«Тауының Арқар деген аты Құлжа,
Жігіттер, атқа түйе тегін олжа.
«Хан Абылай аттанды» дегенді естіп,
Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа» – деп жырлай келе: «Ол Абылай заманындағы ең атақты, ең сенімді батырлардың бірі болған еді» деп сипаттайды.
Ал, ауызша аңыз-жырларда: «Ұлы жүзде оны Төле биден кейінгі ірі саясаткер, даңқты қолбасшы, шебер дипломат ретінде ұлықтаған. Айбынды қолбасшы, жекпе-жекте жау түсірген жаужүрек. Бердіқожа атақты Қабанбай батырмен қанаттаса жүріп Ұлытау өңіріндегі Бұланты, Білеуті және Сарысу бойындағы Итішпес-Алакөл маңындағы Аңырақай шайқасында, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шарға шайқастарында қол бастаған, ерен ерліктерімен көзге түскен батыр» — деп суреттейді. «Бердіқожа батыр туралы қазір 175-ке жуық ғылыми-зерттеу еңбектер жарық көрді. Оның ішінде Қытай мұрағаттарынан – 36, Қырғыздан – 35, орыс деректерінен – 22, түріктерден 1 мәлімет табылды. Ал, Қазақстан бойынша 81 материал табылып, ғылыми айналысқа түсті» деген деректерді білеміз. Артына өшпестей атын қалдырған атақты батыр туралы кезінде Қабдеш Жұмаділов, Ақселеу Сейдімбеков, этнограф Бақтыбай Қасымбеков, Марат Дәдікбай секілді көптеген ғалымдарымыз қалам тартты. Белгілі қазақ ақыны Несіпбек Айтұлы болса Бердіқожаның ерлік істері туралы арнайы поэма жазды. Бұл батырдың ерлік істері әсіресе XVIII ғасырдың аяқ жағына қарай қазақ пен қырғыздың соғысы кезеңінде, оның қау тартқан шағында қайта жаңғырады. Қырғыздар қазақтың жоңғармен соғысынан титықтап шыққанын пайдаланып, оңтүстік өңірлердегі қазақ жерлеріне басқыншылық әрекетін жасаған кезде Абылай ханның өзінің жеке батырларымен қырғыз еліне қырғын салғаны белгілі. Міне, осы шайқаста Абылай хан жер жағдайын жақсы білетін оңтүстік қазақтардың батырларымен шайқасқа кіргені аңыздарда айтылады. Сол соғыста Бердіқожа батыр ерен ерлік көрсетіп, көзге түскен ерекше батыр болыпты. Шапырашты Қазыбек бек те өзінің «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты кітабының 384 бетінде: «Бұл соғысқа Қабанбай үш мыңдай қолмен араласты. Әсіресе, қырғыздың жер жағдайын жақсы білетін Дулат-Шымыр Шынқожа, Дулат-Ботпай Қоралас, Дулат-Сиқым Мәлік, Шанышқылы Бердіқожа батыр қырғызға қырғын салды. Қырғызды тіпті таптап жіберер еді, дегенмен аяушылық болды» — деп оның батырлығына тәнті болады. Қайран батыр қартайғанша ат үстінен түспей елім деп еңіреп өтеді. Бірақ та жасы келген шағында өз ажалынан өлмей, дұшпандарының қолынан 1786 жылы қаза табады. Оның денесін өзі жайлаған Қарқаралы жеріндегі Көкшетау мен Дуана таулары арасындағы Дағанделі өзенінің бойындағы биік төбенің басына әкеп арулап қояды.
Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, елі мен жері үшін жан беріп, жан алысқан бабамыздың өшпес ерлігін ел алдында насихаттау мен тарихымыздың жарқын беттеріне қосу біздің бабаға деген құрметіміз. Халық ерімен елге айналады, елімен ер атанады. Отанын қорғап, қиын-қыстау кезеңде жанын шүберекке түйген ерлеріміздің даңқын асқақтату парызымыз!
Асылжан Шайдилдаев
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени
қорық-музейінің ғылыми қызметкері