Ең Ұлы жауапкершілікті Кеңістік пен Уақыт жүктейді

Кеңістік пен уақыт — барша жаратылыстану, қоғамдық ғылдымдар, философия және математика салаларында қолданылатын және әр ғылым өзінше дара анықтама мен түсінік беретін аса күрделі ұғым.Кеңістік — күллі тіршіліктің, құбылыстың пайда болу, даму, қозғалыс жасау ортасы. Осы іс-қимылдар мен тағдырлардың басталуы мен шарықтауы, соңына жетіп тыныстауы белгілі мезгілдік сипат алады. Міне бұл — уақыт аясы. Сондықтан кеңістік пен уақыттан тыс қалатын ешқандай оқиға, әрекет, сезім, құбылыс, өркениет болмақ емес.

Адам баласының жұмыр жер бетіне қашан жаралғаны, қайдан және қалай келгені материалдық және рухани ғылымдар аясында әлі де жұмбақ болып келеді. Грек ойшылы, әйгілі Аристотель айтқандай: “Себепсіз себептер болады”. Осы бір ауыз сөз аптыққан көңілімізді басады да, бізді сабырлы түрде ой жүгіртуге жетелейді. Мұндайда, дана бабамыз Абайдың: “Шексіздікті адам баласы өзінің шекті ақылымен танып біле алмайды, бірақ шексіздікті білуге талпыну — даналық”-дегені сол “жүгірген” ойымызға шам-шырақ болып тұрады. Екі ұлы ғұламының ой-пікірлері арасынан жол іздеп, кеңістік пен уақытқа ойша сапарлаудың маңызы ерекше болмақ. Не үшін маңызды? “Осы күнмен өмір сүр” — теориясын жанымызға мықтап түйген бүгінгі күннің ұрпақтары үшін оның қажеті қанша? — Әрине, белгілі мағанадан айтқанда, өткен күн — өлі күн, болашақ — бей мәлім. Нағыз өмір — осы шақта тұр. Алайда, біз өткеннің жалғасы, келешектің бастамасы болып “өліара” кезде тұрған жоқпыз ба? Осы күнгі қал жағдайымыз неге мүшкіл, рухани күйіміз неге жұтаң? Болашағымыз неге бұлыңғыр? Міне бұның бәрі бізге “өліге”-саналған тарихымызды бағаламаудан шыққан әлеуметтік ауыруымыздың салдарлары.

“Кеңістік — үлкен көл, уақыт — соққан жел” -десек, кім сөзімізге нанбасқа? Сол кеңістіктің құшағында кеше бабаларымыз, бүгін біз жасап келеміз. Сол уақыттың желі қайталап, әлі соғып тұр. Сол дала,  сол жазық, сол күн мен түн, сол жаңбыр мен қар әлі де қалпында. Тек ұрпақтар ғана ауысқан. Шаң басқан дала соқпағының орнына, темір рельстер, киіз үй орнына қабат үй түскені болмаса. Бәлкім заман жаңғырды, ғылым мен техника дамыды дегіңіз келетін шығар, бірақ адам баласының бойындағы негізгі адами қасиеттер еш өзгерген жоқ, сол байырғы күйінде қалды. Күйінсе жылап, қуанса күледі, армандайды, жар құшып, ұрпақ сүйеді, ғұмыр кешеді….

Қазақ қай заманда осынау ұлан-ғайыр даланың иесі атанды кім біледі? Бірақ, міне солардың ұрпағы — біз осынау даланың қойнында жасап келеміз. Демек, бұл дала біздің өркениеттің бесігі. Оған ескі қорымдар мен қоныстардағы тарихи жәдігерлер куә. Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры”- атты мақаласында көшпенділердің ең алғашқы болып жабайы жылқыны қолға үйретіп, оны көші-қон көлігі, қорғаныс әрі шабуыл құралы,  шаруашылығы мен баспанасының, сусыны мен азығының тірегі етуі адамзат өркениетіне қосқан ұлы еңбегі деп бағалап көрсетіп отыр. Бабаларымыздың жылқыны қолға үйретуі, олардың жауынгерлік қуаты мен рухын аспандатты. Атқа жайдақ мінбеу керектігі — бабаларымыздың темірден түйін түйген шеберлігін өмірге әкелді. Бұл бүгінгі біздің тілмен айтқанда “металлургия” — еді. Отқа балқыған темірден қайқы қылыштар, екі жүзді  алмас семсерлер, ұшқанда ысқырып, жаудың зәре-құтын қашыратын жебелер жасалды. Арбаның доңғалақтары темірмен құрсауланды. Міне көшпенділер әлем сахнасына алшаңдай басып көтерілді. Төрткүл дүниені дірілдетіп, Еуразия даласын жалпағынан басып сан ғасыр үстемдік жасады.

Тарих сахнасына тек қана, қарудың күшімен шықтық десек, ол қарабайыр түсінік болар еді. Ол кезде көшпенділер түрлі салада сол кездегі халықтардың алдыңғы қатарында тұрды. Бір ғана 1969 жылы Есік қорғанынан табылған “Алтын адамның” өзі, оның алуан түрлі қайталанбас, аса нәзік те, әсем әрі шебер өрнегі сол кездегі біздің бабаларымыздың ғылым мен техника саласында соншалық биік деңгейге көтерлгенін айғақтайды. Елбасы мақаласындағы: “Аң стилінде” көшпенді бабаларымыздың табиғатпен етене болып, дала заңына қайшы келмей, керісінше оны ұтымды пайдаланғаны, әсіресе, тұрпаты текті қар барысы секілді жануарларды мыс және қоладан құйылған бейнеде салуы сол кездегі жоғары өндірістік тәжірибе мен әлемдік өнердің биігі ретінде бағаланады.

Әр ұлттың ғасырлар бойы дамытылған, жетілдірілген әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері бар. Қазаққа тән ондай салт-сана жылқыны қолға үйрету және дала металлургиясынан басқа, киіз үй, домбыра-қобыз секілді бай рухани дүниелері мен қымыз, шұбат, қазы-қарта, жал-жая, құрт-май секілді аса нәрлі де пайдалы ұлттық тағам түрлері де әлемдік мәдениеттен ойып тұрып орын аларлық құндылықтар болып табылады. Қазақ халқы — тарихи-әлеуметтік табиғи тағылымы, ежелден келе жатқан тұрмыстық әдет-ғұрыптары қалыптасқа ежелгі, көне халық. Тіпті, қазақтың ас қазаны да айран-сүт пен қымыз-қымыранға бейімделген. Қазақ атқа мінсе, биіктеп, қаны қызып жігерленіп кетеді. Домбыра-қобыздың үні қазақты шаттандырады, түрлі арманға жетеледі.

Біздің ұлы даламыз Елбасы айтқандай — Түркі әлемінің бесігі. Ұлан -байтақ даланы түркілер еңбекқорлығымен, жаужүректілігімен, қайсарлығымен, алғырлығымен, шеберлігімен игерді, әлі де игеріп келеді. Біз бұл даланы әлде кімдер айтқандай, тек мал соңындағы көшпелі тұрмыспен ғана меңгеріп немесе кеңітіп отырған емеспіз, біз өзіміз жаққан отқа өзімізді де, өзгені де жылытқан адамдай, өз мәдениетімізді, ғылым-білімімізді қалыптастыра отырып игердік және сол инновациялық жетістіктерімізді айналамызға шаша білдік. Сұңқар мен тұлпарды бағалай білген халқымыздың философиясымен айтқанда: “Ақсұңқар жан-жағына шашып жейді, жапалақ жамбасына басып жейдінің” қағидасын ұстандық.

Түркілердің ұлы өркениеті мен бірлігінің нәтижесінде “Ұлы жібек жолы” адамзат өркениет көшін алға жылжытты. Ескі заманның “Транзиттік дәлізі”- аталған біздің даламыз, Батыс пен Шығыс арасындағы көпірлік рөлін атқарды. Ғаламдану үрдісінің дамуына өз үлесін қосты. Мәдениеттер тоғысып, араласып күллі адам баласының игілігі үшін жұмыс жасап жатты. Халқымыз осы керуендер жортқан шексіз даланың иесі салауатымен өзінде барды беріп, жоғын алып әлемдік көштен қалмаған күйі өмір сүре берді. Соның ішінде қазіргі күллі әлемге танымал, әйгілі қызғалдақ пен адам ағзасы үшін шипалы жеміс — алма біздің ардақты Алатуымыздың шұрайлы баурайларында өскен, біздің табиғаттың төл тумалары еді. Осы Ұлы жібек жолымен жортқан керуендерге “ілесіп” Жерорта теңізіне, одан әрі Еуропа дүниесіне жетті. Елбасы да Ұлы даланың жеті қырының бірі ретінде алма мен қызғалдақты тегін айтып отырмағаны анық. Менің пайымымша, осы алма мен қызғалдақ сынды құндылықтарымыз әлі де бар, олар әлемге паш етіп таратуымызды, жариялауымызды күтіп жатыр. “Барамызды бағалап”, өз жерімізден шығатын ұлттық өнімдерімізді әлемдік нарыққа  — “Ұлы жібек жолына” шығару арқылы, геоэкономикалық жүйеде аймақтық үстемдікке ұмтылып, күллі түркі дүниесінің ұйтқысы болайық деп үндеу тастағандай.

Жалпы, Кеңістік ұғымының шынайы бар болу, біртұтас болу, шексіз болу қасиетімен бірге уақыттың да үздіксіз, тәуелсіз және бір калыпты алға ғана бағытталатын қасиеттері бар. Осы ерекшеліктердің бәрі де біз жасап отырған даламыз бен тарихымызда бар. Әр халық өзінің тарихының тереңін, территориясының кеңдігін мақтан етеді. Ол табиғи құбылыс. Біз де өзіміздің кеңістігіміз бен уақытымыздың ұлылығына шек-шүбәсіз сенеміз. Себебі ол солай болған және солай жалғаса береді. Уақыт қанша ұзақ болса, тарих сонша терең болады. Кеңістік қанша кең болса, ерлік пен еңбек сонша мол болады. Демек, біздің бабаларымыз қалдырған алып зор кеңістік пен қайнары тым тереңде жатқан уақыт — тарихымыз бізге, біздің дәуір адамдарына және ұрпақтарымызға сонша зор және ауыр да, даңқты жауапкершілікті жүктеп отыр әрі жүктей береді.  Елбасы айтқандай: “Кеңістік — барлық нәрсенің, ал уақыт — бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістік көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады”. Міне бұл азаматтардың уақыт пен кеңістік алдындағы жауапкершілігі сыналып, міндеті айқындалатын кез. Біз осы кезеңге тұс келіп отырмыз. Ендеше әркім өз жауапкершілігін тарих пен келешек алдында, осы шақта тұрып сезінуін, атқаруын айтар едім.

 

Қастер Сарқытқан

Абай атындағы ҚазҰПУ,
География, экология және туризм
кафедрасы доценті, ғылым кандидаты

 

 

+2
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии