Уақыт деген – өмір

Бүкіл әлемге танымал КСРО-ның Ғылымдар Академиясының академигі Отто Юльевич Шмидт (1891-1956) 14 жасында өз өмірінің жоспарын егжей-тегжейлі жасап қойған. Бұл жоспарында ол өз өмірінде қандай кітаптарды оқып бітіруі тиіс екендігін, қандай ғылымдарды игеруі керектігін, қандай мәселелерді шешуі керектігін және физикалық тұрғыдан даму жолдарын айқындап көрсеткен.

Алайда осының бәрін жазып, бұл істерге қанша уақыт кететіндігін есептеп келіп қалған кезде бұл бағдарламаны орындау үшін 900 жыл уақыт керектігін көреді! Ол жоспарын қысқартады, бұл қысқартылған бағдарламаға 500 жыл керек екен. Тағы да қысқартады, ақырында 150 жылға саятын бағдарлама шығады, осымен қысқартуын тоқтатады.

Өз өмірін сағат-минутына шейін жоспарлап қойған ол өмірінің аяғына шейін 150 жылға жоспарланған жоспарын орындайды. Ал ол неше жасында қайтты? 64 жасында!!! Яғни ол өз «нормасын» 3 еседей дерлік артық орындаған!

Кеңестік академик О.Ю. Шмидтің өмірлік стратегиясы мен тактикасы уақытты қалай  бағалау және пайдалану керектігінің жарқын мысалы болып табылады. Егер адам уақыттың ағып жатқан өмір екендігін түсінсе, онда ондай адам өз өмірінде көп нәрсеге қол жеткізеді.

Бүгінгі таңдағы философияда «кеңістік және уақыт» категориясын зерттеу – негізгі проблематикалардың бірі болып табылады. Бұл тақырыпқа көптеген диссертациялар қорғалған, мыңдаған кітаптар жазылған, тонналаған  мақалалар жарияланған, бірақ сонда да бұл тақырып өзінің өзектілігін жоғалтпай келеді. Бұл феноменнің шешімі қарапайым: бұл категория аса ұлық. Уақыт – бұл бір зат емес, жолда келе жатып түсіріп алсаң, қайта барып алып кетіп әрі қарай жүріп кете алмайсың.

Шынымен-ақ көптеген заттарды адам жоғалтса қайта таба алады не орнын толтыра алады, ал уақытты тоқтату, не кері шегіндіру тіпті мүмкін емес. Өз уақытын бостан бос өткізіп жүрген адам аяуға тұрарлық, өйткені бұндай өмірлік ұстаным өзін-өзі өлтірумен тең. Шын мәнінде, оған берілген уақыт оның жақсы амалдарын көбейтпей өтіп бара жатыр. Ал Аллаһ тағала Құранда не дейді? Ол: «…Азық алыңдар, негізінде ең жақсы азық – тақуалық…» [2:197] және «…Жақсылыққа жарысыңдар» [2:197] дейді.

Көбіне адам уақыттың өткінші екенін, зырылдап өтіп жатқанын сезіне бермейді. Осыған байланысты ғалымдар адамды «мен қозғалмастан отырмын, ал айналадағылар менің жанымнан зырылдап өтіп жатыр» деп ойлайтын поездағы жолаушымен теңейді. Ал шын мәніне келгенде уақыт адамды межеленген нәрсеге алып келеді (Мұхаммед әл-Ғазали).

Ислам діні адамға уақыттың бағалылығын меңзейді, ол уақытты бағалауды үйретеді, уақытты игі істерге жұмсауға бағыттайды. Мұхаммед пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Бес нәрсені басқа бес нәрсеге жолыққанға шейін орынды пайдалан: жастығыңды кәрілік келгенге шейін; денсаулығыңды ауру келгенге шейін; байлығыңды кедейлік келгенге шейін; бос уақытыңды бір істермен айналыспай тұрғанда; және өміріңді өлім келгенге шейін» [әл-Хаким].

КСРО дәуірінде барлың оқушылар (пионерлер мен комсомолдар) кеңестік жазушы Николай Алексеевич Островскийдің қанатты сөзін міндетті түрде жаттап алуы тиіс болатын: «Адамның өміріндегі ең қымбат нәрсе ол – өмір. Ол адамға бір-ақ рет беріледі, және оны мақсатсыз өткен жалдар үшін жан қиналарлықтай ұят болмастай етіп, ұсақшыл өткен үшін масқара болмайтындай, өлер алдында «бар өмірім мен бар күшім ең маңызды нәрсеге – адамзатты босату үшін кетті» деп айта алатындай етіп сүру керек. Және өмір сүруге асығу керек. Өйткені болмашы ауру немесе трагедиялық кездейсоқтық өміріңді бір сәтте үзуі мүмкін. Осы ойлар тұңғиығына батқан Корчагин ағасының моласынан кете барды» (2-бөлім, 3тарау)

Революция дауылпазы Максим Горкийдің де қанатты сөзі кеңінен үгіттелген болатын: «Бір күнге кішкентай өмір сияқты қарау керек». КОКП-ның идеологтары бұл қанатты сөздерді атеистік тәрбиенің жүйесіне лайықты өмірге жетекші ретінде енгізді.

Егер КСРО уақытты осылай аялауға шақырса, егер Батыс балаларды «уақыт – бұл ақша» деп уақытты үнемдеуге шақырса, онда мұсылмандар тіпті шарқ ұруы тиіс қой. Себебі таразы басында Жаннат және Тозақ деген екі ұлы категория тұр ғой. Біздің уақытты тиімді пайдалана алуымызға біздің Ақірет күніндегі жағдайымыз тікелей байланысты. Сол күнде адамдар уақыттың өткіншілігін ұғынады, алайда өте кеш болады. Көптеген адамдар үшін. Құран бұл турасында жарқын бейне береді:

«Оларды жинайтын күні; (дүниеде) күндіз бір-ақ сағат тұрғандай болып, олар бір-бірін таныйды. Аллаға жолығуды жасынға шығарып, тура жолға түспегендер зиянға ұшырайды» [10:45];

«Олар араларында: «Дүниеде он-ақ тәулік тұрдық» деп сыбырласады [23:113];

«Олардың не айтқандарын жақсы білеміз. Олардық ең туралары: «Дүниеде бір-ақ күн тұрдыңдар» дейді» [20:103-104];

«Олар қияметті көрге күні, дүниеде бір кеш немесе бір сәске тұрғандай ойлайды» [79:46].

Жоғарыда айтылғандай Батыста (бүгінгі таңда тек қана Батыста емес) «Уақыт – ақша» деген фраза кең қолданысқа ие. Бірақ ислам уақытты басқа өлшемде көрсетеді. Ислам «уақыт бұл – өмір» дейді. Және де Батыстың сөзінің бір бөлігі дұрыс болса, ал исламның көзқарасы 100 пайыз дұрыс.

Тағы да мынадай мысал келтірейік: А нүктесінен Б нүктесіне қарай беттеген адамға Б нүктесіне жету үшін белгілі бір уақыт кеттеді, мысалы 60 минут. Әрбір өткен 1 минут оны Б нүктесіне жақындатады. А нүктесінен шыққаннан кейін 60 минуттан соң адам Б нүктесіне жетері анық. Ақылды адам біден-ақ А нүктесінің туылған уақыты, ал Б нүктесі – дүние салатын уақыт екендігін түсінеді.

Уақытты бос өткізу жақсылыққа әкелмейді. Қайта Жаһаннам отына жетелейді: «Олар қияметті көрген күні, дүниеде бір кеш немесе бір сәске тұрғандай ойлайды» [79:46].

Әрбір мұсылманның өзінің ішкі капиталы болады, бұл деп отырғанымыз – оның уақыты, жақсы мінез-құлық, имандылық, білім және т.б. Ал мына пәни өмір тәжірибе алаңы не ұлы емтихан болса, онда өз уақытымызды пайда келтірмейтін нәрселерге босқа жұмсауымыз ақымақтық болады. Осы орайда Хасан әл-Басридің мына сөзін айта кеткеніміз жөн болар: «Аллаһ Өз құлынан теріс айналғанының белгісі болып оны Оған қатысы жоқ нәрселермен айналысуға мәжбүр етіп қойғаны табылады».

Өз уақытымызды қалай өткізетініміз туралы ойланайық. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мн сәлемі болсын) сөзін есімізден шығармайықшы: «Нағыз ақылды адам өз жанынан есеп талап ететін және өлгеннен кейін болатын нәрсе үшін ізгі амалдар қылатын адам, ал әлсіз адам Аллаға үміттеніп, өз нәпсісіне ерік беретін адам» [ат-Тирмизи].

 Автор: Ерлан Ильяс

+28
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии