Тәрбиешіге айналған қара жәшік

Ұлбосын,  үш баланың анасы: Менің  үш балам бар. Олардың үлкені төрт жаста. Қызым мультфильм көргенді өте жақсы көреді  және мультфильмнің түрін де талғамайды. Қызық болса, тіпті ұзақ уақыт көріп отыра береуге де бар. Сондыктан денсаулығына зиян келуін ойлап уакытка шектеу коямын. Мультфильм көруге беретін уақытымның ең ұзактығы — 1 сағат. Кейде қызымның мультфильмдердің кейбір көріністері мен сөздерін  қайталап жүргенін байкаймын.

Алия, журналист: Балалардың көретін мультфильмдерін міндетті түрде бақылауда ұстау қажет, себебі соңғы кездері мультфильмдерде кездесетін жынысы және жасы айкындалмайтын кейіпкерлердің бала психологиясына кері әсер тигізетінін психологтар да растап отыр.  Жеке басым «Қазақстан» ұлттык арнасынан көрсетілетін «саяхатшы Дараны»  жоғары бағалаймын. себебі ол баланың интеллектуалды дәрежесін арттыруда рөлі зор.

Қазіргі таңда теледидар тәрбиешісіне  айналған балалар саны артып келеді. Тәрбиеші дегенім таңның атысынан күннің батысына дейін қара жәшік  алдынан тапжылмай көретіндері шетелдік қызылды-жасылды түрлі анимациялы  мультфильмдері.  Ақ парақтың беті сияқты  ешнәрсеге  уланбаған бала миы түрлі шым-шытырыққа толы түрлері адам шошырлық бейнедегі кейіпкерлердің төбелесі одан қала берсе,  былапытқа толған дөрекі сөздері, бірін бірі өлтіруі, зорлық зомбылық не бірін бірі өліп-өшіп ғашық болғандардың әдепсіз қылықтарынан құралған  мультфильмдер сәби санасын қоқысқа толтырып жатқаны ақиқат. Қоқыс емей немене, мағынасын бала түгіл ересектердің өзі ұғып  білмейтін ұлттық дәстүрден тым алыс болған қазіргі көрсетіліп жүрген шетелдік мультфильмдердің басым көпшілігі тәрбиелік мәннен жұрдай, қиыннан қиыспаған оқиғалар.  Мұндай мультфильмдерді көріп өскен еліміздің болашағы болған жас жеткіншектердің келешегі қандай болмақ. Кейбір ата-аналардың «балам, бар мультфильм көре ғой», — деп теледидардың алдына телміртіп, ал өзі басқа тірлікпен айналысып «кедергі келтірмесе болды» деген оймен өз тірлігін істеп кете барса, кейін бала бойына жаман қылықтарын байқаған ата-ана: «мен мұндай қатыгез, қанішерді өсірмеген едім ғой, қай жерден қате жібердімге»  аһ ұрып өкінбесіне кім кепіл. Қазіргі таңда біз теледидарды пультпен қалай басқарсақ, адамды теледидар солай  басқаратыны  ешкімге жаңалық емес. Ал ненің ақ, ненің қара екенін әлі ұға білмейтін бала үшін  бұл өте қауіпті. Бес саусақтын бердей болмағаны  сияқты әрине мультфильмдердің бәрін жаман  демеймін, олардың ішінде де салыстырмалы түрде алғанда тәрбиелік мәні бар «Саяхатшы Дара», «Диего», «Ғажайып әлемге саяхат» сияқты саусақпен санарлық тәрбиелік мәні бар мультфильмдер де кездеседі. Бірақ тым аз. Ал басым көпшілігінің мән-мағынасы жоқ. сондықтан балаға мультфильмді таңдап, талғап көрсеткен жөн. Бала психикасына кері әсерін тигізетін мына белгілері кездесетін мультфильмдерден психологтар баланы экраннан алыс ұстауға кеңес береді:

— Мультфильмнің басты кейіпкерлері басқа кейіпкерлерді аяусыз қаніпезерлікпен ұрып-соғып, тіпті өлтіріп жатады, оның осы ашу-ызаға толы қатігез әрекеттерін егжей-тегжей көрсетеді. Мұндай әрекеттерін бірнеше рет қайталап жатады. Мұны көріп өскен балада қаттылық, аяусыздық, мейірімсіздік қалыптасады,  А. Бандур әріптестерімен бірге зерттеу барысында  теледидар арқылы көрсетілген зорлық зомбылықты көрген баланың агресиясы артырып жаман мінез қалыптастыратынын ХХ ғасырдың 60 жылдарының өзіне-ақ дәлелдеген, сонымен қатар  мұндай агрессиялы телебағдарламаларды ұдайы көру баланың  30 жасқа келгенде ауыр қылмыстарға баруына себеп болады екен. Мысалы: «Бэтман», «Наруто», «Том және Джэрри» т.б. мультфильмдерде бірін-бірі басынан аяқ артынан қуалап жүріп ұрып-соққаннан басқа ештеңе көрсетілмейді;

— Кереғар қылықтар үшін ол кейіпкерлерді ешкім жазаға тарпауы. Оның бұл әрекеті үшін оны ешкім бұрышқа тұрғызып не «бұлай жасауың дұрыс емес» деп қайтарып жатпауы. Ал мұның нәтежиесі кішкентай көрерменге жаман әрекет жасауға болады деген ой қалыптастырады. Мысалы «Маша және аю» мульфильмінде кішкентай Машаның тәртіпсіз қылықтарын ешкімнің тыймауы;

— Шынайы өмірде өмірге қауіп тудыратын әрекеттерді қайта-қайта көрсетуі. Бұл іс-әрекетті жасау бала өміріне үлкен қауіп төндіру мүмкін. Мысалы бір бала «Өрмекші адам» мультфильмнен көргеннен кейін  «Мен өрмекші адаммын» деп көп қабатты үйден құлап қайтыс болған;

— Еркектің өзін әйел сияқты ұстауы, әйелге тән киімдерге қызығушылық танытуы   немесе әйелдің еркек кейіпіне енуі. Бұл қоғамдағы болашақ қызтекелер мен еркекшораларды дайындау емей немене?

— Адамдарға, жануарларға, өсімдіктерге қатысты мейірімсіздік, әдепсіздік қарым-қатынастың  көрсетуі. Мұның зардабын ең бірінші баладан ата-ана, туған-туыстары байқайды. Ол — дөрекі сөз қайтару, әдепсіздік іс-әрекеттер, қаттылық, қатігездік. Мысалы «Маша және аю» мультфильміндегі кішкентай қыздың бүкіл жануарларға қырғидай тиіп, оның ойына келгенін жасауы;

— Түр-сипаты құбыжықтан тұратын сүйкімсіз кейіпкерлердің жағымды рөлді сомдауы. В.С. Мухиннің пікірі бойынша, бала  мультфильм кейіпкерінің сыртқы бейнесіне ерекше мән береді. Жағымды кейіпкерлердің келбеттері сүйкімді әрі сымбатты,  ал жағымсыз кейіпкерлер керісінше болу керек. Себебі барлық кейіпкердің қорқынышты бейнеде келуі кішкентай көрерменге   оларға өзіндік баға беруге кедергі келтіреді. Сонымен қатар бас кейіпкер ретінде келген құбыжыққа баланың еліктеуі  оның  ішкі дүниесіне кері әсер тигізбей қоймасы анық. Мысалы: «Шрек» немесе «Балапан» телеарнасынан көрсетіліп жүрген «Ерекше қыз» мультфильміндегі Крипи Кричер  атты түрі адам шошырлақ басты рөлдегі қыздың өз отбасының жәндіктер екендігін көрсетіп мақтануы. Балаға ерекше болу үшін  ата-анасы  адам емес, басқа бір құбыжық болу керек деген ой тудырмай ма сонда, әлде қалай?

— Кейіпкерлердің арасындағы анайы көріністердің көрсетілуі. Мысалы «Том және Джерридегі» мысық еркек пен мысық әйелдің арасындағы көрініс. Бейне бір ересек әйел мен еркек арасындағы махаббат шырғалаңын көріп отырғандай әсер қалдырады.

Балаға мультфильм көрсету  барысындағы ата-ананың есте сақтау керек маман кеңесіне назар салсақ:

Сымбат, психолог: 1. Мультфильмнің бала психикасына әсері зор болғандықтан, ең бастысы бала мультфильм көріп отырғандағы көңіл-күйін бақылау керек. Егер бала жақсы, іші позитивті эмоцияларға толы мультфильм көрсе, оны көріп болғаннан кейін бала көтеріңкі көңіл күйде жүреді. Ал егер бала іші агрессиялы қорқынышты көріністерден құрылған мультфильмді көрсе  бала бойында да сөзінде де іс-қимылында да агрессия пайда болады.

2. Балалардың теледидар немесе компьютер алдына жалғыз қалуы дұрыс емес. Әсіресе бала мультфильмді алғаш көрейін  деп  экран алдына жайғасқанда қасында үлкендердің бірінің болуы міндетті. Себебі бала  мультфильм көру барысында түсініксіз жайттарға кезіккенде ата-ананың  түсіндіру  сондай-ақ, олардың мульфильмге қатысты пікірін білу балаға да қызық болады.

3. Мультфильм аяқталған соң оны міндетті түрде талқылау керек. Мысалы,   «кейіпкердің орнында болсаң не істер едің?» деген сияқты сұрақтар қою арқылы баланың ойын білу керек.

4. Мультфильмді көруге ыңғайлы уақыт күндізгі кез. Көптеген педиатр мен психологтардың пікірінше, түскі және түнгі ұйқының алдында мультфильм көрсетуге болмайды. Сондай-ақ. үлкендер алдын ала ұзақ мультфильмдерді бөліп көрсетуді ойластыру керек. Көру кезінде бала экраннан кем дегенде екі метр қашықтықта отыру қажет. Ал егер баланың көзі қызарып, жасаурай бастаса,  теледидар көрсетуді дереу тоқтату керек.

5. Балаға кез келген жаңа мультфильмді әкелгенде ата-ана оны міндетті түрде бірінші  көріп шығуы қажет.

6. Үш жасқа дейінгі балаларға жануарлары бар  қысқаша өлеңдері бар көп мағлұмат қамтылмаған мультфильмдер көрсеткен жөн. Ал 3 жастан жоғары балаларға достық туралы, адамдармен арадағы тату қарым-қатынас жайында, қорқыныштарды жеңуге арналған мультфильмдерді көрсетуге болады. бірақ мультфильмдегі кейіпкерлер түр сипаты мен қарым-қатынастар балаға түсініксіз болмауы қажет. Себебі бұл жастағы балаларда абстрактілі ойлау әлі дамымағандықтан түсініксіз көріністер баланы қорқытуы мүмкін.

7. Мектеп жасындағы оқушыларға саяхаттау, достық пен сатқындық, таңдау мен жауапкершілік туралы мультфильмдерді көрсеткен абзал.

8. Жасөспірімдерге өмір құндылықтары, қорқыныш пен өлім, жақсылықтың жамандықты жеңетіні туралы, адамгершілік пен сыйластық жайындағы мультфильмдерді ұсынған жөн.

Автор: Гүлнұр Шаймерденқызы

+5
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии