Қадірлі аға !. «..Ауыл мұғалімі жазбалары» деген кітабыңызды қызыға оқып шықтым. Қоңыр мұқабалы кітапты қолға алып парақтағаннан-ақ көз алдыма өткен күндерім көлбеңдеп, көңіл сарайым сергек тартып сала берді. Әр бөліміне зейін аударсаң, анау «желаяқ жылдардағы» жастық жалыны жүзімді шарпып, жиырма бесті толтырып, ордабұзар отызға аяқ басқан, өзіңізбен әріптес болған мұғалім ретінде сарабдал сана мен шуақты күндер сәулесі себелей жөнелгендей болады. Ол кезде кітаптың авторы — Сіз де қырықтың қырқасына енді ғана шыққан жігіт ағасы болатынсыз.
Ауданымыздағы ірі мекемелердің бірі – Оңтүстік Ембі мұнай-газ барлау экспедициясы 90-шы жылдары мұнайшы балаларына арнап салған № 1 орта мектеп сол мезгілде аудандағы ең сәнді, сәулетті білім ошағы болды. Бүгінде осы мектептің ірге тасын қалап, алғашқы 15 жылғы жасалған жұмыстарды еске алмай кетуге болмайды . Педагогика саласындағы жаңалықтар мен ұлттық оқу—тәрбиені мектеп бағдарламасына ендіруге бағытталған батыл қадам , тың ізденістер жасағанбыз. Бұл бастамалар басында – педагогикалық ұжымды соңына ерте білген ізденімпаз басшымыз өзіңіз едіңіз. Ізденімпаз дегеннен шығады – ау, сіз туралы бұдан бұрынырақ аудандық газетке Ақкиізтоғай аулынан А.Оразов атты тілшінің «ізденімпаз» деген тақырыппен жылы лебізді мақаласы жарық көріпті. Мақалада жас тарихшы мұғалімнің ауыл жастары мен жоғарғы сынып оқушыларының басын қосып, совхоз клубында « Атамекен» атты тарихи кеш өткізгеніңізді, үнемі ізденіс үстінде жүретіндігіңіз жазылыпты. Олай болса сіз үздіксіз ізденуші екенсіз ғой.
Сіз уақыт талабына сай шеберлігі шыңдалған шебер ұйымдастырушы бола білдіңіз.
Мектеп жұмысы Алматыда өткен ҚР- сы Білім беру Министрлігі ұйымдастырған мектеп оқу – тәрбие жұмыстары моделдерінің бірінші Республикалық байқауына қатысты. Ақтөбе қаласында өткен шығармашылықпен жұмыс істейтін мектептердің республикалық кеңесінде мектептің тәжірибелік жұмысы тыңдалды. Мектеп ұжымы облыс көлемінде өткен жыл мектебі байқау конкурсында бірінші орын алып , «Жыл мектебі» атағын жеңіп алды. Тәуелсіздігіне қолы жеткен Қазақстан Республикасы мектептерінің тұңғыш төл оқулығын сынақтан өткізуге қатысқан облысымыздағы үш мектептің бірі болды. Мектептің сол жылдардағы жұмыстары кейіннен интернет порталдыры мен республикалық баспасөз беттерінде жарияланып отырды. Мектептің жұмыс тәжірибелері жазылған қолжазба Алматының Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Университеті ғалымдары кеңесінде сараптамадан өтіп , университеттің « Педагогикалық технологиялар» жинағына ендірілген еді.
Сол жылдардағы ұстаздарыңның қызмет үлгісін бүгінгі мектеп мұғлімдері тарапынан да көргіміз келетіні рас. Әрине бүгінгі талап пен талғам басқаша болар. Бүгінгі ізбасарларымыздан өз істеріне осындай ұмтылысты байқасақ қуанар едік. Кезінде біздер де қазіргі мұғалімдер сияқты болдық.. Ерекше білімді, қабілетті болдық деуге болмайды. Артықша жасалған жағдай да жоқ. Ол жылдар қайта құру деп аталатын ырың-жырың кезеңінен басталып, арты нарықтың алағай – бұлағайы айналған жылдар болатын. Осындай кезеңде осы мектептің мұғалімдері өздерінің ұжымдық миын шаруаға жеге білді. Мектепті ұстап күте алғанымыз, жоқтан бар
жасауымыз , білім мен тәрбиені жаңа жағдайда бейімдеуіміз соның арқасында болды.
Кезінде өз ісінің нағыз маманы болғымыз келген рас. 90-шы жылдарда мектебіміз — облыстық мұғалімдер білім жетілдіру институтының әдістемелік базасы да болған еді. Аудандық, облыстық семинарлардың кейбірі осы мектепте өтетін . Сол жылдары ауданға келген өнер адамдары, ақын-жазушыларміндетті түрде біздің мектепке келетін. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халық қаһарманы Н. Тілендиев ,ҚР халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ф. Онғарсынова , жорналшы — ақындар – Ө. Оралбаев, Ш.Сариев, М. Райымбек, К.Ахметова, сазгер әнші Е.Хасанғалиев т.б. белгілі тұлғалар мектепте болып кездесулер өткізіп, өнер көрсетті. Бұл кездесулер ойға жаңа серпіліс, көңілге қуаныш беретін. Солардың нәтижесі болар – бүгінгі мектеп ұжымы мақтанышы, мектеп мәртебесін көтеріп жүрген түлектерінің бірі – музыка танушы ғалым Бақыт Тұрмағанбетова. Ол еліміздің батыс облыстарының музыка мәдениетін зерттеп, соның ішінде туған жері – Жылой өңірі ән дәстүрінің өзгеше өрнегі болатындығын ғылми тұрғыда дәлелдеп, ғылми диссертация қорғады. Жылойдың лирикалық әндерін республикадағы жоғарғы оқу орындарының бағдарламасына, танымал әншілердіңорындауында қазақ радиосының «Алтын қорына» енгізді. Оның «Қазақстанның Батыс аймағының ән мәдениеті» атты монографиясында құнды музыкалық үлгілер жинақталды.
Елбасы Н.Назарбаев айтқандай «бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманға» сәйкес ұрпақ тәрбиелеуге бастама жасаған мектебімізге бүгінде 30 жыл толды. Сіз жаңа ашылған осы мектептің кілтін өз қолыңызбен қабылдап, 16 жыл басқарып, жаңа ғасырға жаңашыл ұстаздарды дайындаған ұстаз атандыңыз. Ал бүгінде сол жұмыстарыңыз бен көзкөргендеріңізді, көңілге түйгендеріңізді қағаз бетіне түсіріп, баспаға беріп жарыққа шығарып жүрсіз. Бүгінде біздің қолымызда өткен күндерді сағынышпен еске алатын « Ауыл мұғалімі жазбалары» атты кітабыңыз.
p.s. Кітап авторы КСРО , Қазақстан Республикасы білім беру үздігі , Ы. Алтынсарин атындағы медал иегері, бүгінде құрметті демалыстағы зейнеткер осы мақаланың авторы. Хат иесі – Ақкенже Донбаева ҚР білім беру үздігі.
Сәкен Бозаев
Атырау облысы , Құлсары қаласы.