Түймекент ауылы қалай аталмады дейсің. Түймекент – Шаповаловка, Буденовка, Ақжар, Буденовка. Ең соңында өзінің тарихи атауы Түймекентті 6.02.1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің ономастикалық комиссиясының ұйғаруымен қайтып алды. Елді мекеннің аты өзгеруіне қарай мектептің атауы өзгеріп отырды. Енді елді мекеннің бір ғасырлық тарихы бар Түймекент орта мектебінің тарихына тоқталып көрейік. Шаповаловка селениесінде (сол кездегі атауы бойынша) көпке дейін мектеп болған жоқ. Алғашында селениеге көшіп келушілер де, көшіп кетушілерде көп болды. 1895 жылы көшіп келушілердің күшімен үш сыныптық шіркеу-приход мектебінің шағын үйі салынды. Бұл ғимарат кейіннен наубайхана болды. Онда священник дін оқуын оқытатын. Село тұрғындарының өтініші бойынша мемлекеттің қаржысына 1914 жылы жаңа мектеп ғимараты салынды. Мектептің күйдірілген кірпішін жергілікті қазақ тұрғындары дайыпдап, ал оны өзбек шеберлері құрды. Ол алғашында төрт сыныптық бастауыш мектеп болып ашылды, онда 30-60 оқушы тәлім алды. 1914 жылы салынған бұл мектеп ғимараты күні бүгінге дейін «Қызыл мектеп» болып аталып кетті, 2000 жылдары бұл ғимарат жекешелендіріліп, азық-түлік дүкеніне айналды.
Жүз жылдық шежіресі бар «Қызыл мектеп» білім ордасында түлектердің арасында Кеңес Одағының Батыры Ағаділ Сухамбаев, 2012 жылғы лаңкестік оқиғаның құрбаны болған Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов, бірнеше Социалистік Еңбек Ері (А.Л.Нахманович, Н.Түйтебаева, Ш.Есенаманов), КСРО Жоғары Кеңесінің 2 депутаты (Н.Түйтебаева, Т.Ақбозов), Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 3 депутаты (А.Бекбосын, Т.Ақбозов, А.Л.Нахманович), қазіргі Ленинград облысының губернаторы Дрозденко Александр Юриевич, полиция генерал-майоры, 4 ғылым докторы (Т.Омарбеков, М.Асаубеков, А.Бекбосын, М.Садуов), көптеген жоғары шенді әскерилер, бірнеше танымал журналист-жазушылар, әртүрлі мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер, жүздеген мұғалімдер мен дәрігерлер, ауыл шаруашылығы мамандары бар. 1920 жылдың соңына қарай Шаповаловка селосы едәуір өсіп, 200 аулаға жетті. Сол жылдардан мектеп ашу жұмыстары қолға алынды. 1930 ауылдарда бастауыш қазақ мектептері құрыла бастады. Бастауыш мектепте балалар оқытумен қатар, үлкендердің сауатын ашуға үлкен істер атқарылды. Бастауыш мектептердің мұғалімдері ауылдардағы жалғыз сауатты адамдар болғандықтан, үгіт-насихат жұмыстарымен де айналысты. Балалар ол кезде, мектепке ауыл шаруашылығы жұмыстары аяқталған соң ғана оқуға келетін. 1931 жылы ауылда жетіжылдық мектеп ашылды. Өкінішке орай 1932-дан 1942 жылға дейін мектеп туралы деректер жоқ (Мектептің 30-40 жылдардағы тарихы туралы мәліметтер білетіндеріңіз болса хабарласуыңызға болады). 1942 жылы Свердлов (Байзақ) аудандық атқару комитетінің шешімімен он жылдық Ақжар орта мектебіне айналды. Бұл мәлімет 1942-1943 жылдары мектепті бітірген Мошошина Екатерина Ивановнаның естелігінде айтылған. Соғыс жылдарынан бастап 1959 жылға дейінгі аралықта А.Г.Безбородов, К.Омбаев, Д.К.Михайловский, Т.Саршаев, Ж.Башаров, К.Қаптағаев, К.Шыңғысбаев сынды азаматтар директорлық қызмет атқарған. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленин және Құрмет ордендерінің иегері, Қазақ КСР ағарту ісінің озық қызметкері, КСРО-ның жоғары ағарту ісінің озық қызметкері – С.Т.Туғанбаев ұстаздық жолын бастады. 1967 жылы небәрі бір жылда жаңа 4 қабатты 640 орынды мектеп ғимараты пайдалануға берілді.
Мектепте екі ауысымда қазақ және орыс тілінде балалар оқытылды. 1959-1972 жылдары Жарболов Ордабай, 1972-1984 жылдар аралығында Е.Огай, Ж.Жексенбиев, Л.Глекнер мектеп директоры болып қызмет атқарды. Ал 1984-2002 жылдары аралығында 18 жыл бойы Бозай Оразалы Төлендіұлы басқарған кезде Ақжар орта мектебі Жамбыл облысы деңгейінде тірек мектебі дәрежесіне көтерілді. 1980-1984 жылдары мектепті бітіруші түлертерден Е.Елеуқұлов Г.Әбілдаевалар мектепті алтын медальмен бітірген. 1997 жылы Байзақ ауданы әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның шешімімен Буденовка орта мектебі Түймекент орта мектебі деп өзгертілді. 2002 жылдан 2013 жылға дейін Б.Мамаев, Е.Сырлыбаев, Қ.Қожақов, А.Қасымов, Е.Төлендиев, Қ.Бәйтен мектеп директоры болып жұмыс істеді. 2013 жылы мектеп директоры лауазымына Қапарова Шырын Мамашайқызының келуімен оқу-тәрбие үдерісінде оң өзгерістер еніп, соның ішінде ҰБТ нәтижесі бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жетті. 1998-2007 оқу жылы аралығында мектептің мақтанышына айналған «Болашақ» бағдарламасы бойынша Дидарбеков Уәлихан АҚШ-тағы Пенсильвания университетінде, Саилов Талғат Сингапур университетінде, Саилов Азат Англияда магистратурада оқуларын жалғастыруда. Мектеп соңғы жылдарда спорт саласында, дойбыдан Жұмабаева Айдана, шахматтан Абдураимов Рахым, волейболдан Шайзадаев Абылайхан мен Азамат, Жүністегі Алмат, Болатбеков Асхат, Сейткаримов Ернар (жаттықтырушылары Жылысбаев Болат, Молдабеков Берік, Молдабеков Серік, Құттыбаев Мұрат, Қасымов Ертуған) республикалық жарыстардан жүлделі орындар иеленсе, білім саласында ҰБТ сынағында Күдербекова Айгерім, Серікбаева Жұлдыз, Әзімова Ақбота жүзден аса балл алып, мемлекеттік жоғары оқу орындары грантының иегерлері болды. ҰБТ бойынша биология пәні мұғалімі Уразбаева Алмагүл, тарих пәні мұғалімі Уразбаев Мұрат жүз пайыз көрсеткішті көрсетті. 2013-2014 оқу жылдарында «Қазақстан жолы ¬¬– 2050 стратегиясы» тақырыбындағы шығармалар байқауында Әзімова Ақбота (пән мұғалімі Л.Қожагелдиева) облыста бас жүлдені, Жұмабай Ағжан «Менің ұстазым» (Р.Бегасилова) тақырыбындағы республикалық байқаудан ІІІ орынды, Құсайынова Айғаным (Қ.Смағұлова) аудандық пән олимпиадасында биология пәні бойынша І орынды иеленіп, облыстан алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ Г.Қосумова, Б.Мамаев, Т.Секеров, Қ.Оразбаева, О.Қонақбаева, О.Оразалиева, Н.Қарақыстақова, Р.Сарыбаева, Г.Аетова, Ф.Шайзадаева, Р.Жұманалиева, Б.Қасымова, Ғ.Мырзамбетов, Ә.Мырзахметова, Қ.Смағұлова, С.Жетібаева, Б.Мұстафаева, Б.Әлішева, Б.Бекманова, С.Дауылбаева мектебімізде оқу-тәрбие жұмысында жетістіктерге жетіп, аудандық, облыстық марапаттаулар алып, шәкірттерге білім беруде еңбек етіп келеді.
Қымбатты жерлестер! Жүз жылдық тарихы бар, еңселі білім ордасы болған Түймекент орта мектебімен тағдыры ұштасып жатқан тұлғаларды мектебіміздің мерейтойын лайықты өткізуге өз үлестерін қосуға шақырамыз.
Байланыс телефондары: (8726)-37-2-96-41, электронды пошта [email protected].
Уразбаев Мұрат Маманұлы –жоғары санатты тарих пәні мұғалімі
Достар, биыл Түймекент орта мектебіне 1 ғасыр толады, атсалысыйық!
Мектебіміздің 100 жылдық мерейтойын жақсылып атап өтуге ат салысайық!!!
Құрметті оқырман! Бір ғасырлық тарихы бар мектепте ерлігі мен өмірі үлгі болған елімізге әйгілі азаматтар оқыған. Біз оларды мақтан тұтамыз. Алтын ұясымен қауышқысы келетін түлектерді немесе олардың ұрпақтарын мына байланыс телефондары арқылы хабарласуын өтінеміз.8726-37-29-641 ,[email protected]
100 жылдық мерейтойға атсалысайық!
Жақында Түймекент орта мектебінде оқыған, елімізге танымал, атақты тұлғалардың өмірбаяндары, суреттері туралы кітап жарыққа шығады. Кімде-кім қосамын десе 87477130305 (Шынболат) нөміріне хабарласуыңызды сұранамын.
Барлыктарынызды куттыктаймын!!!