Еңбегі құрметке лайықты мамандық

Білім мен тәрбие беру – мәңгі ескірмейтін ардақты іс. Ардақты істің атқарушылары да өз ісінің хас шеберлері болуы керек. Педагогика классиктерінің «ұстаздық – қиялы бай адамдарға жарасты мамандық» дейтін дәуірлер талқысынан өткен сөзі бар. Мұғалім қызметі сипаты жағынан өнер саласына жатады делінеді. Өнерге жаңашылдық қажет. Баламен жұмыстың өзі жаңашылдықты қалайды. Мұғалім – жан-жақты білімді, рухани дүниесі бай, үйретері мол үлгі-өнегелі тұлға болуы қажет.. Білімінің көкжиегі кең бе, көкірек күмбезі биік пе, аласа ма, балаға айтар ақылы асыл ма, арзан ба, әдебі мен талғамы қандай? т.б. сапалық жағы анықталуы тиіс. Әр мұғалім осындай жеке дара сараптау елегінен өткізілсе құба-құп.

Мектептерде берілетін білім сапасына қанағаттанбаушылық негізсіз емес. Ол олқылықтар себебін мұғалімдерге жүктей салмай, шығу тегі мен салдарларын тереңірек қарастырған дұрыс болар еді. Мектеп жұмысы тек білім сапасына ғана емес, баланың өмірлік ұстанымдарына да қатысты. Ал ондай ұстанымдар мен рухани құндылықтарды қалыптастыратын орта шекарасы мектеппен шектелмейді. Мектеп қоғамдық ортаның шынайы бейнелеуші айнасы болғандықтан, оның мәртебесіне лайықсыз жаңсақ пікірлерге жұртшылық түсіністікпен қарауы керек . «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» дегенге сайсақ, мектеп пен мұғалім қызметіндегі кейбір көріністер себебін өзге жақтардан да іздеген дұрыс .

Анау бір кезеңде «шын атқа мінгенше шыбықты ат қыла тұрыңдар» дегенге шыдамы жетпеген білікті мұғалімдердің біразы ішіп-жемі молдау орта іздеп кеткені анық. Бүгінгі мұғалімдердің өзі де тәрбиеге мұқтаж. Оның ізденісі мен талпынысына жағдай туғызып, миын шаруаға жегетіндей орта қажет. Шығармашылықпен жұмыс жасауға дайын талантты мұғалімдер жоқ емес. Олар жаңашыл идеялар, жаңа тәжірибелер шекарасына енбей, қосылмай тұра алмайды. Шынайы мұғалім кез келген жағдай да басқалардың жетілуіне түрткі бола алатындай мамандық иелері. Сондай мұғалімдердің ізденісін танып, демеп қолдайтын билігі мен дерегі бар сарапшылар әр аймақта да болуы керек. Әйтпесе, өзіне ғана түсінікті, өзгеге жұмбақ шығармашылық ойлары соңында миы ашып жүріп далада қалғандай ахуалға тап болады.

Педагогикалық қызметтегі жаңашылдық олжалы пайда табу үшін емес, бүгінгі қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында туындайды. Нарық қатынасы жағдайында педагогикадағы жаңа идеялар мен ізденістер қалыпты қызмет жобасы шеңберінен шығып, нақты өнімге айналса дұрыс болар еді.. Педагогикалық өнімдердің де товарлық қасиеттері – құны мен тұтыну құны болуы керек. Мұғалім үшін өз қызметінің нәтижесін моральдық, материалдық жағынан көре алуы педагогикалық қызметтің сапалы болуының алғышарты. Шынайы мұғалімнің бағасын басқалардан бұрын бала біледі. Мұғалім еңбегінің құндылығына қоғамның құрметі сәйкес болуы тиіс. Әлеуметтік жіктелуден пайда болған ахуалдар мұғалім еңбегіне қаншалықты ықпал етіп отырғаны да белгілі жай.

Бір танымал жазушы шетелге шыққан сапарында шекара кеденшілері айналысатын кәсібін сұрағанда «жазамын» депті. Немен жазасың дегенде «қаламмен» деген екен. Кеденшілер жазушының іс-сапар анықтамасына «қаламмен сауда жасаушы» деп жазып беріпті. Қазірде де мұғалім қызметіне осындай кедендік көзқараспен қарайтындар бар. Мұғалімдердің «тағы бізге не берер екен» деп әлі билікке жалтақтайтыны рас.. Мұғалімдер ел қатарлы бойын түзеуге қадам жасалып жатса дейді. Еңбегі мен қоғамдағы орны мүсіркеуге емес, құрметтеуге лайықты болғанын қалайды.

Сәкен Бозаев КСРО және ҚР-сы білім беру үздігі.

+3
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии