Осы деректерге сүйене отырып, Шар өзенінің бойындағы жәрмеңке 1876 жылдан бастап жұмыс істегендігі, оның Қоянды жәрмеңкесінен жылдық тауар айналымы кем түспегенін көруге болады. Шар өзенінің бойындағы Қара-мола жеріндегі жәрмеңке жылына екі рет өткізілетіндігі жазылған. Шар жазғы жәрмеңкесі 10 мамырдан 10 маусымға дейінгі аралықта және Шар күзгі жәрмеңкесі 10 қыркүйектен 10 қазанға дйін өткізілді. Жазғы жәрмеңкеде Зайсан, Өскемен уездерінен және Семей уезінің оңтүстіктегі ауылдарынан қой айдалып әкелінетін. Қара-мола жерінен Павлодар уезіне, Ресей жеріне қарамола бұқаларын табындап сатып алынды.
1877 жылы 14 ақпанда Қаржы Министірлігінен Батыс Сібір генерал-губернаторынан Шар өзені бойындағы жәрмеңкенің ашылу жайында уведомлениесі келді. Бұл құжатта Қаржы министрлігі 464 бұйрығы бойынша Семей облысының басқармасына Шар жәрмеңкесінің ашылуына рұқсат берілгендігі жайлы жазылған.
1877 жылы 5 мамырдағы Семей обылысының губернаторы В.А.Полторацкийдің Батыс Сібір әкімшілігіне Үрлітүп жәрмеңкесінің тауар айналымы 1876 жылыға қарағанда төмендеуі жайлы есеп берді: «вследствие предложения от 14 марта за №348, имею доложить, что черезвычайное уменьшение оборотов Урлютюбской ярмарки в 1876 году против 1875 года, зависело между прочим: а) от неуспешности распродажи в 1875 году мануфактурного, бакалейного, мелочного и пр. товаров, которых было привезено на 310,087 руб, а продано всего на 54,127 руб, т.е. немного больше 1/6 части привоза, что и заставило купцов ограничиться в 1876 году привозом на 89,900 руб, т.е. опять таки около 1/6 привоза….».
Үрлітүп жәрмеңкесінің жанынан 117 шақырым жерде Песчан жәрмеңкесі ашылған еді. Песчан жәрмеңкесі өте қолайлы жерде орналасқан және телеграф станциясыда осы жерде болды. Осындай себептермен Үрлітүп жәрмеңкесінің тауар айналымы азая түсті.
1843 жылғы 6 науырызда Аягөз өңірінің басқармасы сол өңірдің жәрмеңкесі жайлы есеп беруінде жазылған деректерде 1843 жылдың 1 қазанынан 15 қазан аралығында жәрмеңке өткізілгендігі жайлы жазылған. Бұл жәрмеңкеде 1842 жылы 13 шілде және 19 қараша айларында өткен жәрмеңкеде сатылмай қалған өнімдер сатылғандығы жайлы жазылған. Аягөз өңірінің басқармасы жергілікті аға сұлтандарға жәрмеңкеге барынша көбірек қырғыздарды жинақтауын, тұрғындардың толықтай қатысуына бұйрық берді. Бірақ та бұл жәрмеңке сәтсіз болды, ресей және шетел көпестері бұл жәрмеңкеге келе алмады. 1843 жылы 6 науырызда өткен Аягөз өңіріндегі жәрмеңкеге жергілікті тұрғындары өз малдарын және мал өнімдерін келісілген арзан бағаға сатудан бас тартты.
1843 жылы 15 қараша күні Аягөз өңіріндегі ішкі жәрмеңкеге әкелінген таурлар мен айдап әкелінген малдар жайлы жазылған деректерде, «Аягөз өңірінің қырғыздары жиналған жәрмеңкеге орыс көпестері мен азия көпестерінің біріде келмеді. Тауарлар мен малдарды Аягөз өңірінің әскери отрядындағы шенеуліктер қолма-қол ақшаға сатып алынды».
Жинақталған деректерге қарасақ 1849 жылы мамыр айында №29 құжатта Аягөз өңірі арқылы өткен сауда керуені жайлы жазылған. Бұхар көпесі Сент Амин қытай тауары тиелген керуенімен Қытайдың Шұғышақ қаласынан келеді. 400 сом күміске артылған тауары 20 түйеге тиелген керуен саудасы еді.Семей қаласының көпесі Петр Васильевтің баласы 13 түйеге артылған 1000 сом күмістен тұратын тауарын, Аягөз өңірінен өткізген.
Семей өңірінің жәрмеңклері жайында шаруашылық департаменті жазған мына құжатта: « Қай жерде болмасын бір төтенше себептер болмаса, жәрмеңкелердің орнын ауыстыруға еш уақытта рұқсат етілмейді. Себебі саудаға күшпен бағыт беруге немесе сауда орындарын өз бетінше өзгертуге болмайды. Мұндай жағдайда саудагерлер мен сатып алушыларға қиын тиюі мүмкін. Сондықтан да саудаға толық берілуі тиіс және әр қала басшыларының рұқсатымен өз жәрмеңкелерін ұйымдастыруға толық құқылы, тек олардың өткізілу мерзімдері, бір жағынан, жергілікті жағдайларға қолайлы болулары қажет…».
Ал, мына деректе қазақтардың кедейленуі туралы жазылған «Бір саудагердің қазақтарды алдап, сіріңкені «қасиетті от» деп сатқаны қазірге дейін ұмтылмай айтылып жүр. Қазақтардың оған сенгендігі сонша, сіріңкенің бір қорабына бір немесе бірнеше қой беретін. Кейіннен байып алған, көпестердің біреуі қатып қалған тас кәмпитті қазақтарға «Мұхамедтің тұзы» деп сатқан…».
1906 жылы Семей өңірінің әскери губернаторы берген есеп бойынша «Семей өңірінде 1906 жылы 29 жәрмеңке болды, оның 18-ғана жұмыс істеп тұрған еді». Статистикалық комитет осы 18 жәрмеңкенің тауар айналымын есептегенде:
Тауардың аты | Әкелінгені сом. | Сатылғаны сом. |
Шай, қант, қыш ыдыстар, мануфактуралар, бокал, галантеррея | 2638948 | 1567422 |
Иленбеген тері | 260066 | 347052 |
Қой терісі,жүні | 110272 | 79029 |
Май және шошқа майы | 71271 | 67544 |
Иленген тері | 91360 | 65170 |
Ұн және ұн тағамдары | 75624 | 81214 |
Киіз | 50933 | 30375 |
Жылқы | 105600 | 54368 |
Ірі қара мал | 189752 | 606986 |
Азия маталары мен жемістері | 133736 | 83370 |
Ұсақ мал | 253436 | 533095 |
Темір, шойын, жез бүйымдары | 85262 | 56185 |
Ешкі жүні | 26271 | 111659 |
Түйе жүні мен қой жүні | 17409 | 252740 |
Ауылшаруашылық өнімдері | 1260 | 2343 |
Түйелер | 8600 | 7600 |
Басқа тауарлар | 29107 | 6310 |
Жиыны | 4153267 | 3952462 |
Бұл жәрмеңкелердің тауар айналымы бойынша бірінші орынды Ботов жәрмеңкесі Қарқаралы уезіндегі алады. 1906 жылы сатылған тауары 2343613 сомды құрайды. Екінші тауар айналымы бойынша Семей уезі, Делбегетей жеріндегі Шар көктемгі жәрмеңкесі-333100 сом, Семияр станциясындағы Екатеринская жәрмеңкесі-308367 сомды құрайды. Павлодар уезі, Баян-Ауыл станциясындағы Покровская жәрмеңкесі-299560 сом, Песчан станциясындағы Рожденственская жәрмеңкесі -101850 сом, Үрлітүп селосындағы Спиридон жәрмеңкесі-190480 сом және тағы да басқа жәрмеңкелердің тауар айналымы 7590-83270 сом аралығында болды. Ең ірі мал сатылатын жәрмеңкелер Ботов және Шар көктемгі жәрмеңкелері.
Жәрмеңкелердің әлеуметтік-мәдени саладағы атқарған қызметі орасан зор болды.Жәрмеңкелерде сауда-саттық жасалып қана қойған жоқ. Олар алуан түрлі рулар мен халықтардың өкілдері бас қосып, пікір алысатын, байланыс жасап тұратын орнына айналды. Қазақ және орыс халықтары өкілдерінің өзара тамыр-таныстығы да осындай жәрмеңкелерден басталатын. Жәрмеңкелерде ірі-ірі спорттық шаралар, ат жарыстары, ұлттық ойын түрлері өткізіліп тұратын. Қазақтардың әр түрлі руларының, кейде тіпті барлық жүздерінің өкілдері күш сынасатын жарыстар да өткізілетін. Жәрмеңкеге жиналғандар түрлі спорт ойындары мен жарыстарды тамашалайтын.
Ақындар айтысқа түсіп, бақ сынасатын. Ірі-ірі жәрмеңкелерде қазақтың бүкіл әлемге танылған атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы өнер көрсеткен. Жәрмеңкелерде қазақтың Ақан серісі, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Майра Шамсутдинова, Әсет Найманбай ұлы, Әміре Қашаубай ұлы сияқты көптеген сал-серілері мен ақындары да жиі-жиі болып тұрған.
Саяси өмірдегі оқиғалар оқиғалар шиеленісіп қыза түскен кездері жәрмеңкелер өкімет билігінің жоғары органдарына жазбаша шағым түрінде петициялар жолдайтын орын да болып табылды. Мәселен, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен атақты Қарқаралы петициясы жазылды. Жәрмеңке кезі бір мейрам, той тұрғысында қаралған. Бұл жайлы 1899 жыл 5 шілдеде Қарқаралы ауыл шаруашылық мектебінің меңгерушісі Соломин «Қарқаралы уезінің барлық тұрғындары жәрмеңкеге үлкен бір жылдық мейрам ретінде қарайды және Қарқаралы мен көршілес уездерінің барлық дерлік қырғыздары жәрмеңке болатын кезенде жиналуды әдетке айналдырған. Мектеп оқушылары оларға қарап, жәрмеңкеге демалу үшін өз туыстарымен, таныстарымен көрісу үшін мектептен өз еркімен кетіп отырды. Әкімшілік тарапынан жасалған шаралар еш нәтижеге әкелмеді»-деп жазды. Сондықтан да жәрмеңкеге оқушылардың қашып кетуін мектеп кеңесі «рұқсат етілген демалыс» деп шешуге мәжбүр болды. Осы оқушылардың қашып баратын Қоянды жәрмеңкесінде асқақтата ән салған Біржанның жанында жәрмеңкенің ажар көркі болған серілердің тобы болды. Жәрмеңкенің және жылжымалы ұсақ сауданың дамуына байланысты орыс өнеркәсібінің бұйымдары қазақ халқының тұрмысына ене түсті. Енді киіз үй көркемдеуде орыс бұйымдары көбірек кездесе бастады.
Автор: Жулдуз Аманова