Әкенің мейірімді бейнесі

Кей мезгілде «егер әкем тірі болса…» деген ой мазалайтыны бар.. Әйткенмен өткен күн тек естелік қана… «Әкелеп», асқар тауымыздың мойнына асылып, еркелеме-генімiзге он жылдай болыпты . Біз ол кезде студент едік. Екі апам және мен , кішкене інім бар. Есейдік, ес білдік. Анамыз балапандарын жеткізді, жетілдірді. Бірақ әкенің асыл бейнесі, дарқан пейілі, әлі күнге есімізде… Жұмысын, мамандығын жанындай жақсы көрді. Әкеміз тым балажан болды. Ешқашан балаға жатырқай қараған емес. Балалары да әкеміздің қасынан шықпайтын. Көзі тірісінде әкеміз сурет салып , естіген әңгімелерін күнделігіне жазып жинақтап жүретін.. Баламыз ғой, көп нәрсені дәл сол кездері түсінбедік. Әкем үнемі ойдың жетегінде жүретін. Қазір ойласам, бізге сырқатын білдірмей жүреді екен.

Қолтаңбасы қалған жазу дәптерлері әкемнің көзіндей сақтаулы тұр. Кей кезде әкемізбен сол күнделіктері арқылы сырласамыз. Сарғайған парақтарда әкеміздің бейнесі сақталғандай. Ол өз күнделігінде алаңсыз балалық шаққа, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа берік ауылдағы бұйығы өмірге деген іңкәрлік сезімін жазатын.. Анасының бауырында өскендіктен бе, әңгімелерінің денін ақ жаулықты аналармен байланыстыратын. Әкеміздің көзі тірісінде жинақтаған әңгімелерінің біразы 2011 жылы « Дариға дәурен» естелік жинағына енгіздік.

Ойлап қарасам, әкеміз ұлтты сүю, сөздің мәнін түсіну, адамгершіліктен ада болмау, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу сынды асыл қасиеттердің барлығын бойымызға сіңіріпті.. Шыны керек, оның жарқын жүзінен қаталдық сезілмейтін. Апа — ініме ешқашан дауыс көтерген емес. Барлық нәрсені байыппен, байсалдылықпен түсіндіретін. Үнемі «көзімнің ағы мен қарасы» деп еркелетіп отыратын . Бізге барынша қазақы тәрбие беруге тырысты. Үйде жыр-термелер мен күйді қосып қоятын. Онысы қаланың шуылдақ өміріне еріп, шалақазақ атанбай күмбірлеген күй мен қазақтың асылдай сөз маржанын бойымызға сіңірсін дегені шығар. Кейде апаларымызбен орысша сөйлесіп отырғанда «.. керек болса, есейгенде меңгерерсіңдер. Сендер алдымен қазақсыңдар, осыны ұмытпаңдар» деп ескерту жасайтын.

Әлі есімде, кеш қарайғанда ойынға ермей, әкеміздің жұмыстан келер уақытын тағатсыздана күтетінбіз. Әкем алдымен бізді құшақтап, маңдайымызды иіскеп , сосын барлығымызды дастарқан басына жинап, қызықты әңгімелер, күлкілі анекдоттар айтып береді. Есімізде қалғаны – әкеміздің айтатын халық әндері . Оқушы, студент кезінде әкеміз ән айтқан , бас қосқан жиын тойларда ән айтатын. Бұл ауылға, сонау балалық шаққа деген сағынышы екен әкемнің. Әдемі ән айтылған күндері үйіміз шат-шадыман күлкіге бөленіп, ас бөлмеміз құдды бір концерт залына айналатын.

Өмірден ерте кетерін білді ме, кім білсін, әйтеуір біздің балалық шағымыз-дың барынша алаңсыз өтуіне жанын салды. «Бала ұйқысын қандыру керек, алаңсыз ойнау керек, баланың киімі көк, тамағы тоқ болу керек, оқы, жаз, сыз деп қинама, ұрыспа, бәрін өздері меңгереді» деп отыратын анамызға. Үйге қонақ келе қалса: «мына қызым үлкен қызметкер болады» деп отыратын. Ондайда әкемнің балдыздары мен бажалары « Ғабеке, бірі — сары, бірі — қоңыр қыздарыңыз бен құлағы қалқиған ұлыңызды айтып қоймадыңыз ғой, алдымен әріп танып, жазуды үйренсін» дейтін , әзілмен қағытып. Ал әкем: «өздеріңде мұндай қыздарың жоқ болған соң айтасыңдар» дейтін. Қыз бала анасына жақын болады ғой. Ал мен анамнан гөрі әкеме жақынырақ жүрдім. Кейде «менің аузымнан түскен қызымсың» дейтін маған. Балалық қызығушылығыммен «сондай қалай?» деп сұраймын. «Мен «аһ» дегенде, сен аузымнан түсе қалдың» дейтін. Содан үйге келген қонақтарға «мен әкемнің аузынан түскен қызымын» деп мақтанатынмын. « Жарасқанымды жиырмаға толса үйлендірем, ерте-рек қызығын көрем» деп отырушы еді. Жарық дүниеден бұйырған дәм-тұзы шығар, ұлының қызығын көре алмай, бар-жоғы 48 жыл өмір сүрді.

Анамыз үнемі « Ғабиденнің ізінде қалған аманаты» деп қарайды бізге. Әрдайым «әке-леріңдей болыңдар, сөздің парқын, ойдың тереңін түсіне біліңдер» деп отырады. Анамыз қанша қиналса да, әкеміздің жоқтығын білдірмеуге тырысты. Еңсемізді түсірмей, әрі әке, әрі ана бола жүріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Әкеміздің айтқан сөздерін әлі күнге құлағымызға құйып келеді. «Ешқашан әкелеріңнің атына кір келтіретін оғаш қылық жасамаңдар» деп ескертеді. Әкеміздің мейірімге толы бейнесі, ақ пейілі мен айналасына көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын әзіл-қойлығы есімізде қалыпты.

Әкеміз үнемі ізіндегі іні-қарындастарына қамқор боп жүретін. Кейде әкеміз айналасына көлеңкесін түсіретін алып ағаш сияқты елестейтін. Ол ешқашан бөгде адамнан көмегін аяған емес. Тіпті көшеде кездейсоқ жолыққан жанға да қол ұшын беруге даяр тұратын. Дос-жарандары, туған-туыстары әкеміздің әзілқойлығын, кім-кіммен де еркін тіл табысып кететін ашық мінезін, дарқан пейілін еске алып отырады. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөз бекер айтылмаса керек. Кейде әкеммен қатар жұмыс істеген қызметтестері мен достарының « Ғабиден білікті құрылысшы еді » деген сөздерін естісек, марқайып қаламыз әкемізбен мақтанамыз. «Жақсы әкенің аты жаман балаға елу жыл азық болады» дейді ғой. Аллаға шүкір, әке-міздің жоқтығын байқатпаған аға-әпкелеріміздің, нағашыларымыздың арасында жү-ріп, есейдік. Тіпті біреу «Күлкісі де, сөзі де Ғабиденнен аумай қалыпты» деп, түр-сипатымызды әкемізге ұқсатса, біздер балаша қуанамыз. Әке-шешесін арқалап жүрген ешкім жоқ. Ерте ме, кеш пе бұл өмірдің дәм-тұзы да таусылары хақ. Әркімнің маңдайына жазған тағдыры, өлшеп берген ғұмыры бар. Кей кездері «әкем бүгінгі қалпымызда көрсе, не дер еді? Біздің кім болғанымызды , қандай азамат болғанымызды қалған еді? Бүгінде бізге қандай ақыл-кеңесін айтар еді?» деген сауалдар ойыма орала береді. …

Сәкен Бозаев .
Атырау облысы , Құлсары қаласы.

+2
0

Share This Post

guest
1 Комментарий
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Сакен Бозаев
Сакен Бозаев
5 жыл бұрын жазылды

….Бұл мақаланың жазылуына жаңа тұрпатты мекемелерде беделді қызметтер атқарып , іскерлік деңгейге жеткен Ұлмекен Ғабиденқызының өмірден ерте өткен әкесі туралы толғана айтқан әңгімесі негіз болды. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Евуразия ұлттық университетінің жаратылыс тану- техникалық факультетін үздік бітірген. Осы заманғы өмірге еркін араласып, тұрмыста ғана емес, әлеуметтік орта, қоғамдық құрылым өрісінде де елеулі орын алмақ ыңғайын танытып жүрген талапты жас .