Өткен замандарда алыс сапарларға шығып сауда жасау қауіп-қатерге толы еді; үлкен жолдардағы қарақшылардың өзі неге тұратын еді. Көне заман мен орта ғасыр саудагері – әмбебап болатын. Әлсіз адам керуендерді ен дала, тау-тас арқылы немесе кішігірім кемелерді теңіздер мен мұхиттар арқылы жүргізе алмас еді. Көпес аса шыдамды, сабырлы болуы тиіс, ол батырлық пен ерліктің иесі болуы керек. Ол тұйық және көреген, есепшіл (бірақ өте сараң емес) және сыпайы болуы керек. Шыншыл және жомарт (бірақ бейберекетсіз емес) болуы керек, достарына, серіктестеріне және тұтынушыларына ілтипатты болуы тиіс. Ол сауда әдебін сақтауы қажет. Ол өзгелердің мінез-құлқына, өзге халықтардың көзқарастарына, сенім-нанымдарына және әдет-ғұрпына сабырлықпен қарауы керек. Ол бірнеше тілді меңгеруі керек. Ол білімді болуы керек: оқи, жаза және санай білуі керек. Сондықтан билеушілер көпестерге дипломатиялық тапсырмаларды жиі тапсырған. Көпес – ол әскер. Ол керек болған жағдайда қарақлышардан қорғану үшін әскери қаруды пайдалана білуі керек. Бұлармен қоса, көпес дегеніміз – ол этнограф, себебі ол өз отанына келгенде алыстағы елдер мен халықтар туралы әңгіме шертеді. Көпес ақылды, білімді, денсаулығы мықты, ауруларға төтеп бере алатын, климат өзгерістеріне шыдамды жас ер адам болуы керек. Жоғарыда айтылғандардың барлығы – көпес-саяхатшының негізгі сипаттары.
Көпес қасиеттерінің айырықша таңқалдырарлығы – ол оның жеке еркіндігі. ІХ ғасырда Джахиз (атақты араб жазушысы) өзінің «Көпестерді мақтау және сұлтан қызметкерлерін даттау» атты еңбегінде көпестің сарай қызметкерлері мен шенеуниктерге қарағанда моральдік жағынан үстемдігін атап көрсетеді. Өзінің сауда дүңгіршігінде көпес тақта отырған сұлтандай, ол ешкімнің алдында кемсініп, қорланбайды, ешкімнен қайыр-садақа тілемейді. Көпестер әртүрлі ғылымдарды тез меңгереді, алғыр болады. Димашки өзінің «Сауданы дұрыс жасау кітабында» (Х ғ. аяғы – ХІ ғ. басы) көпестің жинаған байлығы – ол оның ақылдылығы мен саналылығының куәсі дейді.
Ғалымдар сауданы ауылшаруашылық пен қолөнердің қатарында ең жақсы еңбек түрі дейді. Сауда саяхаттары Құранда «Аллаһ рақымын іздеу» деп қарастырылады («…біреулер Аллаһ рақымын іздеп жер жүзін шарлайды, ал біреулер Аллаһ жолында күреседі…» [73:20]). Аллаһ сауда жасауды құптайды және оған шақырады. Қасиетті Құранның кейбір аяттары кеме шаруашылығы жөнінде, сауда кемелеріне жолай желдер жөнінде сөз етеді.
Ғаламшарымыздың ең қасиетті қаласы және Мұхаммед пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) туылған жері – Меккенің ислам пайда болғанға дейін Араб жарты аралының ең ірі және көркейген сауда орталығы болуы кездейсоқ емес. «…Оларды өз жанымыздан, әр нәрсенің өнімдері несібе түрінде шоғырланатын, қастерлі де бейбіт бір жерге (Меккеге) орналастырмадық па?» [28:57]). Меккеден жылына екі рет түйе керуені кетіп тұрды: жазда солтүстікке, Сирияға, Палестинаға және Мысырға, ал қыста оңтүстікке, Йеменге. Кейбір кездерде керуендегі түйелер саны 1000-ға жетіп отырды. Тарихшы ат-Табари пайғамбарымыздың заманында керуендегі түйе санының 2500-ге дейін жеткенін айтады. Байланысты нығайту мақсатында меккелік керуенінің басшысы тез жүретін түйелермен Меккеге хабаршыларды жиі жіберіп отырған. Сондықтан да құрайш руын «көпестер руы» деп атауға негіз бар. Мекке тұрғындарының Таиф жерінде «виллалары» болса да, олардың егістік алқаптары мен баулары болмаған. Меккеліктердің керуендерін жақын маңдағы тайпалардың бедуиндері күзетті.
Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) өмірбаянынан оның жас кезінде көпестің бай жесірі Хадишаның саудагері ретінде керуен саудасымен айналысқанын білеміз. Сонымен қатар, саудамен ұлы сахабалар Әбу Бәкір, Омар, Осман, Абдрахман ибн Ауф, Талха, Абдаллах ибн Са’д, ‘Аббас ибн Абд ал-Мутталиб та айналысқан болатын.
Автор: Ерлан Ілияс