Тағдыр таңдау ма?

«Пешенеңе жазылғанын көрерсің», «Тағдыр ғой». Бала кезден үлкендердің аузынан құлаққа жиі шалынатын сөздер. Шындығында, адам өмірінде болып жатқан жағдайлардың – мезгіл мен мезгілдің, күн мен түннің ауысуындай бір заңдылық бар секілді. Десе де, тағдыр таңдау ма, әлде өзгермес жүйе ме?

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін көріп, барлық өсиет-насихатын естіген сахабалардың өзі тағдыр жайлы ойда талас жүргізген, сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға: «Тағдырға иман ету адамның уайым-қайғысын кетіреді» деп өсиет айтқан. Ал тағдырға иман ету – Аллаға иман етуден басталады. Әрбір Аллаға иман еткен мұсылманның белгісі жақсылықтың да, жамандықтың да тек Ұлы Алладан сынақ ретінде берілетінін және қиындықта сабырлылық танытып, қайғыдан соң әрқашан жеңілдік бар екенін, Алланың пендесіне ненің хайырлы екенін білетіндігін, қуанышта, молшылықта астамшылдыққа, тәкаппарлыққа салынбау қажежеттігін түсінуінде. Бұл дегеніңіз, пенденің өмірдегі жағдайларды қабылдауы, соған сәйкес әрекетінің тек өзіне ғана байланысты екенін ұғынуы. Сондықтан «Адам бейне бір жапырақ, жел қайда ұшырса, сонда кете барады. Жапырақта ешбір қалау жоқ»,-деп ой түйюден сақтануымыз қажет.

Бірде бір кісі ұстазға:

– Ұстаз, менің пешенеме намаз оқуды жазбапты, — дейді. Сонда ұстаз дәрет алатын жерді көрсетіп:

– Жеңіңді түріп мына сумен дәрет ал. Сосын мына жерге екі рәкат намаз оқы. Сонда сенің пешенеңе намаз оқу жазылатын болады, — деген екен.

Таңдау – Алла Тағаланың пендеге берген ең үлкен нығметі. Алла Құран Кәрімде былай дейді: «Расында, оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкірлік қылсын, мейлі қарсы келсін» (Инсан, 3 аят). Осылайша Жаратушымыз адам өз іс-әрекеттерінің, оның салдарының себепшісі екенін толықтай жеткізген. Сынақтан жаратылған дүниеде Раббымыздың берген алтын уақытын, нәсіп етілген ризық-несібін қалай иелік етерімізде өзімізге байланысты.

Бірде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) емделу үшін дем салдыру немесе дәрі-дәрмек ішу жайлы сұрап: «Бұл Алланың тағдырынан бір нәрсені кері қайтара ала ма?» — дегенде «Ем қабылдаудың өзі де Алланың тағдыры» деп жауап берген.

Расында, Раббымыз барлығын білуші. Әрбір пенде дүниеге келмес бұрын Алла сол пенденің дүниелік өмірде не жасайтыныны жайлы алдын-ала біліп, оны ләуһ-и махфузға жазған екен. Бұл жайлы Құранда «Аллаһ әр жандының тұрған жерін және соңында қалатын мекенін біледі. Бәрі айқын бір кітапта (ләуһ-и махфузда)» — деп баяндалады (Худ 6). Осыған сәйкес әр пендеде «Тағдырды өзгертуге болады ма, тағдырға қалай әсер етсем болады?»,- деген сұрақтар туындайтыны анық. Құранда бұл жайлыда мәлімет берілген. Тағдырдың өзгеретіні де, өзгермейтіні де бар. Мысалы

өзгермейтін ажал – ажал-и мусәмма делінеді. Бір аяти каримада былай делінеді: «Ажал бір сәтке де кешікпейді және уақытынан бұрын да келмейді.» (Араф 34). Ал мына аятында «Аллаһ қалағанын өшіреді, қалағанын өзгертпейді. Уммул китаб (ләуһ-и махфуз) Оның қолында.» — делінген (Рад 39). Бұл адамның ниетіне мен амалына қарай Алладан берілетін ризық-несібесінің өзгеруі мүмкін екенін айғақтайды.

Расында, пенденің ниеті, амалдары, игі дұға-тілектері өмірінің оң болуына үлкен әсерін тигізері сөзсіз. Аллаға сенім артып, иманыңды күшейту, шүкіршілік айтып, сабырлылық таныту – екі дүниенің де бақытына бөленудің үлкен амалдары. Алла Құранда былай дейді:»(Уа, Мұхаммед!) «Егер де (қиын-қыстау кезде қылған) дұғаларың болмаса, Раббым сендерге мән бермес те еді…» (Фұрқан 25/ 77). «Бақара» сүресінде: «Ал егер (мүмін) құлдарым сенен (уа, Пайғамбар) Мен (Алла Тағала) туралы сұрайтын болса, расында, Мен жақынмын, дұға етуші (ықыласпен) дұға етсе, жауап беремін», — деп баяндалған. «Маған жалбарыныңдар, сендерге жауап берейін!» (Ғафир 40/60).

Алла Елшісі (с.а.у.): «Шындығында, Алла — ұялшақ. Өзінен сұрап, қолын жайып жалбарынған пендесінің қолын құр қайтаруға ұялады», — деген (Әбу Дауд, Тирмизи, Ибн Мәджа).

Игі жақсылыққа сеніп, ниетіңізді түзеу, Жаратушыдан тілек тілеудің жақсылығы осында. «Тағдыр алдын алумен, сақтанумен өзгермейді. Бірақ қабыл болған дұға пәлекет келерде қорғайды.» (Табарани). Сондықтан, әрбір пенденің парызы Алланың бұйырған адал жолынан адаспай, пейіл-ниетін түзеу, ал ниетіңіз түзелсе – ісіңіз түзеледі, ісіңіз түзелсе – өміріңіз түзеледі!

Аймереке Құнанбаева

+2
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии