I
Шын мәнінде малдарың, балаларың бір сынақ.
Үлкен сыйлық Алланың қасындағы.
(Тағабун сүресі, 15-аят.)
Айналасы тас қараңғы тұңғиық түндей болатын. Көзіне түк көрінбейді. Не иненің жасуындай саңылау жоқ, не жылт еткен бір сәуле жоқ. Күллі дүние қап-қара түпсіз суға айналған. Сонда да тірі екенін сезеді. Лаухыл-Махфуз тақтасына алдын-ала жазылған тағдыр-талайына мұңаза айтып шырылдайды. Шырылдайды да шүкір етеді. Өйткені тұл түнек, тар қапастан шығуға арналған жалғыз қақпа ғана бар. Бірақ ол әзірше жабық еді. Ашылатын мезгілі келмеген. Қай жерден ашылатыны да белгісіз. Дегенмен оған әлі дайын емес. Ал дайын болған күні қақпа да ашылады. Қолында кілт бар, оны Алла ұстатты. Басында тылсым ой бар, оны Алла салды. Әрнені бір ойлайды. Міне, тағы да ойға берілуде… жапан-түзде адасып қалған жұмбақ жолаушыдай…
«Мына бейтаныс әлем бүтін тұлғамды қақ жарып тұрғанға ұқсайды. Бұл жерге мен өзі қалай тап болдым екен? Кеше ғана жан-жағым нұрға толы кең мекенде жүр едім. Әлде оның бәрі түсім бе? Шынында мың жылдық ұйқыдан оянғандаймын. Кезінде өзімнің періштеден де пәк, сұлу, жас болғанымды түйсінемін. Сондағы бал күн, балғын дәуренімді сағынып кеттім. Құрдым жұтып қойғандай аппақ қанаттарымнан да дым қалмаған. Керең тірліктен, соқыр тірліктен, мылқау тірліктен қашан құтылады екенмін? Мұндай күйге қалай түстім? Түсінбеймін. Маған бәрі түсініксіз.
Кеудемдегі құйттай жүрегім дүрс-дүрс етіп жарқын өмірді аңсап соққан сайын баяғы нұрға толы кең мекен елестейді. Содан соң бірте-бірте сағымға айнала бұлдырап қараңғыға сіңіп жоқ болады. Аппақ қанаттарым сол сағымның ішінде менсіз ұшып бара жатады. Соңынан жан ұшыра қанша жүгірсем де жете алмаймын. Қанша айқайласам да естімейді. Сөйтіп бал күн, балғын дәуреніммен қимай-қимай қоштастым. Ақырында бәріне көнуге, бәріне шыдауға тура келді. Тағы да Жаратқан Иеме жалбарындым.
Күллі дүние қап-қара түпсіз суға айналған секілді. Тек құлағыма еміс-еміс дауыстар естіледі. Қақпаның арғы жағынан шығатын сияқты. Біреулер күбір-күбір сөйлесіп жатыр шамасы. Не айтып отырғандары ұғынықсыз. Бәлкім мен туралы әңгімелескендері шығар. Қайта-қайта төңірекке құлақ түремін. Қақпа орналасқан тұстан үміт сәулесі жылт етердей алаңдаймын. Соған сеніп, өз-өзімді алдарқатып қоямын. Әне… әне… анау сол ғой… мен күткен соның дәл өзі…»
Жоқ! Өкінішке орай ол үміт сәулесі де, өмір шырағы да емес. Тіпті жұмақтан келген құтқарушы періште де емес. Керсінше, қараңғыдан да қараңғы шайтанның нақ өзі екен. Үнемі уын сеуіп жүретін ібілістің ұрпағы әуелден Құдайдың қарғысына ұшырағандардан еді. Сол үшін ол өзінен басқасын жек көреді. Жойымпаз малғұн қарқ-қарқ күліп со бойда әлгі қақпаны тозақ отымен өртеп жіберді. Орнында күл ғана қалды. Бұрынғыдан бетер шырылдай бастап еді, қолындағы кілтті жұлып алып, кіндік-тамырын балтамен шапты да тастады. Жазғанның жазығы жоқ еді-ау. Үнсіз шырқырауын тірі пендеден ешкім естімеді. Пәк, сұлу, жас қалпында жаны Иесіне ерте қайтты. Енді тек Алланың қасындағы үлкен сыйлықтан құр қалмаса екен деп тілеймін. Өмір сүруге сонша құштар еді. Амал қанша. Бәрі бітті. Мүмкін бұл да бір сынақ. Алла белгілі бір себеппен осылай істеген шығар. Ол жағы құпия. Айтпақшы, біраз бұрын естіген күбір-күбір әңгіменің соңы ақшаның сытырлаған үніне ұласқанын қайдан білсін бейшара!
Шарана туылмай жатып өлді. Жатыр тақырға айналды…
II
Жарлылықтан балаларыңды өлтірмеңдер.
Сендерді, оларды біз ризықтандырамыз.
(Әнғам сүресі, 151-аят.)
Арада үш ай өтті. Жай өткен жоқ, үш жыл, бәлкім үш ғасырға созылған ауыр кезең сияқты жанды қырнап, жүректі тырнап кетті. Бұдан әріге төзе алмайтындай халге жетуі соның зарпынан. Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады деген рас екен. Бұрынғыдан бетер басы қатты. Істерін істеп болғаннан кейін не істерін білмеді. Шіркін уақытты үш жыл емес, үш ғасыр да емес, бар болғаны үш айға кейін шегеретін құдірет берілсе, сол үшін басқасының бәрін құрбан етуге бар еді. Бірақ ондай мүмкіндік берілмейді, ол күн қайта оралмайды. Өткенге өкінді де өксіді, өксіді де өкірді…
«Қатал тағдыр талқысына түскенімді кейін білдім: мені тәлкек қылды, аямады, жазалады. Кішкентайымнан кітапты құмартып оқып, киноны қызығып көргеннен соң қияли боп өстім. Өзімді бақытты сезіндім және мәңгі бақытты болатыныма имандай сендім. Әке-шешемнің үкілеген жалғыз үміті мен едім. Олардың сенімін ақтау үшін ауылдан қалаға арман қуып келген себебім де сол. Мектепті үздік бітіргендей мұндағы оқуымды да жақсы аяқтап, өзім қалаған мамандық иесі атансам дедім. Ал шын мәнінде мүлде олай емес, бәрі басқаша екен. Адамның ойлағаны орындала бермейтінін кеш түсіндім. Соңғы бір жылдың ішінде аңғалдығымның кесірінен сағымға алдандым, елеске арбалдым.
Мен үшін осынау жарық дүниедегі ең аяулы сезім махаббат еді. Одан асқан киелі ұғым осы күнге дейін миыма кіріп-шықпапты. Оған адал боламын, жүрегімде кіршіксіз сақтаймын деп өзіме ант бергенмін. Оны еш нәрсеге айырбастамаймын деп өзіме серт бергенмін. Сөйте тұра ауыр қылмыс жасадым, үлкен күнәға баттым. Сол үшін өз-өзімді ешқашан кешіре алмаймын. Сірә, ешкім де кешірме қоймас. Ауылға енді не бетіммен барамын? Мына түрімді көрген әке-шешем шошып кетпей ме? Сонда не деймін? Миымды жегідей жеген сұрақ көп…
Оқуға төлейтін ақшаны дәрігерге, одан қалса дәріге жұмсап жібердім. Қасымдағы бөлмелес құрбылардан қарыз алдым. Жүйке-жүйем әбден жұқарып бітті, тоз-тозы шықты. Сол түнді есіме алсам өксіктен өртеніп кете жаздаймын, орны толмас өкініш ішімді тозақ отындай қарып күйдіріп барады. Қарғыс атқыр Валентин деп аузымнан жалын атып аһ ұрамын. Нағыз әулие өзіміздің ата-бабаларымыз екен ғой. Осы бір «махаббат күнін» (болмай кеткір!) тойлаймын деп мен секілді қаншама қыздың тағдыры тайғақ, талайы талқан болды екен. Соны ойласам жастарына жөні түзу жол тауып бере алмай отырған мемлекет саясатын жек көремін. Ең болмаса жасанды түсік жасатуға тыйым салынғанда ғой. Болашақта менің сіңлілерім әбжыланға арбалған бейамал балапандай суаяқ дүниеге алданып, кейін зар еңіреп жылап қалмаса екен деймін. Сүйген жігітім аяғымның ауыр екенін білген күні менен теріс айналды. Соттасып абырой таппасымды біліп, ең оңай жол түсік жасату деп шештім. Бірақ ол ең қиын жол екенін енді ұғып жатырмын.
Күндіз күлкімнен айрылсам, түнде ұйқымнан айрылдым. Ұйықтай қалсам шошып оянамын. Түсіме экранның арғы жағындағы баламның бейнесі кіреді. Басы, қолы, аяғы… бәрі ап-анық көрінеді. Бір кезде оған қарай бір қап-қара құбыжық жақындап келе жатады. Балам менен көмек сұрағандай шарасыз халде шыңғыра бастайды. Бірақ ешқандай даусы естілмейді. Тек аузының оймақтай боп ашылғанын ғана көремін. Сұмдық-ай… Бұдан әріге төзе алатын емеспін… Қош…»
Арада сөйтіп үш ай өткен еді. Үш айдан артық уақытқа қыздың нәзік жаны, үлпілдеген жүрегі шыдамады. Ол соңғы хатын аяқтап болып, өміріне де нүкте қойды. Ақырында… асылып тынды… «Қымбат-ау қыздың ар-мұңы, қиын-ау, қиын, тым қиын, не болар екен тағдыры, үйіріліп соқса бір құйын…» (Мұқағали). Құйын соқты деген осы. Қайран дүние-ай…
Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ
қанша айтылып, көп жазылса да ескірмейтін, өксік үні естілмейтін тақырып. Түбі бір күн жетер ұлттың түбіне!