Сендердің Алладан өзге табынғандарың,
барлығы жиылса да, әсте бір шыбын
жарата алмайды.
(Хаж сүресі, 73-аят.)
I
Қараңғыдағы қапырық. Түнектегі тымырсық. Ауасыз қап-қара түн құрсауынан шығудың жолы жоқ секілді. Тыныс алуыу жұтқандай қиындады. Қысылған көкірегіне жүрегі сыймай тарсылдап алқымына тірелді. Тынысымен қоса бүкіл әлем тарылғандай, жүрегімен қоса бүкіл әлем жарылғандай… Тарс-тарс-тарс!.. Жо-жо-жоқ, есікті біреу қағып тұр екен. Шырт ұйқысын бұзып жіберген зәрлі шу құлағының қақ түбінен жаңғырығып қаттырақ шықты. Сал боп төсегіне таңылып жатқандай немесе бастығырылып қалғандай тұра алатын емес. Ол ол ма, дуалап тастағандай қол-аяғын қимылдатуға бейшама. Былайғы уақытта сүйеніш болған жағы құрғыр қырсыққанда қарысып, кеберсіген ерні ғана әлсін-әлсін жыбырлады: «Қайдамын? Тірімін бе, өлімін бе?» Күбірлеп айтты ма, әлде ішінен солай деді ме, мұны өзі де ұқпай мең-зең күйге түсті. Оянғалы қанша уақыт өткенін де білмеді. Жүз жыл ұйықтаған сынды. Әйткенмен есіктің қағылуы тоқталмады. Тарс-тарс-тарс!.. Әрбір соққы жүйкесін жегідей жеп, миын балғадай ұрғылап, тамыр-тамырын солқылдатып жатты.
— Басеке! Басеке! Басеке-е-е!..
Есімін естігенде қарлығыңқы үнмен «Уф-ф, Құдай-ай!..» деп әрең сөйледі. Өз даусы өз құлағына жат та жақын шалынған. Тілі күрмеліп, таңдайы кепті ме, осы сөзден артық ләм-мим жақ ашпады. Тек екі иінінен ауыр дем алып, терең күрсінді. (Әншейінде намаз оқу былай тұрсын, «әлхамдилләсін» айтып, кәлима қайыруды үйренбеген мына жұмыр басты пенденің қапелімде есіне Құдайы түсуін қарашы!) Дәріл-фәниде бәр-бәрінен жан артық екен-ау шынында. «Атадан қалған мал тәтті, алтынды үйден шыбын жан тәтті» деп бекер айтылмапты.
— Басеке! Басеке! Басеке-е-е!..
Ұйқылы-ояу есеңгіреп сұлық жатыр. Жатқан күйінде қаралай сүлдесі құрып, шаршаңқы тыныстады. Жан-жағын бажайлай көз қиығымен шолып өтті. Жәутеңдеген жанары өлеусірей жылт-жылт ете, терезеге де назар салуды ұмытпады. Пердеден сібірлей төгілген жазғы таңның бозғылтым сәулесін жалғанның жалғыз жарығына балап, кірпік қақпастан алғаш та ақырғы рет көргендей қарады. Қарады да содан дәтке қуат, жанға суат алғысы келді-ау. Үлде мен бүлдеге бөленген кең жатын бөлмесі сол бұрынғы қалпында. Көп кешікпей ұясынан шығатын күннің шуағы себезгілей үй ішін алагеуімдеп тұр.
— Басеке! Басеке! Басеке-е-е!..
(Оны жұрт «Басеке» деп атайтын. Әсіресе жарамсақтар мен жағымпаздар жағы аса құрметтейтін. Үлкен мекемеде үлкен бастық екені рас та. Шын аты «Бас»-тан бастала ма, басқадан бастала ма, белгісіз. Оған бас қатырмастан көбі мүләйімсіп «Басеке» дейді). Есіктің арғы жағынан шақырған дауыс қатқыл шығады. Жан алушы Мәләкүл-Мәуіт келіп тұрғандай бойын үрей билеп алды. Көрпесін тас бүркеніп, зор денесі бір уыс боп бүрісе түсті. Демін ішіне тартып, көзін тарс жұмып алған. Сәлден соң көзін қайта ашып, олай болуы мүмкін емес, кім де болса сазайын тарттырайын деп төсегінен қолапайсыз қинала қозғалып тұруға ыңғайланды. Есік пен төрдің арасы біраз жер. Басшы болғалы төртпақтана толысып кеткен зор денесі одан сайын зілмауыр тартып, ырсылдай жүріп барамын дегенше түрлі-түрлі ойға шомды: «Бұл кім болды екен беймезгіл мазалаған?.. Әйелім Әмірлікте демалып, Ұлым Ұлыбританияда жұмыс жасап, қызым Қытайда оқып жүр… Үй қызметшісін жақында «жұмыстан» шығарып жібергенмін. Шопыр баланың табалдырықтан аттауына рұқсат жоқ. Үй қызметшісі екеуінің арасындағы ілік-шатыс, ым-жымнан соң… оған аяушылық танытып, соңғы рет ескерту жасағанмын, алыс та болса ағайын ғой деп. Дәмесі бар болсын шіріктің! Ол шүйкебас менің көңілдесім еді ғой. Мейлі, басқасы табылар да… Е-е, күзетшілердің бірі болар мүмкін. Жайшылық па екен?..»
Кешегі ғана емес, бірнеше аптадан бергі жоспары бойынша дәл бүгін ерекше күн болуы керек-ті. Сірә, сәтсіз күн боларын, бір бәлеге ұшырарын іші сезеді, білем. Кеше кешке зайыбы зыбандап сол көзім тартып жүр деген. Бірақ ештеңеге сенгісі жоқ-дүр. Өйткені өмірінде ырым-сырымға нанбаған. Дегенмен, түйсік түкпірінде сезік бар-тын.
Әлгі-әзірдегі сан қилы ойын ысырып тастап, жасқаншақтана есікті ашты. Олай қарады, бұлай қарады. Адам түгіл, шайтан жоқ. Өзінен-өзі кеудесіне біз сұққандай селк етті. Жүрек тұсын әлдене шаншып-шаншып өтті. Қас қағым сәтте не болғанын аңламай аң-таң. «Әй, кім бар мұнда?» деген үні дірілдей шықты. Артынша «Құдайым, сақтай гөр!» деп іштей жалбарынған болды. (Тағы да сасқаннан қаперіне Құдайы түскені-ай!) Онысы түлен түртіп, пері иектеп алғаннан саумын ба деген күдігі еді. Сосын тың тыңдағандай құлағын түрді. Үй ішінен қыбыр еткен бөгде дыбыс шалынбады. Өлі тыныштық. Басекесі шынымен де қорқайын деді. Ұзын дәліздің бойын жалтақ-жұлтақ байқастай аяғын зорға басып келеді. Бір кезде қарсы алдындағы нән айнадан өз-өзін танымай қалды. Түрі қан-сөлсіз түнеріп, қудай боп қуарып кеткен. Өзін емес, өлікті көргендей шошыды. Жалпақ маңдайы жіпсіп, жан тері бұрқ ете қалды. Лезде жанарын тайдырып әкетті. Жаз да болса қыс түскендей тұла бойы дірілдеп, шекесі шымырлап қоя берді.
Өң мен түстің арасында мәңгіріп біраз тұрды да, дереу қалта телефонын алып ең алдымен күзетшілерге соқты. Айтуларынша оларда бәрі тып-тыныш. Кіріп-шыққан ешкім жоқ. Сонда да сенбей, асығыс киініп, сыртқа іле-шала жүгіре шықты. Алаңсыз ұйқысын әлгінде ашқан күзетшілер түкке түсінбей әуре. Абырой болғанда бұрыш-бұрыштағы бақылау камералары бәлендей бірдеңе байқамаған, оқыс ештеңе түсірмеген. Тек… тек… шыбынның ызыңдаған даусын ғана жазып алыпты. Басекеңнің құты шайқалып, зәресі ұшты: «Шыбын!!!» (Ол шыбынды иттің етінен ары жек көретін, бұрыннансуқаны сүймейді. Кейде осы бір кішкентай мақұлық неге, не үшін жаралды екен деп ызаланатын. Үнемі қайталай беретін мақалы: «Жұғын бар жерде – шыбын бар, шыбын бар жерде – шығын бар». Кеңседе болсын, үйінде болсын, тіпті тамақтануға барған мейрамханда болсын, шыбын ұшып жүрсе бітті, ашуға мініп айқай шығарады). Тани кетті: мына таспаға жазылған ызыңдаған қорқынышты дауыс кеше кешке жалғыз өзі (ұрысарға қара таппай) қуалап жүріп өлтірген шыбынның зары ғой. Солай, солай! Дәл солай! Кенет тағы да жүрегі шаншыды. Ойы ойсырап, санасы сансырап қалды. Үн-түнсіз состиып тұрған күзетшілерден қайран жоқ. Олар мына шым-шытырық жағдайды неге жорырын білмей дал. Басқасы басқа, дәл осындай оғаш қылықты бастығынан күтпеген.
Басекеңнің бет-әлпетімен сәйкескен таңның қабағы салыңқы, өңі сынық. Шығасылы-кіресілі ақыл-есіне ұқсаған күн райы ала бұлтты, сұрықсыз. Ғайыптан жеткен сумақылау жел сумаңдап ішегін соза уілдейді. Қасақана ол да шыбын құсап ызыңдайтын сияқты көрінді. Әлде қас қылғандай іші-бауырын кеулегені ме, әлде жұрттан артық дәрежесін мазақтағаны ма, әйтеуір қағынан жерітіп бақты. Бұдан әрі тасырқап тұра берудің ешбір реті жоғын ұқты. Аяқ астынан жын қаққандай аумағы ат шаптырым ауласына алақтай қарап, көше жаққа бас сауғалай жүгіре жөнелді. Хан сарайынан кем түспейтін үш қабатты коттеджінен тезірек қашып құтылғысы келгендей безіп баратып жалма-жан шопыр баланың нөмірін тере бастаған. Шыбын енді оның көкейінде шатақ шығарып шырылдап жатыр.
— Басеке! Басеке! Басеке-е-е!..
II
Ойы он саққа, санасы сан саққа бөлінген естанды халде Басекең ебедейсіз ентігіп жұмыс орнына да жетті-ау, жетті-ау. Жол бойы қызымырлана шопыр балаға орынсыз жекіріп, түймедейді түйедей етіп екіленді-ай. «Тазы ашуын тырнадан аладының» кері ғой бұл. «Ағатай, өгей әкем құсап жер-жебіріме жеткенің басыңа көрінсін» деген арам пиғылмен «інісі» әрі кереңсіп, әрі мылқаусып рөлді басқара берген… Кеңседе хатшы қыздан басқа жан жоқ екен. Сызылған сұлудың сәлемін де алуға мұршасы болмай, шай ішкісі келетінін айтты да кабинетіне жылдам кіріп кетті. Әрдайым кеш келетін бастығының әдепкі «ережесін» бұзып, ерте келгеніне, күн нұрынан да бұрын жеткеніне таңданған. Көңіл-күйі қаяулы, қас-қабағы қатулы болғандықтан үшкір өкшесімен тықылдатып жүруді жөн көрмей, аяғының ұшымен басып асхана жаққа қарай зып берді.
(Хатшы қыздың адамды жалт қаратпай қоймайтын аққудың көгілдіріндей мінсіз көркі талайдың көз кұртына айналған. Бірақ былайғы еркектерді менсінбейтін. Өзі кербез, өзі паң, өзі сәнқой. Тұрмыс құрған деген құр аты болмаса, күйеуінен ажырасқанына бір жылдан асты. Жұрттың алып-қашпа әңгімесіне сенсек, отасқалы бері үш жылдай зарығып тапқан кішкентайы қосағынан емес, бастығынан-мыс, ал өзі бастығының сайқалы-мыс. Өсек шіркін жерде қалған ба?..)
Ол негізінде мұздай виски ішкісі келген. Безгегі ұстаған кісіше діңкесі таусыла дірдектеген денесін «жүз грамның градусымен» қыздырып алуға қарсы емес. Бірақ «ерекше күннің» зарпынан ойын жинақтай бастады. (Бастық бола тұра мисыз ақымақ емес қой). Сосын тыныштандыратын дәріге жүгінді. Иә, бүгін «майлы» мүмкіндікті құр жібермеу керек, керек. Қашаннан құлқыны құнығып, араны апандай ашылып қалған соң бас тарту қиын. Кезекті «қанжыға майлау» операциясын жүзеге асыру үшін барын салуға тырыспақ. «Жуудың» көкесі содан соң болатынын топшылады. (Істей жүріп тістей жүретін әдет біздің елдің басшыларына жұққан ауру дерсің, сүйекке сіңді дерт дерсің. Мықты болсаң сол кісәпірлердің дауасын тауып көр!)
Басекең мүлдем басқа-басқа қалыпқа түсті. Үйінде орын алған сұмдықтың бәрін түс құрлы елемей, пышақ кесті ұмытып, қызыл көрген бүркіттей қомдана насаттанды. Құрысқан-тырысқаны жазылған ба, жүйе-жүйесі босаған ба… Миығынан сәл жымиды. Бақыттың хошынан басы айналған ба, байлықтың буынан мастанған ба… Енді екі-үш асаған соң шу қарақұйрық тайып тұрсам қайтеді деген азғырынды ойымен арбасты. Сірә, қимайтындай қайбір екі туып, бір қалғаны бар дейсің. (Мысалы, шенді шенеуніктердің шетел асып қашуы жаңалық емес. Тіпті, үрдіске айналдырғалы қа-а-ш-а-ан). Кенет бірсін-бірсін қалжырап, есінеп-құсынап, креслосында шалқалай отырған күйі қалғып кетті. Жүз жыл ұйықтамаған сынды.
Қызара бөртіп тұрған түрі бара-бара сұрлана бастады. Сәлден соң тағы да тыныс алуы у жұтқандай қиындады. Қысылған көкірегіне сыймай жүрегі тарсылдап алқымына тірелді. Тынысымен қоса бүкіл әлем тарылғандай, жүрегімен қоса бүкіл әлем жарылғандай… Тарс-тарс-тарс!.. Жо-жо-жоқ, есікті хатшы қыз қағып, кабинетке шай алып кіріп келе жатыр. Сол сәтте Басекең манағыдай селк ете қалған еді. Кеудесінен шар тәрізді көкшіл жалын ұшып шықты. Бірақ оны хатшы қыз байқамады, білем. Дөңгелене қалықтап жүрген нәрсе кәдімгі шыбын болатын. Иә, иә… Басекесі шыбынға айналыпты. Ап-анық көрініп тұр: өзінен аумайтын семіз көк шыбын. Тегінде қазақ адам жанын шыбынға, дүниені боққа теңеген. Ақиқаты сол, аталы сөзге тоқтамағандықтан Хақтың жолынан адастық, иманымызды жоғалттық…
— Ыз-ыз-з!.. Ыз-ыз-з!..
Басекең қалайша ұшып жүрмін деп таңғалды. Таңғалуы мұң екен, өз көзіне өзі сенбеді. Қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан тәнін көріп аза бойын қаза қылды. Қимылсыз жатқан дәу денесі кішірейіп бара жатқандай сезілді. Әлде, шыбын да болса, зорайып кетті ме… Хатшы қыздың бір-екі дауыстағанына тұра қоймады. Түртіп оятпақ болып аяңдаған. Қасына тақалғанда бүгінгі көңіл-күйінің пәстігі алаңдатты. Сағатына қарап, әзірше мазаламай-ақ қояйын деген оймен ілби басып шығып кетті. Ызыңдаған шыбын да бірге ере шыққан. «Бұл менмін, Басекемін» деп айтуға тілі жоқ жазған жәндіктің. (Жәндік демей, жандық дегеніміз дұрыс шығар). «Бір жүрген қасымдағы сайқалым-ай, дүние өте шықты найқалып-ай» деп есіл дәуренін зарлы әнге қосқандай болды. Бәлкім, ол өлі денесіне барып қонғанда қайтадан тіріліп кетер ме еді, кім білсін…
Арада біраз уақыт өтті білем, қол астындағы кіші бастықтар мәжіліс залына топтаса бастады. Сәлден кейін дөңгелек үстелге бәрі шірене жайғасып, енді жиналысты бастайтын Басекені күтулі. Бұл уақта шығыстағы кезбе бұлттар жөңкіле көшіп, күн арқан бойы көтеріліп қалған. Одан дүние өзгерсе қане. Өгізаяң өмір, түлкібұлаң тірлік баяғыша жалғаса бермек.
— Ыз-ыз-з!.. Ыз-ыз-з!..
Жиналған кілең кіші бастықтардың берекесі қаша бастады. Өйткені олар ызыңдаған шыбынның үлкен бастық екенін ойласашы. Басекеміз әне-міне кіріп келеді деп отыр. Сондықтан барлығы жапа-тармағай өре түрегеліп, қолдарына бүктетілген газет алып, шақырылмаған «бәлекетті» құртудың амалына кірісті. Абыр-сабыр. Қуғын-сүргін…
— Ыз-ыз-з!.. Ыз-ыз-з!..
Көздерін шел басқан өңкей бастықтар шыбынның қыр соңынан қуалап жүр. Байғұс шыбынға да жан керек. Қанатының талғанына қарамай, қонбастан зуылдап ұшып жүр. Азар да безер… Әттең, оларға зекіп тастайтын күнделікті тілі жоқ. Әйтпесе, ит терісін бастарына қаптар еді. Ал қазіргі жандәрмен шырқыраған даусын ешкім естір емес. Құлақтарына тас тығылған дерсің. Бұрын-соңды мұнша азап шегіп, бұрын-соңды мұнша тауқымет тартып көрмепті. Бұрын-соңды мұнша жалғызсырап, бұрын-соңды мұнша жетімсіреп көрмепті… көрмепті…
Айтып-айтпай қайтейін, ақырзаман орнағандай «ғарасат майданын» бастан өткерді. Ақыры қашып құтылудың жолын тапты-ау, тапты-ау! Кішкене ашық тұрған терезеден ілдалдалап, әупірімдеп сыртқа шығып үлгерді. Өмірінде қиындықпен жаны елжіреп, ауырлықпен жүрегі езілмеген Басеке-Шыбын еріксіз еңіреп кеп, ағыл-тегіл жасына ие бола алмай қалғаны. Жанары жіпсіктеніп, көз алды бұлдырап кетті. Кең дүниемен осылайша жылап көрісті. Тамағына ащы өксік кептелді. Еркіндіктің қасиетін пәмлеген бе, әлде тәубесіне түскен бе… Бірақ та бәрібір кешікті. Басына бостандық тигеніне қуанып келе жатып… дың-ң ете қалған. Ұшайын десе ұша алмайды. Қанаттарын біреу қырқып тастағандай. Жан-жағына асықпай қараса, өрмекшінің әдемілеп тоқылған торы. «Асқанға тосқан, асауға тұсау» осы болар де, мұхаррам оқырманым.
— Ыз-ыз-з!.. Ыз-ыз-з!..
Қанша бұлқынғанымен шырмауықтай шырмап алған желімді тор босатпады. Тыраштана тыпыршыған сайын өрмек жіп иесіне хабарлап белгі беруде. Ендігі жерде өзінің жемтік екенін өрмекшінің ажал сепкен көрдей суық та сұсты көзінен байқап тұрды. Дөңгеленген оқтай көзі өңменін тесіп жібермекке қадалғаны және хақ. Борша-боршасын бір-ақ шығарғаны сол еді, сеспей қатты. Жантәсілімін берерінде иманын үйіріп, атау-кересін ішіп жетіспеді. Аузына «бісміллә» да түспеді. Ақырет алдында айтқан ақырғы сөзім дегендей ақырын ғана ыз-з етті. Әлдеқайдан елең-алаңдағы сумаңдаған сыңаймен сумақылау жел желе-жортып жетті. Марқұмның жаназасын шығаруға асыққан молдаша білетін аятын күбірледі-ай… Бұрынғылар айтпақшы: «Бақыт деген тойға келген қыз емес пе, байлық деген қолға ұстаған мұз емес пе…» Айдан анық айтқаны шын екен.
Сөйткен Басекең, обалы не керек, лауазымын басқалардан қызғанғандай һәм мәңгі-бақи билік басында отыратындай «тағынан» тұрмастан о дүниеге сапар шекті…
P.S. Тумақ барда өлмек бар. Өзектіге өлім келейін десе, шапшаң емес пе? Әлбетте, алдыңнан не күтетінін болжай алмайсың. Дана халқымыз адам ғұмырының қысқалығын бір сөзбен бес күндік деп шыбын жанға байланысты айтса керек. Себебі біз мұқтасар еткен мақұлық та бар-жоғы бес-ақ күндей тіршілік кешеді-міс.
Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