«Smart» ұрпаққа – смартфонсыз немесе балалардың бұл мультфильмдерді көруіне жол бермеңіз

opasnye-multfilmyЗаманауи өмір ағымына теледидар таптырмас құрал болған секілді: бұғанасы қатпаған балаларды бесіктен белі шықпай жатып сол көк жәшіктің алдына отырғыза саламыз. Солайша бос уақыт табылғанына қуанып, өзіміз де не ғаламтордың, не үнді сериалының шыр -мауына байланып жатырмыз. «Тек жыламаса болды, сұрағанын бер» деген сөздерді осы күндері естімегініміз жоқ шығар. Алайда, мультфильмдерді қарап отырған баланың демалып емес, миына көз алдында болып жатқан анимациялық кейіпкерлердің қандай да бір әрекетін дұрыс қабылдап отырғанын біреу білсе, біреу білмес.

Анимацияның негізгі мақсаты – балаға жақсылыққа, адамгершілікке бойұсынуды, тәртіпті, өзін-өзі ұстауды, қоршаған ортаны тануды үйрету. Солай екен деп, балаларды жас ерекшеліктеріне қарамастан жарты күн бойы теледидарға телміртіп қою деген дұрыс емес. Педагог-психолог мамандардың айтуынша, 3 жасқа дейінгі сәбилерге мультфильм көрсету арқылы олардың психикасының қалыпты дамуына елеулі кедергі жасалатын көрінеді. Олардың қоршаған ортасын тануы үшін материалдық рухани құндылықтармен ойнағаны дұрыс. Мысалы, үшбұрышты не шеңбер тесіктері бар қорапшаға тиісінше сондай формадағы фигураларды салу, шырша секілді таяқшаға шеңберлерді үлкендігі бойынша құрастыру және тағы да басқалары бар.

Ғаламтордың күрт танымал болып, өміріміздің айықпас бөлшегіне айналғалы бері, балаларға қауіп жан-жақтан туып отыр: жоғарыда аталған теледидардан бөлек, түрлі смартфондар, ата-ананың бақылауы қойылмаған компьютер, түрлі сайттарға шектеу салынбаған ғаламтор желісі. Онда балалар түрлі шайқас, төбелес орын алатын шексіз компьютерлік ойындарға салынады. Өзіңіз бір сәт назар салып көрсеңіз, зұлымдардың шексіз соғыстары, әйгілі «GTA» («Джета») ойынында көшедегі бейбіт тұрғындардың көліктерін, ақшаларын ұрлау, адамдардың бір-бірін үздіксіз ұрып-соғуы, нәтижесінде тиісті жазаланбауы сынды бір қарағанда мардымсыз факторлар нәтижесінде сол ойынға құмар баланың да өне бойына сол қасиеттердің бітпесіне кім кепіл? Ер балалармен қатар, қыздардың да еліктегіш келетінін еске салайық. Мысалы, «Винкс» мультфильмінің басты кейіпкерлерінің дене бітімдері мен бет-әлпеттері американдық топ-модельдердің стандартына саяды: шындыққа жанаспайтын өте үлкен көздері мен ұзын аяқтары, екі қабырғасы кесіліп алынғандай қыпша бел, денеге жабыстыра киілген түрлі ашық киімдер. Мұндай сұлулық стандарттарын

бойына сіңіре өскен қыз баланың бойжеткенде әртүрлі генетикалық жағдайларға байланысты бойы қысқалығына налу, еріндерін үлкейту, көздеріне пластикалық ота жасату сынды шараларға асығып-ақ тұруы мүмкін. «София ханшайым» мультфильмінде кейіпкерлердің барлығы хан әулетінен болғандықтан, үлде мен бүлдеге оранып, өздерін тиісінше қарапайым халықтың балаларынан биік санауы – оны тамашалаған қыздарымыздың да бойында өр-көкіректік, тәкаппарлық сезімдері туындамасына кепілдік жоқ.

Ал, төрткүл дүниеге әйгілі «Губка Боб» фильмінде басты кейіпкерлердің бірін-бірі ұрып жығуы, құлақтарына қолына түскен нәрсені тығып көруі, өзара «ақымақ», «нақұрыс» сөздерін жиі пайдалануы немесе шырақтың дәмін татып көруі сынды ақылға қонымсыз іс-әрекеттеріне шек жоқ. Осыны көрген сәбидің де құлағына қауіпті нәрселерді тығып жіберуі немесе жуынатын бөлмедегі химиялық тазартқыштардың дәмін көремін деп аузына салуы мүмкін. АҚШ-тың Вирджиния штатында мектеп жасына дейінгі балаларға түрлі мультфильмдерді көрсетіп, бірнеше сериядан кейінгі баланың даму процесін зерттеген. Нәтижесінде, «Губка Боб» мультфильмін көрген бүлдіршіндердің мінезінде ашушаңдық, агрессия, айтылған сөзге құлақ аспау деген сынды жағымсыз әрекеттер байқалған. Осы арқылы зерттеушілер аталған мультфильмнің баланың ақыл-ойының дамуына ең зиянды анимация өнімі деп тапқан.

Айтылған сөзге құлақ аспау демекші, осы жағымсыз қасиетті насихаттайтын, өндірушілері өз балаларына көруге тыйым салған «Маша мен аю» («Маша и медведь») мультфильмі. Бас кейіпкері Маша өте тынымсыз, ересектердің қарауынсыз қалған, өзімшіл және дегенін істетуге еті үйренген қыз бала. Ал оның жанындағы аю Машаның барлық қылықтарына төзіп, сұрағанын беріп, тіпті үйдің астан-кестенін шығарып жатса да сес қатпайтын жануар. Осы орайда «Маугли және оның достары» мультфильмін салыстырып көрелік. Маугли де жануар тәрбиесінде болған, алайда Машаға қарағанда қоршаған ортасына жақын, адам мен табиғат үндестігін, биологиялық ортаның маңыздылығын нұсқап, көрген балаға жағымды ой салады. «Маша мен аюдың» ондаған серияларын көруден жалықпайтын, тіпті кейбір сандарын жатқа білетін бала ата-анасы үйде жоқта асыр салып, ойына келгенін істеуі ғажап емес. Мультфильмде қандай жағдай болса да аюдың кешіріммен қарайтынына көзі үйренген бала ата-анасынан да сондай әрекет күтеді.

Мультфильм – балалық шақтың символы, оны бала өмірінен мүлдем алып тастау мүмкін емес. Көптеген анимациялық фильмдердің арасынан кейіпкерлері ашық мінезді, мейірімді, айналадағы адамдарына тек жақсылық

ойлайтын, достасуға ұмтылатын мультфильмдерді таңдаңыз. Өзіңіз де балаларыңызға бір сәт көңіл бөліп, кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекетін талқылаңыз. Тіпті, осы әдіс арқылы баланың мазмұндауға бейімділігін дамытып, пікірін жеткізе білу қабілетін оятасыз.

ТҮЙІН. Ата-ана баласын киім дүкеніне әкеле салып, өзің таңда деп еркін жібермей, сапалы және жарасымды киім таңдайды. Мұндағы мақсаты – баласының сырт келбеті сүйкімді болуы. Ал, баланың жаны сұлу, адамгершілік қасиеті мол болуын қаласаңыз рухани азығын да таңдап беріңіз.

Әсел ҚОЙШЫБАЕВА

+2
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии