Зерттеуші ғалым В.В. Радловты «Алты жасар баладан алпыстағы ақсақалға дейін өлең айтпайтын, домбыра тартпайтын қазақты көрмедім… Қазақ – өнерлі, әнші, ақын халық» — дегізіп таңқалдырған қазақтың дәстүрлі өнерін кейінгі ұрпақ қалай қабылдайды, түйсінеді, міне осы жайлы сөз қозғамақпын. Бұл күнде заманауи әндерді дәстүрлі әнмен салыстыруға да, жарыстыруға да мүлдем келмейді. Кешегі өткен өнерлі қазақтың бүгінгі ұрпағының талғамы тіптен бөлек. Өзіңді қойып, өзгенің бәріне еліктеуді дағдыға айналдырғаны соншалық қазіргі жастардан ән атасы Әміренің, қазақ өнерін сан белеске биіктеткен Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев сынды дарынды да арынды ағаларымыздың кім екенін сұрасаңыз «әйтеу бір ақын или тағы бірдеңке, короче айтып тұрғаныңа қарағанда атақты болған шығар» деген жауап аласыз. Сенбесеңіз басымнан өткен жайтты жасырмай айтып берейін.Оқиға былай болды. Университет лифтысынан дәстүрлі ән тыңдап шығып келе жатқанмын. Сабаққа асығып бара жатқан студенттердің де қара мол еді. Кенет у-шу, абыр-сабырдың бір мезетте басылып, таңырқаған кейіптегі жанарлардың маған қадалғанын байқадым. Жайлап назарласам шынымен де сын көзбен сыртымнан сынап тұрғандардың көзқарастары менде екен. Келесі кезекте жаппай мазақ қылған күлкінің, «мынау не қосып алған», «ауылбайский» деген сөздердің астында қалғаным тағы рас. Жастардың жын көргендей үрпейісіп, төбе шашы тік тұрғанда мендегі ұлт әні менімен бірге ұялғандай. Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді демекші әуенімді өшірмедім. Көш кетті. Ұрпағын ұзатып тастап, қорланып ұлттық ән қалды. Ұзатқан ұл-қызының қайта айналып келер-келмесі де бұлыңғыр…
Қайран қазағым аңқылдап жүргенде немістер қымызынан, жалпылдап жүргенде жапондар қазы-қартасынан айырды. Келесі кезекте кім, немізді әкетпек? Ұлттық дәстүрден айырылдым дегенше, ұлтымды жоғалттым де!
Арайлап атар ақ таңды біздің немерелеріміз Arash-тың әнімен қарсы алып, бесігінде Тиматидің сандырағымен тербелмесе екен…
Айбек Қосанов. Семей қаласы
Айбектің көтерген тақырыбы өте құнды дүние, музка, ұлттық саз ол қазақтың жаны. одан безіну ұлтсыздықтың анық белгісі…