Көз алдымнан кетпейді дала мына.
Сол дала ғой, жығылсам, шөбін төсеп,
Қамыққанда қараған қабағыма.
Асыр салып көк шүйгін белдерінде,
Айдын шалқар шомылдым көлдерінде.
Пана болған кең дала тағы маған,
Қайғы бұлты кездейсоқ төнгенінде.
Ат қып мініп шыбықты қуған қаңбақ,
Жағасында өзеннің жүрген аунап.
Сол дала ғой балалық бал шағыммен
Бар шағымды қазіргі тұрған жалғап.
Күн шыққанда көрінген бүкіл ғалам,
Түн болғанда жұлдыздар жыпырлаған,
Шынықтырған шілденің ыстығы мен
Сары аяз бен ақ қары сықырлаған.
Жусанын да, гүлін де сыйлап маған,
Сипаса да басымнан тіл қатпаған,
Қыс пенен жаз, күз және қыс күні де
Жылуы мен суығы қымбат маған.
Өкініштен өртенер кеш ойланған,
Алла берген ғұмырын жасайды адам.
Сіміргенде даланың таза ауасын,
Қуаныштан еріксіз бас айналған.
Дала желі ескенде жанға жайлы,
Көкіректе қалатын бар ма қайғы?!
Жауын жауса, даланың шаңын басып,
Аспанымды қара бұлт торламайды.
Осы дала – қозы-лақ ойнаған жер,
Қызық-думан, ойын-той тойлаған жер.
Бозбалалар қырындап бойжеткенге,
Тіршіліктің қазаны қайнаған жер.
Бабам қазақ мал бағып, дән өсірген,
Белгі қойған жердің әр төбесіне.
Талабы бар пенденің бағы жанып,
Құр қалмаған бұйырған үлесінен.
Өткен күндер ой салса саналыға,
Көрген қызық алтындай бағалы ма?!
Жолдың шаңын жұқтырдым балағыма,
Тікенін де кіргізім табаныма.
Жері жұмсақ даланың, шөбі кілем,
Қасиеті ешқашан кемімеген.
Ыстық болып көзіме көрінеді
Көлеңкеде мұзы да ерімеген.
Қойған қойып орманды ортасына,
Кәдеге асқан түбір мен жаңқасы да,
Табаныма сезілер торғындай боп
Жолда жатқан кесегі, әр тасы да.
Сол даланы тулақтай тоздырғандар,
Перзенттерін даланың азғырғандар
Көбейгенде, елім-ау, есің кетіп,
Тектен текке еліріп, мәз болмаңдар!
Толып жатыр жер астын тонағандар,
Жер үстінің байлығын талағандар.
Көнбіс дала барлығын көтерсе де,
Жебірлерге желіккен жоламаңдар!
Қастерлесем даланы күні бүгін,
Көтере алсам заманның ұлы жүгін,
Үйірінен адасып, кісінеген
Кең даланың мен де бір құлынымын.
Осы арада кесілген тұсауым да,
Осы арада қонарым, ұшарым да.
Демім бітіп, күн келсе дәм таусылар,
Сол даланың жатармын құшағында.
Ақылбек Шаяхмет