Ұлттың қуаты-тілінде

2013-02-14_143447«Егер тілім ертең болса құрымақ,
Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ!

Қазақ деген дархан халықтың асыл қазынасы туған тілі-ана тілі. «Қазақ тілі-кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай», — деп тоқталған М. Көпеев. Ана тілі-ар өлшемі. Адамзат атаулының түпкі тарихы мен кемел келешегінің кестелі көрінісі-тіл арқылы жетеді. Ана тілімізді дамыту, оның күнделікті өмірде қолданысын кеңейту-барша халықтың парызы.

Қазіргі қоғамның ащы шындығына айналып үлгерген ана тіліміздің жағдайы мәз емес. Талай қазақтың «қаракөз» ұрпағы тіл білмеуден жапа шегуде. Кезіндегі кеңестік идеологиялық саясаттың әсерінен кең сахараны мекен еткен қазақ жұрты туған тілінен баз кешіп, ұмыт қалдырудың аз-ақ алдында қалған. Сол заманның ызғары бүгінгі күнге әсерін молынан тигізуде. Сөз арасында М. Әуезовтің үлгі боларлық сөзі ойға оралып отыр. «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде, сыңаржақ азамат болады». 1989 жылы 11 қыркүйекте қабылданған Заңда «Тіл-халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамас белгісі», — делінген. Ұлттың ұлттығын айғақтайтын тіл мәселесі жайында сөз қозғағанда, қандастарымыздың толық қазақ тілін меңгермегеніне ішіңіз ашиды-ақ. Тіл жанашырлары бүгінгі күнге «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» күйін кешуде. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте! — деп Қ. Мырзағалиев ақынның жырын тілге тиек етсек, Елбасымыздың «Үш тұғырлы тіл» жобасы еске түседі. Бұл жобада қазақ жастары өз ана тілімен қоса, орыс тілі және халықаралық ағылшын тілін меңгеру керек деп белгіленген. Осыған орай «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқу мүмкіндігі туды. Екінің бірі шетел тілінде сайрап, мәдениетіне бас ұрғалы қашан. Жастардың арманы шетелмен байланысты болып, сол елде оқуды айқын бағыт етіп қойды. Қазірігі дамыған заманда екі жас жеткіншек болса, бірінің арманы шетелде оқу немесе шетел тілін меңгеру болып отыр. Шындығында, еліктеушілікке бой алдырғанымен, өзін ізденіске баулу жолында кең арна болмақ. Бұл — ел ертеңін айғақтап, әлемдік аренада Қазақстанды ұлықтауда бірден-бір нақты жол. Бірақ «Екі тілдің мәдениетін бойға сіңіру ол адамды кең тынысты етеді… Екі тілді білу-екі енені тел емгендей, екі жақты егіз нәр қасиет, қуат бітіреді… Дегенмен де ана тілі мен әдебиетін сүйіңдер», — деп М.Әуезов бекер айтпаса керек. Тіліміздің мәртебесін биіктету жолында Елбасымыздың бір сөзі ойға оралып отыр: «Тарих пен тіл тамырлас». Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттың мақтанышы, атадан балаға қалдырған мұра. Дербес ел, тәуелсіз мемлекет болған шағымызда, мемлекет екенімізді танытатын басты белгі — тілдің толық салтанат құрып, құлашын кең жаяр шағы әлдеқашан жеткен. Ана тілімізді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы алдына нақты мақсаттар қойып, тіл мәртебесін арттыруды нақты міндеттер іске асыруды көздейді. Бұл бағдарламада — мемлекетімізді нығайтып, қазақ елінің рухын биікке көтеретін өзекті бағдарлама болып отыр. Қазақстанның келешегі – жастар дейміз. Ал, әрбір жастың тәрбиесі тал бесіктен басталмақ. Ел боламын десең, бесігіңді түзе демей ме?

 

Сандуғаш Қуанышбайқызы

+5
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии