Кіріспе
Әлемдердің Раббысы болған Аллаға мадақ. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және сахабаларына Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!
Міне, Рамазан айы да келіп жетті. Бұл ай – Құран айы… Бұл ай – кешіру айы… Бұл ай – игі істер айы…
Бұл Ұлық ай ұлы марапатпен және теңдессіз артықшылығын ала келді.
Бұл айдың артықшылықтар өте көп. Оларды атап өтсек:
Алланың елшісі (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай деген екен: «Рамазан ай туғанда Жұмақтың қақпасы ашылады да, Тозақтың қақпасы жабылады, ал шайтандарға кісен салынады» [әл-Бұхари, Муслим].
Алланың елшісі (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) тағы да былай деген екен: «Бес уақыт намаз, жұмадан жұмаға дейінгі намаз, Рамазаннан Рамазанға дейінгі ұсталған ораза осы уақыт аралықтарында жасалған күнәлардың (егер үлкен күнәлардан тиылса) кешірілуіне себепкер болады» [әл-Бұхари, Муслим].
Алланың елшісі (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай айтқан: «Рамазан айында Алланың сыйына бөленетіндігіне үмітпен және сеніммен ораза ұстаған адамның бұрыңғы күнәлары кешіріледі» [әл-Бұхари, Муслим].
Осылармен қатар Алланың елшісі (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай деген екен: «Құдіретті және Ұлық Аллаһ айтты: «Адам баласы жасаған амалдарының барлығын өзі үшін жасайды, тек қана оразадан басқасын. Шын мәнінде, Оразаны – Мен үшін ұстайды және Мен ол үшін сыйн беремін» [әл-Бұхари, Муслим].
Алланың елшісі (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай деген: «Аллаһ жолында бір күн ораза тұтқан кез келген адамның жүзін Аллаһ Тағала міндетті түрде осы бір күн үшін жетпіс жыл Тозақ отынан аулақ қылады» [әл-Бұхари, Муслим].
Осы аса ұлық артықшылықтары үшін Алланың елшісі (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай деген: «Рамазан айы басталып және аяқталғаннан кейін де кешірімге бөленбеген кісі қорлыққа душар болғай» [ат-Тирмизи].
Кәне, дайынбыз ба?
Қымбатты бауырым! Міне бұнда қандай пайда бар екені саған мәлім болды. Енді сен қандай сыйға бөленетіндігіңді білесің. Мұхаммедтің (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) мұрасы турасында не ойлайсың? Бұл мұрадан бас тартуды ойламайсың деп ойлаймын. Мұра таратылуда, ал сен жай отырсың ба? Саған бұл мұра тиесілі ма, жоқ па деген сұрақ сені толғандырмай ма?
Қымбатты бауырым, орныңнан тұр да, «атыңды ертте», саған не дайындалғанын, не тиесілі екенін білуге ұмтыл! Өз жүрегің мен тәніңді осы күндер мен түндерде ықыласпен амал қылуға дайында, жігерлен.
Және де мынаны ұғып ал – рахатқа рахаттана отырып, ал тыныштыққа тыныштықта, жайбарақат отырып қол жеткізу мүмкін емес.
Сенің осы айда Аллаға құлшылығыңды жігерлендіруіңе көмектесу үшін мен ораза ұстаған адамның бір күнінің сипаттамасын дайындадым: бұл күні ол мәңгілік игілікке қол жеткізу үшін және Аллаһ алдында дәрежесін көтеру үшін қандай ғибадаттар, ізгі амалдар жасайтынын сипаттаймын.
Ораза ұстаған адамның бір күні:
— Бұл айырықша күн, ғибадатқа толы күн…
— Көптеген игі істер күні…
— Күнәлардан тиылу күні…
— Өзара көмекке, махаббат, сүйіспеншілікке, құлшылыққа толы күн…
— Жұмаққа апарар күн…
Бұл күні нендей жағдайлар болады?
Басы: Жүректің оянуы
Қымбатты бауырым, бұл күннің басы қамсыз ұйқыдан жүректің оянуынан, өзіңнің қандай жағдайда екеніңді ұғынудан басталады. Раббың сені барлық жамандықтан бүркеп, жазадан сабырлықпен сақтап отырғанын біле тұра, бейғамдық пен нәпсі құмарлығына оранып отырғандығыңды ұғынудан басталады. Алланың осы мейірімділігін біле отыра, сен Одан қашқақтайсың, Одан теріс айналасың…
Егер осы ұғынуға шынайы ниет пен нық ықылас қосылса, онда ол осынау қасиетті айдың пайдалы да мәнді өтуіне әкеледі.
Таң атар алды уақыты
Қымбатты бауырым, бұл уақыт аса таңғаларлық уақыт, бұл уақытта сенің барлық тілектеріңе жауап қайтарылады (яғни қабыл болады), бұл уақыт – Аллаһ Тағаланың ең төменгі аспанға түсетін уақыты. Бұл уақыт түннің үштен бірінің соңғы ширегі.
Әбу Хурейрадан (Аллаһ оған разы болсын!) берілген хадис мынаны баяндайды: Бірде пайғамбарымыз (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай депті: «Әрбір түннің үштен бірінің соңғы бөлігінде Аллаһ тағала ең төменгі аспанға түсіп, «Кім тілегінің қабыл болуы үшін Менен тілек тілейді екен? Кім Менен өзінің мұқтажын сұрайды? Кім Мен оны кешірсін деп Менен кешірім сұрайды екен?» дейді» [әл-Бұхари, Муслим].
Ал сен ше? Ал сен, менің құрметті бауырым, бұл уақытта не істейсің? Неге саған көзіңнен өкініш тамшысын тамызып, Аллаһ тағаладан осы уақытта кешірім сұрамасқа? Неге өз мұң-мұқтажыңды айтып Аллаһ тағалаға мұңыңды шақпасқа? Дәл осы уақытты пайдалы өткізген абзал: Алланы зікір етіп, Оған берген нығметтері үшін алғыс айтып, Құран оқып, кешірім сұрап, өз өкінішіңді, тәубеңді қайта қайта білдіріп өткізген дұрыс.
Сухур – таң сәрідегі ас.
Сухур – бұл да бір құлшылық. Алайда көптеген адамдар бұл құлшылық түріне немқұрайдылықпен қарайды. Олар кешкі асты тоя жеп алады да, сәресідегі асқа тұрмайды. Сөйтіп ұлы игіліктен құр қалады. Анас бин Мәліктен (Аллаһ оған разы болсын!) келген хадисте былай делінген: Пайғамбарымыз (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай деген екен: «Таңсәріде тамақтаныңыз, әлбетте сухурда бір береке бар» [әл-Бұхари, Муслим].
Пайғамбарымыз (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай деген екен: «Таңсәрідегі аста береке бар. Оны қалдырмаңыз, тіпті егер тек бір жұтым су ішуге тура келсе де. Шын мәнінде Аллаһ пен Оның періштелері таңсәріде тамақтанған адамдарға игіліктерін сыйлайды» [имам Ахмад].
Анастың айтқанынан Зайд бин Сабиттің былай деген сөздері келтіріледі: «Бірде, рамазан айының кезінде біздер пайғамбарымвзбен (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) бірге таңсәріде тамақтанып алдық, содан соң ол намазға тұрды.» (Анас айтады): «Мен былай деп сұрадым: «Азан мен сухурдың арасында қанша уақыт өтті?» Ол: «елу аят оқып болатындай уақыт өтті» деп жауап қайырады [әл-Бұхари, Муслим].
Ораза тұтар алдындағы түндегі ниет.
Мұсылман адам міндетті түрде ораза тұтар алдыңғы түннің кез келген бөлігінде ниетіне түзеп алуы қажет, тіпті ол таңсәрі алдындағы соңғы сәттер болса да (таңсәрі дегеніміз күн шығатын уақыт емес, таң намазына шақырылатын азан уақыты екенін білуіміз керек). Адам жүрегімен нық ниеттенуі керек және де тілмен айтуы шарт емес. Хафсадан (Аллаһ оған разы болсын!) берілген хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай дегені баян етіледі: «таңсәріге дейін ораза ұстауға жүрегімен ниет қылмаған адамның оразасы қабыл болмайды» [Абу Дауд, ат-Тирмизи, ан-Насаи].
Мұсылман адам таң намазына дайындалып тахарат (дәрет) алуы тиіс. Бұл турасында пайғамбарымыз былай дейді: «Кім жақсылап дәрет алса, оның күнәлары денесінен арылады, тіпті тырнақ астынан болса да шығады» [Муслим].
Тағы бір хадисте былай делінеді: «Тазалық – иманның бір бөлігі» [Муслим].
Таңғы намаз (әл-Фаджр)
Мұсылман адам таңның қызара басталғанын байқаған бойда ас-судан тыйылуы керек, ал азан шақырылып жатқанын естісімен, оның айтқандарын қайталап, одан соң «/Аллахумма, Рабба хазихи-д-да‘вати-т-таммати ва-с-саляти-ль-къа’имати, ати Мухаммадан аль-Василята ва-ль-фадылята ва-б‘ас-ху макъаман махмудан аллязи ва‘адта-ху! Деген сөздерді айтуы тиіс. Бұл төменде келтірілген хадисте баяндалады. Джабир бин Абдуллахтың (Аллах оған разы болсын!) сөздерінен пайғамбарымыздың (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай дегені келтіріледі: «Ақірет күні менің қорғауыма «Ей, Аллаһ, айтылған азан мен оқылатын намаздың Раббысы, Мұхаммедті Уәсиләға және жоғары дәрежеге жеткіз, және Өзің оған уәде еткен мақтаулы орынға бағытта!» деген сөздерді айтқан адам ілігеді» [әл-Бұхари].
Мешітте жамағатпен бірге оқылған намаз.
Содан соң таңғы намазды жамағатпен бірге оқыған жөн. Абдуллах бин Омардың (Аллаһ оған разы болсын!) айтқанынан пайғамбарымыз (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай дегені мәлім: «Жамағатпен оқылған намаз жалғыз оқыған намаздан жиырма жеті есе артық дәрежеде» [әл-Бұхари, Муслим].
Міндетті (парыз) таң намазының алдында екі рәкат қосымша намаз оқыған дұрыс. Айшаның (Аллаһ оған разы болсын!) былай айтқаны келтіріледі: «Пайғамбарымыз (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) ешбір қосымша намазды таң намазының алдындағы екі ракат намаздай бұлжытпай оқымаған еді» [әл-Бұхари, Муслим].
Намаздан кейінгі зікір.
Абу Умама (Аллаһ оған разы болсын!) баяндайды: «Бірде пайғамбардан (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай деп сұраған екен: «қай дұғаға жауап алуға көбірек үміт бар?», сонда ол: «Түн ішінде және парыз намаздардан кейін Алладан жалбарынып сұралған дұғалар» деп жауап береді»
Таң намазын оқып болған соң Аллаһты келесі сөздермен зікір еткен абзал: «Астағъфиру-Ллаха (3 рет)/ Аллахумма, Анта-с-Саляму уа мин-кә-с-саләму, табаракта, йа За-ль-жаляли уа-ль-икрам!"
— "Лә иләха иллә Ллаху уахда-ху лә шарикә лә-ху, лә-ху-ль-мульку, уа лә-ху-ль-хамду уа хуа ‘алә кулли шайин қъади-рун! Лә хаулә уа лә қъууата иллә би-Лләхи, лә иләха иллә Ллаху уа лә на’буду иллә ийа-ху! Лә-ху-н-ни’мату, уа лә-ху-ль-фадлю уа лә-ху-с-санау-ль-хасану! Лә иләха иллә Ллаху мухлисина лә-ху-д-дина уа ләу кәриха-ль-кәфирун. Аллахумма, лә мани’а ли-ма а’тайта, уа лә му’тыйа ли-ма мана’-та уа лә йан-фа’у за-ль-джадди мин-кә-ль-джадду».
"Субхана Ллахи (33 рет), Әль-хамду ли-Лләхи (33 рет) Аллаху акбару (33 рет),содан соң «лә иләха иллә Ллаху уахда-ху ля шарикә лә-ху, лә-ху-ль-мульку уа лә-ху-ль-хамду уа хуа ‘аля кул-ли шаййин қадирун!» дегенді айту керек.
Таңғы зікір
Осыдан соң мұсылман адам таңғы зікірді орындағаны абзал. Мысалы келесілерді айтуға болады:
- «Ықылас», «Фалақ», «Нас» сүрелерін 3 реттен оқу;
- аят «әл-Күрсиді» оқу;
- және де келесі дұғаларды оқуға болады: Аллахумма, би-кә асбахна, уа би-кә амсайна, уа би-кә нахйа, уа би-кә наму-ту уа иляй-кә-н-нушуру (бұл таңертең оқылады).
Аллахумма, би-кә амсайна, уа би-кә асбахна, уа би-кә нахйа, уа би-кә намуту уа иләй-кә-ль-масыру (бұл кешке оқылады).
— Би-сми-Лляхи алләзи лә йадурру ма’а исми-хи шайун фи-ль-арди уа лә фи-с-самаи уа хуа-с-Сами’у-ль-‘Алиму».
— Аллахумма, Анта Рабби, лә иләха иллә Анта, халәкъта-ни уа ана ‘абду-кә, уа ана "аля ‘ахди-кә уа уа’ди-кә ма-стата’ту. А’узу би-кә мин шарри ма сана’ту, абу’у лә-қа би-ни’мати-кә ‘аляййя, уа абу’у би-занби, фа-ғъфир ли, фа-инна-ху лә йағъфи-ру-з-зунуба иллә Акта! Осы және де басқа сүнненттен белгілі дұғаларды таңертең және кешке оқыған дұрыс.
Таң атқанша мешітте болу.
Мұсылман адам таңғы намазды оқып болған соң сол оқыған жерінде таң атқанша отырғаны абзал. Бұл уақытта ол Құран оқып, немесе Аллаға жалбарынып, дұға тілеуіне болады. Содан соң, екі ракат «ад-Дұха» намазын оқығаны жөн.
Түскі намазға (зухр немесе бесін намазы) дейін
Таң атқан уақыт пен бесін намазына дейінгі уақытты әр адам әртүрлі өткізеді. Оқушылар мектептеріне, студенттер университетке, қызметкерлер қызмет орындарына барады. Ал кейбір адам түнгі құлшылықтарға күш жинау үшін дем алады. Ал тағы біреулер бұл уақытты басқа да құлшылық түрлеріне арнайды. Бұл құлшылытар туралы осы жолдаудың аяғында сөйлесеміз.
Түскі намаз (аз-Зухр)
Мұсылман адам келесі намазды тағатсыздана күтеді, себебі ол оның маңыздылығын жете түсінеді. Содан соң мұсылман адам жамағатпен бірге намаз оқиды және де алдыңғы қатардан орын алуға тырысады.
Абу Хурейрадан (Аллаһ оған разы болсын) пайғамбарымыздың (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай дегені келтіріледі: «Егер адамдар азан сөздерін қайталаған үшін және жамағаттың алдыңғы қатарында тұрып намаз оқыған үшін қандай сауап болатынын білсе, онда олар міндетті түрде соған ұмтылар еді» [әл-Бұхари, Муслим].
Одан соң мұсылман қосымша намаз оқуына болады, бірақ ол нәпіл намазды үйде оқығаны жөн.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ер адамның оқыған намазының ең жақсысы — оның үйінде оқыған намазы, тек парыз етілген намаздан басқасы» [әл-Бұхари, Муслим].
Ибн Омардың (Аллаһ оған разы болсын) сөзінен келтіріледі: «Мен пайғамбарымызбен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) бірге түскі намазға дейін екі рәкат және түскі намаздан кейін екі ракат намаз оқитынмын» [әл-Бұхари, Муслим].
Тағы да мынадай хадис келтіріледі: «… ол (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) түскі намазға дейінгі төрт рәкат қосымша намазын ешқашан қалдырмайтын» [әл-Бұхари, Муслим].
Пайғамбарымыздың тағы да мынадай өсиеті мәлім: «Кімде кім түскі намазға дейін төрт рәкат, және одан соң төрт рәкат намаз оқыса, Аллаһ ол адам үшін тозақ отын харам еттеді» [ат-Тирмизи].
Түскі намаз бен екінті намаздың аралығы
— осы жолдаудың соңында біздер құлшылықтың әр түріне тоқталып өтеміз.
- Осы уақытта мұсылман адам таңертең ұйықтамаған болса, түнгі құлшылықтарға күш жинау үшін ұйықтап алуына болады.
Екінті намазы (ал-Аср)
— азаншының айтқан азанын тыңдап, сөздерін қайталау, азаннан кейін жоғарыда айтылып кеткен дұғаларды оқу.
- парыз етілген екінді намазының алдында нәпіл намазын оқу. Ибн Омардың (Аллаһ оған разы болсын!) сөзінен келтіріледі: пайғамбарымыз (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай деген екен: «Екінді намазының алдында төрт ракат намаз оқыған адамға Алланың мейірімі болсын» [ат-Тирмизи].
- Екінті намазды мешітте жамағатпен бірге оқу.
Кешкі зікір.
Содан соң таңғы зікір бөлімінде атап кеткен зікір сөздерінің кейбіреуін айтуға болады.
Екінті намазы мен кешкі (ақшам) намазының аралығы.
Осы жолдаудың соңында келтірілетін әртүрлі құлшылықтарды жасау.
Кешкі намаз (ақшам немесе ал-Мағриб).
— азаншының айтқан азанын тыңдап, сөздерін қайталау, азаннан кейін жоғарыда айтылып кеткен дұғаларды оқу.
-Ауызашарға асығу. Себебі Пайғамбарымыз (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) былай деген: «Егер адамдар ауыз ашуға асықса, әрдайым игілікке кенеледі».
- құрмамен немесе сумен ауыз ашу
- ауыз ашар дұғасы. Пайғамбарымыз (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!): «Шын мәнінде, ораза тұтушының ауыз ашарда сұраған дұғасы, жауапсыз қалмайды» [ибн Маджа].
— Азан мен иқамат арасындағы дұға.
- кешкі намазды мешітте жамағатпен бірге оқу.
- кешкі намазға дейінгі және кейінгі қосымша намаздарды оқу.
Абдуллах бин Муғаффал (Аллаһ оған разы болсын!) былай айтып кеткен еді: «бірде пайғамбарымыз (оған Аллаһ тағаланың сәлемі мен игілігі болсын!) «кешкі намаз алдында намаз оқыңдар» деп үш реет қайталады және де үшінші реттен соң «бұл ерікті түрде оқимын деушілер үшін» деп қосты [ал-Бухари].
Түнгі (құптан) намаз (әл-Иша)
— азаншының айтқан азанын тыңдап, сөздерін қайталау, азаннан кейін жоғарыда айтылып кеткен дұғаларды оқу.
— азаннан кейін екі рәкат қосымша намаз оқу.
- Азан мен иқамат арасындағы дұға. Абдуллах бин Муғаффал (Аллаһ оған разы болсын!) былай айтқаны мәлім: «бірде пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деген: «әрбір екі шақырудың (азан мен иқамат) арасында – дұға» деп үш рет қайталайды және үшіншісінде «бұл өз еркін білдірушілер үшін» деп қосады [ал-Бухари, Муслим].
- Түнгі намазды мешітте жамағатпен бірге оқу.
- Түнгі намаздан кейін екі рәкат қосымша (сүннет) намазын оқу.
Ат-Тарауих намазы
Әрбір мұсылман рамазан айында осы қосымша намазды мешітте жамағатпен бірге оқығаны абзал. Абу Хурейрадан (Аллаһ оған разы болсын!) пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай дегені келтіріледі: «Кімде кім рамазан уақытында Алланың сыйына үміт пен сеніммен түнде намаз оқыса, Аллаһ оның бұрынғы күнәларын кешіреді» [ал-Бухари, Муслим].
Мұсылман бұл намазды имаммен бірге аяғына дейін сабырлықпен, шыдамдылықпен оқығаны дұрыс. Өйткені пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай айтқан: «Намазды имаммен бірге аяғына дейін оқыған адамға түнімен намаз оқығандай сауап жазылады» [ат-Тирмизи, Абу Дауд].
Ұйқы
— Мұсылман ағзасы жақсылап тынығуы үшін ертерек жатқаны абзал. Себебі, ұйқысыз түндердің кесірінен оның көп уақыты текке кетеді. Және де ерте жату Сүннентке лайықты. Абу Барза (Аллаһ оған разы болсын!) айтты: «Алланың елшісі (Алланың оған игіліг мен сәлемі болсын!) түнгі намаздың алдында ұйықтағанды және одан кейін әңгімелесуді ұнатпайтын» [ал-Бухари, Муслим]. Яғни пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) құптан намазын оқып болысымен ұйқтайтын болған екен.
Имам ан-Науауи: «түнгі намаздан кейінгі әңгімелердің құпталмауының себебі адам ұйқысынан қалады да, түн ортасындағы намазға немесе таңғы намазға тұруына бөгет болады. Хадисте көрсетіліп отырған әңгімеге пайдасыз әңгімелер жатқызылып отыр, ал егер пайдалы әңгіме айтылар болса, ол құпталады» деп айтқан.
— ұйықтар алдында белгілі бір зікір сөздерін атқан жөн.
— ұйықтарда дәретпен ұйықтаған дұрыс. Және де оң жаққа қарап жату керек.
Ұйықтар алдында оқылатын зікір сөздері.
- екі алақанды қосып жайып «Ықылас», «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқып алақанға үру. Содан соң алақандармен барлық басың мен бетіңнен бастап денеңді сипау керек (осыны 3 рет жасау қажет).
- Аят әл-Курсиді оқу. Бұл аятты ұйықтар алдында оқыған адамды Аллаһ кез келген зұлымдықтан сақтайды және адам таңертең ұйқыдан оянғанға шейін оған шайтан жоламайды.
- Би-сми-кә, Аллахумма, амуту уа ахйа. «Ей, Аллаһ, Сенің атыңмен өліп, Сенің атыңмен тірілемін».
Құлшылықтың әртүрлі түрлері
Бұл жерде біз мұсылман адам кез келген өзінің қалаған уақытында жасай алатын құлшылық түрлерін атап көрсетеміз.
Олар келесілер:
1) Құран оқу. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!): «Құран оқыңдар. Шын мәнінде ол қиямет күнінде оны оқығандар үшін шапағатшы болады» [Муслим].
2) Құран жаттау. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!): «Сендердің араларыңдаңы ең жақсыларың – ол құранды жаттап және басқаларға үйреткендерің».
3) Алладан кешірім сұрау («Истиғъфар»).
Анастан Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай дегені келтіріледі: «Адам баласының барлығы да қателеседі, ал қателесушілердің ең жақсысы болып өкініп кешірім сұраушылар табылады» [ат-Тирмизи, ибн Маджа].
4) Алланы зікір қылу. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деді: «Раббысын еске алып зікір етуші мен зікір етпеушінің арасындағы айырмашылық өлі мен тірінің арасындағы айырмашылықтай» [ал-Бухари].
5) Ораза тұтушылар үшін ауыз ашар жасау. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деді: «Ораза тұтқан адамды тамақтандырған адам ораза тұтқанмен бірдей сауапқа кенеледі».
6) Садақа. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деді: «Кімде кім садақа ретінде адал жолмен тапқан бір түйір құрманы берсе, Аллаһ оны оң Қолымен қабыл етеді, және де сендер құлыншақтарыңды өсіргендеріңдей етіп ол садақаны да үлкен тауға айналғанға шейін өсіреді [ал-Бухари, Муслим].
7) Өз қолымен тапқан адал табыс.
8) Науқас адамды зират ету. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деді: «кімде кім науқас адамның немесе исламдағы бауырының халін сұрап барса, періште оған: «Бақытты бол, Аллаһ жолыңды ашсын, Жаннатың төрінен орын алғайсың» деп айқай салады.
9) Адамдарды татуластыру. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деген: «Сендерге ораза, намаз және садақадан артық дәрежедегі нәрсені айтайын ба? Сахабалар: «Ия, уа Аллаһтың елшісі». Сонда пайғамбар: «(иман келтірген) адамдарды татуластыру» [Абу Дауд, ат-Тирмизи].
10) Міскинденр мен жесірлерге қамқор болу. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кедей-кепшік пен жесірге қамқор болған адам Аллаһ жолындағы муджаһидке тең» [ал-Бухари].
11) Жетімге қамқоршы болу. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сұқ саусағы мен ортаншы саусағын көрсетіп отырып былай деген: «Мен және жетімге қамқор болған адам Жаннатта осылай болмыз» [ал-Бухари].
12) Иман келтіргендерге қуаныш сыйлау. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деген: «Ең игі істер: мұсылман бауырыңа қуаныш сыйлау – оның қарызын өтеу, оны тамақтандыру» [ал-Байхақи].
13) Жамандыққа жақсылықпен жауап қайтару. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деген: «… ал егер оны біреу балағаттаса, ол «менің аузым берік» десін» [ал-Бухари, Муслим].
14) Қайғы кешіп жүрген адамға көмек көрсету. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деген: «кімде кім мұсылман адамды осы дүниенің қайғысынан арылтса, ол адамды Аллаһ қиямет күніндегі қайғы-қиынншылықтардың біреуінен арылтады» [Муслим].
15) Шариғат ілімін үйрену. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деген: «білім талап ету әрбір мұсылманның міндеті болып табылады» [ал-Байхақи, ат-Табарани].
16) Ата-ана үшін дұға сұрау және оларды мейірімге бөлеу. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай деген: «Шын мәнінде Аллаһ өзінің тақуа құлын Жаннаттағы дәрежесін жоғарылатады, сонда ол адам: «Ей, Аллаһ, не үшін?» деп сұрағанда Аллаһ: «Сенің ұлың сен үшін кешірім сұрағаны үшін» деп жауап береді екен» [имам Ахмад].
Орысшадан аударған: Шынтас Асель