Құмыра– қыштан, шыныдан жасалған ыдыс. Қыш құмыраларлар Қазақстан жерінде неолит дәуірінен бастап белгілі. Бертін келе шыны құмыралар пайда болған.
Арыс өлкесінен табылған құмыралар жасалу ерекшелігіне қарай ҮІ-ХІІ ғасырлар аралығына тән болып келеді. Құмыралардың көпшілігі қазіргі заманғы жерлеу рәсімі кезінде жер астынан табылып жатады. Табылған жеріне және де құмырадан басқа тұрмыстық бұйымдардың кезікпеуіне қарай, қазіргі заман мазараттары ежелгі молалардың үстінен қайта түсуі мүмкін. Ежелгі жерлеу рәсімі бойынша мәйіттің қасына ыдыс-аяқтар қойылатын болған. Табылған көне құмыралар ішінен қалыпқа құйып, күйдіріп жасалған әшекейлі қыш құмыралар көптеп кездеседі. Ескерткіштердің хронологиялық мерзімін, археологиялық мәдениеттерді анықтауда олардың маңызы өте зор. Құмыраның көлемі әр түрлі, кейбір үлкен құмыраға 50 — 60 кг ұн сиятын болған. Күйдіру кезінде құмыраның пішінін бұзбай қатыру үшін пеш ішінде бірқалыпты жоғары температурада сақталған. Бертін келе шыны құмыралар пайда болды. Құмыра көбіне бүйірлі, ернеулі, ұзын мойынды, кейбірі тұтқалы болып келеді.
Жаңа технологияның дамуымен бірге археология- тарих ғылым ерекше бағыт алып барады. Қазақстанда тұңғыш рет палеофонографиялық және стереофотограмметриялық технология әдісімен бұдан 670 жыл бұрын шыққан дауысты қайта есту мүмкін болған. Негізі ғылымда мұндай зерттеу тәсілі табылғанына қырық жылдай болып қалды.
Бұл, әсіресе, криминалистика саласында көп қолданылатын. Қазіргі сандық (цифровая) технологияның шығуы бұл тәсілді күрт дамытып жіберді. Құмыраны әр қырынан суретке түсіріп, алынған суретті бедерді грамплстинкадағыдай оқи білу керек екен. Сонда түрлі дыбыс алуға болады. әсіресе, құмыра жасау сәтінде саз қамырда айналдырып тұрған қондырғының дауысы анық естіледі екен.
Құмыраларды зерттеуші әлемдік ғалымдардың айтуынша, таяу келешекте құмыра жасау сәтінде шеберханадағы адам дауыстарын да естіп қалуымыз ғажап емес. Ғылымның дамуы соған бет алып бара жатыр. Мұның теориялық мүмкіндігі қазірдің өзінде дәлелденген.
Арыс музейінің қызметкері Қанат Амербеков