Әсел ҚОЙШЫБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің студенті:
— Мобильді агент. Бұл бүгінгі таңда ғаламторда күн сайын саны артып отырған әлеуметтік желі. Бұл алыс қашықтықта жедел хабар алмасуға, қажетті құжаттарды дер кезінде алуға, видео арқылы жүздесуге, кәсіпкерлерге онлайн-конференция немесе жиналыс өткізуге өте қолайлы. Ал зияны ше? Жасөспірім бозбалалар мен бойжеткендер электрондық поштаны жоғарыда аталғандай маңызды қызметтерге қолдана бермейді, әрине, көпке топырақ шашып отырғаным жоқ. Бірақ күнделікті көзбен көріп жүрген жағдайлар болғасын… Олардың көпшілігі сабақ үстінде де, ұйқыға жатарда да, тіпті отбасымен бірге ас ішіп отырғанда да «достарымен» хабар алмасып отырады. Аталмыш хабар алмасуды өз орнымен, уақытымен қолданатындар да, керісінше бар уақытын осыған жіберіп, оқу үлгерімі төмендеп кеткендер де бар. Бұл пайдасы мен зияны қатар программа туралы баспасөз беттерінде, жалпы БАҚ-та бұрыннан бері жазылып, айтылып келе жатыр, бұл жалғаса береді де. Заман талабына сай болу керек, бәрібір әрбір нәрсенің орнын біліп қолдану әркімнің санасына байланысты деп ойлаймын.
Махаббат ТАБЫНОВА, Мұнай және газ колледж студенті:
— Виртуалды әлемде танысып, кейін ол таныстықтары шынайы өмірде достыққа, махаббатқа айналып жатса әбестік емес. Неге біз одан қорқу керекпіз? Танысудың жаңа заманға сай пайда болған бір түрі ғой бұл. Үрке қарайтындай дәнеңе жоқ. Бұл жерде тек агент арқылы араласып, бас-көзге қарамай отау құра салатындарды құптаудан аулақпын. Егер ғаламторда танысып, уақыт өте шынайы өмірде кездесіп-білісіп, бірін-бірі ұнатып жатса, оның еш оғаштығы жоқ деп ойлаймын. Тек агентті орынды пайдалансақ болды. Күні-түні агенттен шықпай, сонымен таңды атырып-батыратындар да бар өз ортамызда. Оларға қарап өз басым таңғаламын. Себебі барлық жұмысын ұмытып, жарты тәулік агентте отырып, қандай әңгіме айтатындарын түсінбеймін.
Нұрбол ОКУОВ, журналист:
— Бүгінде заман қатты дамып барады. Сонау Кеңес дәуірі кезінде алыстағы тума-туыспен байланысу оңай емес екендігін сол заманда өмір сүрген қазіргі қариялар растап бере алатынын жақсы білеміз. XXI-ші ғасырға аяқ басқалы, ғаламторда орын алып жатқан өзгерістерді көріп көз қуанып, көңілің толады. Өзге адаммен танысудың бір амалы немесе онымен тұрақты байланыста болудың бір жолы ретінде агентті айтуға болады. Қазіргі таңда агент төңірегіндегі түрлі ой-пікір айтылып жүргені рас. Бірі қажеттігін алға тартса, енді бірі керек емес деген ой тастайды. Меніңше, бүгінде агент – ең ыңғайлы байланыс түрі. Себебі, сол Кеңес Одағы тұсында болған қазіргі тәуелсіз мемлекеттер, Еуропа мен Америка елдерінен әлде қайда артта қалып қойғаны жасырын емес. Ал тәуелсіздік алған жылдардан бастап, дамыған елдерге еліктеп жүрген қазақ елінің де қарыштап дамып келе жатқаны баршаға аян. Демек, артта қалғанша, алға жылжып біз де өз ойымызды электроникамен қатар дамытқанымыз жөн. Әсіресе бұл ретте агенттің рөлі ерекше. Себебі агент адамдардың тек қана танысу құралы емес, ең бастысы әріптестік қарым-қатынас орнату, жарнама жариялау, өз жеке пікіріңді білдіру, достардың қатарын көбейту, алыстағы ағайынмен байланысу үшін керек. Меніңше агенттің дамығаны соншалық, ол бүгінгі біздің өмірімізде төрден орын алып отыр. Расын айтсам, осы мақаланың авторы Сандуғаш қарындасыммен осы агент арқылы таныстым. Агент болмаса, алыста жүрген іні-қарындастарымның қатары көбеймес еді. Демек мен үшін бүгінгі дамыған заманда «Агент» ауадай қажет.
Ұялы телефоның болса, агентің бар деген сөз. Бұл «агенттің» мүмкіндігі мол тіпті, әлемнің кез келген жеріндегі адамдармен хат жазысып, тіпті бетпе-бет сөйлесе аласың. Агенттің қолданысқа енгеніне санаулы уақыт болғанына қарамастан, оны қолданушылардың саны сағат сайын емес, минут сайын миллиондап артуда. Таңның атысымен агентке кіріп, қара кешке дейін арзан сөзді сапырып отыратындардың қарасы көп бүгінде.
Таба алмай, хабарласа алмай жүрген адамыңды агенттен оңай таба аласың. Ол үшін іздеген жақыныңның аты-жөнін енгізуің жетіп жатыр.
Арамызда «агентшілердің» қаптағаны сонша, айтыскер ағамыз Балғынбек Имашевтың өзі:
Бәріміз де mail.ru-дың жастары едік,
Бәріміз де «мой мирді» ашқан едік.
Онлайындар ойда, отошелдер тойда,
Отключендер, невидимдер қайда екен? – деген әзілінен бұрын шындығы басым өлең шығарды. Ішің пысса, агентке кір. Агентке кірсең, күннің қалай батқанын байқамай қаласың. Маңызды әңгіме айтпай-ақ, «сәлем, қалайсыңмен?» басталып, айтарға сөзі өзі ақ табылады. Зеріксең, блогыңа «сағындым» деп жаза сал. Жан-жақтан хаттар өзі-ақ ағыла бастайды.
Агентті дүниежүзінің 16 миллион адамы күн сайын қолданады екен. Содан болар, бұл жерде алаяқтар жетіп артылады. Мысалы, жалғыздықтан жалыққан өскемендік бір келіншек агенттен тапқан ғашығының қалтасына ойланбастан 500 мың теңгесін салып беріпті. Енді алданған келіншек ақшасын кімнен қайтарып аларын білмей дал. Мұндай оқиғалар қазір қаншама?
Соған қарамастан, бүгінде осы агенттің арқасында танысып, табысып жанұя құрып жатқандар да жоқ емес.
Сандуғаш ҚУАНЫШБАЙҚЫЗЫ
Мұның бәрін байқағаныңызға қарағанда, өзіңізде агентте жиі отыратын сияқтысыз ғой