«Ендігі жерде онкологиядан болатын ауру мен өлімді төмендету мәселесі бірінші кезекке шықпақ. Үкіметке екі ай мерзім ішінде Қазақстанда, біз жүрек-қан тамырлары аурулары мәселесі бойынша жасағандай, Онкологиялық жәрдемді дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Сол сияқты Ұлттық медициналық холдинг базасында Астанада қуатты Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру мәселесін де қарастыру қажет»
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.
Өмір — қозғалыстың көркем көрінісі… Қозғалыс болмаса, өмір де жоқ. Ақын тілімен айтқанда, дүние атты үлкен көл замана атты соққан желдің күшімен толқып, дөңбекшіп, қозғалысқа түсіп жатыр. Уақыт — өзгерістің сарапшысы. Уақыт – жеміс те береді, жеңіс те әкеледі. Уақыт – бастан жақты да айырады, жараны да жазады.
Иә, уақыт әр адамзат баласына қымбат. Алайда бәрінен де операция жасайтын дәрігер мен өмір деген өзеннің тәтті суын мейірі қанып, қызықтап, жеткілікті ішкісі келетін емделуші сырқат адам «уақыттың бір минут қадірін» жете бағалап, түсінеді.
Бүгінгі таңда медицина саласы қарыштап дамып келеді. Әлемде қаншама арнайы аппаратуралар шығарылып, адамзат баласы техниканың арқасында күрделі операция жасатып, өмір сүруде. Алайда, өкінішке қарай кейбір сырқаттың нақты емі әлі күнге дейін табылған жоқ. Соның бірі — қатерлі ісік. Мамандардың есептеулеріне қарағанда, елімізде жыл сайын осы дертке ұшыраған 30 мыңдай адам анықталады. Сондықтан өзекті мәселеге Елбасы да 27 қаңтар күні халыққа Жолдауында тоқталып өтті. Президент Үкіметке 2 ай аралығында қатерлі ісік ауруларымен күресудің нақты бағдарламасын дайындауды тапсырды.
Дүниежүзінде жыл сайын 10 млн. адам осы дертке шалдығатыны анықталса, олардың 8 миллионы көз жұмады екен. Әлемде болып жатқан адам өлімі оқиғаларының 13 пайызы осы қатерлі ісіктің еншісінде. Мамандардың пайымдауынша, бұл көрсеткіш алдағы уақыт-тарда 1,5-2 есеге өсуі мүмкін дейді мамандар. Елімізде 30 мыңға жуық науқастың қатерлі ісікке шалдыққаны анықталып отыр. Қазір әлемде қатерлі ісікті емдейтін түрлі дәрі-дәрмектер шығып жатыр. Бірақ олардың ешқайсысы обырды 100 пайыз емдей алмайды. Қатерлі ісікті кешенді түрде емдеу керек. Атап айтқанда, хирургиялық тәсіл, сәулені қолдану мен химиялық терапия, сондай-ақ иммунотерапия арқылы емдеу.
Елімізде бұл дерт жылына 17 мыңнан астам адамның өмірін жалмайды деген дерек бар. Қатерлі ісіктің қаншалықты қауіпті екенін осыдан-ақ біле беріңіз.
Қатерлі ісік неден пайда болады?
Медицина тілінде «онкология» гректің «қатерлі ісік» және «ілім» деген сөзін білдіреді. Ал «канцер» (рак немесе обыр) терминін қолданысқа алғаш рет атақты ғалым Гиппократ енгізген. Ол обыр клеткаларының теңіз шаяны сияқты шатасқан аяқтарымен адам денесіне жайыла тарайтынын анықтаған. Обыр клеткасы адамның басынан бақайшағына дейін кездесе береді. Тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лимфа тамырлары арқылы ағзаның мүшелеріне тарайды, немесе балалайды. Сөйтіп жылына 20 миллион адамның өмірін жалмайды. Бұл әрбір жетінші адамның өмірін осы обыр жалмайды деген сөз. Осы қорқынышты көрсеткішті азайту жолында дәрігерлер қолдан келгенін істеп бағуда.
Негізі әр адам жылына бір рет денсаулығын тексеруден өткізіп тұрғаны жөн. Жасы 30-дан асқан әрбір адам тік ішегін, 40-тан асқан ер адамдар жылына бір рет қуық асты және қал-қанша безін, өңешін, асқазанын, 35-тен асқан әйелдер 5 жылда бір рет жатыр мойнының ісігін, 50-ден асқан әйел-аналар екі жылда бір рет сүт безін міндетті түрде тексертіп тұруы керек. Ауруды ерте анықтап, сапалы ем жүргізсе, тез сауығып кетеді. Әрбір адам өзінің денсаулығы үшін кем дегенде жылына бір рет тексерілгені абзал. Өйткені ауру алғашында біліне қоймайды. Ісік әбден өсіп, айналасындағы ағзаларды қысып, ауырта бастағанда ғана сезіледі. Егер ауру ерте, І-ІІ сатысында анықталса, 80 пайыз айығып кетуге мүмкіндік бар. Әрине, адам ауруды тілеп алмайды. Ендеше қатерлі ісік неден пайда болады? Мамандардың айтуынша, өкпе рагінің 35 пайызы темекі шегуден пайда болады екен. Темекі түтінінің құрамында өте қауіпты зат – бензопирен бар. Күніне 20-30 талын шеккен адамда ол көбейіп, өкпені зақымдайды. Содан ісік туындайды. Бензопирен қуық қатерлі ісігін де тудырады екен.
Ал енді өңеш қатерлі ісігі (оны халқымыз қылтамақ деп атаған) тағамды – шайды, кофені, майлы сорпаны өте ыстық күйінде ішкеннен, қақталған, қуырылған, тұзды, ащы және қатты тамақтарға әуестіктен, тамақты әбден шайнамай жұтудан, күйдірген майды бірнеше рет қолданудан басталатын көрінеді.
Сүт безіндегі қатерлі ісік әйелдің жыныс мүшесінің созылмалы аурулары, тұқымқуа-лаушылық, жиі күйзелу мен гормондар деңгейінің бұзылуынан басталады. Сондықтан әйелдер мүмкін болса сүт бездерін айына бір рет тексеруден өткізгені жөн.
Қатерлі ісіктің тағы бір түрі бар, ол адам бойына туа салысымен бітеді. Мұндай жағдай көбіне жүктілік кезінде тыйым салынған дәрі-дәрмекті қолданудан болады.
Міне, қай жағдайға қарасаңыз да қауіпті ісіктің туындауына өзіміз себепші болады екенбіз.
Қатерлі ісіктің алдын қалай аламыз?
• Үнемі бір түрдегі азықтарды пайдаланбау;
• Тамақтану кезінде тамақтың дәмділігі мен қоректілігіне мән беру;
• Аса тоя тамақ жемеу;
• Ас қорыту жүйесінде жарақаты бар адамдарға сыра ішпеу. Өйткені сыраның құра-мында көп мөлшердегі көмірқышқыл газы болатындықтан, асқазандағы көмірқышқылы-ның мөлшерін одан әрі арттырып, жарақаттың тесілу қаупін туғызады.
• Темекіні шектен тыс, тіпті мүлдем тартпау;
• Тұзды тағамдарды аз тұтынып, қуырылған тамақтарды жемеу;
• Шектен тыс шаршамау;
• Көңіл күйді көтеріңкі ұстау;
• Балғын жемістер мен көкөністерді көп жеңіз;
• Еңбек ету мен демалу тәртібін сақтаңыз;
• Дене шынықтыру белсенділігін артты-рыңыз.
Ісікке қарсы тұра алатын А, С және Е дәрумендерін, селена, фолий қышқылын, ет мөлшерін қысқартып, балық және құстың етін, балластық заттарға бай азық-түліктерді көбірек пайдалану — әрбір адамның саулығының кепілі.
Дәрігерлер не дейді?
Ғаламтордан алынған дәрігерлердің пікіріне құлақ түреп көрелік:
Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ, Қазақ онкология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:
— Негізінде, қатерлі ісік дертіне қарсы тұрудың бірінші жолы – бұл ауруды ерте сатыда анықтау үрдісі. Қазір осы бірінші бағытты Қазақстан медицинасы тереңінен меңгерді десек те болады. Дертпен күресудегі екінші бағыт – бұл дертті емдеген кезде ең тиімді ем жасау жобасын қолдану. Мысалы, қатерлі ісік дертін емдеудің үш түрлі жобасы бар. Оның біріншісі – оталау, яғни операция жасау, екіншісі – түрлі сәулелермен емдеу жобасы, үшінші жоба – бұл химиялық жолмен емдеу. Дертпен ауырған адамға осы жобаларды тиімді пайдаланудың өзі дертке қарсы иммунитет қалыптастыра алады. Жалпы, бұл дертті емдеу, дертке қарсы иммунитет қалыптастыру жағы көңілден шығады. Бұлай дейтін себебім, біз халықаралық жиындарда жоғары дәрежелі әріптестерімізбен жиі бас қосамыз. Сондай сәттерде олардың көпшілігі «Қатерлі ісік дертін емдеуде Қазақстан тәрізді арнайы бағдарлама қабылдаған ел ТМД көлемінде жоқтың қасы» деп біздің елімізде болып жатқан іс-шараларға көңілге толымды баға береді. Үкіметтік деңгейде онкология саласын қаржыландыру, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету жағы да өз деңгейінде. Сондықтан ендігі біздің міндет шаршамай, талмай еңбектену болуы тиіс. Мен әр қазаққа «Таңмен бірге күліп оян!» дегім келеді. Күлкінің адам өмірін ұзартатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Егер сіз ашуланып тұрып күліп жіберсеңіз, сіздің миыңызға қуаныш «сигналы» хабар береді де, жан дүниеңіз күлімсіреп, жібіп сала бересіз. Мен үнемі қарамағымдағы әріптестеріме: «Алдарыңа келген науқасты күліп қарсы алып, күліп шығарып салыңдар, сонда ғана сендер сырқат адамның көңілін бір сәт болса да көтеріңкі күйге бөлейсіңдер», – деп отырамын. Әттеген-айы, бүгінде қысқа жібі күрмеуге келмей жүргендердің саны артып бара ма, қалай? Әйтсе де күлкіден де оймақтай ой түйіп, жабырқаған көңілді жадыратуға күш салуға тырыссақ жөн еді. Күлкі де дертке дауа, жанға шипа болар еді.
Досбол Саукатов, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми-клиникалық жұмыстар жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының докторы:
— Атам қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп дәл айтқан-ау. Сондықтан әр адам ең алдымен өзінің денсаулығына қарауы тиіс. Өзі салауатты өмірді жүргізуі керек. Көптеген аурудың себепкері – темекі. Ол дәлелденген дүние. Өкпе қатерлі ісігінің 99 пайызы дәл осы темекінің кесірінен болады екен. Ал дұрыс тамақтанбау нәтижесі асқазанның ауруына әкеліп соғады. Мәселен, 30-шы жылдары АҚШ-та асқазанның қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан болатын. Ал қазір бұл мәселе оңтайлы шешімін тапқан. Өйткені америка азаматтары дер кезінде шара қолданып, қатерлі ісікпен күресті басты назарда ұстап, тамақтану технологиясын жақсартты. Тағамдарда көкөністерді көптеп қолдану, еттің үлес салмағын азайту сынды тәжірибелер оң нәтижесін беріп, қатерлі ісіктің алдын алуға мүмкіндік тудырды. Сонымен қатар күннен бөлінетін ультракүлгін сәулелер нәтижесінде терінің қатерлі ісігі пайда болады. Сондықтан 17 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді күн сәулесіне күйдірмеген абзал. Әсіресе, күндізгі сағат 11 мен кешкі сағат 5-6 аралығында ультракүлгін сәулелер көп бөлінеді. Бұл уақыт аралығы тіптен қауіпті. Бүгінде «солярий», яғни ультракүлгін сәулелерінің жасанды түрі шығып жатыр. Оны жас балаларға пайдалануға мүлдем болмайды. Жас ұлғая келе оның зардабынан теріде қатерлі ісік пайда болуы әбден ықтимал.
Автор: Гүлсім МҰРЫНОВА.
Менің жеңгем жатыр мойны ісігімен ауырады.Атырауда ем алып жатыр.Жағдайы жақсы емес.Астана ,Алматы қалаларына емделсе бола ма? Қалай хабарлассам болады?