Отан – отбасынан басталады

«Отбасы» дегенде ең әуелі біздің ойымызға өзіміздің ыстық ұямыз, қара шаңырақ, ата – әжелеріміздің айтқан ақылдары, анамыздың тәтті тамақтары, ыстық наны, бауырларымызбен күліп – ойнап өскен уакыттар, әкемізді «ӘКЕ» деп сыйлап, сол қатал мінезі, отбасындағы сондай қызықты шақтар еске түседі емес пе?! Иә, әрине! Отбасы – ол адам өміріндегі ең маңызды, ең басты, Алланың бізге берген есепсіз, баға жетпес сыйы. Өкінішке орай, сол сыйды  қазіргі заманда түсініп жатқандар мыңнан бірі ғана. Қаншама жас отбасылар «Отбасы» деген құндылықтың қадірін білмей, шаңырақтары шайқалып, ойрандалып жатыр. Соңғы 5 жылдық статистиканың көрсеткіші бойынша қалалық жерде ажырасу 40 % болса,  ал ауылдық жерде 20 % екен, және ажырасудың кесірінен жетім өскен балалардың саны жыл сайын 40 000 нан асып келетіні сөзсіз дәлел. Өкінішке орай, бұл жүрек ауыртарлық көрсеткіштер жылдан жылға көбейіп, неке қиюшы адамдардың саны емес, ажырасушылардың саны көбеюін көрсетуде.

Енді бізді « неге? Неге кезінде бұндай нәрсе болмаған? Қазір бұндай өрескел нәрселерге кім кінәлі? »  деген неше түрлі сұрақтар ішімізді қан жылатып,  мазалайды. Бұл сұрақтардың жауабы айқын, ол «Отан – отбасынан басталады » деген мақалдың өзі ашып тұр. « Бала ұядан не көрсе, ұшқанда соны ілер » демекші, әуелі барлық тәрбие отбасынан басталады екен. Әрине, ешкім баласының жаман болғанын қаламайды ғой, «сол балам бақытты болса екен» деп, ойлайды. Әрине, бұл дұрыс. «Адамның қандай екенін отбасындағылардан сұра» деп, қазақ атам бекер айтпаған. Кез келген алам өзінің шынайы бейнесін отбасында ғана көрсетеді екен.

Енді қараңыз, неге кезінде осыншалықты отбасының ойрандалып, шаңырақтарының аяққа тапталуы аз болған?! Кезінде бәріміздің отбасымыз үлкен болды. Әжеміз, атамыз, анамыз, әкеміз, әкеміздің бауырлары, женгелеріміз, олардың балалары болып, үлкен отбасы болып тұрдық. Шіркін, сол кездер – ай! Ол қүндердің өзі бақытты балалық шақ еді ғой. Әжеміздің тапаға жапқан ыстық нандары, қою май, сүт, құрттары, абысындардың тату болып, бірігіп, күліп – ойнап жүріп істеген ыстық тамақтары қандай еді?! Осының өзі адам баласына жеткілікті емес пе?! Бірақ, бұндай бақытты бағалай алатындардың саны аз – ақ.

Негізі, Отбасы – кішігірім мемлекет. Ол мемлекеттің өзінің тәртібі, заңдары, әдеп – ғұрыптары бар. Адамның мінезінің, жүріс – тұрысының қалыптасуы, өмірде өзінің орнын тауып орнығуы, жеке тұлға болып дамуы осы қарапайым ғана отбасынан басталады. Яғни, отбасы – тәрбиенің қайнар көзі. Адамның қандай  жаққа өзгеруі, барлығы отбасындағы тәрбиеге байланысты екен.

Негізінде, біз қазақ халқы, яғни түркі тілдес халықтар, тарихымыз мол, тамырымыз тереңінен жайылған, бірінші орынға дінімізді, ұлтымызды, отбасымызды қойып, бала тәрбиесін, салт – дәстүрімізді, ата – аналарымызды, үлкендерімізді сыйлап, әдеп – ғұрыпты қастерлейтін сондай текті жерден шыққан, намысшыл, өте текті халықпыз.

