Кей жас жұбайлардың уақыт келе, тіпті сол шаңырақ құрған жылы-ақ ажырасып кеткендігін естіп жатамыз. Сол сәтте ойымызға бірден мына бір сұрақтар тізіле кетеді: «Осындай шешім қабылдауларына не себеп болды екен?!», «Кім кінәлі», «Перзенттері кімде қалады екен?», «Қайта отбасын құрады ма екен?», «Оның зардабы қандай болмақ?». Ендеше осы көкейімізде жүрген сұрақтарға жауапты бірге іздеп көрейікші.
Әлеуметтанушылар мен психологтардың соңғы он жылдықта зерттеулеріне үңілсек құрылған әрбір екінші отбасы ажырасуға бейім, әрбір төртінші құрылған отбасының соңы ажырасумен бітеді екен. Демек бұл көрсеткіштің аса жоғары екендігін, әрі қоғамымызда ажырасу қалыпты жағдайға айналғандығын көрсетеді.
Әлем бойынша ажырасудың жоғарғы деңгейі Португалия — 67% , соған шамалас Чехия — 62-65%, Венгрия және Испания мемлекеттерінде әр құрылған 100 отбасының 67-62 ажырасады екен. Солтүстік Еуропада бұл көрсеткіштер біршама төмен: Германия, Норвегия, Нидерланды — 48% болса, Финляндия — 45% шамасында. Ал, Қазақстан ажырасудың деңгейі -39%. Бұл көрсеткіш әлемдегі ажырасу көрсеткіштерінің ішінде 21 орынға тиесілі. ҚР Статистика агентігіңің мәліметі бойынша 2000 жылы ҚР тіркелген ажырасулардың саны 27391 болса, 2014 жылы оның саны 52673 жеткен. Яғни, он төрт жыл ішінде ажырасу екі есеге өскен. Аталған 52653 көрсеткішінің артында қанша жетімдің тұрғанын шамалай берейік.
Осындай шешім қабылдауларына не себеп болды екен?
Әр үйдің сыры басқа демекші, әр отбасының ажырасу себептері де әртүрлі. Қазақстан мен Орталық Азия отбасы Институты сараптамасына сүйенсек ажырасудың негізгі себептері:
- Психологиялық себептер:
- Перзенсіздік;
- Түсініспеушілік;
- Отбасылық құндылықтардыңболмауы;
- Сенімсіздік;
- Менмендік
- Қателіктерді мойындамау;
- Қызғану;
- Өмірге деген көз-қарастарының үйлеспеуі;
- Ерлі-зайыптылардың бір-біріне қанағаттанбауы;
- Туыстар мен дос-жарандарының ықпалы;
- Ішімдік;
- Есірткі;
- Интернет және теледидар
- Махаббат көріністерінің азаюы;
- Әлеуметтік себептер:
- Тұрмысқа қажетті заттардың болмауы;
- Тұрғылықты орынның болмауы;
- Ерлі зайыптылардың бірінің екбекке жарамсыздығы;
- Жұмыссыздық;
Ажырасқан жұптарға осы сұрақ қойылғанда көпшілігі «бір-бірімізді түсінісе алмадық» деп жауап береді екен. Бір қызығы осы уақытқа дейін бір-бірін түсінісіп келеді де, осындай жауапты шешім қабылдауларына « Біздің мінезіміз сай емес екен, мен оны мүлде түсінбеймін және т.с.с » деп себебін түсіндіреді екен. Әлеуметтанушы мамандар осындай себептермен ажырасуда әйелдердің бірінші орында тұратындығын анықтаған. Көп жағдайда әйелдердің тұрмысқа шықпай тұрғандағы мақсатына назар аударатын болсақ, басым көпшілігі өз бетінше жұмыс істеп, өз-өзін қамтамасыз ете алатындықтан болашақтағы барлық әлеуметтік жағдайын жоспарлап тастайды. Бұл жағдайда қыздардың бойындағы өзіне деген сенімділік арта түседі. Тұрмысқа шыққаннан соң үйде сүйікті жар, аяулы ана болып отырғаннан, жұмыс істеп, отбасын қаржылай қамтамасыз етуді басты орынға қойып жатады. Уақыт өте келе батыл, ер мінезді, отбасын қаржымен қамтамасыз етіп отырған әйелде «Неге мен жолдасымның туыстарын асырауым керек, неге мен бәріне көмектесуім керек, неге мен?», — деген сұрақтар туындай бастайды. Нәтижесінде жолдасымен мүлік не болмаса оның туыстары жайлы пікірін жайып салады. Бұл түсініспеушіліктің жай бір ғана түрі, оның ішіне көптеген себептерді көрсетуге болады.
Дегенмен, ерлі-зайыптылардың ажырасуында міндетті түрде біреуі кінәлі бола алмайды. Жалпы адам психологиясында әйел мен ердің ойы, пікірі, мінезі ешуақытта ұқсаған емес. Кінәліні іздегенше, үйленбей тұрып кеткен кемшіліктерге назар аударған жөн.
Қазіргі таңда көпшілік жастар үйленбей тұрып 2-3 жыл бірге қол ұстасып жүріп, бір-бірін толық таныдық деп жатады. Үйленгеннен соң «қыз кезінде бәрі жақсы..» деген мәтел ойға жиі түсе бастайды. Себебі үйленбей тұрып, тіпті үйленгеннен соң бірнеше жыл ішінде қыз да, жігіт те өзінің мінезін толық көрсете алмайды. Әрі үйленгеннен соң жас келіннің мінезінің өзгеруіне әсер ететін жаңа факторлар пайда бола бастайды. Оның бастысы жоғарыда атап кеткендей әлеуметтік жағдай. Осыған байланысты психологтар жұптарды үш топқа бөліп қарастырады:
- Үйленбей тұрып, тек сезім жетегінде болғандықтан кемшіліктері бола тұра байқамайтындар (жастар);
- Бір-бірінің кемшілігін біле тұра отбасын құрғандар (үйленсек бәрі өзгереді деген оймен);
- Бір-бірінің кемшіліктерін ұзақ жылдар бойы білетіндер (уақыт өте өзгерер деген үмітпен);
Ажырасу арқылы барлық қиындықты жеңеміз деген қате пікір. Ол шешімді қабылдау арқылы біз өзімізге жаңа бір қиындықтардың болатынын біле бермейміз. Қазақта ешуақытта қайтып келген қызын себепсізден үйде ұстамаған, тіпті ажырасуға жеткізбес үшін бар ақылын, даналықпен жеткізе білген. Барынша екі жастың туыстары жиналып, қайта жарастырып жіберуге тырысқан. Қазіргі уақытта бұл көріністердің аздығынан да болар, ажырасқан отбасылардың саны көбеюде. Себебі, бұл жағдайда үлкендердің іс-әрекеті керісінше, қызы не баласы ажырасып жатса, істің барынша жылдам бітуіне ат салысып, ойының бәрі тек мүлікті бөлісумен шектеліп жатады. Көпшілігі ажырасқан қызын құшақ жая қарсы алса, кейбір аналар ажырасқан ұлына ҚЫЗ іздеп шыға келеді. Дүркіретіп жасаған тойымызда «Құда — мың жылдық, күйеу — жүз жылдық» деп, осындай жағдайда олардан жаман, олардан өткен парасатсыз адам таппаймыз. Себебі дұрыс болмаса да, қызын не ұлын жақтап шыға келеді. Психологтар 1980 жылдары ажырасу зардабын ер адамға қарағанда әйел адам ұзақ уақыт бойы көреді (бала тәрбиесі, жұмысқа орналасу, қайта отбасын құрудағы шектеулер) деп білсе, бертін келе бұл пікірді әлеуметтанушылар жоққа шығарды. Оған себеп ажырасқан ерлі-зайыптыларға жүргізілген сауалнама нәтижесі болатын. Сауалнамада «Әйеліңізбен (жолдасыңызбен) қайта отбасын құрғыңыз келеді ма?» деген сұраққа, ер адамдардың -19,1% «иә» деп, ал әйелдердің – 6,8% келісімін білдірген. Бұдан келетін қорытынды, ажырасқан ер адамдардың 40% қайта отбасын құруға батылдығының жоғалатындғы, жалғыздық, өзіне деген сенімсіздік, кейде тіпті ішімдікке салынуына әкелетіндігі. Әйелдерге тоқталар болсақ, өмірлік күйзеліс, енді мені ешкім жақсы көрмейді деген пікірдің қалыптасуы. Бұл пікір әйел адамның өмірге, жұмысқа деген құлшынысы мен жігерінен айырады екен. Бұл жағдай кішкентай баламен салыстырғанда өмірдің ақ-қарасын көрген, оңы мен солын білетін үлкен азаматтардың өзіне ауыр тиеді. Ал балаға ше?! Ажырасу кішкентай бала үшін әкесі не анасы өзін тастап кетті деген ой қалыптасырып, нәтижесінде ата-анасының бірін жек көрумен аяқталады. Тағы айта кетерлік мәліметтің бірі, оларда есейіп отбасын құрғанда ажырасуға бейім келеді екен.
Отбасын – кіші мемлекет десек, отбасында да мемлекеттегі сияқты қиыншылықтар мен сәтсіздіктер, ішкі және сыртқы әсерлер, қаржылық дағдарыс сияқты жайттардың орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті оны құру үшін алдымен мықты мамандар қажет. Отбасын құрудан алдын өнегелі жар болуға жақсылап дайындалған жөн. Яғни, отбасы туралы жазылған еңбектермен жіті танысу және тренингтерге қатысу керек. Бұған қаражат кетеді, бірақ алдын-ала отбасына қатысты жиған құндылықтар болашақта отбасын сақтайтын әрі дамытатын көмекші құралдар. Бұған мысал, Малайзия мемлекетінде отбасын құруға өтініш білдірген жастарды арнайы отбасылық курстарға қатыстырады. Курсты тәмамдаған соң ғана өтініштерін қанағаттандырады екен. Нәтижесінде Малайзияда ажырасудың деңгейі 7% төмендеген.
«Отан отбасынан басталады» деген мәтелдің мағынасы неткен керемет десеңізші. Отанды жақсы көру, оны дамыту және уайым жеу отбасыдан басталады екен. Жоғарыда келтірілген мәліметтер баршамызды толғандыруы қажет. Кемедегілердің жаны бір дегендей Отанымыз бір болғандықтан, онда болып жатқан жәйт бізге де қатысы бар.