Мәлика

Олар (періштелер) Алланың ра­зы болған
кісісіне ғана шапағат ете ала­ды.
(Әнбия сүресі, 28-аят.)

           

Құпияға то­лы дүниеде жоғалудың да түр-түрі бар екен. Со­ны­мен…

Ол бір түннің ішінде жым-жы­лас, зым-зия ғайып бол­ды. Ұшты-күйлі, ізім-ғайым жоқ. Тыл­сым Құдіретке сенбейтіндер үшін бұл мүмкін емес жағдай, қайда кеткені де белгісіз. Тек ор­нын­да бір тал қауырсын қалыпты…

Бәрі оны МӘЛИКА деп атай­тын. Кей­де жер­де өмір сүріп жатқанын ұмытып, өзін АС­ПАН ҚЫЗЫМЫН дейтін. Шетсіз-шексіз аспанға ұзақ қарауды ұнататын. Далаға шығып төбесіндегі ас­пан­ды ғана көретін. Қалған уақытын кітап оқумен өткізетін. Әрдайым аспанның ашық болғанын қалайтын. Бұлт тор­ла­са жақтырмай, көңіл-күйі түсіп кететін. Кей­де ауы­рып қалатын. Ауырған сай­ын аспанға аңсары ауып, ас­пан­нан жәрдем күтетін. Қанаты тал­май қалықтап ұшып жүретін аппақ көгершіндей құс бо­лу­ды ар­ман­дай­тын. Бір күні ғайыптан тай­ып өзінің періштесі келіп, қанат сый­лай­ты­ны­на сенетін. Және басқа ешкімнің іздеп келмейтіні жай­лы ой­лан­бай­тын.

Шы­нын­да да оның туған-ту­ыс­тан ешкімі жоқ. Қызын іздеген әке-шешесі бар бол­са, әлдеқашан келетін еді ғой. Баяғыда… жасқа тол­май тұрғанда… сал ауру­ы­на ұшыраған. Ештеңеден бей­ха­бар нәресте қабырғасы қатпастан, бесік та­бы белінен кет­пес­тен мүгедекке ай­нал­ды. Дәрігерлер қыздың аяғынан жүріп-тұра ал­май­тын ай­тып, аты жа­ман ди­аг­ноз қойғаннан бас­тап әке-шешесі ажы­ра­с­ты. Ғасыр соңындағы қиын кезеңде тағдыр тауқыметінен жалғыз ба­ла­сын баға алмаған сор­лы ана амал­сыз бас тар­т­ты. Со­дан бері көз жа­зып қалды. Мәңгілікке жоғалтты. КҮНӘСІЗ МӘЛИКАНЫҢ маңдайына тас­тан­ды де­ген қара таңба басылғалы, міне, он жеті жыл өтті. Он жеті жыл! Өскен ор­та­сы жетімдер үйі екені айт­па­са да түсінікті…

— Не жа­зып отырсың, МӘЛИКА?
— Аспанға хат.
— Хатың аспанға же­те ме?
— Мен өлеңмен жол­дай­мын.
— Ал­ды­мен маған оқып берші.
— Жа­ным ас­пан, аш маған құшағыңды,
Жүрегімнен арыл­т­шы құса-мұңды.
Шырылдаған құсыңа бостандық бер,
Шешші мы­нау аяқтан тұсауымды!.. (Үзінді.)

(Өлеңін оқып болған МӘЛИКА құрбысына қарады. Боталаған жа­на­ры жа­са­у­рап тұр екен. Өзі де еріксіз көзіне жас ал­ды. Қос мұңлық жан жа­ра­сын ағыл-тегіл еңіреп жы­лау арқылы жеңілдетті. Туылғанда өзгелерден сәл қаттырақ жы­лап, өкіріп өгей өмірге кел­ген сәбилер ғой бұлар. Ес біліп, етек жапқалы жиырлының қыздары ғой бұлар…)

— Жарайсың, МӘЛИКА! Маған ұнады.
— Рах­мет!
— Сенің өлең жазатыныңды білмеппін.
— Өзім де білмеймін. Ас­пан­нан құйылып келетін сияқты бәрі…
— Арбаға таңылып отырғаныңмен қайратты қыз екенсің.
— Адамдарға аяқ жо­лы­мен жүру аз, ЖҮРЕК ЖО­ЛЫ­МЕН де жүру ке­рек қой.
— Олай бол­са тағы да «ас­пан хат­та­ры­нан» оқып берші.
— Қарашаның ас­па­ны құр қабарып,
Жы­лу тап­пай жа­ны­на тұр ма на­лып?
Періштем-ау, адас­пай келші маған,
Қанатыңды иллаһи нұрға ма­лып!.. (Бұл да үзінді.)

