Құран сүрелерін жаттаудың маңыздылығы

Құран сүрелерін жаттаудың маңыздылығыІлім ізденуші адамның ең әуелгі міндеті — Құранды жаттау екендігі сөзсіз. Егер біз ертеректегі ізгі мұсылмандарға қарасақ, олардың барлығының Құран мәтінін толық жаттауға өте қатты көңіл бөлгендігін байқаймыз. Өйткені Құран — бүкіл ілім мен ғылымның негізі. Құранды толық жаттап біткен соң ғана олардың шариғаттың басқа салаларына өткендігі бізге Құран жаттаудың қаншалықты маңызды іс екендігін көрсетеді.

Маймуни бір күні Ахмад ибн Ханбалдан: «Сен қай іспен айналысуды маңызды көресің? -Құранмен немесе хадиспен?–деп сұрағанда: «Құранмен»,- деді имам Ахмад». (Шариғат әдебі. Ибн Муфлих, 2 том 138 бет).

Имам Науауи былай деген: «Ілімде үлкен жетістікке жетудің әуелгі қадамы — Құранды жаттау, өйткені ол — бүкіл ілімнің анасы. Ізгі мұсылмандар Құранды толық жатқа білмейтін адамнан хадис немесе фиқһ үйренбейтін». (Шарх Музхаб жинағы).

Бүгінгі таңда, өкінішке орай, ілім ізденуші көпшілік мұсылмандардың Құран іліміне, оны жаттауға аз көңіл бөліп, шариғаттың басқа салаларын жетік меңгеруге тырысып жүргеніне куәміз.

Ұлы әрі Құдірет Иесі Алланың қалауымен мен қазіргі таңдағы мұсылмандардың Құранды жаттау амалына немқұрайлылық танытып, Құраннан алыс болуларының себептеріне тоқталсам.

Себептерге тоқталмас бұрын, мына маңызды аятқа ой жүгіртсек: «Расында Құранды үгіт үшін оңайластырдық. Ал сонда түсінуші бар ма?». Шейх Абдуррахман Саади бұл аяттың түсіндірмесінде: «Біз бұл Құранның сөздерін оқуға, жаттауға, мағынасы мен сырын терең түсінуге жеңіл еттік. Егер адам қасиетті Құранға бет бұрса — Ұлы Алла ол адамға көздеген мақсатына жетуге көмектесіп, жолын жеңіл етеді. Сондықтан Құранды жаттау, оқу, түсіну өте жеңіл және өте мақтаулы амалдардан» деген.

Демек, Құранды жаттаудағы ең басты ерекшелік — Құранның жеңілдігінде. Тек өзіміздің негізсіз ойлар мен шайтанның азғыруы ғана бізге Құранды жаттауды қол жетпестей амал етіп елестетеді.

Біздің Құранды жаттауымызға кедергі болатын факторлар төмендегідей:

— «Жеке жұмыстардан немесе үй шаруасының бітпейтін жұмыстарынан Құран жаттауға уақытым жоқ» — деп сылтау айту. Барлық адамның уақытын жейтін, бітпейтін көптеген жұмыстары бар. Тек өлім ғана күтпеген жерден келіп, біздің бүкіл мақсат, жоспарларымызды үзуі мүмкін. Сондықтан адамға өз өмірінің «маңызды» және «маңыздырақ» деген мәселелерін дұрыс жүйелеп, соған байланысты мақсатына жетуге тырысып бағуы керек. Күнделікті маңызды шаруалармен қатар Қиямет күнінің азығы, нұр әрі мол сауап жинаудың қайнар көзі болған Құранға да көп көңіл бөлу керек.

Бұл мәселеде бізге үлгі — Алланың елшісі, имам, мұсылмандардың тәрбиешісі Мұхаммад ибн Абдулла, Алланың сәлемі мен игілігі болсын. Ол өз өмірінде әр нәрсенің хақысын беріп, еш нәрсенің хақысына зұлымдық етпейтін.

Егер адам Ұлы Алланың сөзінің Ұлылығын және Құранды жаттаудың маңыздылығын өз дәрежесінде түсінсе еді – «уақытым жетпейді деген сылтауы қалмас еді».

— «Басқа сабақтармен көп шұғылданамын» — деп ақталу. Әрине, бұл да жай сылтау, өйткені Құран ғана көп шұғылдануға лайықты ілім. Имам Хатиб Бағдади: «Ілім толық қамту мүмкін емес теңіз сияқты. Сондықтан маңыздырақ мәселелермен айналысқан жөн. Расында кім маңызы азырақ мәселелермен көп айналысса ол маңыздырақ болған мәселелерден құр қалады» — деген.

— «Жаттаған сайын жатталғандарын ұмытам» — деп сылтау айту. Бұл тек шайтанның азғыруы ғана. Кейбіреулер ойлайды: «жатталғанды сақтап қалу үшін жаңасын жаттамау керек»- деп, бұл әрине үлкен қателік. Пайғамбар, оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын, Құран аяттары естен тез кететіндігі жайлы бізді көптеген хадистерінде ескерткен. Сондықтан көп қайталау — жатталғанды бекіту және алға қарай жылжуға себеп болады.

— «Жалғыздық». Яғни адам жеке өзі Құран жаттауға кіріссе. Әрине амалы мақтаулы, бірақ бір кемшілік бар! Мұндай жалғыздық уақыт өте келе әуелдегі ықылас пен ұмтылыстың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан, Құранды жаттауды қолға алушы адам өзінің мақсаты мен шама шарқы өзіне шамалас адамдармен бірге жарысып Құран жаттауға тырысқаны абзал. Мұнымен ол өзін қателіктер мен қиындықтардан құтқарады.

— «Дәл қазір және бәрін бірден». Көпшілік адамдар Құранды жаттап бастамас бұрын өте қысқа уақытта бітіруді жоспарлайды. Бірақ, сосын күндер, апталар, айлар…. созылып, соңында біржолата тастауға алып келеді. Құрметті бауырлар! Құранды жаттау аз ғана уақыттың амалы емес, ол үшін бірнеше жылдар кетуі мүмкін. Әркім өзінің шамасына қарай жеке жоспар құрып үзбестен амал еткені дұрыс. Хадис: «Ұлы Алланың алдындағы ең сүйікті амалдар өте кішкентай болса да үнемі жасалғаны»

— «Күналар». Сәтсіздіктің негізгі себебі — осы нәрсе. Өйткені мұсылманда сәтсіздік тек күналары үшін болады. Хадис: «Расында құл істеген күнасы үшін бір нәрселерден мақұрым қалады». Сондықтан, Құран жаттауды мақсат тұтқан адам күна жасаудан өзін аулақ ұстаса, міне сол кезде оған Ұлы әрі Құдіретті Алланың көмек және мейірім есіктері ашылады.

+63
0

Share This Post

guest
1 Комментарий
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Bek
Bek
10 жыл бұрын жазылды

Оте тамаша макала екен. Аллаху абар! Куранды жаттаудын каншалыкты манызды екены жаксы келтырылген. Раббымыздан сурайтыным Озынын созы болган Куранды толык жаттауды барша мусылмандарга насып етсын!