
Болашағымызда аяғымызға тұсау болмау үшін өмірде адам бойына енуге құмар жаманшылықтардан сақтанғанымыз дұрыс. Адамның жамандыққа бойы бір үйренсе, арылуы қиын. Қазіргі таңда Батыс елдерінің арзан құндылықтарына еліктеуші жастар қатары көбейіп келеді. Оған көрініс ретінде жастарымыздың түнгі клуб, кафе, бар, пайдасыз ойын-сауық орталықтарын паналауын айтсақ болады. Ғылым, ілім ізденіп, халыққа пайдасы мол нәрселермен шұғылданып, еліміздің өркенденуіне атсалысудың орнына ұрпағымыздың тәрбиесіне балта шауып отырған Батысқа деген еліктеушіліктің құрбаны болып отырған жастарымыз қаншама?! Расында «біреудің қатесі — біреуге сабақ», сондықтан жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп, дұрыс пен бұрысты ажырата білген жөн. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда әр уақыттың қадірін түсіну маңызды болмақ. Халық арасында жиі айтылып журген сөз бар: «Үш нәрсе қайтып келмейді: сөз, уақыт және мүмкіндік». Уақыт зымырап өтіп жатыр, күні кеше анамыздың құшағындағы кішкентай сәби, одан соң мектеп жасындағы балдәурен шақта едік, қазір бір үлкен өмір мектебіне қадам басып келеміз. Жастық шақ — «өмір-өзендегі» ең тәтті де балауса, бал шақ. Осы шақ та барлығы арман қиялына шарықтап, болашаққа жоспар құра бастайды. Адам жас кезінде бейне бір мәңгілік жас болардай сезімде болады, бірақ уақыт біздің еншімізде емес. Орда бұзар шағымыздағы өмірдегі орнымыз қазіргі кезеңдегі іс-әрекеттерден бастау алмақ. Сондықтан, жарқын болашаққа жол ашар, ертенгі күні жемісін көрер, қабілетімізге қарай мамандық таңдағанымыз жөн. ХХІ ғасыр-ақпарат пен жаңа технология заманы. Бұл заманда көбірек ақпарат білген адамдар қатары бағаланады. Қазіргі таңда көптеген жастар заман талабына сай интернет желісі аркылы білім алуды таңдап отыр. Бірақ, өкінішке орай, ақпараты мол, білім іздегенге іздегенін берер интернетті кейбір жастар дұрыс пайдалана алмайды. Адам санасын улар, пайдасынан зияны көп әлеуметтік желілердегі өз алтын уақыттарын зая кетіріп жатады. «Кітап-білім бұлағы, білім-өмір шырағы» демекші кітаппен алған білімнің орны бір бөлек. Сол турасында Хакім Абай «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деп кітаппен білім ізденудің артықшылығын нұсқаған. Өмірдің биік белестері, асу шыңдары қауқарсыз еңбектің арқасы, оған дәлел «Ерінбегеннің еңбегі жанар» деген Майлықожа Сұлтанқожаұлының сөзі бар. Еңбектің, тапқан табыстың адалы мен арамы болады. Абай атамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң Алланың сүйікті құлы боласың» деп екеуінің аражігін ажыратып береді. Құрметті достар, үлкен өмір кезеңіне қадам басып келеміз, яғни Аллаһ ғұмыр берсе, әлі талай сынақ, кедергілерді бастан өткереміз. Әйтсе де, аяғымызды шалыс баспай, әрбір әрекетімізге, қадамымызға абай болайық. Жаман жолға түсіп, орны толмас өкініш, өмірімізден кетпес бәлекетке ұшырап қалмайық. Жастық шағымызда басымызға іс түссе арашалайтын, ауырымызды жеңілдетер, қуанышымызға бірге қуанатын дос таңдай білудің өзі бір жетістік. Өйткені, араласатын ортамыздың үлгілі, салмақты болуы біздің болашағымызға әсер етеді. Сонымен қатар өзімізді мазалаған сұрақтар мен көңіл түсіп қаймыққан сәттеріміздің жауабын Құран аяттары мен хадистерден іздеп, кеңес алайық! Сөздің соңында, жұдырықтай жүрегімді жарып шыққан мына өлеңімді арнаймын: О, Жастар! Еліміздің болашағы! Сендерге өмір-өзен жол ашады. Сендерге үлкен үміт мол арттырып, Арттарыңнан халкымыз қарасады. О, Жастар, ойланыңдар, босқа жатпай, Өмірді адам түсінбес жанға батпай. Текке өткізбей уақытты, « Жарысыңдар, Жақсылықтың жолында» жүйрік аттай! © Нұргүл Сұлтанова

