Ал, 1996 жылы Қазақстан мен Франция ғалымдарының бірігіп зерттеген нәтижесі бойынша Ақыртас VIII-XI ғасырларға жататын Керуен сарайдың орнына сәйкес деген қорытындыға келген. Өйткені, құрылыс жобасының Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстарға өте ұқсас екенін байқаған. Тағы да кейбір ғалымдарымыз: «Ақыртас VIII ғасырдың 2-жартысында, яғни 751 ж. қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салынған. Бірақ, құрылысы белгісіз себептермен тоқтап қалған. Араб деректеріндегі (Ибн Хордадбех, Ибн Кудам) Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Касрибас қаласы осы Ақыртас болуы да мүмкін» деген тұжырымдарын айтуда.
Шынында да осындай алып құрылысты кімдер салды және қай ғасырда соғылғын? Тіптен тарихта ешқандай деректің қалмағаны қалай? Сол замандардағы жихангездер мен тарихшылардың жазбаларының ешбірінде де аталмауы да түсініксіз ғой. Осы оймен біраз тарихи кітаптардың бетін ақтардық. Деректер шынында да там-тұмдап кездеседі, тіптен жоқтың қасы десек те болады. Бірақ, олай болмады, Ақыртастың тағы бір тарихы ашылды, тағы бір дерек көзі табылды. Ол — Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты шежірелік кітабы. Аталған кітапта Ақыртасты кімдер соққаны, қалай тұрғызғаны және қашан соғылғаны жөнінде біршама нақты деректер келтіреді. Онда былай деп нақты жазады: «Көркембек тас шебері болған. Оған туысқандары қатты намыстанған. Әулиеата маңынан ел билеушілерге табиғи тұрған тастан үш сарай қашап шығарған. Сарайды мен өзім көзіммен көрдім. Сарай тастан қаланбаған, бітеу тастан қашалған. Көркембек тұрғызған тас сарай үш дерде, үшеуі де мың жылдық десем артық болмас. Бірақ, соңғы үш жүз жылда сондай ғимаратты пайдаланбай босқа қалдырғандықтан, енді ешкі ойнаққа айналған. Тас төбелер тесілген, заман өткендіктен, жел-құздан тастары жарылып мүжілген. Аман жақсы тұрғаны – бітеу белтіреулер (98 бет). Ең болмаса атамыз Көркембек пен оның достысы Қуандық Шағанның аты бір жерде жазылып қалар ма еді» деп өкінішін білдіре келе, бұл алып құрылысты бабаларымыздың салғызғаны туралы анық жазады. Тағы да осы ойын жалғастыра отырып: «Хижраның 693 жылы Қазақ даласында болмаған қатты жұт болыпты» дей келе, осыдан кейін бұл қалада ешкімнің тұрақтамай мүлдем бос қалғанын ескертеді. Сонда, хижраға 693+622 жаңаша жыл санауды қоссақ, шамамен 1315 жылдар шығады. Осыдан кейін қаланы ешкім пайдаланбағаны сезіледі. Және осы сарайдың салынғанына мың жылдай болғанын да келтіреді. Сонда деймін-ау, бұл жазба 1776 жылдары жазылып отырғанын ескерсек, Ақыртас сарайы кешенінің шамамен VIII-IX ғасырларда тұрғызылғаны және оның құрылысының қазіргі тарихшылардың зерттеулерімен дәл ме дәл келуі де ғажап емес пе?! Міне, осындай әрбір дерек көзі біз үшін өте маңызды. Яғни, Ақыртастың авторы Қуандық Шаған мен Көркембек.
Аталарымыздың сол замандарда қазіргідей дамыған техникасы жоқ кезде осындай адам айтса нанғысыз ірі кешенді тұрғызуы керемет-ақ!
Енді осы Көркембек пен Қуандық Шаған аталарымыз соққан Ақыртастың құпиясына келейік. Бұл тарихи кешен – күрделі құпияға толы алып нысан. Тіптен мұның құрылысына қарап еріксіз таң қалмасқа амалың жоқ. Ата-бабаларымыздың өркениеттің даму барысында мәдениетімізге қосқан үлкен үлесі болған Ақыртас сарайы — тұла бойы тұтас жұмбақ күйінде аумағы 2,5 гектар жерді алып жатыр. Оның 70-ке жуық бөлмелері бар болған. 15 колонна галереясы мен ортада жарты гектар ашық алаңы бар, сырт қабырғаларының ені 5 метр болып, ірге тасы 2 метр тереңдікке қазып орнатылған ірі тас блоктармен қаланған. Салмағы бірнеше тонналық тастарды, сыналап қалай сындырғаны әлі күнге дейін белгісіз. Әрбір 20 см аралықта шеңбері 2,5-3,0 см болатын, тереңдігі 5-8 см үңгілеумен қатты тау ағашынан сына жасап сонымен жарып сындырғанға ұқсайды.
Қорғанның 4 қақпасы бар, біреуі солтүстікте, үшеуі оңтүстікте. Тұрғын үйлер ішкі ауланың төңірегіне топтастырыла салынған қызмет көрсететін және шаруаға қажетті бөлмелер кешенінен тұрады. Ауланың түпкі жағында оңтүстік есік жақтағы Ақыртас иесінің жатын және қонақ үйі орналасқан сыңайлы. Солтүстік есік жақтағы үйлер қызмет ететін адамдар мен күзетшілерге, бір бөлегі ат қораға арналғаны байқалады және су қоймасы бар орталық аула, қорған әскерлерінің алаңы немесе діни рәсімдер атқарылатын орындар орналасқан. Қалаға судың жеткізілуінің де өзіндік сол кездері құпиялары сақталған. 4-5 шақырым қашықтықта жатқан Ұзын-бұлақ тау шатқалынан осы ғимаратқа су жеткізетін қыш құбырлар желісі әкелінген. Көлемі үлкен шеңберлі 20-18 см, тұрқы 45-60 см, ал қамалдың ішкі бөлмелеріне кіші шеңберлі су құбырлары жүргізілген. Негізі, судың іргесіндегі Ұзын-бұлақтан тартылмай сонау бастау басынан тартылуы да екі жағдайға байланысты:
бірінші, қамал жау қоршауында қалған жағдайда су жасырын жер асты арқылы қалаға келіп тұруы үшін,
екінші, су аязды күндері қатып қалатын жағдайды ескеріп, сонау шатқалдың 4 шақырым қашықтықтағы суы мол қатпайтын бастау табанынан тартылған. Осылайша қаланың ішкі және сыртқы жақтарынан су құбырлары желісі жүргізілген.
Міне, ақиқаты әлі де толық ашыла қоймаған, әртүрлі болжамдарға байланған алып құрылыстың жалпы көрінісі осындай. Бірақ, әлі де оның құпия сырларына қаныға алмаған жұрттың, кейде: «Неге алып құрылыс осы арадан соғылды?» деген қызығушылық сұрақтарын туғызары да қақ. Әрине, әрнәрсенің өз себебі болатындай мұның да өз есебі бар.
Біріншіден, төбе астында тас блоктардың жетерлік қоры бар.
Екіншіден, іргесінде ағып жатқан мол сулы Ұзын – бұлақ өзені болған.
Үшіншіден, кірпіш – құбыр өндіруге сары топырақ қоры жеткілікті.
Төртіншіден, 40 шақырым күн батысында ежелгі Тараз қаласы, Ақыртаспен бір бағытта әлемді байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойында қатар жатыр. Осындай экономикалық және саяси мақсат көздеген де болуы керек. Қалай айтсақ та қамал құрылысы өте сауатты, геометриялық есептерге сәйкес соншама сәтті атқарылған. Салмақ түсетін топырақ жынысының тығыздығы, жерасты су деңгейі, ғимараттың жалпы жерге түсер салмағы, ірге тасының жерге қазып орнатылуы, осы айтылған ережелер Ақыртаста өте ұқыпты қатаң сақталынған. Адам айтқысыз ғимараттың сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 5 метр, әрбір метрге 15 см ішке қарай еңкіш (уклон) ережесін қатаң сақтап отырғаны сүйсіндіреді. Осындай зор көлемді 5 метрлік 15 тас бағаналардың тізбегі күн батыс терістікке қарай қатар орналасқан.
Ғажап! Тас өндіруді, өңдеуді, оны 500 метр қашықтықтан құрылыс орнына жеткізуді, одан әрі қамал тұрғызуды т.с.с бабаларымыздың күш-құдыретінің бұл шаруаны қалай жүзеге асырғанына еріксіз таң қалмасқа амалың жоқ!
Осылайша тарихы әлі күнге тылсым күйінде қалып келе жатқан, аты аңызға айналған бұл құрылыстың әлем мәдениетінен мен мұндалап тұрып орын алары ақиқат. Аталарымыздың тарихтың даму барысында сан ғасырлар бойы Еуразия даласын көшіп-қонып жүріп-ақ қала мәдениетін дамытып, ғаламдық өркениетте мәдениеттің озық үлгісін жасай білгені керемет!
Асылжан Шайдилдаев
«Ежелгі Тараз ескеркіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің
ғылыми қызметкері