Кезінде әжелеріміз аталарымыздың қас – қабағын бағып, балаларына « Әке – асқар тау » екенін сезндіре біліп, бала – шағасының үнін шығармай, бір үйдің ұйытқысы болып, қандай жағдай болмасын шаңырағын берік ұстап, отбасындағы сырды сақтап, күйеуі қанша ұрса да, ұрысса да сонда да шыдамдылық, сабырлылық танытып, Отағасының дәрежесін түсірмеген. Керісінше, ол кісіге одан да көбірек ыстық махаббатын арнап, қаттырақ сыйлап, отағасының амандығын тілеп отыратұғын. Және де маңыздысы ешкімге барып, өмірге деген мұңын шақпаған еді. Сондай дана аналарымыздың даналығын көріп, тәрбиесін алған бала  қандай десеңізші?!  Осындай шаңырақта өскен, ата – әже тәрбиесін көрген бала да өзгеше болмақ. Ондай бала ақылды, мейірімді,  терең ойлайтын, өмірлік мақсаты бар, үлкенге құрмет көрсете білетін, болашақта өзі де сондай бақытты отбасын қалайтын дана адам болмақ. Ал қазір бізде қалай?! Әрине көпке топырақ шашпаймын. Бірақ көбіне біз, бала тәрбиесінде үлкен қателіктер жіберіп жатамыз. Балаға аз ақша жұмсап, көп көңіл бөлген дұрыс. Шындығында, қазір бізге  батыс елінің тәлім – тәрбиесі және барлық кемшіліктері бізге қатты әсер етуде. Иә, мейлі, олар экономика жағынан бізден әлде қайда мықты дамыған  шығар, бірақ оларда отбасы құндылықтары өте төмен деңгейде. Отбасында көптеген келіспеушіліктер, әке – шешеге лайықты құрметкөрсетпеу, оларға  бағынбау, ажырасу көп,  баланы тастап кету, азаматтық неке, т. с. с. нәрселер өте көп. Осының бәрі бізге кері әсерін тигізіп, біздің рухани байлағымызды кемітіп, ұлттық тәрбиеміз жойылып, әдеп – ғұрып, намысымыз аяққа тапталып,өкінішке орай, болашақ ұрпақ, мың жылдық тарихи бар қазақ халқының болашағы жойылуда, сана – сезім улануда. Осының бәрі қазіргі кезде таңғаларлық нәрсе де емес болып барады. Шынында, ішіңді қан жылатып, өкіндіретін нәрсе.

Ал қазіргі жастардың ажырасуларына келетін болсақ, әрине, көпке топырақ шашпаймын. Бірақ, көбіне  аналарымыз, «ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деп, балаларының, жас жұбайлардың араларына түсіп, ренжісіп қалса, қыздарын алып кетіп жатады. Бұл, мүлде дұрыс нәрсе емес. Ол сананы улайды,келер ұрпақты, қазақтың тектілігін құртатын нәрсе. Отбасы болған соң бәрі болады. « Ыдыс – аяқ сылдырламай тұрмайды» демекші, кез – келген отбасыда келіспеушіліктер болады. Бірақ түймедей нәрсені түйедей қылып, ата —  ананы араластыру үлкен қателік. Негізі, ата – анасы ұлы мен қызына үйленбей тұрып, ақыл – кеңестерін айтып, өмірге дұрыс бағыт – бағдар беру керек. Мысалға : « Кешірімді бол, әр нәрсені түсіне біл, үйленген соң отбасың үшін өмір сүресің, кішкене ренжісіп қалсаң кетіп қалма, сабырлылық таныт, күйеуіңнің қас – қабағын бағып, бойұсын, дана әйел бол, сен ерексің, отбасың сенің мойныңда, әйеліңе түсіністікпен қара,барған жеріңе тастай батып, судай сің, сол үйден сүйегің ғана шықсын, сырларыңды,ешкімге ашпа және т. с. с. балаларына ақыл – кеңес беру барлық ата – ананың міндеті.

Әрине, ондай нәрселер айтылмағаннан, өзінің отбасынан ондай нәрсе көрмеген балаға не айып тағасыз?!

Балаға сол кішкентайынан бастап, дұрыс тәрбие беріп, ата – әжесінің ақылын тыңдатып, сыйлатып үйрету керек. Қазіргі қыздарда ( әрине, бәрі емес ) жолдасының ата – анасымен тұрғысы келмей, шығыса алмайды.  9 ай көтеріп, қиналып толғатқан, ауырлықпен бағып – қағып өсірген анасына дауыс көтеріп, сыйламай, қабақ шытып, шай құюы қазіргі кезде таңсық нәрсе емес болып келеді. Бұл өте өкінішті нәрсе. Сонда біздің қазақилығымыз, әдеп – ғұрпымыз, үлкенге – құрмет, кішіге ізет қайда қалды?! Сондықтан ғой, кезіндегі ата – әжелеріміз осындай жағдайдың боларын біліп,баланы тал бесіктен отбасылық өмірге тәрбиелеп, 12 – 13 жасқа келгенде, «отау иесі» деп, отбасы жауапкершілігін, өмірде үлкен жүк арқалайтынын түсіндіріп, әр нәрсенің сұрауы бар екенін айтып, өмірдің ащысы мен тұщысына да дайындаған. Және де кезінде аталарымыз  бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлген екен. Егер кішкентай кезінде бір баласы жуас, ал басқа бір баласы бұзық мінезді болса, оларды мына әдіспен тәрбиелейді екен: бірінші жуас ,момақан баласына жылқы бақтырып, ал бұзық мінезді ұлына қой бақтырады екен. Яғни мұнда қарасаңыз, тәрбиенің мәні зор. Жаңағы жуас бала жылқы бағып, ашылады екен, ал бұзық бала қой бағып сабырлықты үйренеді екен. Қандай керемет, даналықпен берілген тәрбие! Бәріміз атамызбен бірге мал бағып, өрістен күтіп алып, әжеміздің ертегісін, « әлди,  әлди » өлеңін тыңдап өстік емес пе? Сол атамыз бен әжеміз бойға дарытқан асыл қасиетпен рухымыздың биіктігімен, отанға деген сүйіспеншілігімізбен, ар — намысшылдығымызбен біз түбіміз түрік қазақ халқы болып әлі де сақталып келеміз. Осындай тәрбиені көріп өскен бала сондай аянышты жағдайға түспес еді.  Ал, қазіргі балалар ше? Олардың тәрбиесі мүлде бөлектеніп кетті. Қазір біздің балаларымыз, ұялы телефонды құшаптап жүреді, сонымен ұйықтайды, сол затпен оянады. Көретіндері мағынасыз мультиктер. Баланың бойында қазақилық өшіп барады, санасы уланып, ойлау қабілеті төмендеп, ұлттық рухы, өмірге деген құштарлықтары өшуде, бұл өте аянышты жағдай.

Қазіргі таңда, балаға байырғы аталарымыздың тәрбиесін беру мүмкіншілігіміз аз болғандықтан, сол мәселені шешудің бірнеше  жолдарын ұсынбақпыз:

  • Қазіргі жағдайда біз бәрібір балаларымызға ұялы телефонды мүлде қолданбауға шектеу қоя алмаймыз. Ендеше, саралап, қазақи, патриоттық мультфильмдерді көрсетсек;
  • Мүмкіндік болса, ертегілер, батырлар жырын оқып берсек;
  • Отбасына көбірек көңіл бөліп, бірге жиі серуендеу ( аптасына 1 рет );
  • Мүмкіндігінше ата – әжесімен жиі кездестіру, т. с. с. әрекеттер жасаған дұрыс.

Отбасы – ол адам баласының киелі мекені. Асыл, баға жетпес, қалірлі де қастерлі басты құндылығы. Отбасыңнан айырылдыңба болды, отбасымен бірге өмірдің мәні де бірге кетеді. Сондықтан, ағайын, қазірден бастап, болашағы жарқын, елім – жерім деп жүрегі соғатын, намысшыл, текті, нағыз қазақи ұрпақ тәрбиелейік. Бала неғұрлық ата – әжесінің тәрбиесін  көрсе, соғұрлым бала өскенде жауапкешілікті болады екен. Сондықтан үйдегі үлкен кісілерімізді қастерлеп, сыйлап, сол кісілерден үлгі алсақ, соғұрлым отбасы берік, үйде ынтымақ орнамақ.  Отбасы құндылықтарымызды бағалап, нағыз түркі тілдес қазақилығымызды арттырып, өзіміздің тілімізді, дінімізді, ұлтымызды, әдеп – ғұрпымызды, тәлім – тәрбиемізді жаңғыртып, тамырын терең жайған нағыз қазақ отбасы болайық, ағайын!!!

 

 

Авторы
Ақмолдаева Ғалия

+6
-1

Share This Post

guest
1 Комментарий
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Алия
Алия
2 жыл бұрын жазылды

Оте орынды