Қанша уақыт өтсе де, өңі, сыры кетпеген маңыздылығын жоймаған жауһар сөздер бүгін де әр қазақтың көкейінде бар. Түрлі жиын, орталарда әңгімесіне тұздық етері – Абайдың сөздері. Тіпті адам өзімен-өзі қалып, түрлі мәселеден түйін шығарғанда да Абайдан алшақтай қоймайды. Себебі дана бабамыз өмірдің түрлі салалары мен адам көкейіндегі түрлі психологиялық хәл-ахуалдарды дөп басып жеткізген. Алайда, хәкім сөздерін бірден түсіне қоймаймыз.Бұл туралы ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының: «Ақын сөздерін бірден түсіне қою қиын… Абай не нәрсені жазса да тамырын қармап, тереңіне бойлап, кез келген іске тоқталып, толыққанды жауап береді»[1;54б.] деп, әр сөзінің терең даналық астарын нұсқап тұр. Бір, екі… түсінбесек, қайтадан бір қарап тұру керек. Түбінде ақыл қанағат тауып, уақыт өте келе растығына көзіміз жетіп жатады. Сонымен, ақын айналып өтпеген, өзегін түртпеген маңызды мәселе кемде-кем. Өлең сөз, қарасөздің хас шебері, хәкім Абайдан сөз артылмаған, қысқасы. Даналық тағылымға толы сөздердің еш шығыны жоқ, барлығын тізейік десек, мүмкіндік шектеулі. Сонымен, Абай шығармаларынан іріктеп түрлі жас, өмірдегі әрқандай күй, жағдайларға байланысты жазылған ең маңызды он афоризмді назарларыңызға ұсынамыз.
- Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де ішпен біл.
Әр адам өмірінде, әсіресе, жастық шағында ғашықтық сезімін бойынан бір рет болсын өткізген шығар, бәлкім. Бұл алапат сезімге ешқандай сөз керек емес. Үнсіз түсінілетін, аудармашыны қажет етпейтін толассыз, таусылмайтын әңгіме… Осы албыртқан күйдің де уақыт өте келе басылатынын, жоғалатынын, енді оның алыстап, жырақтап кеткенін, қайта оралмайтынын айта келіп, махаббат «енді ішіме қонбайды» [2; 271б.], деп өкіне жазатыны бар ақынның.
- Құмарлық, ғашықтықпен ол – екі жол.
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Бұл үзінді жоғарыдағы сөздің заңды жалғасы іспетті. Бірақ, мазмұны толысқан, әр сөзге өзінің тиесілі анықтамасын беретіндей, ересек ойды танимыз.Құмарлықты ғашықтықтан ажырата білу керек.Екеуі – бір арнаға сыйыспайтын ұғымдар. Ғашықтық сүйген адам үшін мейірімділік, жанашырлықпен танылатын құрметке лайық аяулы сезім болса, құмарлық өз құлқынынан басқа ешкімді ойламайтын өзімшіл нәпсіқұмарлық әрекет деп сипатталады.
- Жолдастық, сұқбаттастық – бір үлкен іс.
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Дос болу, жолдастық қарым-қатынас – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Ал сұқбаттасу, көңіл сарайын ашып сөйлесе алу, әр адам үйренуі тиіс дағды, керекті машық десе де болады. «Кісісін тауып сұранып, неге білгендердің жолына салмайды екенбіз?» дейтін сөзі де Абайдың білімді, ақылды адамдармен жолдас болу, кем дегенде сұқбаттасу керектігін тікелей нұсқап тұр. Сол арқылы аталмыш жақсы кісінің жылдар бойы жинаған білім, өнегесін аз уақыт ішінде үйренеміз дегенді түсіндіреді.
- Мен егер, закон қуаты қолымда бар адам болсам, адам мінезін түзетіп болмайды деген кісінің тілін кесер едім.
Адам өз өміріндегі жетістіктері мен сәтсіздіктеріне тікелей өзі – себепші. Немесе Абайша айтсақ, «Бәрі болды өзімнен, Тәңірім салған наз емес…». Нақтылай келсек, тұрпайы мінез, қасиетсіз қылықтар адамды сүйкімсіз етеді. Ал осы пенденің өзіне ұнай ма? Әрине, жоқ! Бірақ, баз біреулер мінезіндегі жағымсыз қасиеттерге үйреніскені соншалық «Менің мінезім осындай, түзелуім мүмкін емес» немесе «сүтпен келген мінезді сүйегімнен шығара алмайсың» дегендей сөздер тауып, өздерін ақтап, жақтап алуға тырысатынын көреміз. Осы тұста Абайдың: «неге адам өз бойындағы мінді түзеуге тырыспайды, сілкініп, қайраттанып, бойын жинап аларлық қуат адамда бар» деген тұжырымды жеткізеді. Егер түзелмеймін десе, заңмен міндеттеп болсын, мәселені шешуге кірісетінін шарт етеді.
- Адам баласы жаман болса, замандасының бәрі – виноват.
Адамның қалыптасуында ортаның басты және соңғы шешуші фактор екені бүгінде мойындалған. Расында біреудің жай айта салған сөзі немесе жасай салған ісі, міндетті түрде, екінші бір адамға әсерін беріп жатады. Жақсы істерді айтпағанда, жасырын істелген қылмыс, түрлі әділетсіздіктер, алдау, арбау, қиянат, ұрлық – қоғамда, бір күні болмаса бір күні әшкереленеді. Ал осылар үнемі қайталана берсе, адамдар арасында қалыпты стереотипке айналады. Осыдан кейін, қоғамның кез келген мүшесі бұны бейсаналы түрде жасап жүруі әбден ықтимал. Себебі, замандастар – сондай, орта – сол. Сондықтан, адамға әлеуметтің ықпалы орасан зор екендігіне көзіміз жетеді.
- Егер ісім өнсін десең, ретін тап.
Абай басқа бір сөзінде «Істің басы ретін танымақтық…» дейтіні тағы бар емес пе? Иә, ретті, жүйелі, басы әрі соңы тиянақты істі көргенде көз қуанып, көңіл сүйсінеді. Бірақ, әрекет қандай болуы тиіс? Әрине, абыз шығармаларының өн бойында жаңғырып тұрар әділеттілік, адалдық талаптарының негізінде жүзеге асуы – басты талап! Әйтпесе, егіннің ебін, сауданың тегін басқа да «төте» жолдармен табуға болады ғой. Ал Абай айтқан жол – еңбекпен етті ауыртып [3; 58б.]., мүмкін болған барлық дұрыс әдістермен дұрыс жұмыс жасау.
- Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда зерек боласың, елден бөлек.
«Ақыл», «қайрат», «жүрек» сөздері – мән-мазмұны адам бойындағы көп қасиет, күй, ахуал, мінездерді қамтитын жиынтық ұғымдар.
Ақыл деп ойлану тәсілдерін, жақсылы-жаманды айла, амалдарды өз пайдасына шешіп пайымдауды айтамыз.
Қайрат – адамның ерікті-еріксіз түрде іске қосатын ішкі күші, ерік-жігерінен туындайтын әрекетінің көрінісі.
«Жүрек» ұғымы – адам бойындағы күллі ізгілік атаулының шығатын төркіні, махаббаттың қайнар бұлағы болып табылатын көркемдегіш сөз есебінде қолданылып тұр. Осындай тарихи-философиялық һәм Абай көзқарасын тереңдеп ашуға әбден қажет ұғым – жүрек. Абайды тану үшін оның жүрек ілімін айналып өту мүмкін емес [4; 42б.]. Сондай-ақ, Абай шығармаларында жүрек жайында пікір қозғалғанда, ақынның алға қояр басты мұраттарының бірі – жүректің адам өмірінде атқарар қызметіне айрықша гуманистік мән-мағына бере жырлауында жатыр. Абай жүрек атынан: «…әділет, нысап, ұят, рахым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі де менен шығады»[5;104б.] деп бекіте, тұжырымдай айтатын пікірінде жүректі ақыл, қайратқа қарағанда шешуші орынға көтеріп, оған гуманистік астар береді.
Осы үш тағанның айналасында адамның ішкі толқынысы жүзеге асып, ол сыртқа көрініс беріп, өмірі өрбиді. Пенде өзінің арпалысқа толы осындай ғұмырында үшеуінің басын тең ұстай алмай әлекке түседі. Бірде ақыл мен қайрат алдыға шығып кетсе, енді бірде жүрек қана басымдыққа ие болады. Кейде адам мұрнының ұшындағы тірлікті де жасауға жарамай қайратсызданады. Байқап тұрғанымыздай, үшеуінің басын қосып, барлығын баланста ұстау пендеге оңай соқпайды екен. Егер бұлай жасау кімде-кімнің қолынан келе қалса, ол ерекше жанға айналады, ал хәкімше айтсақ: табанының топырағы көзге сүртерлік адам сол болады.
