(Маңғыстаулық түс)
Шейіттерді өлі демеңдер, олар тірі,
бірақ сендер сезіп біле алмайсыңдар.
(Бақара сүресі, 154-аят.)
Кейде өзін тауға ұқсатады. Төбесін көкке тіреген асқар тау. Тәңірімен тілдескен әулие тау. Төменге иіліп қарамайтын тәкаппар тау… Кейде өзін аралға ұқсатады. Теңіз тұңғиығынан қалқып шыққан жұмбақ арал. Табиғатынан қойнауы алтын мен күміске толы қазыналы арал. Тіршілік атаулыдан жұрдай жетім арал… Кейде өзін молаға ұқсатады. Төңірегіне менмұндалап көрінетін күмбезді мола. Төрт құлақтанып салынған сағана мола. Түздің аңызағы мен жауыны мүжіген қиранды мола…
Сөйткен мына жалғыз төбе кейде өзін ештеңеге ұқсатпайды. Бірақ… Оқта-текте түс көретіні бар. Бұл өзі қызық жағдай. Кәдімгі адамдар сияқты ұйықтап жатып түс көрмейді, мәңгі ояу күйде түс көреді. Далалық түс. Мыңжылдық түс. Бір сәттік түс. Егер ғайыптан тайып оның түсін бір адам көретін болса, сол түстен шыға алмай қалуы мүмкін. Қалған өмірін түс әлемінде өткізеді. Ешқашан оянбайды. Мұны маған озалдан жеткен жел айтты. Желдің кімнен естігенін білу маңызды емес. Мен үшін жалғыз төбенің түсі маңызды.
Иә, жалғыз төбе кейде түс көреді. Маңғыстаулық түс…
Қараңғы түн. Қаралы түн. Бағзы түн. Жалғыз төбе қияндағы басқа бір жалғыз төбемен тілдесіп тұр. Тілдесудің құралы – от қана. Ұрандаған от. Аттандаған от. Бабадан қалған от. Жайшылықта жағылмайтынын осы мекендегі жұрт жақсы біледі. Жау шапты деген сөз. Ойдағы елдің ойрандалғаны жайлы хабар жоғарғы елге жетті. Жау қарасы шамамен үш жүздей екен. Бұйқыт жатқан ауылдың құтын қашырғаны бір бұл емес. Бұған дейін де арадағы соғыспау туралы уағданы ұмытып, бітімді бұзған-ды. Талауға түскен малды айтпағанда, «қара күн туды басыма, таралып өсер бой қайда» деп зар жылап дұшпанның жетегінде кеткен қарындас қаншама десеңші. Талайы жат жерде күңге айналды. Ал мына бір айдаудағы көп арудың мұңлы даусы қаракөк аспанды теңселтіп, ала қырдың үстін күңірентіп барады.
Әлқисса, таң атқанша жалғыз төбенің басына бес қаруын асынған, кіл жарау ат сайлаған алпыс жігіт жиылды. Алпысы да «жау үстінен ар алған, ел үстінен баға алған» намысты ер еді. Әуелі көкте Алламыз жар болсын деп, сосын жерде піріміз қолдасын деп, қол жайып, бата қылды. Тәуекел – ердің ісі-дүр. Сарала туды көтеріп, алпыс батыр жау сағынғандай желіп келеді. Алыстан шұбырған көш, шұбалған шаңды көрген атайы аламан іздегеніміз осы дегендей атойлап лап қойысты. Қайтқан іздерін кесе көлденеңдеп шыққан алпыс жігітті байқаған қаптаулы қалың дұшпан алғашында сасқалақтап қалды. Естерін әрең жиып, жол тосқандардың аз екенін білген соң олар да тұра шапты. Жан алысып, жан берісер шайқас басталды да кетті. Алдымен алпыс жігіттің ішінен жиырма мерген алғы шепке шығып, қырлы мылтықтан оқ жаудырып, жетеуін сұлатып салды. Біразға дейін қарсыластарын жолатпады. Саны көп болғандықтан дұшпан да осал емес. Үш қайтара шапты. Ақыры шегінуге тура келді. Амалы таусылған жау жағының қолбасшысы алпыс жігіттің бас батырын жекпе-жекке шақырды. Екі жақ та қақақуласып тұра қалысты. «Құдайдан сұрағаным сенсің» деп бас батыр көк сүңгісін өңгеріп, наргескенін жалаңдата ұмтылды. Астындағы «танаулары талыстай, құлақтары қамыстай» қой мойынды құла аты жүйткіп келеді. Ақырған дауыстардан дауыл соққандай боп, аласапыран қайта басталды. Әруақтап көк сүңгісін сілтеген бас батыр қас қағымда жай оғындай жарқылдап өтті. Құрақтай ұшып түсіп, топырақта аунап жатқан қолбасшысын көрген дұшпанның шебі тезектей шашылып ыдырай бастады. Сөйтіп жүргенде шетінен қырылды. Оңай олжаның түбі ойранмен аяқталды.
Жіберген есе, кеткен кектің қайтқанына алпыс жігіт қуанысып жатты. Қынабында тот басып қалған қылыштарын қанға суарды, сайғақтай қуарып қалған найзаларымен армансыз көбе бұзды. Бір кезде қырпу астына жасырынған бес-алты жау бас сауғалап қаша жөнеледі. Оны қалт жібермей байқаған бас батыр өзім-ақ өлтіре салайын деп құла атпен соңдарынан қуып барып, көк сүңгісін енді шанша бергенде… тапанша гүрс-с етеді…. Жүрек тұсы дүрс-с етеді… Көз алдында бұлдыраған дүние дөңгеленіп бара жатты. «Елге сәлем айтыңыз, қош, аман-сау болыңыз, көріселі махшар күн» деп ақырет алдындағы ақтық сөзін айтып, шейіттік сапарына аттанды. Иесінен айрылған құла ат жау қолында кеткен-ді. Қанын жумай, киімін кебін қылып бас батырды қандыкөйлек жолдастары арулап жерледі. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дейді. Бірақ елін қорғаған есіл ерлер өлмейді. Оларды ұрпақтары мәңгі-бақи ұмытпайды. Есімдері тарихта алтын әріптермен жазылады.
Жалғыз төбе тағы да түс көріп жатыр. Маңғыстаулық түс…
Алыстан талып жетіп ат дүбірі құлаққа шалынады. Тағы да елдің мамырстан тыныштығын бұзуға аттанған аламан қол емес, бұл жолы жеке дара шауып келеді. Таңғалмасқа шара жоқ. Неткен жершіл, неткен адал еді малдан зият қасқа! Баяғы жау қолында кеткен қой мойынды құла ат иесінің басына келіп тұр. Су тағының құлыны атанған қайран жануар-ай, дұшпанға мал болман деп жат мекеннен қашып келген ғой. Көз жасын көл қылып үш күн азынады. Ақырғы рет кісінеді де иесі жатқан жерге барып құлап түсті…
Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