Ана тілін жетік білмеген бала мектепке бара сала ағылшын, орыс тілдерін үйренеді. Баланың санасына құйған ата-ананың ақылы далаға кетіп, ол баланың ана тілі жайлы ойы өзгерері сөзсіз. Мектеп қабырғасын аттай салып, өзге тілді меңгере бастаса, ертең ол баладан қандай патриот шығады?
Ағылшындардың зерттеулеріне қарасақ, мысалы, ағылшын, орыс, қазақтың сәбилерін алып, үшеуіне де өз тілінде ән немесе сөздер айтса, олар тек өз ана тілінде шыққан сөздерге мойын бұрады екен. Яғни, бала туыла салғаннан бастап өз тілін бойына ана сүтімен-ақ қабылдайды. Ол өсе келе тілін дамытады, жетілдіреді, байытады. Сондай шақта ол баланың өзегіне өзге тілді құйса, ол баладан ақын, жазушы, ғалым секілді ұлы тұлғалар шықпайды. Ашық түрде айтсақ, біз өз тамырымызға өзіміз балта шабудамыз. Жапонияда 15 жасқа дейін бала тек өзінің ана тілін ғана үйренеді екен. Сол өзге тілді үйренбей артта қалған Жапонияны көрген жоқпын.
Қазаққа оян деп ұрандаған Ахмет атам «Бала бастауыш мектепте тек өзінің ана тілін ғана оқуы керек», — деген болатын. Бірақ қазақтар артық қыламыз деп тыртық қып алатын түрлері бар. Әрине, ХХІ ғасырда адам баласы жан-жақты болуы шарт. Қадыр Мырзалиев айтқандай:
Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Біріншіден, тәй-тәй басып келе жатқан болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды дұрыс жеткізе білейік. Мағжан атамыз «Мен жастарға сенемін» деген. Сол сенімді ақтау – бізге міндет. Бірақ ол міндетті орындауға ағаларымыз қол созбаса, елсіз қалған жас ұрпақ қайда барып соғыларын кім білсін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «жоғарыдағыларға» айтарым, бастауыш сыныптарға ана тілінен басқа тілдегі пәндердің оқытылмауы және «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, ата-аналардың құлағына алтын сырға, балаларының ана тілін меңгеруіне кедергі жасамай, өздерінің де жағдай жасауында…
Аяпберген Ұлжан
Алматы облыстық И.Нүсіпбаев атындағы №4 мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы