Адамдарға айтқан сылтауы былай тұрсын, қазір Алла бұйырған амалдарға да сылтау айтатынды шығарды. Бұлай дейтінім, бүгінгі кейбір жастарды, өзімнің заман құрдастарымды жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақырсаң, зинадан қайтарып, намаз оқу керектігін айтсаң «әлі жаспыз ғой», «біраз жүре тұрайық та», «әлі ешнәрсе көрген жоқпыз ғой» деген сылтаулар айтады. Сан түрлі себеп-салдарлар келтіреді. Алайда солар исламның парыздары балиғат жасқа (Балиғат жасы деп ұл балада 12-15 жас арасы, қыз балада 9-15 жас аралығы саналады.) толған сәттен басталатынын, бұл дүниенің қызығы уақытша бір құнсыз нәрсе екендігін, Алла Тағала әрбір ізгі ниетпен жасалған амалдың сауабы мен сыйын беретінін, әрбір күнәлі істің жазасын тартқызатынын олар білмейді емес біледі. Бірақ сол баяғы сылтауын айтып жүре береді.
Үлкендер де оларды қостап, «не болды сонша жап-жас болып намаз оқып, не күнә жасап қойып едің» дейтінін құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр. Сол ақылшы аға-әпкелеріміз күнә жасаған адамдар ғана намаз оқиды, күнәсыз адам намаз оқымайды деп ойлай ма? Шындығында, намаз балиғат жасына толған әрбір мұсылманға парыз, яки қасиетті борыш және екі дүниеде бақытты болудың кепілі. Сонымен бірге сол «жап-жас» деп еркелетіп жүрген іні-қарындастарымыз зина жасап, арын сатқанда, ұрлық жасап, жаман әдетке үйірсектенгенде, ел ішінде бүлік шығарып, әр түрлі қылмыстар жасағанда оларды «не болды сонша, олар жап-жас қой» дей аламыз ба? Әрине, жоқ.
Өйткені имани тәрбие жас-кәріні талғамайды және Алланың бұйрығы жас пен кәріге бөлінбейді.
Ал, қазіргікейбір ел ағалары мен қарияларға (әрине барлығы емес)намаз оқыңыз десең, дінді айтып, еліміздің жастарына имани тәрбие беруге шақырсаң былай дейді:
«Зейнетке шығып алайын, сосын намазды алаңсыз оқимын» дейді. Ол кісі бірақ сол зейнеткерлік жасқа Алла жеткізе ме жеткізбей ме одан бейхабар. Өйткені, адам қашан дүние салатынын, ертең не болатынын, қиямет күні қай уақытта болатынан білмейді да біле алмайды.
Оған қоса, «Әй, балам ау, бір аяғым көрде бір аяғым жерде тұрғанда маған не қылған намаз, шамам да келмейді оған, еңкейіп сәжде қылсам қаным басыма құйылып кетер» деген секілді ұзақ сонар өзінің сылтауларын суыртпақтата жөнеледі.
Сонда ол кісілер кімді алдайды, өзін бе, әлде Алланы ма? Әрине өзін алдайды. Өйткені, сан мың сылтау айтып, адамды сендіруге болады, ал сылтау айтып Алланы алдай алмайсың. Өйткені, Алла барлығын білуші, сезуші және көруші ұлы Жаратушы.
Алла Тағала өзіне сылтау айтып, мазаққа қалудан сақтасын! Лайым, қазақтың әрбір отбасында иман мен бірлік салтанат құрып, жастарымыз иманды да ибалы, қарттарымыз тақуа және қадірлі болғай! Әмин!
Тұрар
маша Аллах! Аллах разы болсын!