Өгей шешелерімізді сүйеміз

Өгей шешелерімізді сүйемізАнадан тараған тоғызбыз. Ал әкеден он ұрпақпыз. Бұйырса құрсақтан шығатын және біреуі бар. Әзірге шаңырақтағы кенже – Антошка. Иә, шын есімі солай. Себебі әкеміз бір болғаны мен нағашылары орыс ұлтынан.

Таң қалып отырған шығарсыз! Иә, иә, елімізде қазір көп әйел алу мәселесі енді бүршік атып жатса, әкеміз бүршігін аттырмақ түгілі, жемісін жеп отыр. Анамызға серік болсын деді ме, әлде тұқымы аралас болсын деді ме, әйтеуір үйге орыстың сары маржанын әкеліп отырғызды. Сонымен қазақтың ақ маржаны мен орыстың сары маржаны қазір «кухняның» директоры.

Өгей анамыздың қайын жұрты уақытында дәулетті адамдар болған деседі. Содан болар, менің алдымдағы үлкендерім оны өлердей жақсы көреді. Тіпті ана Антошкамен бірге жарысып, жағаласып құшақтап жатады. Өз анасын олай құшақтамақ түгілі, оған бір жылы сөз айтпайды. Әйтеуір, жүрдім-бардым «сіз біздің анамызсың, сізді жақсы көреміз» дейді де, кейін ұмытып кетеді.

О-й, анамыз бір момын. Жайсаңдығы соншалық, үндемейді-ау, үндемейді. Сол жайсаңдығы мен бостығынан ба мен де кейде әлгі орыс анамды жақ-сы көргім келеді. Бірақ оны анама айта көрмеңіз.

А, айтпақшы, әкемнің үшінші әйелі ағылшындық. Өзі сылқыған жас келіншек. Шаңырағымызға келгеніне екі жылдың жүзі болды. Өзі сондай сүйкімді. Құрсын, оны да үйдің бәрі түгел жақсы көреді. Айтып не керек, үйдегінің бәрі анамыздан басқасын жақсы көреді. Мен шығар тек анама адал… Бірақ өзге бауырларымды көргенде кейде тайқып кеткім келеді. Тек ана бір ақынның өлеңі бар емес пе:

«Өзге аналарды жақсы көр,

Өз анаңды құрметте» деген. Тура осы өлең жігерімді жібермейді.

Сізге бір сыр ақтарйын ба? Жоқ, ойлап қалмаңыз, «бұл да анасын сатайын деп жатыр» деп. Ондайдан Құдай сақтасын!

Айтайын дегенім, сізге ұят шығар, біз үшін үйреншікті жағдай. Жуырда әкеміз сығыр көз келіншекті әкеліп таныстырды. Кейін білдім қытайлық екен. Қызығы сол, әлгіні үйдегілер бір көргеннен ауыздарының суы құрыды. Құритында себебі көп…

Бір риза болатыным, әкемнің талғамы күшті. Жарын ауқатты жерден табады. Соған қарағанда, әкем шамасы «красавчик» болып тұрау. (Бұл сөзді орыс анамнан үйрендім). Дәулеті артқан жердің қызын шаңырағына кіргізіп алады да, өзі жұмыс істемейді. Иә, жатады үйде. Не істейді жұмыс істеп. Әйелдері бағады. Қайсы әйелінің күй жайлы бәріміз соны сүйеміз. Аштан өлмеудің қамы ғой бәрі. Сөйтіп, отбасымызда өгей аналардың рөлі ойнап тұр бізде. Жолың түсе қалса, шаңырағымызға бас сұқ. Сүйкімді де, сүйікті аналарыммен таныстырамын. Соңғы сөзім, анамыз білмесін: «біз өгей шешелерімізді сүйеміз». Пока, gud bai!

Әнуар ЕСҚАРА

+8
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии