Қане, осы әйгілі соғыстың қысқаша мазмұнын есімізге түсірейікші: Троян патшасының баласы Парис Спарта патшасының әйелі Еленаны (өз еркімен!) алып қашады. Оның алданған күйеуі Трояның жап-жас ұрлықшыдан өз әйелін тартып алмақшы болады, әрі өзін ашуландырған жігіттің мемлекетін де (алдағы уақытта трояндықтар өзгенің әйеліне көз тікпестейтіндей етіп) жазаламақшы болады. Ол өз туының астына барлық грек билеушілерін шақырады, содан соң аламат грек әскері Кіші Азияда қазіргі Түркия жерінде орналасқан Троя жеріне жүзіп келеді. Бұл соғыстың нәтижесі – өркендеп келе жатқан және ғажайып бай транзиттік мемлекет – Трояның құлауы.
Бірақ тарихшылар әлемнің әртүрлі халықтарының тарихындағы бұндай мысалдардың түрін біледі. Мәселен, 1180 жылы нәтижесінде Моңғол империясының құрылуына сеп берген оқиға орын алды. Былайынша алғанда бұл оқиға қарапайым оқиғалардың бірі болатын: меркіттер беделді бірақ кедей моңғол Темуджиннің көшпенді ауылына шабуыл жасап оның жас әйелі Бөртені алып кетеді. Міне, осыдан бәрі басталады… Ал енді бәрін рет-ретімен айтайық.
Бұл моңғолдық «Троя соғысының» еріксіз себебі 20 жыл бұрын Темуджиннің әкесі Есугейдің Оэлун деген қызды алып қашуы болады. Бұл моңғолдар үшін ауыр уақыт болатын. Олар чжурчженьдермен (Кинь қытай династиясы) және олардың Ұлы Даладағы одақтастары татарлармен аса қатігез және бергісіз соғыс жүргізіп жатқан еді. Бұл соғыстың қатігез болғандығы соншама, татарлар моңғол ханы Амбағайды үйлену тойына алдап түсіріп, оны Қытайға азаптап өлтіруге (ағаш есекке тірілей қағып тастайды) алып кетеді. Шамамен осы уақытта Амбағайдың жас жиені Есугей батыр Онон жағалауында құс атып жүріп кездейсоқ ішінде өте жас және әп-әдемі Оэлун деген қыз отырған арбаны көріп қалады. Ал оның қасында меркіт тайпасынан шыққан күйеуі Еке-Чиледу бар болатын. Есугей тез арада үйіне барып өзімен бірге екі ағасын ертіп келеді. Олар үшеулеп меркіттің қалыңдыңын тартып алады. Еке-Чиледудың өзі астындағы атының жылдамдыының арасында ғана қашып құтылады.
Ия, сол бір қатігез уақыттарда бұл жай ғана қалыңдықты алып қашу әрекеті болатын, дегенмен, сол уақыттың өзінде де қалыңдықтың өзінен сұрап, келісімін алған дұрыс болар еді. Бірақ бұл болмашы ұсақ-түйекепен олар санаспаы да, сөйтіп Оэлун Есугейдің бірінші әйелі болып қала берді. Есукей бұл кезде оның бұл әрекетінің кесірі көптеген жылдар кейін оның сүйікті ұлы Темуджинге тиетіні туралы ойламаған да еді.
Міне, он жылдай уақыт та өте шықты, моңғолдың беделді әскербасшысы Есугей өзінің тоғыз жасар ұлы Темуджинге хонкират руының рубасы Дэй-сэченнің он жасар қызы Бөртеге құда түсіп жатады. Болашақ күйеу баласын болашақ қайынатасы жақсы қарсы алады. Жаңадан құдаласқан құдасына ол Темуджин туралы былай дейді: «Оның көз қарасы – от, ал жүзі – таңсәріге (таңғы шапағат) тең». Кішкентай Бөрте де атақты моңғол батырына келін ретінде ұнайды. Екі жақ та ризашылықпен құдаласады. Баласын хонкираттар ауылында тастап бара жатқан Есугей құдасынан тек бір нәрсені өтінеді: «Баламды иттерден сақтай гөр. Ол иттен қатты қорқады». Бұл өтініш шынымен-ақ біртүрлі өтініш. Бұл турасында Л.Н. Гумилев мынадай қызықты жайтты баяндайды: «қойды қасқырдан қорғайтын қорқынышты төбеттер ешқашан да балаларға тиіспейді. Моңғол баласы қолының бір сермеуімен-ақ төбеттердің бір тобын қуып жібереді. Есугейдің ескертуі Темуджиннің аса қызбалылығы, тітікенгіштігі туралы айтады. Жыл өткен сайын бұл тітіркенгіштікті сана мен ерік басады, осының арқасында бұдан еш зиян келмейді».
Қайтар жолында Есугейге татарлар у береді. Үйіне әрең жеткен батыр өзінің сенімді нөкері Мұңлыққа өз отбасын аманат етеді және баласы Темуджинді тезірек елге әкелуін сұрайды. Мұңлық Есугейдің сенімін ақтайды: тез арада хонкираттарға барып, «әкесі баласын сағынып жатыр» деп Темуджинді алып келеді. Әкесінің қазасы туралы естіген Темуджин қайғыдан қалшылдап жерге құлайды.
Арада жылдар өтеді. Темуджиннің басынан көптеген қиындықтар өтеді. Бірақ ол ешқашан да қалыңдығы Бөрте туралы ұмытпаған еді. Ол Керулен жағасына хонкираттардың Дэй-сэченіне күйеу жігіт ретінде келгенде, Дэй-сэчен қатты таң қалады. Себебі, тайджиуттердің бұған деген ашу-ызасы туралы сыбыс кеңінен таралған болатын. Темуджиннің жағдайының мүшкілдігіне қарамастан Дэй-сэчен айтқан сөзінде тұрып, қызы Бөртені оған береді. Некелесу барлық ережелерге сай өтеді, қыздың шешесі қызын күйеу жігіттің үйіне шығарып салады және оған бұлыңғыр тонын сыйлайды. Ал бұл сол кездің өзінде-ақ үлкен құндылық саналатын. Тойдан кейінгі балдай тәтті кезең өтер-өтпестен Темуджин сыйлықты әйелінен алып алып керейлер ханы Тоғрулга сыйлайды. Темуджин өз замандастарының психологиясын жете білетін. Қайырымсыздық моңғолдарға тән емес болатын, алайда әкесі Есугейдің Тоғрулға кезінде жасаған жақсылықтары ұмытылып қалған еді, ал Темуджинге тап сол сәтте қамқорлық өте қажет болатын. Темуджиннің есебі дұрыс болып шықты. Тоғрул бұл сыйлыққа жібіп кетеді. Есугеймен достық шақтарын есіне алады. Сөйтіп, Темуджинге оның тарап кеткен ұлысын жинап беруге уәде етеді. Моңғолдың ұлы ханының қамқорлығы мен демеуі Темуджиннің жағдайын күрт өзгертеді. Екі жыл ішінде (1179 мен 1180) кедей Темуджиннің жағына 10 мыңдай әскер өтеді. Бұлыңғыр тон өз құнын бірнеше есе өтейді. Сәл кейіндеу біз бұл сыйлықтың пайдасы әлі алда екенін көреміз.
Темуджиннің күшеюі оның жауларының көбеюіне әкелді. Моңғолдарға жұлдызы қарсы болып отырған меркіттер бірден Темуджиннің әкесінің кезінде меркіт әскері Еке-Чиледудың қалыңдығын алып қашып кеткенін естеріне түсіреді. Ия, меркіттердің кегі тым кешікті-ау: 20 жылдан астам уақыт өткен жоқ па одан бері?! Алайда Еке-Чиледудың аяққа тапталған намысы үшін бұл кек тек сылтау ғана еді. Ал нағыз негізгі мақсат – қалайда Темуджиннің көзін жою. Мүмкін олар меркіт этносы үшін Темуджиннен төніп тұрған үлкен қауіпті ішкі түйсіктерімен сезген болар. Және текке емес! Болашақта Шыңғыс хан бірітіндеп меркіттерді жою саясатын жүргізеді. Чингизидтердің ресми тарихшысы Рашид ад-Диннің мәліметі бойынша «Шыңғыс хан меркіттердің бірде біреуін тірі қалдырмауын, бәрін өлтіруін бұйырды, себебі меркіт тайпасы бүлікшіл әрі соғысқұмар және де олар онымен көп соғысқан».Меркіттердің Темуджинді өлтіруге құштарлығының басқа да, анағұрлым шындыққа саятын себептері болуы да мүмкін. Бірақ бұл тарихтың сыры ашылмаған мәселелерінің бірі болып қала береді. ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы барлық моңғолдар бұл себептер туралы білгенмен, бірақ, өкінішке орай, біздің заманымызға бұл құнды ақпарат жетпеді.
Меркіттер Темуджин көшінің үстінен ойламаған жерден шығу үшін 300 шақырымнан артық жер жүріп өтеді. Темуджиннің бақытына орай, шешесінің күңі – қытайлық малай әйел Хоахчин таңертең ерте ат дүбірін естіп, қожайындарын оятады (бұл жолы да көп қайғы шеккен бөржігіндерді олардың аса сақтығы сақтады). Бәрі олардың қас жаулары – тайджиуттердің шабуылы деп ойлайды. Отбасы мүшелері бірден-ақ Бурхан тауында, орманды Хэнтэйде жасырынады.
Ағаш үйде тек Бөрте, Хоахчин және Есугейдің тоқалы Сочихэл қалады. Бұның өз себептері болды. Темуджиннің отбасы өздерінің жақын туыстары тайджиуттерден шабуыл күтіп отырғандықтан, моңғолдың басқа тайпаларынан шыққан әйелдерге еш қауіп төнбейтін еді. Бөрте Темуджинге тұрмысқа шыққанымен, басқа моңғол этносының – әкесінің тайпасының құрамында қалған болатын. Қалыптасқан заңдылық бойынша, бұл үш әйел тайджиуттердің шабуылы кезінде өз үйлерінде тып-тыныш, еш қауіпсіз отыра беруіне болар еді. Бірақ шабуыл жасап отырған тайджиуттер емес, меркіттер.
Оэлуннің малай әйелі Хоахчин өте сақ әйел еді. Ол тайджиуттер Бөртені өлтірмегенмен, жас әскерлер әдемі әйел үшін әрқашан да қауіпті екенін біледі. Сондықтан ол Бөртені жабық күймелі шанаға жасырып, оған жүйрік бұқаны жегіп, орманға қарай алып кетеді. Бірақ әскерлер күймелі шананы тінтіп, Бөртені тауып алады да, үш әйелді де алып кетеді.
Бөртені алып қашуы меркіттер үшін аз олжа болды, олар өздерінің негізгі мақсаттарын іске асырмақ болып, Темуджинді іздеуге кіріседі. Бірақ бәрі зая. Орманды жерде меркіттер әлсіз болып шықты. Табыссыз іздеуді қойып, олар ат басын үйлеріне қарай бұрады.
Аяқ астынан болған шабуылдан сескеніп қалған және қатты жақсы көретін әйелі Бөртеден айырылған Темуджин өзін-өзі тез қолға алып, өгей ағасы Белгутейді және бірінші нөкері Боорчуді тыңшы қылып жібереді (меркіттердің қолында Есугейдің екінші әйелі – Сочихелдің /Белгутейдің анасы/ кеткенін де ұмытпайық). Олар меркіттерді үш күн аңдып, Темуджинге олардың қай жерде орналасқандығы, саны, қолбасшылары туралы құнды мәлімет алып келеді.
Ең таңқаларлығы, ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы моңғолдардың ешқайсысы Темуджиннің бұл қылығын қорқақтық немесе әлсіздік деп танымады. Қайта керісінше, оның тауға қашып кетуін ерлік, ал әйелін алып қашып кеткенін – тек жағымсыз оқиға деп бағалайды. Сол кездегі көшпенділердің әдеті бойынша, тұтқын қылып алып кеткен жаудың әйелі өмірінің аяғына шейін жау әскерінің бірінің малай әйел ретінде қоғамдық-шаруашылығын жүргізеді. Бірақ Бөртенің орны Темуджин үшін ерекеше бөлек еді. Және ол бар күшін салып бұл ғұрыпты жояды.
Моңғолдар ахейлерден гөрі ширағырақ, жылдамырақ еді және Селенгалық «Троя соғысы» ұзаққа созылған жоқ. Темуджин бір минут те уақытын бос жібермеді. Меркіттердің шабуылынан кейін бірден Толы бойындағы Тоғрулдың ордасына дереу жетіп, болған жайтты баяндап, көмек сұрайды. Тон бұл жерде де істі оңынан шешіп береді. «Қара бұлыңғыр тон үшін меркіттердің бірін қалдырмай, отқа құшып, сенің Бөртеңді өзіңе қайтарып береміз» — деп Тоғрул оны сендіреді. Шын мәнінде де тон таң қалдырады! Болашақ Шыңғыс ханның өмірінде қандай кереметтер жасады десеңші! Егер ол қазірге шейін сақталса, әлем деңгейіндегі кез келген мұражайды көркемдер еді. Быраз жыл өткеннен кейін Темуджин керейдерді ойрандап оларды жерлерімен қоса өзінің жас мемлекетіне қосып алған соң тонды әйеліне қайтарып берді ме екен? (Бірақ бұл ойрандау керей ханы үшін әділ жаза болды: Ванхан Тоғрул кезінде өз ағаларын өлтірген болатын және бірнеше рет достарын сатып кеткен).
Тоғрул 2 түмен (1 түмен – 10 мыңға жетер-жетпес әскер) әскер беруге келсімін береді, бірақ осы Темуджиннен оның бала кезінде Онон жағалауында бірге ойнаған, моңғолдың мықты джаджират деген тайпасының рубасы Джамуханы шақыруын өтінді. Темуджин тез арада бауырлары Хасар мен Белгутейді Джамухаға көмек қолын сұратып жібереді. Бұл әрекеттің барлығы Сұлу Еленаны құтқару үшін ахей батырларының амалдарына ұқсас еді, тек айырмашылығы Еленаны оның еркінен тыс құтқарған болатын. Қалай болғанда да, джаджираттарға жіберілген өкілдердің сапары сәтті аяқталды. Джамуха 1 түмен жіберуге және Темуджинді ұнататын моңғолдардан тұратын 1 түмен әскер жасақтап беруге уәде берді.
Бір кедей ханзаданың әйелін қайтарып алу үшін меркіттермен соғысуға 30 мыңдай әскер (меркіттердің бұл шабуылға дайындаған әскер саны – 300 әскер, яғни қарсыластардан 100 есе аз болатын) жиналып бас көтергеніне таң қалуға болады. Алайда бұл науқанның сәттілігі моңғол патриотизмі мен моңғол-меркіт арасындағы бұрыңғы кек себеп болған.
Белгіленген жерге Темуджин мен Тоғрул белгіленген уақыттан үш күнге кешігіп келді. Темуджин өзімен бірге әскер ертіп келмеді, бірақ оларды күтіп отырған Джамуханың қол астында екі түмен – өзінікі және Темуджиннің түмені болатын. Бұл джаджират көсемінің моңғолдар арасында зор беделге ие екендігін көрсетеді. Бұған куә болатын тағы бір жайт Тоғрулдың кешіккені үшін Джамуханың оған қатал ескерту жасауы: «Дауыл болса да кездесуге, жаңбыр болса да жиынға кешікпей кел!». Содан соң Джамуха қалғандардың рұқсатымен әскер диспозициясын өз қолына алып өзі құрады.
Шабуылға аса нақты, бірақ тым тез дайындалуға байланысты кенеттік басымдылығы сақталды. Меркіттер қарсы соққыны күтпеді. Моңғолдың кедей ханзадасы кек алу үшін сондай көп қол жинай алмайды (тіпті жинағысы да келмейді) деп ойлаған болатын. Осы ой олардың түптеріне жетті. Шын мәнінде де, байғұс меркіттер болашақ Шыңғысханның әйелін алып қашқандарын білмеген еді. Тіпті даңқты әкесінің қазасынан соң рулас туысқандарының талап-тармауына тап болып, әрдайым олардан қауіп-қатерге басы тігіліп отырған Темуджиннің өзі де болашақта әлем тарихына өзінің атын өшпестей етіп қалдырамын деп ойламаған болатын.
Моңғол-керей әскері шабуылын Ботогон-Боржы шатқалынан бастады. Хилок өзеніне тез жеткен моңғолдар өзеннен жүзіп өтпей, сал арқылы өтті, оның себебі суға малынған әскерлерге салқын тимесін деген еді. Осының кесірінен олар бет алып келе жатқан қарқындарын бәсеңдетіп алды, ал оларды алыстан байқап қалған меркіттің балықшылары мен аңшылары шаруаларын тастап ауылдарына қарай хабарды жеткізуге асыға жөнелді. Бұны естіген меркіттер сасқалақтап Селенга өзінен жазықтығынан төмен қарай қашты. Олардың кейбіреуі Байкалдың ар жағына қашып құтылды. Ал қалып қойғандары үшін күн қараң болды. Моңғолдар қашып жүрген меркіттерді Селенганің төменгі ормандарында түн ішінде қуып жетті. Керей мен моңғолдар қашқындарды құртып жойып, тұтқынға алып кетіп жатты. Тек Темуджин бұған араласпады. Ол «Бөрте, Бөрте!» деп қатты-қатты айқайлады. Бөрте Темуджиннің даусын естіп, Хоахчин екеуі арбаларынан атып тұрады да, екеуі де Темуджиннің атын ұстады. Осыдан соң Темуджин Тоғрул мен Джамухаға нөкер жіберіп, олардың ойрандауын тоқтатуын сұрайды: «Мен іздегенімді таптым». Бұл көптеген меркіттерді ажалдан құтқарады. Ойрандау тоқтағанын көрген олар үйді-үйлеріне қайтып, ұйқыға кіріседі.
Меркіттерге қауіп тек моңғол жақтан ғана төніп тұрған жоқ еді. Күзгі тайгада үлкен кісілер мен балалардың өлімі көп болатыны алдын ала болжанған болатын (от жағып жылынуға болмайтын болды, өйткені жаулар от жарығынан бұларды тауып алады). Сондықтан аңдуды доғару кешірумен бірдей болатын: қашқысы келгендер және бұған мүмкіндігі болғандар бұл мүмкіндікке қол жеткізді. Бұндайлардың ішінде Бөртені күңдікке алған Чильгир батыр да бар еді.
Моңғолдар көптеген қыз-келіншектерді тұтқындыққа алып кетті. Әдемішелерін – күңдікке, ал қалғандарын – үй шаруашылығында жұмсауға пайдаланды. Кейін, ахей батырлары Трояның қаусаған жерлерінен кетіп қалғандай моңғол көсемдері де үйді-үйлеріне тарасты. Шекаралық бөліс туралы сөз де қозғалмады.
Бірақ меркіттегі тұтқындық Темуджин, Бөрте және олардың тұңғыштары – Жошының естерінде ұмытылмас психологиялық зақым қалдырды. Л.Н. Гумилев өз еңбектерінің бірінде бұны былай суреттейді: «Темуджиннің маңдайына жазылған сынақтар әйелінің оралуымен аяталған жоқ. Бөрте аяғы ауыр болып оралады да көп кешікпей, ұлы – Жошыны дүниеге әкеледі. Темуджин Бөртенің тұтқынға кетпестен бұрын аяғы ауыр болғанын айтып, оны өз ұлым деп таниды. Алайда әкені де, баланы да күмән іштей жейді. Орда мен отбасында өсектер шыға бастайды, бұл өсектер Жошының өмірінің соңына дейін соңынан қалмайды. Тіпті туған бауыры Жағатай да ханзаданы әкесінің көзінше «меркіт тұтқындығының мұрагері» деп атап қалады, сөйтіп әкесі оны таққа отыру мүмкіндігінен айырады да, оның орнына бұл құқықты кіші баласы Өгедейге береді».Осындай күрделі жағдайда Темуджин моңғолдардың ресми және «құпия» тарихы бүркемелеген рухының биіктігін көрсетеді. Ресми тарих Темуджиннің бейнесін әбден әсірелеп жіберсе, екіншісі өсек-аяң жинап нақты әңгімелердің бояуын қанықтырды.
Темуджин меркіттерге кешірім беріп, кең пейілділігін көрсетті. Ол тек шабуылдың үш көсемінің бірі – Хаатай-Дармалыны ғана жазаға тартқызды. Баласын өз балам деп таныды, әйелінің бетіне баспады, достары Тоғрул мен Джамухадан сыйлықтарын аямады, ең бастысы, әйелін құн қылған Чильгирді тауып, оны өлтіруін бұйырмады.
Бұл моңғол даласындағы «Троялық соғыс» Темуджинге үлкен абырой әкелді және ол оны өз пайдасына пайдалана алды. Кедей ханзада Темуджиннің намыс пен махаббат жолындағы «Одиссеясы» моңғол халқының бір бөлігінің оған деген оң көзқарасқа негіз болды. Көбісі бірден оның әкесі – Есугей батырдың баяғыда ұмыт болған әскери еңбегін естеріне түсірді. Қалай болғанда да, бұл оқиғадан кейін моңғолдың әрбір шаңырағы дерлік таңдай қағып Темуджин туралы сөз қозғайтын болды. Ақсақалдар көпке шейін осы кек туралы бүге-шүгесіне дейін қалдырмай ауыз толтырып айтып отырды.
Бөртені құтқару операциясы Грекиядағы болған операциядан оқиғалар желісінің қанықтылығы жөнінен қалысса да, салдары жөнінен одан он есе, жоқ, тіпті, жүз есе асып түседі. Бірақ бастысы – моңғол халқы өз көсемін тапты. Алайда өз халқының қуғынына ұшыраған Темуджиннің көрші елдердің өкінішіне орай, халықтардың қуғыншысы Шыңғысханға айналуына әлі бір ғасырдың ширегі, яғни 25 жыл бар еді.
Автор: Ерлан Ілияс