Не деген жақсы сөздер біреуге ақыл айтып артында өзіміз орындамай жүретін жайттар қаншама. Адам болам десен өзінен бастаған дұрыс. Өте жақсы жазыпсыз.