Қазақ халқы ес білгелі бері өткенін өнеге қылып, бүгінгі барына базарлық етіп, болашаққа байыппен қарайтын тату да берекелі, ары мен намысы арындаған ұлт. Тарихтың тәлкегінен талай тарыққан халқымыздың көрген бейнеті мен зейнеті де бір төбе. Аласапыран заманда елім деп еміренген ерлер ел ертеңі үшін сын сағатта сан рет бас көтеріп жаншылған еді. Бірақ та өжет халқымыздың болмысынан өжет те қайсар болып жаратылғаны болар тектілігін бермеді. Қазақ оқыса ғана адам қатарына қосылады, қараң халықтың көзін ашып, қоғамды тәрбиелеу де кешегі өткен бабалардың мойнына ілінген қыл арқан еді. Ұлт деп ұлыған тұлғалардың арқасында бүгінгі күнге терең де мол рухани азық және тарих пен тағылым аманат болып қалып отыр. Орнында бар оңалар демекші тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқалы бері ел іргесі бүтінделіп, түтіні түзу ұшқалы кешегі өткен асыл азаматтардың елі мен жері, халқы үшін еткен ерен еңбегін бағалап, кейінгі ұрпаққа тәлім етуде. Оның куәсі қазақты бар әлемге танытқан һәкім Абайдың жырларымен сусындап өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ. Өткенімді қай уақытта өрістетем кешегі, маңдайымның соры бүгін бес елі демекші естіген құлақты елең еткізіп, көңілде күдік қалдырар қоғамдағы бұрыс қылықтың куәсі атандым. Қала халқының күнделікті тірлікпен алысып жүріп айналасындағы кикілжіңдер бадырайып тұрса да байқамауға әбден бой үйреніп алған. Аялдамалардың қайсыбіріне көз тіксең де шемішке, темекі, насыбай сатып отыратын саудагерлерді кезіктіресің. Оған болары болып бояуы сіңіп, етіміз үйреніп кеткелі қашан.Бірақ сол сатушыларымыздың өнімі білдей бір ұлтты жерге қаратарында ешкімнің жұмысы жоқ. Менің намысыма тигені насыбай атауы. Қара целофанмен қапталған насыбайдың сыртына бадырайтып тұрып «Абай нос» деп жазып қойыпты. Жай атау болса көндігесің ғой, ал мынау шектен шыққан қараңдықтың белгісі емес пе? Ұлтымыздың бойтұмары атанған Абайдың атын насыбайға телмірту азғындықтың белгісі болар. Бұл сұмдыққа қатарлас құрбы-құрдастарыма қандай көзқараста деген ниетпен ой бөліскенде олардың жүзінен жарқ етер намыс оты тұрмақ, күйініштің сыңайын танытпағанына аң-таң болдым. Көптің көзіне топырақ шашқаным емес, бірақ мұндай көзқарастан соң заманымыз азды ма, қоғамымыз тозды ма деген ойға келесің. Еліміз жарқын болашаққа қадам басам десе, өткнін ұмытпаса керек. Мемлекетті құрайтын қоғам, ал қоғамның тайыз болуы жақсылықтың нышаны емес. Ұлтының ұлыларын ұлықтайтын, өткеннің өнегесін ұмытпайтын, елінің ертеңгісін гүлдендірер, тәуелсіздік тұғырын тік ұстайтын халқымыз өткенін өксітіп үлгі тұтпайтын болса, болашаққа жарқын қадам басуы неғайбыл…