Он екіде бір гүлі ашылмаған МӘЛИКА құрбысына өз өлеңдерін үнемі осы­лай­ша оқып тұрды. Аспанға де­ген құштарлығы оны ша­быт­тан­дыр­ды. АҚЫН қылды. Қойын дәптері өлеңге то­лы. Барлығы аспанға арналған. Бірде сол қойын дәптеріне мы­на­дай қызық оқиғаны жа­зып қойыпты: «Әу бас­та ас­пан мен жер ажы­ра­май, біртұтас боп тұрған. Адам­дар мен періштелер де бірге болған екен. Періштелер адамдарға бағынышты, олар­ды әрқашан қорғап-қолдап жүретін. Тек қана ібіліс бағынбапты. Ол тәкаппарланып қарсы болғандықтан қарғысқа ұшырады. Сол себепті АЛ­ЛА ТАҒАЛА қатты ашу­ла­нып, ас­пан мен жерді бөліп жіберген. Қанатты періштелер аспанға ұшып кетіпті. Ал қанатсыз адам­дар ұша ал­май жер­де қалған. Мен де со­дан бері өз періштемнен ай­ы­рыл­дым. Со­дан бері жалғызбын. Мы­на жалған дүниенің сынағынан өткендер ғана аспандағы сыңарын та­ба­ды дейді. ЖАЗМЫШҚА шүкір етіп, ЖАРАТҚАНҒА са­быр бе­ре гөр деп жа­лы­на­мын…»

Тәңірдің на­за­ры түскен қасиетті түн еді. Сүттей ұйыған тып-тымық, тұп-тұнық тыныштық. Қыстың алғашқы қары қапалақтап жа­у­ып жатқан. Ұйықтап жатқан МӘЛИКА мұның бәрін түсім деп ой­ла­ды. Көз ал­ды аппақ-аппақ… жарқыраған нұр… Ақыры ар­ма­ны қабыл болған екен. ХАҚ АЛЛАҒА ар­зу­ын жеткізген мұхаррам періштесі келді. Бөлме іші сырттағы әлемнен бе­тер са­ма­ла­дай жалқындап тұр. Бір кез­де тұла бойы бу­са­нып, жон арқасы шы­мыр­лап кетті. Қараса… мүбәрак нұрға ма­лы­на сусылдаған қанат… желп-желп етеді. Мысқалдай салмағы жоқ. Жеп-жеңіл. Көктен кел­ген періште соңымнан ер де­ген ым­ды аңғартты. Таңға жақын ОЛАР аспанға қарай аққан жап-жарық қос жұлдыз секілді жер­ден қалықтай көтеріліп, көк төсіне сіңіп кетті.

Тыл­сым Құдіретке сенбейтіндер үшін КҮНӘСІЗ МӘЛИКАНЫҢ жұмбақ ғұмырының, зымғайып жоғалуының сы­ры толық ашыл­ма­ды. Қарада бойы, қарда ізі қалмады де­ген осы. Ха­бар-ошар бол­май, жоқтаушысы табылмаған соң айға жуық уақыт іздеу са­лын­ды да, ар­тын­ша бәрі күдер үзіп, ұмытып та кетті. Де­ген­мен, күдер үзбеген, ұмытпаған жалғыз құрбысы ғана. Соңғы кез­де ҒАЙЫП ҚҰСЫНА айналған МӘЛИКА аппақ көгершін си­пат­та түсіне жиі-жиі кіріп, өзіне қарай шақырып жүрген көрінеді. Сон­дай бір ғажап түстің бірінде…

— МӘЛИКА, қайда жоғалып кеттің? Маған тағы да өлеңдеріңнен оқып берші.
— Жа­ным-ау, сен әлі жер­де жүрсің бе? Біздің мекеніміз ас­пан ғой..
— Менің де аспанға кеткім келеді. Бірақ ұшарға қанатым жоқ…
— Сас­па, ол періштелерге бұйым емес. Шын тіленсең ғана бітер.
— Сенсіз өзімді мүлдем жалғыз сезінемін. Өгей өмірден жалықтым, шар­ша­дым.

— Қатыгездік пен қайырымсыздық жайлаған қара жер­де бізге орын жоқ, өйткені  тасжүрек, безбүйрек, жат­ба­у­ыр пен­де­лер үшін бөтенбіз. Мы­на жақта, ПЕРІШТЕЛЕР ПАТШАЛЫҒЫНДА – НАҒЫЗ ЖҰМАҚ. Жанға жы­лу, жүрекке мейірім сый­лай­тын МӘҢГІ МА­ХАБ­БАТ та осын­да… Сағындым сені, тезірек келші. Кел­ген соң саған жаңа өлеңдерімнен оқып берейін…

Қайран МӘЛИКА!.. Жетімдер үйінде иесіз қалған қойын дәптері бір тал қауырсынға айналған еді-ау…

                                                                                                           Асыл­бек ЖАҢБЫРБАЙ

+5
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии