Келіні жақсы қандай-ды…

«Жақсы көру, жақсы көру,
Не деген керемет ең.
Өмірді сезінуге,
Қуанып көз ілуге
Адамды жақсы көру керек екен»

 

Сырлы сөз бен сазды әуен аясында бір сәт бойым балқығандай тәтті ойлар жүрегімді баурап алды. Жақсы көру-шынында адамдықтың, жүректің тазалығының белгісі. Шынайы сезімнің арқасында дүниенің сұлулығын, өмірдің қымбаттығын, айналып келгенде осындай бақытты сыйлаған Жаратқанға еріксіз тәуба айтасың. «Өткеннен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дегендей, өткен күннің қызығы мен қиыншылыққа толы күндерін еске ала отырып, болашағыңа болжам жасағандай боласың. Жалын атқан жастық шақ-өткінші жауын сияқты өте шығады да, алды-артыңды байқап, айналаңды төбеден қарап түгендейтіндей орта жас біршама ойландырады. Кеткен кемшіліктер мен жіберген қателіктер бармағыңды тістеткенмен, өтері өткен соң «дүние жалған-ай!» деп еріксіз күрсінесің. Алайда, «Көре-көре көсем боласың» дегендей өткен-кеткен өмірдің іздері текке кетпейді, жүрегіңе өз өрнегін салып кетеді. Жылдар бойы жинақталған өмірлік тәжірибеде әр адам басында өзіне тән біліктілік қалыптасады. Шама-шарқы жеткенше кейінгі ұрпағының бақытты, қателіксіз өмір сүруін қалайды, болашағының жарқын болуын тілейды. Адамшылықты алдына мұрат еткен жан кез-келген мәселені өзгелерге зиянын тигізбейтіндей жолдармен шешуге тырысады. Кейінгілерге үлгі-өнеге боларлық насихат айтып, өсиет қалдыруға тырысады. Осы тұрғыда, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын!» деген қағиданы ұстанып, ағымнан жарыла ақтарылып отырғаным, жақсы көретін адамдардың ішіндегі өзіме жақын, қандай жағдайда болсада ойланбастан сенім арта алатын аяулы жан келінім туралы толғаныстан туған сыр болатын. Көзді ашып-жұмғанша жиырма шақты жыл артқа қалды. Тал шыбықтай бұралған аппақ аруды келін қылып түсіргенімізде қуанышымызда шек болмады. Одан бұрын он бес жылдай келін болып, төрт баланың анасы атанып, сол шаңырақтың ыстық-суығына төселіп қалған кезім болатын. Өзім келін болып түскенде бірінші сыныптан екіншігі көшкен қайным қағілездеу, сүйкімді бала болып көз алдымда ер жетті. Оқуын бітіріп, әскер қатарына барып келгеннен мұнайшы болып осы кезге дейін еңбек етіп жүр. Өте тату болдық, әзіліміз жарасады. Сол қайным бұл күнде ортасына беделді, қырықтың қырқасына шықққан ортан қолдай азамат, екі баланың әкесі, үлкен шаңырақтың иесі. Ал, біз болсақ, балаларымыздың өзі бұл күнде балалы-шағалы. Өмір болған соң кем-кетіксіз дүние жоқ. Жалғаннан дәмі таусылып бірі кетіп маңайтса, енді бірі дүние есігін ашып қуанышқа кенелтіп жатады. Бір әулеттің ұрпағын жалғап, түтінін-түтеткен туыстардың қосағасы абысынды-келіндердің ара-қатынасы ағайын-туыстың ауызбірілігі мен татулығының тағдырын шешеді десем артық болмас. Келін жақса болса, жарқыраған шамшырақтай алыстан өзіне тартса, нашар мінезді келін бықсып жанған шаладай құтыңды қашырады. Бұрыннан да емем қайнысының әйелі-келінімен тату-тәтті өмір сүріпті. Бірін-бірі босандырып, баласының кіндігін кесіп, бірінің баласын бірі емізіп өсіріпті. Осы ғұрып кейін бізге де жалғасты. Алғашқы балаларымыз «кемпір-шалдың баласы» деген шені бар, балам деуге үлкендерден қаймығамыз. Ата дәстүрден аса алмай байларымыз қос ананы тел еміп өсті. Жас болған соң кемшіліксіз болмайды, талай ағаттығымыз болды. Енеміздің сұңғыла сезімталдығы мен ақылдығының арқасында өмірден көріп-түйгендерімізді көңілге тоқи жүріп орта жасқа да келдік. Сол енеміз, бұл күнде жасы сексеннен асқан кейуана келінім Рысгүл мен қайным Ақгүлдың аялап баққанының арқасында бақуатты өмір сүріп келеді. Аталарымыз дінге толық бет бұрған имандылық жолын ұстанған тақуа адамдар болды. Өле-өлгенше имандылық тағылымдарын құлақтарына құйып кетті. Адамға әуелі адамгершілік қасиет керек. Оның ішінде имандылық пен ізгілік кіреді. Осы тұрғыда келінім Рысгул жүрегі нәзік, жан-дүниесі таза жан болып шықты. Оның жас та болса байсалды, парасатты мінезі өзгелерге де жағымды әсер етті деуге болады. Туа біткен табиғи қасиет ана сүтімен дариды дегенде, келіннің анасы марқұм Қамаш құдағай да ажарына ақылы сай, келісті жан болатын. Жәй сөйлеп, биязы күлімсіреп отыратын. Жастайынан еңбекпен шыңдалып өскен құдағайымыз өмірде кездескен қиыншылыққа мойымаған мықты, сабырлы жан еді. Тұрмыс тауқыметін де көп көрді. Нәзік жанды әйел болғанымен, ер-азаматтардан қалыспай қажырлы еңбек етті. Еңбегі бағаланып, ортасына сыйлы болды. Әттең, өмірі қысқа болды. Балаларының енді ер жетіп, ат жалын тартып мінген шақтарын көре алмай өмірден ерте озды. Ажалға не шара бар? Анасынан дарыған сол қасиетімен, келінім де жұмыста абыройсыз болмады, сырттай жоғары білімін жалғастырды. Ұрыс болмаған үйде ризық та, береке де мол болмақ. Талай жұмыстан кеш келіп, демелыссыз жүретін кездерінде үй-ішінің түсінігі отбасылық сыйластық арқасында үйлесім тауып жатады.

Әйелдің кішіпейіл, инабатты болуы-оның кішірейіп, аяқ асты болып қалады деген жаңсақ пікір қалыптаспауы керек. Оның есесіне, мәртебесі өсіп, соның арқасында сыйластық берік орнығады. Қандай дөрекі адам болса да алдыңнан иіліп-бүгіліп жұмсақ жүзбен қарсы алса, оның аяқ астынан өзгеріп, мінезінің жұмсаруы мүмкін. Әр әйелдің өзіне тән сұлулығы болады. Табиғи ұяңдық сол әдеміліктің бағасын арттырады. Ажарына ақылы сай келінімнің өзінің әйелдік бақытын анық тапқан жан екендігін мақтанышпен айта аламын. Бақыт дегенді әркім әрқалай бағалайды. Бірі-жете алмай жүрген мансап десе, екіншісі аста төк байлық дейді, ал, үшіншісі атақты айтады. Әр әйел өз бақытын отбасы үшін күрескенде ғана табады. Әуелі адал жар, әдепті келін, ұл-қыздан немере көрер әжелікке жетіп шаңырағы шаттыққа толса, бала-шаға, туыстар аман болса — әйел бақыты сол болмақ. Отбасы бақытын ешкім сыйға бермейді, қолдан да жасап ала алмайды. Осы сезім барлық келіндерімнің құлағында қалса деймін. Абысын-келін арасында қимастық сезім, ыстық ықылас, айрықша сырлар болады. Екеуінің біреуі жел сөзге жақын болып, сенген сыры отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап жатады. Көңіл қалу, реніш ұласа келе өзара алауыздыққа ұласып жатады. Ол кездетатулықтан жұрдай болып ағайын арасы дүрдараз болады. Әйелге негізінде, сабырлы, салмақты мінез үйлеседі. Өзгені көбірек тыңдаса ой-өрісі кеңейіп салиқалы бәйбішеге айналады. Табандылығы мен қайсарлығы, еңбекқорлығы мен қажырлылығы бір басына жетерлік келінімнің өзгелерге үлгі боларлық қасиеттері жетіп артылады. Енеге де, жарға да, балаға да қалтқысыз көңілі мен мейірбан жүрегін сыйлаған аяулы келінімнің мамандығы мұнайшы болғандықтан, алда келе жатқан мұнайшылар күнімен құттықтай отырып, денсаулығы мықты болып, қайнымның, бала-шағаларының алдында аман-есен болсын деп тілеймін. Келіні жақсы үйдің керегесі алтын дегендей, соңынан ерген келіндерге көш басшы болып, сыйластық пен ізгіліктің үлгісі бола берсін деп тілеймін!

 Автор: Орынгүл СМАҒҰЛ
фото:  
http://centralasiaonline.com

+6
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии