Мамадардың пікіріне сүйенсек, балалар мен жасөсіпірмдер телеаудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экранның алдында өткізеді. Ол орта есеппен мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледидар алдында отырады екен. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме?
Мультфильм – жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Жас балалар теледидардан не көрсе, соған еліктейді, жақсы мен жаманды да сол көгілдір экраннан ұйренеді. Ендеше, жас буынның бойында туған тіл, мәдениет пен тарихқа деген қызығушылығын арттыру үшін, сондай-ақ, баланың ой-өрісін дамытуға, ұлттық рухтағы тәрбиесінің бекуіне жол салатын қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер көптеп шығарылса кәні! Қазіргі ақпараттық заманда көгілдір экранның күшті насихат құралына айналғанын ескерсек, отандық телеарналарға балаға ұлттық тәрбие беретін қазақ тіліндегі мультфильмдер шығару кезек күттірмес мәселе екенін атап айтқым келеді. Қазіргі балаларға жақын болған «Алдар көсе» мультсериалын бәрінің сүйіп көретіні де белгілі. Алдардың ақылдығын, әдемі әзілін ұғына білген бала да жақсы азамат болары хақ. Ал кешегі «Ер Төстік пен АйдаҺар» ертегісі де жарнамасымен көрерменді құштар қылып, сағындырып көрдік. Көрдік те ойға қалдық. Бүгінгі заман талабы, бала талғамы ма, шетелдің «Спанж Бобы», «Бентәні», «Мадагаскарын» тамашалайтын, кішкентай баладан гөрі ересектер жақсы түсінетін анимациялық туындыдай қабылдадық. Бірақ қазақтың төл ертегісінің исі мен мазмұндық желісі арқылы ғана ертегіні ерекше қабылдадық.
Балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде ұлттық педагогика қашан да халық тәрбиесін үлгі тұтады. Халық педагогикасына нәрестенің сезімін ананың әуенімен оятатын бесік жырлары, даналыққа толы мақал-мәтелдер, қиял-ғажайып ертегілері, ой-өрісті дамытатын ойындар ұлттық тәрбие негіздері жатады. Міне, мұның барлығы дерлік адамгершілікке баулиды. Олай болса тәрбие – халық педагогикасында деуге толық негіз бар. Өйткені халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасы адамгершілікті, қайырымдылықты, мейірбандылықты дәріптейді.
Автор: Айтбибі Бекмағанбетова