Әулиеата өңіріндегі 1916 жылғы ұлт – азаттық көтеріліс

Жарнама

Әулиеата өңіріндегі 1916 жылғы ұлт – азаттық көтеріліс1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс – қазақ халқының тарихындағы азаттық жолындағы ең ірі оқиғалардың бірі болды. Шегіне жеткен қанаушылықтың озбырлығына шыдамаған қазақ ұлтының құлдық өмірден азаттық дәуренді аңсағаны осы күрестің нәтижесінде көрініс берді. Өзінен басқа ұлттарды «бұратана» деп есептеп, айтқанына көндіріп, айдауыма жүргіземін деген Ресей империясының бұл жолғы іс-әрекетінің іске аспай ірі көтеріліске алып барғаны өздеріне ауыр соққы болып тигені айқын. Халықты осылай ашындырудың басты себебі де патшалық Ресейдің ХХ ғасырдың басында Орта Азияның шығыс аудандарын өте күшті қарқынмен отарлауынан басталды. Әсіресе, Қазақстанда отарлау кең ауқымда жүргізілді. Мысалыға, сол кездердің өзінде 1907 – 1912 жылдары ғана империянның еуропалық бөліктерінен Орта Азияның шығыс бөлігіне 2 млн 400 мың адам келіп қоныстанды. Осы қоныстанудың нәтижесінде Қазақтардың жерлерінде патша өкіметі шаруаларды орналастыру үшін жер қорын жасап, 1916 жылға дейін олардың 45 млн. десятина ең шұрайлы жерлерін тартып алды, сөйтіп жергілікті халықтар таулар мен шөл далаларға ығысуға мәжбүр болды. Бұл жерлерде не су, не мал жаятын жеткілікті шабындық болмады. Халықтың күйзеліске ұшырағаны соншалық, ел босуға айналды. Мұндай жағдайға түрткі болған 1914 жылы патшалық Ресейдің дүниежүзілік соғысқа тартылуы еді. Бұл бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның  ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Ол патша чиновниктері мен жергілікті әкімдердің және байлардың  зорлық –зомбылығы мен озбырлығын күшейтті. Соғыс қажетіне Қазақстаннан орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнетілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3 – 4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді. Осының бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басының азаюына әкеп соқтырды. Елдің өнеркәсібіндегі жалпы тоқырау мен ауыл шаруашылығының күйзелуі Қазақстан экономикасын құлдыратып, қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайын күрт төмендетті. Оның үстіне 1916 жылы 25 мусымда патша   өкіметінің «Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереже» қабылдауына байланысты тіпті күшейе түсті. Жұмыстан немесе әкімшілік ережелері мен талаптарын орындаудан бас тартқан жұмысшыларды түрмеге отырғызуға немесе үш ай мерзімге тұтқынға алуға, болмаса айып ретінде ақша өндіріп алуға кесетін болды. Азық–түліктің екі–үш есе қымбаттауы да халықтың наразылығын өршіте түсті. Қазақ жастарын майданға тыл жұмысына алу халықтың шыдамын тауысып, олардың отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерліуіне себеп болды.

Осы жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың адам (оның ішінде қазақтардан 240 мыңға жуық) алу белгіленді. Соның ішінде Қазақстанның далалық облыстарынан – 100 мыңнан астам, Жетісудан 87 мың адам жіберу көзделді. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан  кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге» қосып, білгенін істеді. Ал, феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты. Мәселен, 60 жастағы кедей шалдары 30 жаста болып, 25 – 30 жастағы бай балаларды 50 жастағы  болып жазылды. Бай-манаптардың осындай қитұрқы іс-әрекеттерінен ашынған қара халық мынадай сорақылыққа шыдамай, амалсыз көтеріліске шықты.

Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарында ұлт – азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалстік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметінің сүйеніші болып отырған феодал – байларға қарсы бағытталды. Ашынған халықтың наразылығы бүкіл Қазақ даласын қамтыды. Бұл қозғалыстарды көбінесе еңбекші халықтың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ  жастарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейітқали Мендешев, Әбдірахман Әйтиев, Маңғыстауда – Жалау Мыңбаев, Ақтөбе даласында — Әділбек Майкөтев, Жетісуда – Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т.б.  басқарды.

Оның ішінде біздің Әулиеата өңірінде де ірі қозғалыстар етек алды. Осы жарлыққа сәйкес Әулиеата уезінен майданның тыл жұмысына 22675 жұмысшы алынуы тиіс болатын. Бұйрықты орындауға кіріскен губерния мен уезд басшылықтары тыл жұмысына алынатындардың тізімін жасап,жинастыру жұмыстарын қауырт жүргізе бастады. Тамыз айында 3 мыңға жуық адам майданның тыл жұмысына жөнелтілді. Патша өкіметінің қара халықты зорлықпен майдандағы қара жұмысқа жинау әрекетіне қатысты ашынған халық арасында толқулар басталып, халық қарулана бастады.

Әулиеата оязындағы көтерілістің үлкен бір ошағы Меркі көтерілісі еді. Көтерілістің бастапқы кезеңінде оған Т.Рысқұлов та бар жан-дүниесімен атсалысты. Көтеріліске шыққан халықтың нашар қаруланып, жүйелі түрде ұйымдасқан іс-қимыл көрсете алмауы олардың қарсыласу мүмкіндігін шектеп, ұрыс даласында орасан зор құрбандықтарға ұшырауына алып келді. Ұйымдастырушылық қабілеті зор, саяси сауатты Т.Рысқұлов көтерілісшілер арасында тез бедел мен сенімге ие болып, көп ұзамай көтерілісшілердің саяси басшысына айнала білді. Т.Рысқұлов оларды ұйымдасқан іс-қимыл жасауға, ұсақ топтармен әрекет істемеуге уағыздап, негізінен, патша әкімшілігіне қарсылық көрсетпеуге, орыс шаруаларына тиіспеуге кеңес береді. Ол көтерілісшілер көп шоғырланған жерлерде жиындар өткізіп, патша өкіметінің, жергілікті билік орындары басшыларының саясатын әшкерелеп, халықты түрліше арандатушы тыңшылардан сақтандырып отырды. Үрейленген халық жұмыстарын тастап,қозғалысшыларға қосылу үшін Меркіге қарай ағыла түсті. Ызаға булыққан қалың елдің дүрлігуі Меркі, Новотройцк(қазіргі Төле би ауылы), Шалдауар, Ақыртөбе, Әулиеата секілді елді мекендерде белсенді шабуылға айналды. Осылайша ұлт-азаттық қозғалыс күш жинай берді. Тамыздың 20-на қарай Үшбұлақ, Ақыртөбе, Шалдауар бекеттеріндегі пошта тасушы қазақтар мен Меркі-Бішкек теміржол желісін салуға қатысып жүрген жұмысшылар өздерінің жұмыс орындарын тастап кетті. Мойынқұмның жиегінде отырған Қорағаты болысының ауылдарынан да көптеген шаруалар Меркіге қарай бет алды. Бірақ,бұлардың алдынан шыққан патша әскері оларды қанға бөктірді. Қалғандары көтерілісшілерге барып қосылды.

Көтерілістің ірі ошағына айналған Меркі өңіріне жиналған қазақ жасақтары Меркі селосы мен болысындағы басқа да орыс елді мекендеріне шабуыл жасап, қарулы қақтығыстарға барды. Бұл қозғалысты Ұлы жүз Дулат тайпасы Ботпай руынан шыққан Ақкөз Қосанұлы (1859-1921)  батыр бастады. Ол Меркі, Құлан өңірінің 7 болыс елін көтеріліске бастап шықты. Оның сарбаздарының қатарында екі мыңға жуық адам болды. Т.Рысқұлов Ақкөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағыт-бағдар сілтеп отырды.

Олар Меркіден Пішпекке, Әулиеатаға тартылған телеграф желілерін қиып, бағаналарын қиратты, Луговое селосын қоршауға алды және осы селоға таяу маңда салынып жатқан темір жол стансиясына да шабуыл   жасап, талқандап тастады. 20-тамыз күні Ақ Патшаның жазалаушы әскері бір түн бойы көтерілісшілерден қорғануға мәжбүр болды. Халықтың қатты наразылығы оларды әжептеуір есеңгіретіп тастады. Бұлардан басқа Шу өңіріндегі Аққолтық, Ағашақ және басқа да болыстарындағы көтерілістер де аса ұйымшыл әрі табанды сипатта жүргізілді. Елдің ашынғаны соншалық,бұл көтеріліске төрт мыңдай адам қатысты. Патшаның озбырлығы мен бай-манаптардың қорлығы жанына батқан кедей шаруалар қолына түскен нәрсенің бәрімен қарулана отырып күреске шықты. Азаттық күнді аңсап,бір күн болса да тәуелсіз болуды армандады. Меркідегі осындай көтерілістің өршіген кезінде Т.Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқынға алады. Бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай, босатып жіберуге мәжбүр болады. Саяси қызметпен айналысуға оған қатаң тыйым салынады. Түрмеден босаған Т.Рысқұлов бір айдай қатты науқастанып, көтерілісшілерге қол ұшын бере алмай қалады.

Міне, дәл осы кезде, Әулиеата-Пішкек арасындағы көтерілісті басып-жаншу үшін арнайы Ташкенттен «Ташкент-1», «Сібір полкі-2» ротасы секілді 100 адамнан тұратын жазалаушы әскер шықса, Бішкектен капитан Полторанин бастаған 65 адамдық жасақ тағы жіберілді. Олар Меркі көтерілісін аяусыз қырғынға ұшыратты. Орыстың мықтап қаруланған суыт әскеріне шыдамай тоз-тозы шығып,қыркүйек айының ақырында көтерілісшілер жеңіліс тапты. Көтерілісшілер басшысы Ақкөз Қосанұлы тұтқындалып, Әулиеата түрмесіне жабылды. Себебі,олардың қолында заманға сай қарудың болмауы мен жеке-жеке ұйымдасқан топтың өз бетінше әрекет етуі болатын. Айбалта,күрек,найза,қылыш сияқты жалаң құралдармен қаруланып,орыстың әскери техникасы мықты әскеріне төтеп беру мүмкін емес еді. Бірақ,сонда да езілген халық азаттық үшін жандарын құрбан етті.

Бұл ұлт-азаттық қозғалыс жеңіліске ұшырағанымен халықтың бостандық жолындағы тарихи маңызын арттыра түсіп, Ресей империясында революцияның тездетуіне ықпал жасады. Қандықол патша үкіметі ақыры өз ішінен шыққан революциялық топтардың тегеурініне шыдай алмай 1917 жылы 27 ақпанда құлап тынды. Теңдік пен бостандық әкеледі деп осы революцияға сенген қазақ елі бұдан кейін де озбырлықтан құтыла алмады. Онсыз да тұралап жатқан қазақ халқын енді ақтардың сарқыншағы келіп тағы қырды. Оларды қуған қызыл әскер еліміздің бай-манаптарына қырғидай тиіп,елімізді босытып жіберді. Біресе ақтар,біресе қызылдар тиген озбырлықтан халық есеңгіреп тентіреп кетті. Ақтар да қызылдар да қазақ елін тонап-талаумен айналысып берекесін кетірді. Бар-жоғы 3 млн-ның айналасында болған қазақ халқының сол кездерде 90 мыңнан асасы қырылып,қалғандары өзге елдерге ауды. Берекесі кеткен ел басы ауған жаққа үдере көшіп,бірі Қытайға,бірі Орта Азияға,одан әрі Азия елдері мен Түркияға қарай босыды. Мұндай қазақ ауылдары 1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін, уақытша үкімет көтерілісшілерге кешірім жариялаған соң ғана өз жеріне қайта оралуға мүмкіндік алды.

Жалпы айтқанда бұл көтерілістің қазақ халқына берген зияны да пайдасы да болды. Зияны сол, ел қырылып, өз жерінен ауа көшіп босып кетті. Еріксіз туған жерлерін тастап, өзге елдерге үдере көшуге мәжбүр болды. Халық күйзеліске ұшырап, әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысында қатты тежеуге ұшырады.

Ал, пайдасы болса, халық әлі де өзінің күш-қуатының бар екендігін, «Үш кессе де кесірткелік жаны бар» рухты ел екенін көрсете білді. Бай-манаптар мен патша озбыршыларының өздерімен санасу керектігіне көз жеткізді. Еліміздің, жеріміздің тұтастығын сақтап қалуға негіз болды. Қырылып жатса да туған ел, туған жері үшін әрқашан атқа қона алатынын, тұтастығы мен тәуелсіздігінен оңай айрыла салмайтынын, көне Сақ, Ғұн, Түркі елінің асылтекті тәкәппар да қайтпас-қайсар ұрпағы екенін дәлелдеді. Айбалта, күрек, найза, қылыш сияқты жалаң құралдармен қаруланып-ақ мықты әскери техникасы бар қызыл империяға қарсы шығып, революцияның болуы мен патшалық империяның құлауына үлес қосты.

А.К.Шайдилдаев.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері»
тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz