Кондуктордың бір күні

Сағат бес. Таң қылаң бере бастаған. Абыр-сабыр Алматыда тыныштық орнаған. Мейірбектің қол телефоны безек қағып қоя берді. Осы уақытта оянуы тиіс. «Бес минут жата тұрайыншы…» деуге уақыт дес бермейді. Төсекті тақымға басып біраз тынығу оның ойына да келмейді. Тіршілік шіркін тірі жанның жарғақ құлағын жастыққа тигізе қойсын ба? Апыл-ғұпыл киінген Мейірбек ұйқылы-ояу шай ішпестен шаруасына кіріскен. Бұл кезде қала қалың ұйқының құшағында. Кондуктордың жұмысы тіршілік атаулы терең тыныс алып, тегіс мүлгіп тұрған шақта басталады.


Өлместің күні

Мейірбек – қара жұмысқа шыныққан Шымкенттің жігіті. Табақтай дипломы бар. Информатика мамандығы бойынша мекеме біткеннің есігін қағып, жұмыс таппаған соң Алматыға ат арылтып келген. «Қызметке» кіріскеніне аттай екі апта болыпты. 65-бағытта жүретін автобустың кондукторы тынымсыз тіршіліктің қызығы мен шыжығын баяндап берді.
– Ахуалдан кейін айлығың қанша деп сұрайтын әдет бар.
– Кейбір кондуктор айлыққа жұмыс істейді. Ол енді жүргізушімен келісуіңе байланысты. Мен жалақымды күнделікті аламын. Үш мың теңге.
– Бұл ас-суыңызға, пәтерақыға жете ме? Киім-кешек бар дегендей…
– Жеткізуге болады (күледі). Өлместің күні ғой.
– Күніне автобус паркі әкімшілігіне қанша төлейсіздер?
– 16 мың теңге. Жанармайға жиналған ақшадан төлейміз. Оған шамамен 8-9 мың кетеді. Қалғаны жүргізушінің қалтасына… Оқу жылы енді басталды ғой. Күніне 35-40 мың теңге табамыз.
– Кей кондуктор аялдамаға келгенде көшенің бұрынғы атауы мен қазіргісін қоса хабарлайды. Мәселен, әуелі Софья Ковалевская дейді. Сосын Нұрғиса Тілендиев. Тілендиев Софьяның орысша «аудармасы» секілді. Сіз қайсысын айтасыз?
– Адамдарға жағу қиын. Өзіңіз ойлап көріңізші, күніне автобусқа 800-ден астам адам кіреді. О баста патриоттығым «қозып» бәрін қазақша хабарладым. Қаланың орыс шал-шауқандары шуылдап қоя берді. «Бұрынғы атауымен хабарла, біздің басымызды қатырма», – деп зекіп тастады. «Дұрыс балам, осылай қазақша айт», – дегендер де кездесті. Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледі. Басқа амалым қалмады.
– Қызметіңіз ұнай ма?
– Бұл уақытша жұмыс қой. Басқа жұмыс таппаған соң, мәжбүр болдым. Әу баста «дос­тарым көріп қалмаса екен» деп қысылып қызмет еттім. Қазір етім үйреніп кетті. Намыстанып отыратын жағдай жоқ.
– Кейбір кондукторлар қалта қаққыштармен келісетін көрінеді. Сіздің тәжірибеңізде ондай жағдай болды ма?
– Болған жоқ. Қызметтес досым мынадай жағдайды айтты. Ақша ұрлаушылардың әрекетін көрген кондуктор жолаушыларға ескерту жасаған. Қаржыдан қағылған әлгі 3-4 жігіт соңғы аялдамада кондукторды ұрып-соғып кеткен. Әрекетін әшкерелемесе, 500-1000 мың теңгені шығарда кондуктордың қалтасына қыстырып кетеді екен. Кейде бәрін көріп тұрасың. Біреудің сөмкесіне қол сұғып, ақша ұрлауды кәсіп еткен еңгезердей, тепсе темір үзетін 3-4 жігіттің бұл әрекеті жаныңа батады. Ұят енді.

«Информатор»
Тағы бір кейіпкеріміздің есімі – Әлия. 118- бағытта жүретін автобустың кондукторымен жұмыс барысында әңгімелестік. Абай мен Алтынсарин көшелерінің қиылысына келгенде, қолында қалың қойын дәптері бар жас жігіт: «Өзіңе – 15, 25-ке – 3, 35-ке 7», – деп асығыс-үсігіс есепші кісідей тарс еткізді. Әлия 50 теңгені әлгі жігіттің қолына ұстатты. Біз аң-таңбыз. Себебін сұрадық. Оның қызметі – ақпарат беру, автобустардың арақашықтығын реттеу. – Ол біздің – «информатор», – дейді әзілдеп Әлия. – Бізде арақашықтық – 7 минут. Ал 25, 35-автобус – біздің «конкуренттер». Егер алдыңа түсіп кетсе, нәпақаңды «сыпырып» кетеді. Сондықтан, оларды оздырып алмауға тырысамыз. Кейде жарысамыз. Автобустағы адамдардың: «Сендер не, мал әкетіп бара жатсыңдар ма?» – деген сөзіне құлақ аспаймыз. Қайтеміз енді, жұмысымыз – осы.
– Егер алда-жалда біреудің мәшинесін соғып алсаңыздар не болады?
– Екі аптаның ішінде жүргізуші 8 мәшине соқты. Мұндай жағдайда жауапкершілік автопарк әкімшілігіне жүктелмейді. Шығынды өзіміз көтереміз. Бірге істейтін кісілер шамасы келгенше, көмектеседі. 20-30 адам 2-3 мың теңгеден жинап береді. Адам күні адаммен.
– Көп байқаймыз. Арттағы автобустың уақытын «жеп» қоясыздар…
– Сағат 12-ден кейін адам азаяды. 5-6 жолау-шымен әрі бері жүре бермейміз ғой. Босқа жанармай жағып. Кішкене аялдамада аялдаймыз. Тіпті кейде біз, кондукторлар бір-біріміздің телефон нөмірімізді жазып аламыз. «Қай жерде тұрсың?» – деп, арақашықтықты реттеп отырамыз. Әйтпесе, жүргізушілер кейде төбелесуге дейін барады.
Бір күні қызық болды. Жолдасым телефонымдағы Баха, Толик, Сека деген есімдерді көріп, ашуға басты. Себебін сұрамай айқайлап кетсе бола ма? «Ойбай, олар менің «задниым», «передниым», – деп әрең бастым (күледі). Жұмысымды біледі ғой. Түсінді әйтеуір.
Әлияның жұмыс уақыты түнгі кешкі онда бітеді. Ұсақ тиындарды «сұрыптап», автопаркке өткізгенше, сағат тілі он бірге барып қалады. Тиыннан құралған теңгеден өз үлесін (үлесі түскен ақшаның аз-көптігіне байланысты, кейде демалыс, мереке күндері автопарктегі есепшіге қарызданып қалады екен – А.Қ) алып, қаланың шетіндегі Қалқаман ықшамауданына барғанша, он бір жарым, он екіге таяған. Үйге енсе, балалары шырт ұйқыда. Таң атпай ұйықтап жатқанда шығып кеткен еді…

+6
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии