М.Әуезов зерттеулеріндегі Құнанбай мен Абайдың діндарлығы жайлы

2012-12-12_112130

Әлемді жаратқан жалғыз жаратушы Алла тағаланы  терең ойланған ақыл мен парасат иелері  тани алады. Құран Каримде Алла тағала былай дейді: «Сондай-ақ ғылымында озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан», — дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді. /1. 50/ Сондықтан, кез-келген саналы адам қандай заманда, қандай қоғамда өмір сүрсе де ол: «Қайдан келдім? Не үшін өмір сүремін? Қайда барамын?» — деген сұрақтар төңірегінде ой толғайды.Көрнекті жазушы, ғалым М.Әуезов өз ғұмырында ұрпағына парасаттылық пен ізгіліктің ізін қалдырған еді. Сол еңбектерінің ішінде Абайдың өмірі мен өскен ортасын зерттеген еңбектерінің құндылығы ерекше.          Қазақ әдебиеті  тарихында Абайдың ғұмырын зерттеу Ахмет Байтұрсыновтан бастау алады. М.Әуезов 1927-1933 жыл жылдар аралығында жазған «Абайдың өмірбаяны» еңбегінде  Абайдың ата-тегі, өскен ортасы және өмірбаянын жан-жақты зерттейді. М.Әуезовтің Абайды әлемге танытуында әсіресе, «Абай жолы» роман-эпопеясының алатын орны ерекше. Әйтсе де, жан-жақтан аңдыған заман талапкерлеріне «қаламыма жармаспаңдаршы» деп жүріп, халқына ұсынған бұл зор туындының ашылмай қалған шындықтары бар еді. Бұл туралы белгілі ғалым З.Бисенғали былай дейді:

«Абайдың өмірбаяны мен өскен ортасын, дүниетанымы мен саяси әлеуметтік, азаматтық эстетикалық көзқарасын, шығармашылығы мен шағармаларын жете білетін М.Әуезов оның діни исламиятқа көзқарасы мен қатысын «Абай жолы» эпопеясында ашық айта алмады. Халқы айтқанын ұқпай, жақын жорасы мен дос, құрбылары күйбең өмірдің күйкі тірлігі кезінде ұсақ түйекпен жаралаған сәтте қасіретке батқан Абайдың дінге көңіл қойғанын, қайғы бұлты көңілін торлаған  кезде қалтыраған жанына жұбанышты содан іздегенін ол кезде М.Әуезов жаза алмайтын еді. Бұл социолистік реализм мен совет үкіметі идеологиясының қасаң қағидаларына мүлде керағар келетін. Автордың өзіне тиер «қырсығын» былай қойғанда, шығармашылығы туралы қилы қилы сөз айтылып жүрген ұлы Абайға да кесірін тигізетін. Мұны М.Әуезов жақсы білді» /2. 22/.

Ал,  М.Әуезовтың алғаш 1927-1933 жылдар аралығындағы зерттеулеріне үңілетін болсақ Абай өмірінен айтылмаған кейбір шындықтарды таба аламыз. Әсіресе дінге қатысы бар, үстем тап өкілдері деп сыналған адамдардың өмірлері М.Әуезовтің «Абайдың өмірбаяны» атты зерттеу еңбегінде  жан-жақты сөз етіледі. Бұл зерттеу еңбекте  М.Әуезов Абайдың арғы аталары туралы айта келіп, әкесі Құнанбайдың діндарлығы, елге сіңірген ізгі істерін  баса айтады. «Абай жолыдан» біз білетін Құнанбай –  қатал, қатігез, әділетсіз қоғам өкілі еді. Бірақ, Мұхтар Әуезовтің 1927 жылы жазылған бұл еңбегінде оның тұлғасы — жастайында ер жүрек батыр, есейе келе «бір қалыпты, суық, қоя берсіні жоқ тартымды, қатты мінезді кісі болған» /3. 51/ — деп суреттеледі. Оның ел басқарудағы діндарлығымен ерекшеленгендігін М.Әуезов былай баяндайды: «Бұған орай Құнанбай жаңалығын айтсақ, ол діндарлығы ғана болады ғой деймін. Бұл ел ішінен зекет жиғызып,молда ұстатып, намаз оқу, ораза ұстауды жайған. Осымен бірге пайдалы бір жаңалығы — бала оқытуды өз маңайына салт қылып жаймақшы болған. Өз балаларын оқыту, ағайындарына балаларын оқытқызу сияқты.» /3.54/

М.Әуезовтің бұл сөздерінен байқайтынымыздай, Құнанбай — әрбір ісінде шариғат үкіміне сүйенетін әділ басшы, халқын иманға шақырған насихатшы, ілім-білімді жайған ағартушы ретінде танылады. М.Әуезов «Абай жолында» Құнанбайды Қодар мен Қамқаны жазықсыз жазалаған жауыз ретінде көрсеткенімен, зерттеу еңбегінде бұл оқиға туралы: «Құнанбай — аса діндар кісі болған. Бірақ сол діндарлық көп уақытта ұсақ фанатизмге де жетіп отырған. Мысалы, насыбай атқан кісінің танауын тілу сияқты. Одан соң Сыбан ішінде Барақ деген Төреге бір жиында насыбайды тастасайшы дегенде, ол: «Менің насыбайымды көргенше, еліңдегі келінімен жүрген Қодарды көрсейші», — депті. Сонымен, Құнанбай еліне қайтқандаТобықтының басты кісілерін жиып алып, Борсақ ішіндегі Қодарды келінімен алғызып «шариғат жолымен хүкім қыламын» деп мойындарынан қосақтап түйеге асып өлтіріпті» /3.54/,  — деп қана айтылады. «Абай жолы» эпопеясындағы Қодар мен Қамқаның кінәсіздігі, оларға жасалған озбырлық, қиянат  туралы мүлдем сөз қозғаламайды.  Бұл ел ішінде жасалған бір бүлікке шариғат жолымен жасалған жаза ретінде ғана баяндалады.

Құнанбайдың ел ішінде қылған тағы бір тағылымды ісі туралы М.Әуезов былай дейді: «Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі – орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғандығы. Тегі Кенесарының Ұлытау, Кішітаудан көшіп, ұлы жүзді бетке алып бара жатқан кезі, яки  Балқаштың Камал деген түбегіне қарай көшіп бара жатқан кездері бола ма, әйреуір сол жүрісінің бірінде үкіметтің бұйрығы бойынша, Құнанбай старшын күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып қоса қуысқан.

Қуған қол Кенесарының көшіне келіпті. Көшінің жанында Кенесарының өзі де болса керек. Олар бір топ кісі болыпжиналып бір араға келгенде Кенесары атынан түсіп намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде: Құнанбай намаз уақытында шаппаймыз деп, шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақты ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті дейді». Бұл үзіндіден өткен ғасырда өткен Құнанбай, Кенесары аталарымыздың дінді қастерлей білген,  бес уақыт намазын қаза қылмаған, сатқындыққа бармаған берік тұлғаларын көре аламыз. Мұхтар Әуезовтің келтірген бұл дерегі  тарихи еңбектердің ешқайсысында баяндалмайды.

Жетпіс екі жасында қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң, қалған өмірін тек дінге арнағандығы туралы айта келіп: «Қай мінез, қай істе болса да орта қалыпты қазақтан кесек болғандығы жоғарыдағы істерден бір көрінсе, дін жолына деп өз пұлына Қарқаралыда мешіт салғызу, Меккеде қазақ қажылары түсіп жүретін «Тәкия» деген үй салғызу сияқты істерінде де көрінеді», /3. 59/ — деп баға береді. Әрбір зерттеушінің зерттеу нысанасы, ой қорытындылары оның ішкі дүниесімен, рухани болмысымен ұштасып жатады. М.Әуезов Құнанбай істерінің ішінде дінге істеген қызметтерін ерекше атап айтып, оны орта қазақтың ішіндегі «кесегіне» теңейді.

«Абай жолы» эпопеясында қара бастың қамын ойлайтын, құлқынның құлы болған, қатыгез адам бейнесінде суреттелген Құнанбай қажы ақиқатында өзінің шындық бейнесінде  саяси идеология ықпалынан бұрын жазылған М.Әуезовтің бұл зерттеуінде былайша баяндалады: «Ақыл мен сөзге, келелі кеңеске, көп елді тоқтататын билік, байлауға келгенде, өз тұсындағы орта жүздің басты билерінің алдыңғы қатарындағы кісі болып саналған болу керек. Мұның белгісі Ақмола, Семей, Жетісу сияқты губернияларда, ел аузында қалған билер жайындағы естелікте Құнанбай атының көп аталатынынан байқалады». /3.59./

Сонымен қатар, М.Әуезов Құнанбайды ел арасында таралған даналық сөздерін жинақтап осы еңбегінде берген екен.  Аталы сөз —  ұрпақ қазынасы болса,  сол қазынанаға парасат пен ізгіліктің ізін Құнанбай бабамыз да қалдырған екен:

«Тобықты ішіндегі Құнанбай айтты деген сөздердің ішінде, «философ» айтарлық ақиқат сөздердің мына сияқтысы бар:

1.Құл мен қожа майданда теңеледі, жас пен кәрі білімде теңеледі, бай мен кедей жомарттықта теңеледі.

2.Адамның қай мінезі өнері болса, сол мінезі айыбы болады.

3. Кісі айыбын айтпақтан оңай жоқ, өз айыбыңды өзің айтқаннан ауыр жоқ.

4. Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік.

5. Жарлы кісі жамандар, жамандар да қуанар; жаман кісі жаланар, жаланар да жұбанар.

6. Арымнан жаным садақа, жанымнан малым садақа – деген сияқты. Біздің мақсат – осы қарастырылатын адамдардың барлығының өмірін бізден алыс заманда, біздің бүгінгі өміріміздің бөлек күй, бөлек шарт, бөлек тарихи дәуірде бүгінгіден бөлек болғандығын анық көрсету. Сондықтан біздің міндет бірін даттап қаралау емес, бүгінде анығын білгісі келген елге дәл пішінін көрсету» /3. 59/.

М.Әуезовтің соңғы сөздерінен  Құнанбайдың «дәл пішіні» даттап, қаралаудан» таза бейнесінде осы зерттеуде айтылғандығын  байқаймыз. Елімізге ел теңдігімен қатар ұлттық құндылықтарымыз, рухани байлықтарымыз оралған шақта Құнанбай тұлғасы «жағымсыз кейіпкер, қоғамның қатал бейнесі» жалаларынан ажыратылып, зерттеліп жатыр. Ал Мұхтар Омарханұлының бұл зерттеу еңбегі оның жазушылық тұлғасын сол жаладан арашалап тұрғандығына дәлел.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ХХ  ғасырдағы биік шыңы – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұланғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным түсінігі болатыны сөзсіз. Егемен ел жағдайында ұлы жазушы мұрасына деген ілтипатымыз да осындай бір ұмтылыстың көрінісі болмақ. М.Әуезов – ұстаз, жазушы әрі ғалым .  Ал осы үш түрлі қасиетінің де сарқып құяр сағасы біреу, ол — әдебиет. Әдебиет – ардың ісі. Әлемдік мәдениетке қазақ халқы қандай көркемдік игіліктер қосты дегенде, ауызға алынар есімнің бірі — Әуезов. Ол — әлемдік құбылыс. Әуезов ғасырлар бойы жиналып келген қазақ топырағындағы асыл құнарлардың жарқырап қайта көрінуінің үлгісі. М.Әуезов тар жол тайғақ кеше жүріп,  Абай сынды дананың даралығын дәлелдеп, Құнанбайдың ұлағатты өмірін ұрпаққа үлгі етіп қалдырып кеткен екен. Ендеше, оның ұрпағы біздің алдымызда М.Әуезов сынды адамгершілік пен имандылықты қатар ұстанған кемеңгер жазушыны «заманының саяси бұғауының шырмауынан» арашалап алу міндеті тұр. Бұл біздің бабамыздың артынан бағыштаған дұғамыздай болар деп сенеміз.

_____________

1. Құран Кәрім. Қазақша аудармасы. Халифа Алтай
2. Бисенғали З. М.Әуезов эпопеясындағы Абай қарасөздері.// М.Әуезов және әлем әдебиеті. Халықаралық ғылыми теориялық конференциялар материалдары. 2000-2001
3. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 8-том

 

Айнұр САРБАЛА

+16
0

Share This Post

guest
1 Комментарий
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
ынта
ынта
9 жыл бұрын жазылды

Құран Ка­рим­де Аллаһ тағала бы­лай дейді:/1./

дегеннен кейінгі келтірілуге тійісті мазмұн түсіп қалған?