- Уайым – ер қорғаны есі барлық,
Алдыңда іс көп шошынарлық.
«Уайым» сөзі көпшілік көзқараста негативті, қорқынышты болғанымен, ақын түсінігінде салмақтылықтың, терең де жан жақты пайымның өлшемі ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, аталмыш ұғымның астарында көп нәрсенің байыбына бармайтын, жеңілтек ойлы адамның арзан танымы түсіндіріледі. Демек, ақылын жұмыс жасатпай, ойсыздыққа ұрынған адам салғырттыққа салынады. Салғырттық, өз кезегінде, көптеген мән-мазмұнсыз мәселелердің туындауына алып келеді. Ақынша пайымдасақ, сөзі мен тірлігінің ретін, жүйесін ойланбайтын адамды, сәйкесінше, «ер» деп айта алмаймыз, жай ғана көп ессіздің бірі болады. Ал ессіздікке салынған адам алдын, болашағын саналы түрде ойлана ала ма?…
Телміріп терең ойдың соңына еріп, ақырын жүріп, анық басқанда ғана адам ірілі-ұсақты жетістіктерге жете бастайды. Әйтпесе, жоқ!
- Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?
«Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп халқының шымбайына тиіп те, қатты батырып та, астарлап, төтесінен де тіл қатып, көпке «қарсы» тұрған, мыңмен жалғыз алысқан тұлға көпшіліктің көз алдында қандай болады деп ойлайсыз? Әрине, қабағы қатулы, еңсесі түскен бейне көз алдыңа елестейді. Осы тұста, «осынша сөзді бекер шығындағаннан гөрі қолын бәріне бір сілтей салу керек емес пе?» деген ой әрқайсысымызға келуі мүмкін. Алайда, бұл – ақынның шынайы жанашырлық жан айқайы, халқын, жалпы адамзатты адамдық принципінен айнымауға шақыратын адал даусы, үндеуі. Шығармаларында халқының сөзі мен ісінен көңілі қалса, бірде бауырына басып кеңшілікпен қарайды. Кейде осылайша, ұлтының мінез, пиғылдарын ірімей сойып, ішкі ренішін аямай төгетіні кездеседі.
Бақсақ, ойшыл айтқан сөздің барлығы да түзелуіміз, жарқын болашағымыз үшін екен.
- Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп…
Жер ортасы жасынан асып, ойы әбден кемелденген кезде, қарасөздерімен қатар жазылған аталмыш асыл сөз – бүтін бір әлемге ұран болатындай уақыт сынынан өткен, даналық сөздерінің биігі. Қаншалық толғатса да, көпшілік ақыл ой алыптарының айта алмағанын дөп басқан ірі пікір. Бүкіладамзаттық құндылық қозғалған түйінді сөздің төресі.
Ақын өз жайын, өз басының мұңын, арманын, қуаныш-сезімін жыр етсе де, қалайда халықтың тағдырын, қайғы-мұңын, күйзелісін, қуаныш-шаттығын, тілек-мақсаттарын көрсетеді. В.Г.Белинскийше айтсақ: «Ұлы ақын өзі жайлы, өзінің жеке басы жайлы айтса да, көптің тағдырын, адамзат жайын сөз етеді» [6;181б.].
Енді, іс жүзіне келгенде, бүкіл әлем ғаламданып, пішін тұрғысынан ғана емес, іштей тұтасса да, бауырмалдыққа өз есесін беретіндей емеспіз. Әуелі, бүкіл адамзат тұрмақ, жақынына құшағын жайып «бауырым» деуге де жарамай жататынымыз, жасырын емес. Ал түрлі ерекшелігіне қарамастан, барлық адамдарды риясыз жақсы көре алу үшін неткен жүрек, қандай махаббат, пейіл керек десеңізші! Бұның мәнісіне жету үшін ойшылдың әр сөзін жіті түсініп, зерделіп, зерттеп оқу керек-ақ!
Автор: Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев
зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Алибаев С.А.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Абайды оқы таңырқа (Құрастырған М.Мырзахметов). – Алматы:Ана тілі,
1993.-160б.
- Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы.
- Құнанбайұлы А.Шығармаларының екі томдық толық жинағы.Т.1. – Алматы: Жазушы, 2005.-296б.
- Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары. –
Алматы: Ғылым, 1982.-296б.
- Құнанбайұлы А.Шығармаларының екі томдық толық жинағы.Т.2. – Алматы: Жазушы, 2005.-336б.
- Белинский Г.В. Полный сборник сочинений. – Москва:ГИХЛ,1953, т-3.-
376б.