«Расында, Біз оны (Құранды) Қадыр түні түсірдік. Ал, саған Қадыр түнінің не екенін не білдіреді? Қадыр түні мың айдан да артық. Ол кезде Раббыларының қалауымен, Оның әрбір әмірі үшін, періштелер мен Рұх (Жәбрәйіл) түседі. Ол (түн) – таң атқанша сәлем!» («Қадр» сүресі 1-5).
Сондай-ақ: «Анық Кітаппен ант етемін! Біз оны берекелі түні түсірдік, әрі Біз ескертеміз. Бұл түні, Біздің әмірімізбен барлық дана істер шешіледі» («Духан» сүресі , 2-5).
Алланың елшісі (с.ғ.с): «Аллаһ алдында ең құнды түн – қадір түні» депті.
Бұл түннің қасиетіне тоқталсақ: Құран Кәрім толық күйінде «Ләухул Махфуздан» дүние көгіне, Бәйтул Иззәтқа Қадір түні түскен, бұл түні жасалған құлшылық 83 жылға татыйды және бір жылдық тағдыр белгіленеді. Қатада атты ғалым: «Бұл түні, келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – дейді Алла тағала бұл түні мүмін құлдарына рахымын төгіп, кешірім сыйлайды, Бұл түні Жәбірейіл періште мен көптеген періштелер жер бетіне түседі. Алланың елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Шын мәнінде, Қадыр түні жер бетінде, періштелер ұсақ тастардан да көп болады» Имам Хамд ибн Ахмад: «Бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша – жер беті періштелерге сыймай кетеді» деген.
Өкінішке орай, көпшілігіміз осы түннің қасиетін терең түсінбегендіктен, ол түнді қалай болса солай өткізіп жатамыз. Мысалы, "ұйықтамасам болды" деген ниетпен теледидар алдында телміріп отыру, не дастарханды дәмді асқа толтырып, соны ішіп-жеп таң атқызу т.с.с. Ал бұл түннің қасиеті туралы Алланың елшісі (с.ғ.с): “Расында, сендерге бұл ай келді! Онда, мың айдан да артық бір түн бар. Сонда кім ол түннен мақрұм қалса, оның барлық игілігінен мақрұм қалады”, деген. Және де Қадір түнін қалай қарсы алу керектігін де үйретіп кеткен. Алланың елшісі (с.ғ.с) былай деді: «Кім Қадыр түнін, иман келтірген және сауапқа үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, алдыңғы күнәларының барлығы кешіріледі». Сондай-ақ Айша анамыз пайғамбарымыздан (с.ғ.с) : «Әй, Алланың елшісі, егер мен Қадыр түнінің келгені туралы білсем, не айтуым керек?» деп сұрағанда. ол: «Аллаһумма, иннәкә ъафуун, тұхиббул ъафуа, фаъафу ъанни» (Уа Аллаһ! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!), деген.
Яғни, бұл түнде намаз оқып, тілек тілеу, Аллаһқа жалбарынып, кешірім сұрау, Құран оқу сияқты құлшылық амалдарын жасаған жөн . Әсіресе қаза намаздарын оқыған абзалырақ. Хафиз Ибн Ражаб: «Әй, өзінің өмірін еш пайдасыз өткізген адам! Жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін, Қадыр түнін қолданамын. Расында, ол түгел өмірге тең!», – деп айтқан.
Қадыр түнінің нақ қай түні екені белгісіз. Тек Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене отырып оны шамамен білеміз:
«Қадыр түнін рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер.» «Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінің 21, 23, 25, 27 және 29 секілді тақ түндерінен немесе рамазанның соңғы түнінен іздеңдер. Сауабын ойлап қадір түнін ғибадатпен өткізген адамның күнәлары кешіріледі.»
«Қадір түні рамазанның 27 түні».
Алла елшісі (с.ғ.с) соңғы он түннің бәрінде де құлшылықта болған. Бұл туралы Айша: «Рамазанның соңғы он күні келгенде, Алла елшісі (с.ғ.с) түндерін намазбен өткізген, отбасы мүшелерін оятқан және құлшылықтарында ерекше ынта танытқан», – деген
Дегенмен, Қадыр түнінің белгілері бар:
Алла елшісі (с.ғ.с) Қадыр түнінің белгілері туралы былай айтқан: «Қадыр түнінің белгісі – таза және жарық, ол түні ай масаттанып (жарқырап) тұрғандай болады. Бұл түні, таң атпайынша жұлдыздар атуға рұқсат етілмейді. Оның және де бір белгісі: таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады, әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді».
Хазреті Убәйд бин Омардың айтып бергені: Қадір түнінде теңізге түскен едім. Суын ішкенімде тұзды емес еді, тұщы және жағымды еді.
Хадистерде былай бұйырады:
«Қадыр түні аспан ашық және жағымды болады. Суық және ыстық емес, таңертеңгісін күн қызарып туады.
«Қадыр түнінің таңында күн шуақсыз туады. Көтерілгенге дейін бір табақ секілді болып көрінеді.»
Жылына берілген бір мүмкіндікті қалт жібермей, осы түнді құлшылық пен дұғамен өткізумізді Аллаһ нәсіп етсін.
Сарбала Гүлнұр