Қарттық деген азабы келіп жетіп,
Дәрмені жоқ қариялар жүр ғой,
Амалсыздан қарттар үйін мекен етіп.
Тұрушы еді алдымызда асқар болып,
Бір кездері жазылушы еді дастан болып.
Қарттар үйінде қалыпты қарттарымыз,
Қиналып, жанарлары жасқа толып.
Қазір қиын олардың жайы, күйі,
Осы болып, мінекей, жеткен жері.
Қаншама жәудіреген ақсақалға,
Пана болып отыр ғой қарттар үйі.
Кетті ғой текке олардың бар бейнеті,
Сағы сынып, олардың жаны күйреп.
Сондағы өз баласы тастап кеткен,
Бетін тілсе, қан шықпайтын безбүйрек.
Иә, менің мақалам осындай ауыр өлең жолдарымен басталады. Бұл өлеңді санасы жоқ сайрандап жүрген жастардың ар жағына бірнәрсе жетеді деген үмітпен жазып отырмын. Өмірден көргені мен түйгені көп, аларынан берері мол қарттарымыз біз үшін баға жетпес байлық емес пе? Жастайынан тағдырдың тауқыметін көріп өскен ақсақалдарымыз бен ақ жаулығы желбіреген әжелеріміздің айтқан әрбір сөзі біздің өмірімізді түбегейлі өзгертіп, қиындыққа қарсы тұрар басты қаруымыз бола алады. Біз солай деп бағалаған қадірлі ата-әжелеріміздің ғұмыры қарттар үйінде өтіп жатқандығы өте аянышты жағдай.
Кішкентайынан әлпештеп өсірген балалары ата-анасын сол бір қараң қалғыр шаңыраққа апарып тастап жатады. Беті бүлк етпестен аяулы анасынан, асқар таудай әкесінен бас тартқан балаларға не деуге болады!? Қандай шара қолданамыз?! Балаларынан баз кешіп, бақытын қарттар үйінен іздеген қарттарымыз қаншама! Өзгеден үміт күтсе де, өзегінен тепкен балаларынан үміт күтпейтін ата-аналарымыздың сондағы бар арманы – балаларының бақыты ғана. Балалары әкесін, анасын іздеп келеді екен, бірақ оның жалғыз себебі көкейлерін тескен ақша екен. Өздері жұпыны киінсе де, баласының жағдайы үшін айына бір рет алатын зейнетақысын балаларының қолына ұстатып жібереді. Қартайғанда қызығын көрсетудің орнына қабырғаларын қайыстырып, өмірлерін өксітіп, кең үйлерін анасы мен әкесі үшін тарсынып, аяулы жандарды тағдырдың ауыр сынағына тастап, онсыз да сол безбүйрек балалары үшін өткен азапты ғұмырлары аз болғандай, қиындықпен беттестіріп қояды. Сондағы ата-аналардың жазығы не? Өмірге әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, ауыра қалса асты-үстіне түсіп, сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма қадалсын деп бар тәттісін баласының алдына тосып, жақсысы мен жайсаңын, қазысы мен жал-жаясын баласына беріп, бесігінің басында талай түнін ұйқысыз өткізгендігімен қоймай, түнімен көше кезіп кеткен баласын күтіп көз ілмейді де. Одан қалса, өсіріп, үйлендіріп, үй қылып жағдайын жасап болдым, енді бейнетімнің зейнетін көрейін деген шағында сол қартта үйіне көздерін жәудіретіп тастап кетеді. Сонда анасына жасаған жақсылығы осы ма? Жоқ әлде анасының қиындықпен кешкен ғұмыры текке өткендігі ме?
Ананы Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың деп құрмет тұтқан ананың бағасын түсірген санасыз жастар қаншама. Алла алдында үлкен күнәға батқан кей жандар еш қорықпайтын болды. Ата-анасын жылатқандығы үшін сұраққа тартылатынын ұмытқандай. Қош делік, әр нәрсенің өз уақыты бар. Өз қолымен істеген іске өкінетін кез де жетер.
Менің бұл мақаламдағы айтпақ ойым, қиындықты көп көрген ата-әжелеріміз ешқашан жыламасыншы. Олар неге қайғыруы керек? Олар неге мұңаюы қажет? Осы жағын біз неге ойламаймыз?
Жақсылық Айгерім
Алматы облыстық И.Нүсіпбаев атындағы №4 мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы