Қобыланды жырында қырық құлаш Қызыл ер Қобыландыға неге аяғыммен күрес дейді? Осыған ой жібердік пе? Жіберген жоқпыз, ойбай Қобыланды ерек тапқырлық жасап, оның аяғына арқан байлап сүйреп өлтірді деген жолдардан айызымыз қанып ләззат аламыз. Ал, неге қырық құлаш Қызыл ер «Аяқ күресін» қалады деген этнотіркеске мән бермейміз. Оның себебі «Қобыланды батыр» жыры тар ауқымда ауыз әдебиетінің үлгісі ретінде қаралуынан. Ондағы ұлттық өмірдегі түрлі этникалық эпизодтардың басқа сала зерттеушілері тарапынан қарастырылмауы осындай біржақты жартыкеш түсініктердің қалыптасуына жол ашады.
Шын мәнісінде қазақпен бірге жасасып келе жатқан аяқ және тізе күрестері бар. Баланың яғни, болашақ жауынгердің тәрбиесіне ерек көңіл бөлген бабалармыз өз ұрпағының бойындағы бүткіл дене мүшелерінің дамуы үшін бастан аяққа дейінгі аралықтағы дене бөліктерінің дамуы үшін «көз күресі», «мойын күресі», «қол күресі», «шынтақ күресі», «тізе күресі» және «аяқ күресі» түрлерін өмірге әкелген. Соның бір бөлігін қазір ағылшындар иеленіп, «қол күресінен» әлемдік чемпионаттар өткізіп жүр.
Енді біз «Қобыланды батыр» жырына қайтып оралайық та, «жетпеген жерді жеткізу» стилистикалық амалының көмегінен жыршылар тарапынан түсіп қалған жыр қаңқасын толыққанды қалпына келтіруге әрекет жасап көрейік. Қырық құлаш Қызыл ер мен Қобыланды арасындағы жекпе-жекті жырлаушы жыршылар неге бұл жолды аттап өтті деген орынды сұрақ туады. Оның себебі, ислам дініндегі бабаларымызға екі бірдей батырдың қару-жарақпен емес, аяқтарымен күрескені ерсі көрінгендіктен. Және оның шарты кім жеңілсе, ат құйрығына байланып өлетіндігі мұмылман жыршыға мәжусилік ретінде тұрпайы көрінетіндігін тағы қосайық.
Шын мәнінде, белгілі бір себеппен кіналы болған Қырық құлаш Қызыл ер мен оған жазасынан не құтылу не тұтылу үшін қарсылас болған Қобланды арасындағы жекпе-жек «аяқ күресі» түрінде өтіп, кінәлі жеңілсе атқұйрығына байланған, жеңсе жазадан құтылған болып саналған. Немесе екі батыр бір нәрсеге шекісіп қалып, жеңілгені өлімге кесілген.
Жыршылар өз жанынан осы оқиғаны менменсіген Қызыл ерді Қобланды сүйреп өлтіреді деп өзгерткенімен шындық өмірде түркі батырлары арасындағы «өз нәсіліне» қылыш сермемеу, қару кезенбеу этикалық ұстанымы еш өзгеріссіз қалғандығын аңғарамыз.
Егер біз этнос ретінде әлемдік өркениеттен өз орнымызды тапқымыз келсе, «қазақ күресі» сияқты «қазақ дене бессайысын» («мойын күресі», «қол күресі», «шынтақ күресі», «тізе күресі» және «аяқ күресі») да ғаламтор арқылы насихаттауға көшуіміз керек. Егер оқырман осы күрестердің ережесін керексінсе, мына электронды пошта арқылы ала-алады.
Сенбі жексенбі [email protected] немесе дүйсенбі мен жұма күндері audan2010xx mail.ru
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар, ШҚО, Бородулиха ауданы
Фото: qyzylorda.kz