Мектепті бітіріп, үлкен өмірге жолдама алу, студент атану — әрбір жеткіншектің арманы. Студенттік жылдар — оралмайтын өмірдің ең керемет бір кезеңі, сондықтан сол кезді еске алған сайын, сағынамыз. Студенттік өмір — ұмытылмайтын, қуаныш пен махаббатқа, қызыққа толы кезең. Қарбаласы, кереметақ! Шынымен студент өмірінің өзі, әсіресе жастық шақ нағыз бақыт!!! Қалай айтсаңыз да жарасады. Біздің топқа тән қасиет — сабақ арасында немесе жатақханада түрлі тақырыптағы қызу талқылаулар еш толастамас еді. Ал біз үшін семинар дегеніміз — нақ сабақ үстіндегі қып-қызыл дау, қызыл кеңірдек айтысқа айналатын еді. Бұл жайт әсіресе, қазақ пен оған қатысты мәселелерді талқылау барысында жиі орын алатын. Аштықты да, тоқтықты да, сарсаңды да, самғауды да бастан өткізіп жүрсек те әзілі мен қалжыңы таусылмайтын, өмірге деген құлшынысы мен талабы басылмайтын ол да бір дәурен екен ау!Жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратып берген, жер бетіндегі алғашқы ұстаздар саналатын Адам ата мен Хауа анадан кейін адамдарға тіршілік етуді пайғамбарлар үйреткен екен. Мәселен, Ибраһим пайғамбар құрылыс салуды, Жүсіп пайғамбар түс жоруды, Нұх пайғамбар кеме жасауды, Ілияс пайғамбар іс тігуді, Сүлеймен пайғамбар жануарларға иелік етуді үйреткені аңыздардан белгілі. Бар білгендерін адамдар бойына дарытқан олардың үйретушілік қызметтері замана бойы заңды жалғасын тауып келеді. Негізін пайғамбарлар салған осы ұстаздықты кейде «пайғамбарлар мамандығы» деп те атайды. Бар мақсат-міндеті адам бойына ізгі қасиеттерді дарытып, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру болып табылатын бұл кәсіпті «ұлы мамандық» деп те атауы тегін емес.
Ұстаздық — ең қиын, әрі қызықты маман- дық. Баршамыздың сауатымызды ашып, білім нәрімен сусындатып, өмірге қанат қақтырған ұлағатты ұстаздар қауымы қашанда жүрегімізден кетпесі анық. Әрбір студенттің есінде сақталатын, өзінше жақсы көретін ұстазы болуы заңдылық. Саналы ғұмырында ұлы мамандықты таңдап, сан жылдар шәкірт тәрбиелеп келе жатқан менің ең сүйікті ұстазым — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унуверситетінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты — Дәмегүл Баялиева. Дәмегүл апайдың бүтін саналы өмірі журналистика факультетімен бірге жасап, бірге кемелденіп келеді. Журналистика саласында 35 жылға жуық қызметінде мыңдаған шәкіртке ақылшы ұстаз бола білді. Ашықтық, адалдық, айқындық, жақсылық жасау апайдың идеалы деп ойлаймын. Көп студентке мейірімін аямайды. Дәріс барысында Дәмегүл апайдың айтқан мына бір сөздері есімнен ешқашан кетер емес: «Қайтпас қайсарлық, талап пен табандылық бар жерде алынбас асу, қол жетпес шың жоқ». Д.Баялиеваның әр дәрісінен шыққан сәтте, жүрегіме қуаныш ұялап, көңіліме қанат бітіреді, асқақ армандарға жетелейді. Сабақ беру барысында ол – студенттердің анасы секілді. Шәкірттерін туған анасындай баурап, өмір қиындықтары мен қызықтарын сезіндіріп аялаудан, мәпелеуден жалықпайды. Әр- қашанда ақылкеңесін айтып отырады. Тапсырманы көп беретін және сол тапсырмаларды орындап келуді қадағалайтын. Апайдың жымиған күлкісі журфакка жылылық сыйлайды. Барлық студенттің сүйікті ұстазы. Апай әр сөзін байыппен сөйлейді. Қатал талаптар қояды. Мүмкін, сол қатал- дықтың арқасы болар, студенттері жалқаулықпен қоштасып, қиыншылықты жеңе білетіні. Оның сабағынан очерк, газет репортажын жазуды терең меңгердік. Ол әр дәрісінде ұлттық құндылықтарға, ұлттық салт-дәстүрге баса назар аударады. Парасат пайымы мол, өмірден көрген білгені, үйренгені көп. Бір сөзбен айтқанда, ұлағатты ұстаз әрбір студентті алдағы асулар мен биік мақсаттарға жетуге ұмтылдырады.
Дәмегүл Баялиева менің жадымда, жақсы қырларымен жатталып қалды және ол мезгіл ілгері озған сайын жаңаша сипатқа еніп, жаңғыра да бермек! Адамзат баласы қандай да бір жетістікке жетсе ол мұндағы әу баста негізін қалаған ұстаз еңбегінің жемісі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан да ұрпақты білім әлемінің көкжиегіне жетелейтін ұстаздық қызмет атқарып жүрген Дәмегүл Сердалықызындай жандарға қандай алғыс айтсаң да артық болмайды! Ұстаз деген атақ ең жоғары, ең қасиетті атақ. Ол ешқандай ақшамен өлшенбейді. Ұстаз бола білу тек қана мамандық емес, талант дер едім. Диплом тақырыбын ұсынып, қорғаған сәтке дейін жанымда жүрді. Сіз мені инемен құдық қазғандай білімнің нәрімен сусындатып, өмір атты өзеннен өз арнамды табуыма үлкен үлес қостыңыз. Сіңірген зор еңбектеріңіздің алдында басымды ие отырып: зор денсаулық, үлкен абырой, ғылым жолындағы еңбектеріңіз жанып, білімді де білгір шәкірттеріңіздің қатары молая берсін деген тілек білдіремін!
Нақылмен ізгілікке ымдаған,
Ақылымен адам жанын шыңдаған.
Ұлағатты ұстаз — Дәмегүл апайдың,
Ғанибет қой, дәрістерін тыңдаған.
Қазаққа тән ашық-жарқын қабағы,
Шуақ нұрын төгіп тұрар жанары.
Әрбір сөзі салиқалы, саналы,
Ұстаздардың ұстазы ғой – Дәмегүл.
Жанға азық-оның әрбір сабағы