«Қуанбаңдар жастыққа, Елірме күлкі, мастыққа. Сыпайы жүр де, шаруа ойла, Даңғойланып қақтықпа». Қара жұрттың қамын ойлаған ақыл ойдың алыбы ақын Абайдың жастарға айтқанынан алар тәлім көп. Қалың дүниедегінің бәрін қомақты ойлармен жеткізген жанның өнегелі өлең жолдарын қомағайлана, құныға оқисың. Қарымы кең қауқарлы, тамырлы ой сілемдерін туғызған тұлғалардың жақсысын жастайымыздан жадымызға түйгендіктен болар, арсыздықтан аулақ өстік. Құдайға шүкір! Қисыны келген соң, жіліктеп, жіктеп айтайын дегеніміз, қазіргі жастардың жағдайы сол, баяғы. Қарап тұрсаңыз, жылдар керуені тоқтаусыз жылжып, талай ғасыр тарихтың қойнауына тартса да, ұрпақ тәрбиесі ұлтты толғандырған.
Қазақ сондықтан да өскелең өрендерін келешегіміздің кепілі деп біледі. Қынжыларлығы тек, сенім артқан сол кей жастардың тектілікті басқа тебуі. Қашанда, ұлт болашағы деген өрелі елдің тілегі емес бұл. Қасиетсіз болса тентегіміз, тезге салған қазақпыз дейміз, бірақ сол үрдіс бүгінде үзілді ме, әйтеуір келешегінен үміт күттірмейтін керітартпа ұрпақ көбейді. Қолымыздың кеш сермелуін қаламасақ егер, онда опық жейтін осал тұсымызды осы бастан оңалтуды ойлағанымыз оң болмақ. «Қадірсіз күлкіге еліре кекіріп, мастыққа масайраған» жастарымыздың желігін басу — оңайға түспесе де, оларға адамның майдасы емес, заманның айнасы болуларын айтайық, ұтпасақ, ұтылмаспыз. Қайта айта шаршадық демелік, қайраткер азамат, алаштың ардақты ұлы Міржақыпша айтсақ: «Көзіңді аш, Оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп, Қазағым, енді жату жарамасты». Құр үмітпен үй тұрғызбайық, керісінше ұрпағымыздың өн бойын дендеген дерттің дер кезінде дауасын тауып, дәтке қуат болар дәруменді дарытайық. Қатып қалған қағида жоқ себебі, ұрпақ тәрбиесінде. Құдай сөзі Құранды құлақтарының құрышы қанғанша құйып, сара сүннетті саналарына сіңірсек, жастардың жағдайы — Жаратушы Жаппар Иеміздің жәрдемімен жөнге келмек. Бұл бұлаң-бұлтақсыз, бұлтартпай бас идіретін ақиқат, Алланың ақиқаты.
Қалай десек те, басқалай баланы тәрбиелеу бекерлік. Қараңыз, өйткені, адамды ақыл-ойы билемесе ақыр соңында адами қасиеттерден ада қалмақ. Қағынған жасөспірімдердің қылмысқа баруының басты себебі де сол. Қылмыс жылма жыл жасарып барады, жайсыз сөздің ащысы, әрине оның жастардың қолымен жасалғанында. Қу тақырға тамыр салып отырған жоқпыз, күн өткен сайын күрделі сипат алған кеселмен күрес күшейгенімен көкейкесті мәселелердің көшбасшысы боп тұрғанын жасырмайық. Қондыра айтсақ көкейге, бұнымен күрес бізде «кетпеннің басын басып бағыңды» байқаумен тең екендігі тайға таңба басқандай. Қайбір іс болмасын, болар іс болып, бояуы сіңгенде ғана дабыл қағамыз.
Қай қиырдан болса да, қылмыстың алдын алған абзал, асылы. Қалай деген заңды сұрақ туады мұндайда. Қолдан келер шара, жастарды шаруа ойлайтын озық ойлы етеміз десек, имандылыққа иландыру арқылы ғана игілікке қол жеткіземіз, иншааллаһ! Құдайға деген тақуалықпен тұрмыс көкейді тұзақтап тастағанда ғана жат әдеттен жастардың тыйылар түрі бар. Қонымды сөзден қуат алсақ, сүрініп кетіп, бүлініп кетпес үшін тағдырың «баланы жастан»- деген бабалар сөзі қағида, бағдарлы бағытымыз болғай!